Таласбек Әсемқұлов
Бүгінде республикадағы білім беру жүйесі жолайырықта тұр. Тоталитарлық жүйе құлады. Біз енді егеменді ел болдық. Әрине, егемендік, азат өмір ұлтқа, ұлт мәдениетіне ерекше шарт қояды. Бірнеше ғасыр бұғауда болып, азаттықтың дәмін мүлдем ұмытқан, еркіндіктің не екенін шежіреден еміс-еміс қана білетін ел, міне, барлық істі басынан бастауға мәжбүр болып отыр. Оқу-ағарту жүйесінің ең негізгі, ұлт мәдениетінің болашағына тікелей қатысы бар саласы – музыкалық педагогика. Себебі, XXI ғасырдың музыкалық мәдениетін жасайтын қайраткерлер бүгін осы мектептерде оқып жатыр. Яғни, музыкалық педагогиканың алдында ерекше міндет тұр.
Қаншама ғасырға созылса да жат жұрт өнерінің ықпалы – уақытша құбылыс. Егемендіктің жолына түскен ел мұндайда өзінің сарқылмас бұлағы, үзілмес тамыры – дәстүрлі мәдениетіне бет бұрады. Біз де бүгінгі ахуал мен өткеннің өнегесін тілге тиек ете отырып, ұлттың рухани мәдениетінің бір парасы – музыкалық педагогиканы, оның алдында тұрған өскелең проблемаларды шама-шарқымызша таратып айтпақпыз. Бұл мақаланы осы саладағы соңғы сөз деуден аулақпыз. Біздің мақсат – ағайынға ой салу ғана.
Қазіргі музыкалық педагогика мен дәстүрлі музыкалық педагогиканы салыстырып көрейік. Бүгінгі музыкалық оқу жүйесі бұлжымас тәртіпке және бүкіл оқу барысына деп белгіленген нақты репертуарға негізделеді. Шынын айту керек, аталмыш педагогика заманына лайық үлкен жетістіктерге жетті. Интенсивті музыкалық оқытудың арқасында осы күні әлемге әйгілі музыканттар қалыптасқан еді. Қараңыз, Батыстағы майталман орындаушылардың дені бұрынғы Кеңес Одағынан шыққан музыканттар. Батыста талант жоқ па, Батыстың өнері азған ба, деген заңды сұрақ туады. Әрине, олай емес. Батыста талант та жеткілікті, өнерінің де азған ештеңесі жоқ. Әр орындаушылық дәстүрдің, мектептің өзіндік ерекшелігі, өзіне ғана тән сипаты болады. Алайда салыстыра қалғанда орыс өнерінің өресі биік шығады. Неге? Себебі, Ресейдегі музыкалық педагогиканың өресі қашанда биік болған. Музыкантты бала жасынан, үлкен мұратты көздей отырып, талмай тәрбиелейтін бұл жүйе үлкен жетістікке жетіп жатса – таңғажайып ештеңесі жоқ. Орыс музыканты қашанда партитураның тасасына үңіледі, композитордың сол шығарманы жазған кезіндегі психологиялық ахуалын тануға тырысады, партитурада психология жоқ, шығарманың мәні музыкалық хаттан бұрын тұр деп есептейді. Ал Батыс музыканты формальдық негізді ғана мойындайды. Сол себепті бүкіл интерпретацияны партитура төңірегіне ғана құрады. Әрине, Батыс әлемі Ферручо Бузони, Иосиф Гофман, Глен Гульд, Ван Клиберн сияқты ұлы орындаушыларды тудырды. Бірақ бұлар логикаға, дискурсивтік ойлау дәстүріне құрылатын Батыс мәдениетінен шетін шыққан, аңдағайлап бөлек тұрған тұлғалар.
Біз, әрине, орыс жүйесін қабылдадық. Алайда озық болса да басқа топырақта жетілген жүйе болғандықтан, байыптай зерделеп, елеп-екшеп, ұлттық мәдениеттің мүддесіне бағындырып пайдалануымыз керек еді. Бәрі де керісінше болды. Ұлттық мәдениетті алдыңғы қатарға шығару ұранына жалаң еліктеген формалист-педагогтар қазақтың сан-салалы, әбден жетілген байырғы саз өнерін жаңа жүйеге бағындыра салды. Біз бұл жерде, бүкіл музыкалық оқу жүйесін түбегейлі түрде өзгерту керек деп отырған жоқпыз. Бүгінгі оқу жүйесі – тарихи факт, ұлттық мәдениеттің бөлініп-алынбас еншісі. Халыққа білім беру ісі, оқу-ағарту, жаңа, әлемдік деңгейге шықты. Біз әлемдік мәдениет көшіне ілесіп келе жатырмыз. Қалыптасып болған жүйені қирату – ақымақтық болар еді. Біздің айтпағымыз – бүгінгі және байырғы жүйені салыстыра зерделейік, өткеннің несі кемшін, несі озық – осыны анықтайық, кемшінін тастайық, озығын алып пайдаланайық. Бүгінгі жүйенің мансұқ етуге болатын кемшін тұстары болса – қорықпайық, арылайық.
Сонымен, байырғы музыкалық түсінік пен қазіргі талғамның арасында нендей айырмашылық бар екен, соған келейік. Бірден айта кетейік, қазақ мәдениетінде Еуропадағыдай салаланып, бөлініп шыққан музыкалық педагогика жоқ. Күй, ән немесе жыр өнеріне баулу – жалпы адам тәрбиесінің бір қыры болып қана саналады. Басты қазына – адам, басты мақсат – рухани тұлғаны, қауымның белсенді мүшесін тәрбиелеп шығару. Осыдан келіп, саз өнеріне баулитын арнайы мектептің болмауы — өз-өзінен түсінікті. Мектеп — күйшінің, әншінің не жыршының өз үйі, ал оқу мерзімі ұстаз бен шәкірттің жарасу қалпына орай әртүрлі болуы мүмкін. Біз бұл мақаламызда аспаптық музыка жайын қозғағандықтан, бұдан кейінгі жердегі кейіпкеріміз күйші және оның шәкірті болады. Әдетте баласының күй өнеріне елткенін байқаған әке асықпайды. Бұл жерде халықтық педагогиканың үлкен есебі жатыр. Адам жас кезінде әр нәрсеге әуес болады. Сондықтан ересектер жағы баланың құмарлығын «ет пен терінің арасындағы желік болуы мүмкін» деп елемегенсіп жүре береді. Өйткені баланың алғашқы аусар тілегін орындап, балаңызды мүлдем басқа өмір жолына түсіріп жіберуіңіз ғажап емес. Күн төбеден ауғанда өзіңе жат кәсіптің соңында жүргеніңді ұғыну – үлкен қасірет. Сондықтан бала өзінің алғашқы күйін күйттеп жүре береді. Уақыт оза бала басқа бір өнерді қуып кетуі мүмкін. Немесе алған бетінен айнымауы да мүмкін. Міне, перзентінің өнерге қыры бар екенін аңдаған әке осы кезде барып күйшіге жүгінеді. Оның өзінде күйшімен екі арадағы әңгіме ақылдасудан аспайды. Әдетте баланы (немесе, Алла жазса – болашақ шәкіртін) сынамақ болған күйші сол шаңыраққа ат басын тіреп, қонақ болады. Күйші бола ма, жоқ па – баланың тағдыры сол күні шешіледі. Себебі, өз ғұмырында талай талқыны көрген, өмірдің үлкен тәжірибесінен өткен күйші, басқа күйшіні (бұл ретте – алдында отырған баланы) жүрегімен таниды. Мысалға, менің ұстазым күйші Жүнісбай Стамбайұлы бала кезінде күйге құмар болып, әкесі Стамбай әйгілі күйші Бодауды үйіне шақырып қонақ етеді. Сол кеште Бодау кішкентай Жүнісбайды таниды. Содан соң Стамбай, күйші Бодауды қолына үш жыл ұстайды. Жүнісбай домбыраның алғашқы тағлымын осы Бодаудан алады. Әрине, үйрену бұдан соң да тоқтамаған. Жүнісбай талай күйшінің алдын көрген, талай сайысқа да түскен. Бірақ оның күйші екенін танып, мұратын айқындап берген Бодау екен.
Ал біздегі қазіргі ахуалды қараңыз. Бала күй өнеріне қыры болғаннан кейін оқуға түспейді. Көп жағдайда баланы музыкаға баруына ата-ананың амбициясы, мейманасы себеп болады. Қасыретке орай, өнер, өзінің о бастағы тәңірітекті мәртебесінен айрылып, күнделікті, әдепкі кәсіпке, бәсекенің алаңына, бедел жарыстыратын майданға айналды. Ата-ана баласын музыка мектебіне әкелгенде, қабылеті бар деп әкелмейді, «менің балам кімнен кем» деп әкеледі. Және, бәсеке заманда туған, бәсеке рухында тәрбиеленген бала да бойындағы жылт еткен өнер ұшқынына сеніп өзін болашақ ұлы музыкантпын деп есептейді. Жас таланттар байқауын бақылаңызшы. Балалардың сахнада өзін-өзі қалай ұстайтынын зер сала қараңызшы. Ұрпақтың тұтастай «жұлдыз» ауыруымен ауырғанын байқау қиын емес. Бұл ұрпақ – перманентті күрес, тіршілік үшін аяусыз кескілес идеясымен тәрбиеленген ұрпақ. Өнер деген, табиғатында, жаратылысында бәсеке емес, ат бәйгесі емес, тек қана үздіксіз рухани жетілу екенін ұғындырып көріңізші. Ұқпайды. Ұғындырамын деп бекерге арамтер боласыз.
Музыка – тізімінен таңдап ала салатын кәсіп емес. Күй өнері әбден жетілген сананың, рухани тілектің жолы. Әрине, кәсіптің қандайы болмасын саналы таңдауды қажет етеді. Алайда саз өнері – саналылық пен жауапкершіліктің ерекше көрінетін тұсы. Себебі, музыкант өткен заман сазын жаңғыртушы, бүгінгі күй өнерін жаратушы, және өресі асса – ертеңгі талғамды да қалыптастырушы. Міне, сол себепті ата-ана баланың болашағынан гөрі рухани ортаның болашағын ойлағаны абзал. Жақсылап жаттыққан адамның үйренбейтіні жоқ. Азаптанып жүріп қай пернеден кейін қай пернені басу керегін, қай жерде қалай қағу керегін үйренуге болады. Бірақ ол күйші емес, тартқаны күй емес. Бұл – біздің жүйенің бірінші қатесі.
Тәрбие ісін және жалпы қоғамды сансыратып келе жатқан енді бір індет – генийлер мен вундеркиндтер жайлы миф. Түптеп келгенде бұл мифтерді тудырған қоғамның өзі. Шынына келсек гений мен вундеркинд жайлы миф – кәдімгі қоғамдық сұраныс. Ғажайыпқа ғана сенетін, сенсацияны ғана аңсайтын қоғамдық сана генийлерді, вундеркиндтерді талап етеді. Талап пен сұраныс қанағаттандырылуы керек. Нәтижесінде дүниеге генийлер мен вундеркиндтер келеді. Вундеркинд, бес жасар гений, дамудың жемісі емес – аномалиясы. Және, асылық айтты демеңіз, рухани дүниенің емес (себебі, руханиетте аномалия болмайды), психикалық дүниенің аномалиясы.
Моцарт өзінің алғашқы операсын алты жасында жазған деседі. Тыңдаған жоқпын, білмеймін. Бірақ балаң шығарма екеніне ешқандай күмәнім жоқ (шынына келсе, Моцарттың кемел кезіндегі жеткен абыройы бір басына аздық етер ме еді, оны туа сала пайғамбар етіп не керек). Жарайды, Моцарттың өнерде жолы болды, өз атын шығарды, неміс музыкасының даңқын өрлетті. Ал гений болып бастап, артынан аты өшкен қаншама адамдар болған. Робертино Лореттиді алыңыз.
60-шы жылдары әлем жұртшылығының аузында тек қана осы есім болған. «Италия бұлбұлы» жаздырған күйтабақтар пәленбай миллион тиражбен тарады. Көп ұзамай ғажайып өнерпаз сахнадан кетті. Жас организм, енді ғана жетіліп келе жатқан талант, шоу-бизнестің қарқынына шыдамаған. Бір концерттің үстінде әншінің тамағынан қан кеткен. Міне, бүкіл әлемді өнерімен таңқалдырған кішкентай Робертино өз карьерасын осылай аяқтады. Ал енді ерекше қабілет танытқан осы өнерпаз, жас мөлшеріне лайықталған бапты тәрбиеден өтсе, дүниеге жаңа Паваротти, жаңа Доминго келер ме еді? 90-шы жылдары Ресейдің бір тележурналисі Робертино Лореттиден интерьвью алғаны есімде. Хабарды көріп отырып біртүрлі сезім биледі. Робертино, бұл кезде кексе тартқан еркек, бір-екі шығарма орындады. Содан соң «Мен кемеліме енді келдім. Бала кездегі өнер – әншейін әуейлік екен. Мен енді ғана әнші болдым» деді. Әрине, мұның бәрі ұялған тек тұрмастың кері.
Кезінде пианист Евгений Кисин мен скрипкашы Дмитрий Репин де бүкіл әлемді таңқалдырған. Бұларды гений қылған мақтаншақ педагогтер мен жауапсыз музыкалық сын. Ал таңқалғандар, әрине, кәсіби музыканттар емес еді. Шын шеберлер сарабдал ғана бір-екі ауыз сөз айтқан.
Кейіннен ержеткен Евгений Кисиннің орындауын тағы бір тыңдадым. Ол енді ғана үлкен пайымға жете бастаған сияқты, енді ғана музыкант бола бастаған сияқты.
Менің ойымша, адам жетілудің заңын табиғаттан үйренгені дұрыс. Мысалға, алма ағашы ақпан айында гүлдеп сәуір айында жеміс берді дейік. Әдепкі ақымақ бұған қуанады. Ал бағбан қуанбайды. Себебі, ол өзінің тәжірибесіне, табиғаттың даналығына сенген адам. Ол ақпанда ағаштың гүлдемейтінін, сәуірде жеміс бермейтінін біледі. Гүлдеп жатса, беріп жатса, табиғаттың бір жері бүлінгені. Нағыз бағбан қуанғанның орнына бұл аномалияның себебін іздейді.
Іздейді де, табады, табады да қолынан келгенше жоюға тырысады. Адам деген қызық қой. Болмыстың табиғи ырғағынан шодырайып шығып тұрған құбылысты ғылымда аномалия деп атайды. Бұл баяғыда пәтүадан өткен мызғымас қағида. Ал адам өміріндегі осы тектес құбылыс бірден гениалдылық, вундеркиндтік деп мойындалады.
Шын өнер құбылысы – асқақ шың. Бірақ адам жанынан, оның руханиетінен бөлек тұрған шың емес. Алайда қашан, қалай басталғаны белгісіз, тәрбие ісінде, білім беруде «шыңға жету», «шыңдарға шығу» (немесе «бағындыру») деген, рухани мақсаттан гөрі әміршінің әміріне, тәлімгердің тапсырмасына көбірек ұқсас үрдіс әлі жасап келеді.
Буыны қатпаған баланы шыңға қалай шығарасыз? Бұл тіпті теориялық тұрғыдан мүмкін емес. Тіпті Алланың әмірімен сол бала шыңға шықты дейік. Нені пайымдап үлгерді деп ойлайсыз? Ештеңені де! Себебі, тағы да айтайық, өнер шыңы – адамнаң бөлек тұрған Эверест сияқты құзар емес. Шың – адамның ішкі ахуалының, әбден кемеліне келген руханиетінің көрінісі.
Баланың жылт еткен қабілетіне табынбау керек, оның өзіндік табиғатына лайық тәрбиенің түрін таңдап алу керек. Әбден жауыр болған ақиқат болса да айтайық – бала көкірегіне егілетін алғашқы идеал – үлкен мен кішіге деген, ұстазға деген, ата-анаға деген, құрбы-құрдасқа деген, жинақтап келгенде басқаға деген құрмет (себебі, жауыр болғаннан ол қағиданың мәні өзгермейді, идеал ешқашан жауыр болмайды және өзгертілмейді, қауымдасып өмір сүрудің заңдары ешқашан мызғымайды). Абайдың «Адам бұл дүниеге өнерімен емес – мінезімен сияды» деген тамаша сөзі бар. Хакимнің осы сөзі жоғарыда айтқанымызға дәлел.
Мінеки, өнердің алды күй шерту, немесе ән салу емес, кісі сыйлай білу екенін ұғындырған күні сіз тәрбиеші ретінде үлкен жетістікке жеттіңіз. Әрине, құрмет, баланың күнделікті орындайтын рәсіміне айналмау керек. Аңсар, биік идеал хикаялар түрінде бала санасына күнде сіңіріліп отыруы керек. Адам бала кезінде естіген хикаяларын ешқашан ұмытпайды. Баланың санасы жетіледі, хикая жадында тұрады. Есейген сайын оның мағынасы тереңдеп, мәні арта түседі. Түптеп келгенде адамның жетілуі – идеалдың жетілуі. Алайда, тағы да қайталап айтайық, тәрбие бірізді, түбегейлі болу керек. Және барлық уақытта интеллекттен руханиет озып отыруы шарт. Ерте жетілген ақыл, ерте сарқылады. Білімге деген құштарлық жаңа жетіліп келе жатқан адамның өз мүддесінен туындауы керек. Бұл жай айтылған сөз емес. Бүгінде артық білім мен артық ақпарат Батыстың ең үлкен проблемасы болып отыр.
Шығыс, ұстазды аса жоғары құрметтеген. Батыс ұстаз феноменін мүлдем түйсінбейді. Батыс, дәріс берушіні ғана біледі, бірақ ұстаз дегеннің кім екенінен толықтай махрұм. Батыс адамдары Айсаны да, Будданы да ақиқаттан дәріс беруші деп қана түсінеді. Ұстаз бен дәріс берушінің арасындағы жер мен көктей айырманы ұғынбайды. Бұл екі ұғым бір-біріне ешқашан сиыспайды. Ұстаз – мүлде басқа әлем.
Дәріс беруші — күнделікті күйбең, күйкі тіршіліктің бір бөлігі, сізге, сізде жоқ мәліметті беруші ғана. Ол сізден көп біледі, немесе шамалы ғана көп біледі (кейде сізден аз білуі де мүмкін). Бірақ көп білу, сапалық емес – сандық қана айырмашылық. Сіз көбірек оқып, одан көп білуіңіз мүмкін. Мәлімет игеру тұрғысынан алғанда, дәріс беруші сізден аз ғана озып тұр, бірақ оның тіршілігі сіздікіндей. Екеуіңіз де бір дистанцияда тұрсыздар. Ал ұстаздың жөні мүлдем бөлек. Ол сізден аз білуі, тіпті сіздің білгеніңізді білмеуі мүмкін. Бірақ оның болмысы биік. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы айырмашылық – сапалық айырмашылық. Ол басқа өлшемде, сіз мүлдем білмейтін деңгейде тіршілік етеді. Ол деңгейдің аты – Рухани тұтастық.
Ұстаз шәкіртке күйкі дүниенің айла-шарғысын үйретпейді. Себебі, ол одан махрұм. Ол шәкіртті рухани жетілудің жолына салады. Тұжырып айтқанда, рухани тәрбиенің мәні – осы.
Сөзіміз дәлелді болу үшін байырғы тәрбие мен қазіргі оқытудың әдіс-тәсілдерін салғастыра отырайық. Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі педагогика талантты, немесе гений яки вундеркиндті түстеп-танып болғаннан кейін бірден биік шыңдарды бетке алып жолға шығады. Балауса жанның интеллекті күшпен оятылады. Рухани тілегіне мүлдем қайшы жоспарлы оқыту басталады. Артық мәлімет, зордың күшімен орындалатын ауыр тапсырмалар о баста баланы қызықтыруы мүмкін. Бойына туа біткен спорттық ықыласпен талай «шыңдарды» алуы да мүмкін. Бірақ күмәніңіз болмасын ол музыкант көп ұзамай-ақ өз кәсібінен жериді. Әрине, әдет жетегімен музыка саласында жүре беруі мүмкін, бірақ саз өнері ол үшін күнделікті ауыр міндетке айналады. Бұл қазақтың байырғы музыкалық тәрбиесіне мүлдем кереғар жосық. Баланың бойында оянып келе жатқан руханиетке құрметпен қарау керек. Бала бірден ән салып, немесе күй шертіп сахнаға шығуы шарт емес. Балалық – пассив кезең. Өнер көрсететін, өнер танытатын кез емес — өнерді мейлінше қанып ішіп, судай сіңіретін кез. Үнді пайғамбарларынан қалған «Нені жесеңіз – содан тұрасыз» деген сөз бар. Асыл сөз! Ұғымға ауыр шығарманы шәкірті шебер орындап жатса – ұстазға абырой. Бірақ ұстазға ғана. Себебі, бұл бойына шақ келмейтін үлкендердің сөзін қайталаумен бірдей нәрсе. Себебі, әлі жетілмеген руханиет ондай биік ұғым мағыналарды тануға әлсіз. Саз, адам жанындағы белгілі бір эмоциялар қабатын көтереді. Сол себепті оны ойыншық қылып ойнауға болмайды. Баланың эмоцияларын қозғамаған дұрыс. Сезім, жанның терең түкпірінде жатып қана кемеліне келеді, және шырышы бұзылмаған күйінде сақталады.
Мынадай бір оқиға есімде. Төртінші сыныпта оқимын, оннан жаңа асқан кезім. Бірде ұстазымнан ұрлап үйреніп алған Тәттімбеттің «Зар Қосбарын» топ ортасында тартып отыр едім. Есіктен кіріп келген бір әжей (күйді сырттан тыңдап келе жатса керек) «Басыңа көрінгір!» деп қолындағы таяғымен оң иығымнан салып қалды. Тыңдап отырған балалар да, домбыра шертіп отырған мен де тым-тырақай қаштық. Кешкісін болған жайлы ұстазыма баян еттім. Ол ойланбастан «Қауаныкі дұрыс» деді (әжейдің аты Қауа еді). Содан соң тұнжырап сәл отырда да «Ал, кәне, шертші сол күйді» деді. Шама-шарқымша орындап бердім. Ұстазым күйді тыңдап жадырай күлді де «Саған «Қосбасарды» тарту әлі ерте» деді. Сол күйді мен 17-18 жасымда қайта шерте бастадым. Және күні бүгінге дейін тереңіне әбден бойладым деп айта алмас едім.
Мінеки, байырғы музыкалық тәрбиенің басты сипаты осы. Дені тыңдауға, сезінуге, үнсіз жетілуге арналған бұл жосық кейіннен биік рухани жетістікке бастайды.
Бүгінгі шертілген күй – байырғы күй емес. Бабаларымыздың күйі қалай шерткенін Дина әжеміздің, Әбікен, Қали, Оразғали аталарымыздың жаздырып қалдырған таспаларынан тыңдап білеміз. Бұрынғы шебер мен қазіргі орындаушыны салыстыра тыңдағанда ең алдымен байқайтыныңыз – дыбыс сапасының өзгергендігі.
Бұл да ескі күйді ұғынбаудан туған нәрсе. Не ғажап! Тыңдайсыз. Дыбыстардың әрқайсысы өз орнында тұр. Мәтін бұзылмай сақталған. Бәрі дұп-дұрыс. Ал неге әсер етпейді? Себебі, бүгінгі орындаушылықта дәстүрлі интонация жоқ. Күй негізгі музыкалық ойды ғана жеткізеді. Бірақ мәселе нені айтуда ғана ма? Қалай айтуда емес пе?
Осы күні нота жазуы жайлы қайшылықты пікірлер айтылып жүр. Біреулер «керек» дейді, біреулер «керегі жоқ» дейді. Неге керегі жоқ? Әрине, керек. Тек шәкірт ноталық мәтінді меңгерместен бұрын күйдің өзін тыңдауы керек. Көп рет. Содан соң күйді үйрену барысында нотаны көмекші құрал ретінде пайдалануы керек. Әйтпесе музыкалық хат ол үшін математикалық формула болып қана қалады. Нота жазуы күйдің рухын таңбалай алмайды. Күйдің рухы тірі орындаушыны (шын шеберді) тыңдағанда ғана танылады. Шәкірт күйді көп тыңдауы керек дегенде, біз осыны меңзегенбіз. Күйдің рухын танығаннан кейін техниканы меңгеру қиын емес. Кейде қайран қаласыз! Бүгінгі музыканттардың арасында нотаны кітап сияқты оқып, орындап кете беретін адам – ең мықты музыкант саналады. Бұны өздері «Читать с листа», яғни, «Парақтан оқу» деп, биік қасиет ретінде атайды. Музыкантты қызметке алғанда да (оркестрант болсын, айырма жоқ) «Парақтан оқи аласың ба?» деп сұрайды. Бірақ айта кетейік, нотаны білу – хат тану. Бірақ хат тану мен шебер болудың арасы жер мен көктей. Хат танитын адам, әрине, хат таныған жақсы ғой, газет оқи алады, қолын қойып жалақы ала алады. Бірақ бары да, сауатының жеткен жері де – осы. Музыканттың өнерін шамалауда осындай критерий қолданыла ма екен?
Ойымызша, қай салада болса да маманның құны оның шеберлік деңгейімен өлшенуі керек. Осы орайда айтарымыз – бүгінгі орындаушылықтың жеткен жетістіктерін сақтай отырып, байырғы, дәстүрлі орындаушылықтың мәртебесін қалыпқа келтіру керек. Құдайға шүкір, ескі шеберлер әлі бар, ұлы орындаушылардың таспаға жаздырған мұралары бар – бұл іс негізсіз емес. Еске мынадай бір оқиға оралады. 90-жылдардың басында Алматы мемлекеттік консерваториясының басшылығымен бұрынғы Кеңес Одағының аумағындағы түрік тілдес халықтардың өнері мен мәдениетіне арналған конференция өтті. Конференция аяқталғаннан кейін бірнеше қазақтың күйші-жыршылары консерваторияға аялдады. Бірнеше күн бойы байырғы шеберлер дәріс жүргізді. Сол дәрістерге қатысты студенттердің ықыласын көрсеңіз ғой! Әсіресе күйші Төлеген Момбековтің сабақтары өте қызықты өтуші еді. Аудиторияға ығы-жығы орналасқан студенттер (көбі домбыра бөлімінде оқитын шәкірттер) нағыз күймен демалып отырғандай әсер қалдырған. Міне, шеберлер де бар екен, жастардың бойында байырғы өнерді, оның рухын тануға деген ықылас та бар екен. Мәселе, істі ұйымдастыра білуде. Ойымша, танымы ілгері балаларды үлкен шеберлердің алдынан өткізіп отыру керек. Ресейде, Еуропада мұны «мастер-класс» дейді. Қаржы тауып, белгілі бір жағдай жасап, шеберлерді консерваторияға ұстаз етіп алуға да болады (мысалға дәулескер қобызшы Дәулет Мықтыбаевтың бір кездері консерваторияда сабақ бергені белгілі). Бәрі де басшылардың ынта-ықыласына байланысты. Дәстүр ғасырлар бойы қалыптасады, күтімі болмаса бір-ақ күнде өледі. Осы ойларымызды ортаға салғанда, дәстүр өлмесе екен деген ой ғана биледі бізді. Оқу-ағарту, әсіресе музыкалық білім беру жүйесіндегі азаматтар осыны ойлағаны абзал.
1998