Мен ол адаммен 1973 жылдың қыркүйек айында танысқан едім. Содан бері отыз сегіз жыл өтіпті. Уақыт көп нәрсені өзгертеді екен. Бүгінгі күн биігінен қарасам ол адамды бозбала кезімнен емес, бүкіл саналы өмірімнің барысында білген сияқтымын. Оның көптеген ойлары, ақылды сөздері қазақ мәдениетінің тәніне дарыды, етенесіне айналды. Әрине, мен оның өмірдегі және өнердегі тұлғасын толық қорыта алдым дей алмаймын. Бірақ, ол жайында оның тірісінде білгенім және бақиға кеткеннен кейін ол турасында ойланып, пайымдап жеткенімнің өзі замандастарыма айтып беруге жарайтын әңгіме деп ойлаймын.
***
73 жылы мен арман арқалаған он жеті жасар бозбала, Алматыға келдім. Өзімнің нағашы атам және ұстазым Жүнісбайдың тапсырмасымен Жарқын Шәкәрімовты іздеп таптым. Ол кезде бүкіл одақтағы күйтабақты «Мелодия» фирмасы жалғыз шығарады. Фирманың редакциясы М.Әуезов атындағы бас театрдың үшінші қабатында екен. Жарқын ағаммен танысып, арқа-жарқа болып отырмыз. Аздан соң қолыма домбыра ұстатты. Бірнеше күйді шертіп бердім.
Жәкең қатты риза болып «Қой, мен сені Асекеңе көрсетпесем болмайды екен» деп мені дәліздің басқа бір қалтарысындағы бөлмеге ертіп барды. Орақ мұрын, қараторы өңді, әдемі адам, плащы мен шляпасын киіп, қолына папкасын ұстап енді шығайын деп жатыр екен.
– Асеке, – деді Жарқын ағам, – Мына бала ауылдан келген екен. Домбырашы. Бір тыңдап кетіңізші.
– Бұл Асқар Сүлейменов деген ағаң болады, – деді содан соң маған бұрылып, – Осы театрда қызмет етеді.
Қол алысып таныстық.
– Ал, кәне, ильхамыңды көрейік, – деді Асекең тікесінен тік тұрған күйі.
Әуеліде Байжігіттің бір күйін шерттім. Папкасын үстел үстіне қойып тыңдады. Содан кейін сәл үңіліңкіреп:
– Тәттімбеттен не білесің? – деді.
Тәттімбеттің «Зар Қосбасарын» шерттім. Енді Асекең киімін шешіп орындыққа орнығып отырып тыңдады. Күй кеші ұзаққа созылды. Мені жаңа танысымның күй турасындағы білгірлігі мен эрудициясы ғана емес, сондай-ақ, аз сөйлеп, көп мағына жеткізе алатын дағдысы қайран қалдырды. Қазақ ауылында өстік, небір тілді, шешен адамдарды көрдік. Бірақ, бұлай түйіндеп, аса қымбат мән-мағынаның өзін елеусіз ғана сөз арасына қыстыра салғанды бірінші рет көргенім. Бұл адам үшін бұндай өре-әдепкі нәрсе екені байқалды. Міне, Асекең осылайша, бала деп қомсынбай, жолынан қалып, өнерімді тамашалап, бағалап беріп еді.
– Өнерің өрісті болсын, – деді қолымды қысып қоштасып тұрып, – Әбікен, Мағауия, Төлеген мен, Генерал Асқаров сияқты дәулескер күйшілерді көп тыңдау керек. Күйші тыңдап өседі, тыңдап жетіледі. Содан кейін, бауырым, әншінің қазынасы – даусы болса, сенің қазынаң – саусағың. Қолыңды мертіктіріп алмай күтіп ұста.
Мен, бір кештің әңгімесімен бүкіл дүниемді төңкерген бұл адаммен үш жылдан кейін, 76 жылдың күзінде екінші рет таныстым. Осы қайыра таныстығым шын таныстығым екен.
Әскерден кейін ҚазПИ-дің филология факультетіне оқуға түстім. Оқу жылының басында орыс бөлімінде оқитын Рамазан деген курстасыммен таныстым. Белгілі сыншы Төлеген Тоқбергеновтың баласы болып шықты. Көп ұзамай Төлеген ағаның жанұясымен де таныстық. Сыншы ағамыздың жары – танымал ақын Бәтима Батырбекова еді. Әдебиетшілердің шаңырағы, әдеби рух. Жиналып алып күні бойы айтатынымыз тек әдебиеттің әңгімесі ғана.
Бірде Бәтима анамыздың қуырдағын жеп, шайын ішіп, «әлемдік әдеби проблемаларды» талқылап, есіп отырғанымызда, Төлеген ағаның кабинетінен бір адам шығып, ас үйдің есігіне келіп тұрды да, –
– Привет молодым демократам! – деді.
Жалт қарадым. Асекең. Ол да мені бірден таныды.
– Ә, күйші бала, сен де осында екенсің ғой, – деді жымиып, – Рамазан екеуің дос екенсіңдер ғой. Өте жақсы.
Содан кейін Асекеңмен Төлеген ағаның, Зейнолла ағаның (Серікқалиев) үйлерінде талай рет кездесіп дастархандас, сұхбаттас болыппыз. Өмірінің соңғы кезінде ол, белгілі домбырашы Секен Тұрысбековпен көп араласты. Бірнеше рет Секеннің үйінде де кездестік.
Мен бұл мақалада Асқар Сүлейменовтың өзім куә болған өмірін баян етейін деп отырғаным жоқ. Бұл – болашақ биографтардың міндеті. Мен тек қана ол адамның ойының өресін көрсеткім келеді. Бүгінде өнер, ғылым мен білім үздіксіз жіктелу үстінде. Күнде, ойымыз түгілі түсімізге кірмеген жаңа сала, жаңа термин ашылып жатады. Асқар Сүлейменовтың күрделі танымын салалап жікке жатқызу белгілі дәрежеде қиындық туғызады. Әдетте ондай бітімдегі синтетикалық танымды зерделеу кезінде автор оқырманмен шартты бір термин жайында келіседі. Мен де оқырманмен келісе отырып діни фәлсафа деген терминді пайдаланғым келеді. Дін фәлсафасы мәдениеттің денін қамтитын болғандықтан. Біз әңгіме етпек адамның әдеби я басқа да ойларының бір шеті міндетті түрде дінге жанасып тұратындықтан.
Бірден ескерте кетейін, мен тілге тиек ететін мәселелерді сіз Асқар Сүлейменовтың жазба мұрасынан таба алмауыңыз мүмкін. Кейбір адамдар үшін Асекеңнің бұд ойлар таңсық болып көрінер. Асекеңнің отырысы – сұхбаттасының өресіне қарай еді, жауабы – сұрақтың ыңғайына орай еді. Содан соң, ой еңбегімен айналысқан көп адамның айтқаны ауызекі әңгіме түрінде жетіп, хатқа содан кейін түскен. Ой тарихында бұл көп рет қайталанған жайыт.
***
Асекең пірадар емес еді. Догматтарды мойындамайтын. Ол әлі аяқталмаған, әлі жалғасып жатқан жаратылыс жағында болатын. Плюралист еді. Вольтер «Мен сізді жеккөрем, бірақ өзіңіздің пікіріңізді айтуыңызға барынша көмек көрсетем» («Я ненавижу вас, но я сделаю все, чтобы вы смогли выразить свое мнение») деген екен. Асекең ойына келіспейтін, ұнатпайтын адамының пікіріне де құрметпен қарайтын. Сөзі басқа адамды таптап, аузын жауып, сөйлетпеуді уағыздаған, ойы басқаны жау деп жариялап, қоғамнан аластап дағдыланған тоталитарлық жүйенің кезінде Асекеңнің бұл мінезі ерекше сананың көрінісі еді.
1979 жылдың наурыз, я сәуір айы. Күн жылы болғанымен бұлыңғыр. ҚазПИ-дің жаратылыстану-география факультетінің мәжіліс залында бірнеше белгілі әдебиетшілермен кездесу болды. Олар Зейнолла Серікқалиев пен Төлеген Тоқбергенов, жаңа таныла бастаған сыншы Сайлаубек Жұмабеков, тағы бірқатар ақын-жазушы және Асқар Сүлейменов еді.
Асекең кездесудің басынан тұнжыраңқырап отырып, ең соңына қарай сөз алған. Оқырмандар көп сұрақ қойды. Сөз иесі бірде-бір сұрақты жауапсыз қалдырған жоқ. Ақырында бауырын жаза келе ақындай шабыттана сөйлеген. Талай байқағаным, ол кісі сөзін бастағанда үстіңгі ерні қинала бүріліп кететін. Біртүрлі, тістеніп сөйлеп тұрған адам сияқты әсер қалдыратын. Аздан соң, ішіндегі түйіннің барлығы шешіліп, өзінің қоңырқай тембрлі даусымен ағындап сөйлеп кеткенде одан көркем, одан көрікті адам болмаушы еді.
Естелік – стенограмма емес. Ол кеште қанша сұрақ қойылды, Асекең оның қайсысына қалай жауап берді, тәптіштеп есіме сақтай алмадым. Әйтеуір әсері қалды, рухани әлемімнің тазарып, ой өлкемнің жаңаша гүлденіп шыққаны есімде. Міне, сол таңғажайып кештен қалған бірнеше әңгіме.
Жақсы дайындығы бар оқырмандардың біреуі Э.Хэмингуэйдың «По ком звонит колокол» романындағы бас кейіпкердің характеріне, оның құрбаншылдығына қатысты сұрақ қойған. Асекең аз-маз ойланып отырып жауап берді.
– Ұмытпасам, романның эпиграфында Джон Донның өлеңі келтірілген ғой. «Бір жерде қоңырау соғылып жатса, кімнің азасы екенін сұрама, себебі, ол қоңырау сені де жоқтап жатыр» деген өлең жолдары. Яғни, Испаниядағы соғыстың барлығымызға қатысы бар деген ойды айтпақ болған ғой, Хэмингуэй. Сондай-ақ, бұдан да биік ойды кезінде Бетховен айтқан. Өзінің ең әйгілі симфониясының мағынасын ауызша түсіндіріп, «Адамдар өлген сайын ажал маған жақындап келеді. Маған мүлдем қатысы жоқ айдаладағы бір адам өлгенде де – тағдыр келіп менің есігімді қағады» деген. Испаниядағы соғысты, ол қалай болғанын біз білмейміз. Хэмингуэйдың романы, сол соғыстың өзі емес – көркем тарихы ғана. Жалпы, мән-мағына не үшін керек? Тіршілікті ары қарай жалғастыру үшін керек. Егерде адам мына дүниеден ешқандай мән-мағына таба алмаса, онда оның тіршілігі сол сәтінде тоқтайды.
– Түсінбедім, аға, – деді сұрақ иесі студент, – Кешіріңіз.
Асекең төтесінен бір-ақ тартты.
– Яғни, бұл роман, сол, бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, күйреп қайтқан ұрпақты жұбату болып табылады. Бірақ, Роберт Джордан, партизандарды алға оздырып жіберіп, өзі тосқауылда қалғанда, сол партизандар үшін, я басқа біреу үшін өлген жоқ. Ол өз ажалымен өлді.
Содан соң Асекең, көзі жыпылықтап тікесінен тік тұрған студентке қарап жымиған.
– Сіз отырыңыз. Тақтада тұрған жоқсыз ғой.
Аз-маз ыңғайсыз үнсіздік орнады. Қазақтың әдеби ортасы аталған романды енді ғана пайымдап әңгіме ете бастаған. Бірақ, мына айтылған пікір мүлдем кереғар еді. Үнсіздіктің сырын жазбай таныған Асекең сөзін үстеді.
– Әлбетте, біреудің тіршілігін кешуге болады. Алайда, менің бұған деген де күмәнім бар. Мысалы, басқа біреудің атын жамылып өмір сүруге болады. Бірақ сіз басқа біреудің ажалымен еш кездесе алмайсыз. Ажал келгенде, ол басқаның емес – сіздің ғана ажалыңыз. Осы орайда Хэмингуэйдің де, Бетховеннің де сөзінен асып кеткен қазақтың мақалы бар, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген. Қазақтың осы мақалы, бәрінен кемеңгер.
Сол күні, мен, көркем шығарманың бірнеше өлшемде, бірнеше деңгейде өмір сүретінін, текстен контекстің биік екенін алғаш түсінген едім. Кейін, мен, Асекеңнің оқырманмен кездесуде отырып айта салған осы идеясын белгілі драматург-ақын Иранбек Оразбаевтың шығармашылығынан ұшырастырдым. Әрине, ақын бұл концепцияны Асқар Сүлейменовтен алуы шарт емес. Осы жерде мен авторлыққа тікелей қатысы бар информациялық өріс идеясы турасында айта кеткім келеді.
Бір кемеңгердің, жазу технологиясына қатысты айтқандарының ішінде «Егерде жазуға мүмкіндігің болмаса, онда ойлама» деген сөз бар. Таратып айтсақ, қолыңызда қағаз-қалам жоқ, ойға алғаныңызды жазуға мүмкіндігіңіз болмаса, онда басыңызға келген ойды өшіріңіз деген сөз. Себеп? Жауап ретінде мынадай мысал.
Бір шығармада, ғалым, адамзаттың тіршілігіне қауіп төндіретін қорқынышты тетік ойлап шығарады. Артынша, өзінің не істеп қойғанын түсініп шошып кеткен ол тетікті жоймақ болғанда, қондырғыға жан бітіп адамша сөйлеп «Қирата бер, бірақ мені жоя алмайсың. Себебі, мен енді бармын. Мен енді кез-келген адамның санасынан қалқып шыға аламын. Ал сен сияқты күмәншіл емес, кінәмшіл емес басқа ғалым мені тиянақтап іске жаратады» дейді. Александр Генис өзінің «Вавилон мұнарасы» атты кітабында мынадай қызық дерек келтіреді. Лондонда таңертең шыққан газеттегі сөзжұмбақ-кроссвордты Ливерпульдің адамдары кешке қарай оңай шешеді екен, себебі, ол сөзжұмбақты Лондонның адамдары таңертең шешіп қойған, Яғни, сөзжұмбақтың шешімі бүкіл кеңістікті алып жайылып жатқан информациялық өрістен өз орнын алған. Ол шешімді басқа қалалардың адамдары түсініксіз бір механизм арқылы оқыған. Санадан тыс оқыған, өздерінің дайын шешімді информациялық өрістен алғанын білмеген, жұмбақты өзіміз шештік деп ойлаған. Асекең тағы бір сөзінде «Діндерде жаман ой, жамандықты ойлаудың күнә болып саналуында, Құдайға жақтас ұлы идея жатыр. Мекеніміз бір болмыс. Сондықтан осы ортақ мекенімізді жаман оймен ластамау керек. Себебі, сен ойлап қана қоя салған қиянатты ойды басқа біреу міндетті түрде іске асырады. Төлен Әбдіковтың «Оң қол» деген әгімесін оқыған шығарсыздар. Ондағы өзін-өзі қылқындырып өлтірген қыз осы, бір кезде біреу ойлаған ойға байқамай жанасып қойған, елеусіз болса да сол ойды қабылдаған адам» деп еді.
Иранбек Оразбаевтың сахналық драмасында Қорқытты ажал іздеп келеді. Қорқыт қаншама адамға барып «Менің орныма өлші» деп жалынады. Бірақ, ешкім де оның орнына өле алмайды. Себебі, бұл ажал – Қорқытқа ғана келген, одан басқа ешкімнің жанын ала алмайтын, кесімді күні жетпеген, әлі көресі жарығы бар басқа ешбір пендеге соқтыға алмайтын, бір Қорқыттың ғана ажалы. Немесе, Асекеңнің сөзімен айтсақ, «Смерть – адресна». Тағы бір сөзінде ол кісі айтып еді «Смерть – это письмо, которое никогда не потеряется, и которое обезательно достигнет своего адресата» («Ажал – ол ешқашан жоғалмайтын және өзінің іздеген адамын міндетті түрде тауып баратын хат») деген.
Осы ҚазПИ-дегі кездесуден кейін, біз, әдебиетші жастар ағалардың шашбауын көтеріп, улап-шулап Төлеген ақсақалдың үйіне бардық. Бәтима апамыз дастархан жасап күтіп отыр екен. Үлкендер бір бөлмеге әзер сыйып бөлек отырды. Біз бөлек отырмыз.
Біраздан соң Асекең әдетінше, жастар отырған бөлмеге келді. Содан кейін кеш бойы бізбен отырды. Кездесу кезінде туындаған күмәнді ойларымызды айттық. Асекең ыждахатпен тыңдап бәріне жауап берді. Отырған жігіттердің біреуі «Аға, мана сіз, кездесу кезінде, шығарманы текстен тыс талдап үйрену керек дедіңіз. Бұны қалай түсінуге болады? Біздің ұғымымызда шығармада текстен басқа ештеңе де жоқ. Тексте жоқ нәрсені қалай қиялдап елестетуге болады? Осыны түсіндіріп берсеңіз» деді.
– Жақсы сұрақ, – деді Асекең, шылымын тұтатып жатып, – Бірақ, сіздің бұл түсінігіңіз бүгінгі жазуға табынудан қалыптасқан. Сіз дүниеде осы әліпби, осы жазудан басқа жазу бар деп білмейсіз.
Жұрт үндемей қалды.
– Мен сізге айтайын, әріп арқылы ғана емес, мән-мағынаны жеткізудің басқа да біз білетін пәленбай түрі және біз білмейтін, ойымыз түгілі түсімізге кірмейтін пәленбай түрі бар, – деді Асекең сөзін жалғап, – Мысалға, бір қоғам ғана, бір әлеумет қана білетін информация бар дейік. Ол информацияны таңбалайтын өзінің қалыптасқан белгілері бар. Ол белгіні иероглиф, идеограмма деп алыңыз. Ал бұрынғы көне замандарда жазу-сызусыз өмір сүрген қоғамдар болған. Менің ойымша ол қоғамдар тіпті тілсіз өмір сүрген сияқты.
– Қалайша? – деді отырған қонақтардың бірі, – «Языковое мышление» деген бар емес пе? Адам қалай тілсіз ойлайды?
– Білмеймін, – деді Асекең, – Бір-бірін ойша түсінетін адамдар болады. Адамның ойын оқи алатындар болады. Менің ұғымымда бұл жекелеген адамға қонған ерекше бақ емес, керісінше, ойша ұғынысу, ойша сөйлесу, барлық адамдарда болған көне қабілет. Өркениеттің салдарынан көміліп қалған таңғажайып қасиет. Адам жұмақтан қуылғаннан кейін осы қабілеттен ақырындап ажырай бастады. Ақырында сөз арқылы ғана, жазу арқылы ғана түсінісе алатын қоғам қалыптасты. Ал өз басым сөзге, жазуға аяғына дейін сене алмаймын. Себебі, көп жағдайда жазу, немесе сөз ақиқаты ашу үшін емес, керісінше – шындықты жасырудың амалы, құралы болып табылады.
– Мысалы? – деді студент балалардың бірі.
Өзінің қатерлі шекке жетіп қалғанын түсінген Асекең таратып ештеңе айтпады. Ал қазіргі тұрғыдан, қазіргі сөз бостандығы тұрғысынан қарағанда бәрі де айдан анық еді. Ол кеңестік социалистік жүйенің шытынай жарылып, құлауға бет алған кезі. Бірақ, баспасөз, көркем әдебиет, идеологияның барлық құралдары «әлемдегі ең өскелең қоғамды» жырлаудан танбай отырған. Ол заманда бүкіл қоғамды тыңшылық жайлаған, әр топта кем дегенде екі студент жоғарғы жаққа мәлімет жеткізіп тұратын «салпаңқұлақ» болып келуші еді. Кім біледі, Асекең, студенттің сұрағынан секем алып, сол жерде отырған жас балалар бірдеңеге ұрынып қалмасын деп үнсіз қалған шығар. Бірақ, оқиғаның анығы осы еді.
1981 жыл. Көктемнің аяғы еді. Ұлт аспаптар музейінде қызмет етемін. Асекеңе телефон шалып едім, ҚазПИ-ге келіп кет деді. Горький атындағы әдеби институтқа қабылдау жүріп жатыр екен. Асекең емтихан комиссиясының төрағасы. Қазақ тілінен орыс тіліне аударылған бірнеше шығарманы қолыма ұстатып, үлгермей жатырмын, көмектесіп жібер деді. Екеуміз түстен кейін жұмысты бітіріп Панфилов паркіне қарай аяндадық.
– Төлегеннің үйіне барамыз. Зейнолла ағаң сол жерде тосып отыр, – деді Асекең.
Бұл кезде Рамазан әскер қызметінде, ол үйге барудың реті де жоқ еді.
– Қайта Рамазан жоқ кезде барып, әке-шешесінің көңілін аулап тұру керек, – деді Асекең, – Бәтима да, Төлеген де, екеуі де сені жақсы көреді. Неге келмей кетті деп сұрап отырады.
Бұл бір ерекше кеш еді. Барлығы қолқалап маған домбыра тартқызды. Күй шертіп отырып Асекеңе қарап қалдым. Мені оның көзіндегі аяушылық сезімі таңқалдырған. Бұрын да Әүезов музейінің шағын концерт залында өнер көрсеткен кезімде бірнеше рет байқағанмын. Байқағанмын, бірақ, түсінбегенмін. Аяушылық, бауырмалдық, тағы қаншама тілектестік, содан соң… үрей. Үрей мүлдем түсініксіз еді. Соңыра тарасқан кезімізде мені жанына ертіп алып Алматының түнгі көшелерін ұзақ кезген. Сондағы айтқаны әлі есімде.
– Сен тұтас бір күй мектебінің жалғыз өкілісің. Бұл тарапта сенің ағаң да, інің де, ешқандай туысың жоқ. Тек өліп қалған әкең ғана бар. Біздің қолдан тілектес болғаннан басқа не келеді. Сондықтан, саған айтарым. Әлгі, Махамбет атаңның «Қазанат сені сақтадым, Азамат сені сақтадым» дейтіні бар емес пе? Сол сияқты, сен де өзіңді сақтауға міндеттісің. Сен, өзің шәкірт тәрбиелеп шығарғанша – жападан жалғызсың. Саған айтар өсиетім, ешқашан ешкіммен жауласпа. Біреу тілдеп жатса, ол сөзді басыңнан асыра сал. Біреулер қорқақ екен дер. Айта берсін. Сенде бар күй қазынасы ешкімде жоқ. Сен таланттысың. Ал біздің қоғамда талантты болған қатерлі. Сен мені дұрыс түсін. Сақтық пен қорқақтықты шатастырма. Мен енді қанша жасаймын, құдай біледі. Кейін, Асқар ағам осылай деген еді деп айта жүрерсің.
Сол кезде мен «Франкенштейн немесе бүгінгі Прометей» романын оқып қатты әсерленіп едім. Ойымды бөліскенде Асекең, әдетінше сәл ойланып барып сөйлеп кетті.
– Мэри Шеллидің романы ғой. Ол өзі белгілі философ Уильям Годвиннің қызы. Жеті атасынан бері фәлсафа қуалаған данышпан әулет. Барлығы интеллектуал болған. Ғылымның жауапкершілігі мәселесі бізде енді ғана айтыла бастады. Себебі, тықыр таянды. Ал, Мэри Шелли бұл мәселені 19 ғасырдың басында айтып кеткен. Қыздарына дейін осындай ақылды, ол тұқымның қандай болғанын осыдан-ақ шамалай бер. Бірақ, мен бұл романды басқаша түсінем. Виктор Франкенштейн, ұмытпасам швейцар ғалымы ғой деймін, иә. Ол қолдан жасап шығарған жасанды алып адам, қоғамнан, адамдардың арасынан өз орнын таба алмай, ақырында адамзатпен жауласады ғой. Жарты өмірін осы алыпты жаратуға жұмсаған ғалым, қалған өмірін енді өзінің туындысын жоюға жұмсайды емес пе. Бұл роман көп ұзамай символдық мағынаға ие болды. Еуропада, Франкенштейн, бір тетікті тудыруын тудырып алып, ақырында оған өзі ие бола алмаған ғылымның символына айналды. Мынадай бір қызық дерек оқығаным бар. Англияның парламентіндегі мәжіліс кезінде лордтардың біреуі, сол кездегі Үндістандағы көтерілістерді сөз қылып, отарлық жүйе мен құл иеленушілік – Ұлыбритания өзі қолдан жасаған құбыжық, егерде біз отарлардан, құл иеленуден арылмасақ онда Франкенштейннің аяғын құшамыз, Англиядан айрыламыз деген екен. Романның аяғында Виктор Франкенштейн «Мен алғаш рет, Жаратушының өз туындысының алдында жауапкер екенін түсіндім. Қиянаттарын айтып айыптамас бұрын мен оны бақытты етуім керек еді» дейді ғой. Батыстың сыншылары үнемі осы идеяны талдауға тиянақ етеді. Әрине, бұл текстің аясынан шықпайтын мұқият қана талдау. Оқушылық талдау. Ал енді текстен шығып, контекстің биіктеү бір қабатына көтерілсеңіз, романның оқиғасы Библияның бірінші кітабы – Көне Өсиеттен алынғанын бірден байқайсыз. Құдай, Адам Ата мен Хауа Ананы жаратады. Олардан бүкіл адамзат нәсілі тарайды. Бірақ, кейіннен адам баласына ие бола алмаған Жаратушы ақырында топан суын қаптатып бүкіл тіршілікті жояды. Яғни, Мэри Шелли, Библиядағы мәңгі сюжетті кішірейтіп, былайша айтқанда, жерге қондырып барып пайдаланған. Виктор Франкенштейн, ол да демиург, Жаратушы. Осы тұрғыдан маған үнемі бір ой келеді. Менің пікірімше, Адам – Жаратушының ең сәтсіз жобасы.
– Келесі жаратылыста сәтті болатын шығар, – дедім мен.
– Келесі жаратылыс бола ма, болмай ма, оны болжау қиын, – деді Асекең.
– Құдайға сенесіз бе? – деп сұрадым.
– Сенем, деді Асекең, – Бірақ, иконадағы адамтұрпатты құдайға емес. Әлемдік сана ретіндегі Құдайға сенем. Құдай бұл дүниеде емес. Бұл дүние – Құдайда. Құдай өзі жаратқан дүниеден тыс бола алмайды. Ол өзінің барлық құбылысында – Құдай. Мен түн ішінде жауған бал татыған жауыннан Құдайда көрем, соған сенем. Таудан аққан бұлаққа сенем. Сахараны кернеп емін-еркін ескен қоңырсалқын самалға сенем. Ақжүрек адал адамның сөзіне сенем. Осылардан тыс мен үшін Құдай жоқ.
Өнебойым елжіреп біртүрлі болып кеттім. Домбырамен шертілген әлдебір қамрықты күйді тыңдап тұрғандаймын. Асекеңнің даусы алыстан талықсып естілді.
– Білем, адам әлсіз. Осы жүрген ешқайсымыз да мінсізбіз деп айта алмаймыз. Абай атаңның сөзі бар ғой «Ат көтермес мінім бар» деген. Бірақ, бәрібір адамды құрметтей білу керек. Өмірді жақсы көру керек. Егерде өмірден жерісең, онда өмір де сенен жериді.
Кейін дін фәлсафасына қатысты тағы бір әңгімесінде Асекең жоғарыда аталған тақырыпты тағы бір қозғап өткен.
– Ислам – қияметтің діні. Бірақ, дүниеде Құдай ұғымы жоқ, Құдай дегеннің не екенін білмейтін діндер бар. Дзэн буддизмде адам өз тағдырына өзі ие. Құдай да жоқ, періште де жоқ. Адамның өзі ғана бар. Бір қызығы, Батыстың озық ғылымы бүгінде осы дзэннің мистикасына бет бұрып отыр. Батыс ғылымы пайдаланатын «беспричинное творение», яғни «ешқандай себепсіз жаратылыс» деген термин бар. Осы термин барлығын түсіндіреді. Реинкарнация дегенді естуің бар шығар.
– Иә, дүниеге қайта-қайта келу ғой, – дедім.
– Дұрыс айтасың, – деді Асекең, – Бір буддистік тексте «Адамды мына дүниеге қайта-қайта алып келетін нәрсе – ниеттің ағыны» («Поток желаний бесчисленный раз возвращает человека в этот мир») деген сөз бар. Міне, осы бір ауыз сөз бүкіл жаратылыстың сырын түсіндіреді. Себебі, мына дүниені кім жаратты, ол қалай жаралды деп қоймай іздеп, ақыры сол себепті тапқан сәтте, сіз, бар болғаны… басқа бір ғаламға өтесіз. Өтпеуіңіз де мүмкін. Болды.
Кейін мен Станислав Грофтың «Трансперсональная психология» деген кітабын оқып отырып қайран қалдым. Автор психоделикалық тәжірибелер барысында адамның тумай тұрғандағы, анасының жатыры ішіндегі естеліктеріне дейін жетіпті. Бірақ, пендеде ынсап болған ба. Енді автор, ал, бұрын, мына дүниеге Станислав Гроф болып келгеніме дейін, бұрынғы өмірімде мен кім болдым деп, өз тәжірибелерінде жатырдан ары бармақ болғанда бір қап-қара есікке тіреліпті. Ары қарай жол жоқ. Бірақ, аталған кітап Асекең дүниеден өтіп кеткеннен кейін шетелден жеткен. Яғни, жоғарыдағы ойларды Асекең буддистік текстерден қорытып шығарған.
Бірде, тағыда әдеби ортаның жиынында бір ақын ағамыз, сол жерде отырған Тәкен Әлімқұловқа сауал тастады.
– Әй, Тәкен, мен сенің «Ақбозатыңды» оқып шықтым. Сөз саптасың, бәрі жақсы. Қатты ұнады. Тек шығармаңның идеясын түсінбедім. Қазақта қыздың қалыңмалына жылқы беруші еді. Бірақ, о заман да, бұ заман, жылқының жолына қыз бергенді қайдан көрдің? Бұнымен не айтқың келген, сонда?
Тәкен ағамыздың бір қызық әдеті бар еді. Біреудің сұрағына жауап берерде бетінің ұшы бозарып, мұрнын уқалап аз-маз отырып қалатын. Сырын білмейтін адам оны ашуланып отыр деп ойлап қалар еді. Бұл жолы да жүзі сәл қуарып отырып қалды. Содан соң дастарханның қарсы бетінде отырған Асекеңе саусағын шошайтты.
– Оны, мына Асқардан сұраңдар. Идеяны берген осы еді.
Бұл жолы да дастархан басында жастар көп еді. Асекең көзі жасаураңқырап, ойланып отырып қалды. Содан соң баяу сөйлеп кеткен. Бөлмеде сілтідей тыныштық орнады.
– Әрине, бұл Тәкен екеуміздің ашқан жаңалығымыз емес. Әлем әдебиетінен осыған ұқсас талай мысал келтіруге болады. Лермонтовтың «Бэла» деген әңгімесінде, естеріңізде болар, анау жалаңқылыш Казбич деген бар емес пе, соның өзі мініп жүрген атын мақтап айтатын әні бар ғой.
Много красавиц в аулах у нас,
Звезды сияют во мраке их глаз.
Сладко любить их – завидная доля,
Но веселей молодецкая воля.
Золото купит четыре жены,
Конь же лихой не имеет цены.
Он и от вихря в степи не отстанет,
Он не изменит, он не обманет.
Кейіннен Бэланың інісі, сол жүйріктің өтеуіне деп өз әпкесінің қол-аяғын байлап Печоринге әкеп тастайды ғой. Тәкен өз романында бұл мәселені ары қарай тереңдеткен.
Арада тағы біраз уақыт өткенде Асекең аталған тақырыпқа қайта айналып соққан.
– Романның аяғында оққа ұшқан Ақбозаттың басын құшақтап отырып бас кейіпкердің айтатыны бар ғой. «Дүниеден ұлы жүйрік кетті» деп. Мынау метафора, символ деген, біздің сыншыларымызға мәтел болып жұққан сияқты. Нені оқыса да, көздеріне символ елестеп отырады. Осы тамаша шығарманы да символға жатқызды. Ақбозат дүниеден кеткен қазақылықтың, қазақшылықтың символы екен. Ал, мен айтар едім, Ақбозат – жеке кейіпкер болуға лайық күлік. Ол неге міндетті түрде қазақшылықтың символы болуы керек? Бұның бәрі, дүниедегінің барлығын адамға апарып тіреп қоятын, барлығын адаммен өлшейтін антропоцентризмнің әсері емес пе екен? Ақбозат өлді, сонымен бірге жер бетінен тағы бір ұлы нәсіл көшті деп біліңіз. Бір тайпа ел қырылғандай жоқтаңыз.
Асекеңнің бір қызық мінезі бар еді. Бір жақсы әңгімені кейде амалсыз үзіп алып, арада біраз уақыт өткенде сол үзілген тақырыпты қайтадан жаңылмай табатын. Кейбір адамдар, ол қай жерде айтылған нендей әңгіме деп, естеріне түсіре алмай жататын. Кейіннен мен бұның Асекең жүрген шағын ғана ортаға тән дағды екенін байқадым. Зейнолла Серікқалиев, Асекең семейлік Төкен Ибрагимов үшеуі басы қосылғанда бейсауат адам олардың не айтып отырғанын түсінбеуші еді. Жанындағыларды ақымақ қылып, келемеж қылып отырғандай көрінетін. Тыңдап үйрену керек екен. Алғашында әлдебір сөздің басын ғана айтып аяғын жұтып қоятын әдеттеріне, шынымды айтайын, жыным келетін. Мынадай мысал. 1989 жылдың ұмытпасам қысының аяғы еді. Зейнолла ағаның үйіндеміз. Асекең, Төкен аға үшеуі карта ойнап отыр.
– Соғыстың аяқталғаны үшін алып қояйық, – деді Асекең, рюмкелерге коньяктан толтыра құйып.
Алы қойдық.
– 79 жылы мен айтып едім ғой, Қожанасырдың қақпасы деп, – деді Асекең.
– Иә, алғаш айтқан сен едің ғой, – деді Зейнолла аға жымиып.
Үшеуі карта ойнап отыра берді. Үш дуананың ортасына кіріп кеткендей болып мен отырмын. Кейіннен ішіме сыймай, Зейнолла ағаға ренішімді айтып салдым.
– Осы сіздердікі не әдет? Бірнәрсені тамшылатып қана айтасыздар. Жандарыңызда отырған адамдар дым түсінбейді. Бұл не сонда, мазақ қалғандарыңыз ба? – дедім.
Зейнолла аға жымиып күлді.
– Таласжан, ренжіме. Мысалы, бір топ адам бір-бірімен араласа келе осындай тілге көшеді. Әлгі, постмодернизмнің пайғамбарларының біреуі айтты деген сөз бар ғой, «Әннің бәрі баяғыда айтылып және мың рет қайталанып болған» («Все песни спеты и тысячу раз перепеты») деген. Араларындағы сырдың барлығы белгілі адамдар, өздері білетін әңгімені қайталап айтып жатуы шарт емес. Ондай адамдар емеурін арқылы сөйлесе береді. Буддист монахтар бір-бірімен «коан» арқылы сөйлеседі ғой. Кейін сендер де осылай сөйлесіп үйренесіңдер.
– Жарайды, онда өткенде айтылған, Қожанасырдың қақпасы деген не әңгіме, түсіндіріңізші маған, – дедім мен.
Зейнолла аға рахаттанып тұрып күлді.
– Ол былай, – деді содан соң бетіме қарап мейірлене жымиып алып, – Қожанасыр есігінің алдына қоршауы жоқ қақпа қойып қойған ғой. Адамдар қақпаны айналып өтсе, қақпадан кірмейсің бе деп таяқпен ұрып айдап шығады екен. Қоршауың жоқ қой, қалай кірсек те бәрібір емес пе дегендерге, «Әй, қоршаудың бар-жоғында сенің не шаруаң бар. Қақпа не үшін қойылған» деп жауап береді екен. 1979 жылы кеңес әскері Ауғанстанға кіргенде Асқар ағаң осы мысалды келтірген. Біз Ауғанстаннан быт-шыт болып жеңіліп шығамыз деді. Сонда «Қаламгерде» отырған біреу, қалай жеңіледі екенбіз, әлемді тітіренткен Кеңес одағы емеспіз бе деді. Асекең сонда, Қожанасыр бәрібір бізді қақпадан кіруге мәжбүр етеді деді. Ал, анау адам ештеңе түсінбей, иығын қиқаң еткізді де кете берді. Асекеңнің айтқан жұмбағын түсіндіріп берейін саған. Қожекеңнің хикаясын сол оқиғаға өлшесең, онда Асқардың айтып отырғаны мынау: «Ауғанстан қандай әлсіз ел болса да, яғни, қоршауы жоқ, қақпасы ғана бар ел болса да, Кеңес одағы құрметтеп қақпадан кіруі керек еді. Біз халықаралық заңдарды белінен басып, қақпаны айналып өте салдық. Бірақ, ерте ме, кеш пе, бәрібір адамдықтың заңымен санасуға мәжбүр боламыз, яғни, бәрібір Ауғанстан бізді айдап шығады да, қақпадан кіргізеді. Асқардың айтқаны тура келді. Он жылдан кейін жеңіліп шықтық. Міне, Таласжан, сені шамдандырған мылқау әңгіменің сыры осы еді.
Кейіннен, Борхестің «әлемдік кітапхана» жайлы идеясын бойыма сіңіргенде барып, Асекең мен оның етене ортасының түсініксіз мінездерін, таңғажайып сөйлеу мәнерінің сырын пайымдадым. Әлемдік әдебиет уақытта емес – кеңістікте ғана өмір сүреді. Егерде сен сол «әлемдік кітапхананың» адамы болсаң, онда сен үшін уақыт ұғымы жойылады. Кез-келген тақырып – сенің етене тақырыбың, қай заманда қозғалған тақырып болса да. Қай кейіпкер болса да – сенің етене танысың, қай заманда өмір сүргеніне қарамастан. Асекең ешқандай дайындықсыз мүлдем таңсық тақырыпты қозғайтын. Қарсысында отырған адам түсінеді, ақылына өзі қондырып алады деп сенгендіктен болар. Әйтседе, бұндай мәнерде әңгімелесу, әлем әдебиетін біршама меңгерген менің өзім үшін де қиындау еді. Алайда, кейіннен бұл техника маған үлкен пайда келтірді. Қандай да болмасын шығарманың мінезін және не айтпағын алғашқы беттен, немесе кейде тіпті бірнеше сөйлемнен аңғаруды үйрендім. Арада бірнеше жыл өткенде Асекең бір әңгімесінде:
– Абай атаң айтқан ғой, «Шын жүрек – бір жүрек» деп. Адамда, адамдарды сүйетін арнайы бір жүрек, және табиғатты, адамнан басқа тірі жәндікті сүейетін бөлек жүрек болмайды. Өз басым табиғатты сүймейтін адамның басқа адамды сүйе алатынына күмәнім бар, – деп еді.
Сол сәтте мен, бұл бір кезде Тәкен Әлімқұлов қатысқан дастархан басындағы әңгімесінің жалғасы екенін түсіндім. Қолыңмен құс аулап үйренген күні, олжаң аққу емес – шымшық болса да қуана біл. Себебі, танымның жаңа сатысына көтерілдің.
Сексенінші жылдардың басында Төлеген Тоқбергенов ҚазМУ-ң филфагында ұмытпасам, «почасовик» болып әдеби сыннан сабақ беріп жүрді. Бірде кезекті лекцияны жүргізіп беруге Асқар Сүлейменовты шақырды (ол кезде ҚазМУ қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы отырған ғимаратта еді). Естіп алып, барып, студенттермен араласып аудиторияға отырып алдық. Асекеңнің өзіне жарасатын қалжыңы бар еді, арт жақта отырған бізді көріп жымиып күлді де:
– Баяғыда бітіріп кеткен адамдар мұнда неғып жүр? – деді Төлеген ағаға қарап.
Сол кеште Асекең философияның көне бастаулары жайында айтқан бір сөзі есімде қалыпты.
– Қандай философия болмасын, ол ең әуелі – экзистенциалдық философия. Және соңында да ол – экзистенциалдық философия. Егерде, экзистенциалдық болмаса – онда ол ешқандай да философия емес. Мысалға, батыс әлеуметі және кеңес ғылымы пайдаланатын «натурфилософия» деген термин, ол халықтардың, ұлттардың біреуін жоғары, біреуін төмен қою үшін ойлап шығарылған. Натурфилософия, яғни, «натуралдық философия» немесе табиғаттың құбылыстарын енді ғана пайымдай бастаған пәк, ал дәлірек айтқанда жабайы философия деген терминнің тасасынан саясаттың құлағы шошайып көрініп тұр. Ешқандай да натурфилософия жоқ. Тек қана өз заманына лайық экзистенциалдық философия бар.
Асекең аудиторияға бір көз тастап, қыз-жігіті араласа бірнеше орыс студенттерінің отырғанын байқады да сөзін орысша жалғаған.
– Философия, когда бы она ни существовала, и как бы она ни называлась, была, есть и остается экзистенциальной, то есть жизненной. Древний человек, Ветхий Адам, свою пещерную драму переживал так же жизненно, так же страстно, как современный человек переживает свои экзистенциальные проблемы. Поэтому, нет никакой натурфилософии, а есть экзистенциальная философия, которая из века в век меняет только свою форму но не сущность.
Содан соң, қайтадан қазақшаға көшті.
– Көне түріктер өздерінің көне түріктер екенін білген жоқ. Көне скифтер өздерінің көне скифтер екенін білген жоқ. Кейіннен философияның тарихы деген пәннің пайда болатынын білген жоқ. Олар тек өмір сүрді. Жауласқанмен жауласты, достасқанмен достасты. Қанды да төкті, күйді де, сүйді де. Және өздерін Жаратқан Иенің баласымыз деп санады. Соғыс пен жаулықты бір-біріне өш құдайлар мен киелердің, бір-біріне жау негіздердің соғысы деп қарады. Достық пен махаббатты да түрлі киенің жарасым табуы деп қарады. Майданда аяспады, ал достасқанмен құдайдай силасты. Балалар, аталарыңнан қалған қымбат мүліктегі нешетүрлі аюандардың бірін-бірі қаужап, бірімен бірі қаржысып жатқан сүретінен, бедерінен осы аталарыңның өмірлік философиясын танып үйреніңдер. Тарихын дұшпан елдер жазған қазақ үшін ең басты, ең қасиетті дерек – осы.
Артынан кафедрада шағын дастархан жасалды. Мұғалімдермен қатар бірнеше аспирантқа қатысуға рұқсат берілген екен. Кеш бойы ешкім ештеңе деген жоқ. Бүкіл дастархан басындағы атмосферадан мейманға деген шексіз құрмет есіп тұрды. Кеш бойы Асекең ғана сөйледі. Өзінің бұйығылау естілетін қоңыр даусымен отырған жұрттың ақылы мен жүрегін қоса тербеген. Мен жалғыз қайттым. Көкірегімдегі әсерді бұзып алмай сақтағым келгеннен болса керек.
***
Кейінгі жылдары Асекеңде әлдебір қажу пайда болды.
– Адам өмір сүргеннен шаршайды екен, – деді бірде.
Екеуміз «Льдинка» кафесінде отырғанбыз.
– Олай демеңіз, аға, – дедім біртүрлі жайсызданып.
Панфилов көшесінің бойымен ағылған автомобильдерге, тротуармен ары-бері қайшалысқан адамдарға қарап ұзағырақ отырып қалған Асекең кенет мұңая жымиды.
– Қоғамның атында, оның ұстанған бағытында тұрған ештеңе жоқ. Сергей Довлатовтың айтқаны бар ғой, «Советский и антисоветский, это одно и то же» деп. Диссидент болып, Америкаға кетіп, сондағы кеңестік системаға қарсы жұмыс істеп жатқан, бұрын кетіп қалған диссиденттердің сиқын, олардың адамдық келбетін көріп айтқан сөзі ғой. Мәселе, адамның не айтып, не қойғанында емес. Мәселе, сол сөзді айтып отырған адамның кім екендігінде. Жын мен шайтандар да Құдайға сенеді дейді ғой.
– Мен саған бір қызық айтайын, – деді содаң соң қорқорын тұтатып жатып, – Біз кеңес заманында атеистік қоғам болдық дейміз ғой. Ал, қазір дінге қайтадан бет бұрдық дейміз. Ал, мен, осы қазіргі дін ұстаған қоғамнан, сол кеңестік атеистік қоғам Құдайға әлдеқайда жақын болды дер едім. Ол кездегі адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы мен жанашырлығы мына жүрген діншілдердің түсіне де кірмеген. Ал қазір, мешіт салдырады, Құран ұстайды, тәспі тартады. Бірақ, солардың қолын алмақ түгілі жанына отырғың келмейді. Былғанып қаласың.
– Осы келе жатқан «діншіл», «діндар» қоғамды, как ни странно, Садықбек Адамбеков болжап жазып кеткен. «Атылған қыз туралы аңыз» романының тура бірінші бетінде бір молла, Тасбике деген әйелді үшкіріп отырып, бас салып зорламақ болады. Оқып па едің?
– Иә, оқыдым, – дедім мен.
Асекең кенет жадырай күлді.
– Романда сыншылар байқамаған тамаша детальдар бар. Молла үшкіріп отырғанда, ауылдың бір жігіті кіріп, әнеукүнгі арақ қайда дейді ғой, есіңде ме. Сонда молдекең көлденең көзден сасып қалып, «Әлгі тіземе жағып жүрген спиртты айтасың ғой» деп шишаны жігіттің қолына ұстатады. Жігіт, шишадағы спирттің азайып қалғанын көріп, «Сіздің де тізеңіз бір жалмауыз екен» дейді. Екі-ақ ауыз сөз осындай шағын диалог арқылы осынша мағына беру – бұл Гогольдің деңгейіндегі юмор. Ал, ол қалжыңның ар жағында үлкен қасірет жатыр. Бір қолында Құран, бір қолында өтірік пен қиянат – бізге қандай қоғамның төніп келе жатқанын көрсететін қорқынышты эпизод.
Кешке қарай үйіне дейін шығарып салдым. Ауладағы «беседканың» ішіне отырып тағы біраз әңгімелестік.
– Біздің аталарымыз өмір бойы дін ұстаған, қазақтың иманының сақшысы болған. Жаңа заманда ақ жолдан таймай репрессияға ұшырап кеткені қаншама. Түсініксіз бір уақыт келе жатыр. Бір ақынның айтқаны бар ғой, «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» деп. Қазақ сияқты төзімді, ер халықтың дін-иманы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете ме деп қорқам.
Асекең шаршай күрсініп, селқос қоштасып, бұрылып жүре берді. Соңынан көз алмай қарап қалдым. Ол, дүниеден кететін қамрықты көктемге екі-ақ жыл, қасқағым сәт қана қалған еді.