Осы романды оқығанда жүрегімнің түбіндегі талай шер қозғалды. Әр сөзінен, әр сөйлемінен қазақ жанының жарасы, үні, үнсіздігі мен зары естіліп тұрғандай. Бұл – жай ғана шығарма емес, тұтас бір халықтың ішкі әлеміне ашылған есік. Менің психолог ретінде жылдар бойы том-том кітаптан оқып, кабинет ішінде талай жанның сырымен бетпе-бет келіп жүріп түйген тәжірибем – осы романдағы әрбір жолда өріліп жатыр. Теориядағы күрделі ұғымдар, практикадағы жан түршігерлік шындықтар қазақы сөздің құдіретімен көркем де ауыр шындыққа айналған. Оқып қайран қалдым. Қазақта қандай кемеңгер өткен! Қазақ қандай кемеңгер болған! Кілтін тауып, қазақы шекпен жамылған психоанализ әлеміне шым батып кетуге болады. Тұңғиық. Әр сөзін саралай отырып, жүрегім қан жылады. Ащы күлкі де келді. Сүйсіндім. Тебірендім. Кей жерін анализсіз, талдаусыз үнсіз ғана өз жөніне қалдырдым. Тура терапиядағыдай процессті өз ырқына бердім. Әр сөздің түкпірінде жасырынған жара мен сағынышты, үміт пен қорқынышты, үнсіздік пен айқайдың шарпысқан сәттерін сезініп, осы шығарманы талдап көруге бел будым. Бұл да менің адам ретінде, оқыған маман ретінде қазақ жанын емдеуге деген өзіндік үлесім болсын.
Романның басы балалық шақтан, анадан бастау алады. Тура өмір тәрізді. Барлығымыз бала шақтың жемісіміз, бәріміз анадан тудық. Психологияда «перенетальды жады» деген түсінік бар. Яғни сәбидің ана құрсағында жатып-ақ жаны, жады бар. Ол анасының жүрек қағысын, соққан тамырын, иісін, даусын, көңілін, барлығын сезеді, біледі. Дүние есігін ашқан соң ең алғаш іздейтіні де – таныс дауыс, таныс иіс. Автор айтқан бір ғана шын бақытты күні анасының құрсағында не құшағында бір-біріне мейірлене қарап жатқаны ма деймін.
Анаға сәбиді дүниеге әкелу қандай қиын болса, балаға да дүниеге келу сондай күш. Оны «туу траумасы» деп атайды. Бұл ұғымды алғаш жүйелеп енгізген – австриялық психоаналитик Отто Ранк. Ол дүниеге келу сәтін адам өміріндегі алғашқы үлкен жарақат деп санады: сәби азығы айтпай келіп, жылы құшақ сұраусыз беріліп тұрған ұжмақта толғақ атты зілзала орнап, жұмақ мекені ана құрсағынан қуылады. Дүниеге келген сәтте сәби анасынан бөлінеді, ал бұл – адамға ең алғашқы қорқыныш пен күйзеліс әкелетін тәжірибе. Зілзаладан кейін әрине, бағзыдан таныс жүрек қағысын, ана дауысын іздейді. Таба алса сүйініш, жаңа әлемде сенер тірек бар, ендеше тірі қалдым деп ойлайды сәби. Таба алмаса күйініш, онда сәбидің жаны туа сала өлімге бір табан жақын. Жалпы дүниеге келудің, әр күн өмір сүрудің өзі бізді өлімге бір табан жақындатады. Ал ана мен баланы бір-бірінен ажырату, бір-бірі үшін бейсаналы өлтірумен тең. Әйел тоғыз ай көтерген баласын өз көзімен көріп, тірі екеніне көз жеткізгісі келеді. Бала анасының бейсанасындағы бар ақпаратты жазбай таниды, пластинканы оқыған грамофондай өз өмірінде ойнатады. Ана омыраудағы баласынан ажырап қалса, әр сәт көзімен көріп, бар екеніне, ғайып болып кетпегеніне көз жеткізіп отырмаса, психикасы өлдіге санауы мүмкін. Оны бала сезіп, өзінің бар не жоқ екені беймәлім күй кешеді. Сондықтан қазақтың бауырға салу, анадан айырып кенжелікке алу деген дәстүрі эгоистік дәстүр ме деймін. Оны Сабыт ақсақал «өміріңді өксіттім» деп өзі де мойындайды. Бұл роман – автобиографиялық туынды. Мен автор өміріне баға беруден аулақпын. Бұл жерде жеке адамның өмір шындығымен бірге көркем шығарма шындығы қатар жүретіндіктен, бір адамның тарихы деп емес, тұтас ұлттың тарихы, терапиясы деп қабылдаймын. Әжігерейді ауыл балалары орыс мектебінде оқығаны үшін «шоқыншақ» деп мазақ қылады. Орыс мектебінде оқыған талай қазақ бар ғой, бір парасы тілін, ділін ұмытады. Өзегі орысша қаланады. Әжігерейдің кеңестік идеологиямен бой түзеген әке-шеше үйінде емес, шатырлы заманауи үйдің алдына киіз үй тігетін атасының тәрбиесінде өсуі де қазақы болмысына балта шабылмай, сусындап өсуіне сеп болған шығар.
Романдағы қариялардың арақ ішіп отырып шер тарқатуы – топтық терапияға ұқсас көрініс. «Ішсең жеңілдейсің» деген ауылдағы жазылмаған ереже – жалған жұбатудың бір түрі. Арақ бастапқыда анадай уатып, жаны қиналған адамды уақытша жұбатқанымен, артынан оның асылын сорып алады, рухын әлсіретеді. Бұл – Юнг сипаттаған «жұтқыш ана» архетипінің айқын көрінісі. Жұтқыш ана архетипі – баланың дербестігін тұншықтырып, оны өзіне мәңгі тәуелді етіп ұстайтын аналық күштің бейнесі. Бастапқыда кәдімгі ана тәрізді қамқор, қорғаушы болып көрінгенімен, жұтқыш ана уақыт өте келе ол баланың еркін дамуын, өзіндік болмысын қалыптастыруын тежейді. Кеңес үкіметінің ұраны да осыған ұқсас болды: «теңдік береміз, оқытамыз, жарылқаймыз» деген уәде айтылғанымен, шын мәнінде ұлтты тілінен, ділінен, дәстүрінен, тіпті мал-мүлкі мен жақындарынан айырды. Жұтқыш ана – баланың бойындағы күш-қуатты, әлеуетті сорып, оның рухани жетілуін тежейтін бейсаналы күш. Ол баланы жеке тұлға ретінде емес, тек өз жан дүниесінің жалғасы, өз иелігінің бір бөлігі ретінде ғана көреді. Қазір қазақ елі дербес ел болса да базбіреулердің оны Кеңестің шекпенінен шыққан, жалғасы деп көруі осы жұтқыш ананың сипаты әлі де тірі дегенді білдіреді.
Бұл архетип грек мифологиясындағы бірнеше кейіпкермен үндеседі. Ең алдымен Деметра туралы айтуға болады. Деметра – жердің, егін мен құнарлылықтың құдайы. Ол қызы Персефонаны Аид ұрлап әкеткенде, қайғыдан жер бетіне құрғақшылық әкеліп, адамдарды аштыққа ұшыратады. Деметра – қамқор, өмір сыйлаушы ана болғанымен, оның күйзелісі тіршілікті тоқтатып қояды. Бұл – аналық күштің көлеңкелі тұсы: баланы шектен тыс иемдену, оны босатпау – өмірін тоқырауға әкеледі. Бұл қамқор әрі жойқын күштің көрінісін романдағы әйелдер бейнесінен де аңғаруға болады. Қалима, Күлбағила, Гүлшат – әрқайсысы тұрмыстың шеңберінде қалып, өз бойындағы өнерді толық аша алмаған әйелдер. Олардың іс тігуі, ән салуы, домбыра шертуі тек жанама түрде ғана аталып өтеді, бірақ олар Сабыт ақсақалдай жүйріктердің қасына еріп, кеңес құрып, өнер үйренуге, тәжірибе жинауға ұмтылмаған. Әжігерейдей бала күнінен өнерге баулынбаған, керісінше, қазан-ошақ пен бала-шағаның қамы, күйкі тіршілік олардың өмірін тұйықтап тастаған. Олар сырттай «Мен шабанмын, сен жүйрік» деп Әжігерейге жол бергенімен, бейсаналы деңгейде сол жүйріктен өш алғандай. Қалима – баласын әкесіне беріп, аналық байланысын үзеді; Күлбағила – ас-ауқат ұсынып отырып, артынан Әжігерейді соққыға жығады; Гүлшат – ыстық құшағын ашқанымен, кейін кеудесінен итереді. Туған анасы тастап кеткендей… Үш әйелдің де ортақ тағдыры бар: олар тұлға ретінде өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмаған, тіпті одан өздері бас тартқандай көрінеді. Бірақ дәл сол бас тартудың, сол құрбандықтың есесін олар өзгеден, яғни жүйріктен алады. Бір жағынан бұл жерден агрессормен теңесуді көре аламыз. Кеңес заманы кіл жүйрікті қырған заман, одан кейін де елден озып, жүйрік шыққандарды аяқтан шалу, қудалау белең алды. Қазір де кей ата-аналар баласының елден озып, өзгеше ойлағанын қаламайды, керісінше болмысын бөгеп, ел қатарлы өмір сүруін күтеді. Бұл да кеңестік кезеңнен қалған мұра – жүйріктен құтылу, бел жазып шабуына мұрша бермеу, тіпті туған балаң болса да…
Ал сөз бен күй – шынайы ем. Француз психоаналитигі Жак Лаканның енгізген теориясы бойынша Әке аты/сөзі (Name-of-the-Father) – баланың психикасын қалыптастыруда негізгі рөл атқаратын символдық тұлға. Ол нақты әкені ғана емес, қоғамдағы заңды, шектеулерді, тыйымдарды білдіретін функция. Лакан бойынша, адам дамуы үш өлшемде жүреді: қиялдық, символдық және шынайы. Әке аты/сөзі – осы символдық әлемнің басты элементі. Ол балаға мәдениет, тіл, ереже мен заңды үйретеді, анасымен алғашқы байланыстан ажырауға көмектеседі. Бір жағынан ана мен баланы ұрығы арқылы біріктіретін де әке, одан кейін бала ана құрсағында құрсалып қалмасы үшін қоғам мен мәдениетке бейімдеп анадан бөлетін де – әке. Дәл осы функция арқылы бала өзінің даралығын қалыптастырады, ал оның әлсіреуі қоғамдағы дағдарысты да көрсетеді. Қазақтың тілі мен күйі – осы Әке аты/сөзі қызметін атқарып тұрған символдық күштің бірі. Ол бала мен қоғамды анаға тәуелділіктен шығарып, мәдениет пен заңды жеткізеді. Бірақ романда бұл күш әлсіреген: әке сөзі де, күй де бүтін қоғамды емдеуге қауқары жетпейді. Ахметжан ұстаның жалғаспай, жұтылып кеткен өнері – әдетте әкеден балаға жалғасатын темір ұсталығының үзіліп қалуы – қазақтың Лакан түсінігіндегі «Әке атының» жоғалуын еске салады. Оның өмірінің соңында қайыр тілеп өлуі – тек жеке адамның трагедиясы емес, тұтас ұлттың мәдениеті мен дербес болмысының да қайыр сұраған күйге түскенін меңзейді. Кітаптың артқы мұқабасында жазылған «Таласбек Әсемқұлов жұрт аузында биік өре мен бедел иесі ретінде дәріптелгенімен, қалың жұршылыққа онша таныла қоймады…» деген сөзді ескерсек, әлі күнге дейін күші жетпей жатқандай. Біздің ұжымдық сана/бейсана жан жарасын танып, жоғалтқанын мойындауға, азалауға дайын болмағанынан бұл еңбек әлі де болса көпшілікке танылмаған болар деп топшыладым. Негізі классикалық ән-күй, шығарма ұлт жанын емдей алады.
Талтүс – қазақ жанына шипа болар туынды. Романдағы әрбір деталь ұлттың тереңінде қатқан жараны қозғайды. Психологияда трансгенерациялық траума деген ұғым бар. Айтылмаған тарих, беті ашылмаған шындық ұрпақтан ұрпаққа өтіп, қайталана береді. Тоқтатудың амалы – қоғам боп жарасын тану, күңірену, саралау. Ал бізде өкінішке қарай, әлі күнге дейін ел тарихында болған нәубеттердің беті ашылмаған, лайықты баға берілмеген. Мойындамау, ығыстыру ПТСР/ траумадан кейінгі стресстік бұзылысты да өршітуі мүмкін. Мысалы, романдағы Көсегенің пайғамбар тағдыры. Неге бұл деталь нақ біз үшін аса маңызды. Әлем әдебиетінен бала бейнесі арқылы трансгенерациялық трауманы көрсететін шығармалардан да таныс мұңымызды таба аламыз. Дегенмен, біз үшін тап Көсегенің тарихы маңызды. Оның табаны тиген жермен Әжігерейдің де жүруі, боранда адасып, есінен танып барып өмірге қайта оралғандай болуы – ұрпақаралық траума мойындалып, сөз болып, шер болып шыққаннан кейінгі қайта тірілуге ұқсайды. Өлгендер арулап жерленбей, оларға өткен зорлық мойындалмай, біз, тірілер әрқайсымыз өткеннің көмілмеген моласын, кезген елесін арқалап жүре береміз. Әлгі соғыстың басында қынадай қырылған әскерлер бар емес пе, тап сондай жаназасы шығарылмаған, нақақ өлген, қынадай қырылған әскер елесі әрқайсымыздың ішімізде кезіп жүр. Бұл қандай елес десеңіз: ашаршылық, қуғын-сүргін, депортация, соғыста ерлерден топтап айырылу, әйелдердің, қыздардың «қызметші» рөліне зорлықпен түсіп, Андре Грин енгізген «өлі ана синдромының» өршуі, яғни ана физикалық тірі болса да жанымен өлі. Өйткені соғыстан қаны бұзылып келген талай ер көрген зұлматын өткере алмай әйел-баласын қырды. «Ер әйелден бір саты жоғары» деген лозунгты көтергенімен, әйелдің мойнынды отыру арқылы бір саты жоғырылап отырғанын көре алмады. Бала, үй, күйеу, ата-ене, бәрі-бәрі әйелдің мойнында. Әйелдің иығына артылған жүк шектен тыс көп. Қасында серік болып, демеу болуға тиіс жары керісінше теперіш көрсетіп, мойнына отырып алды. Сол ауырлықтан ана жүрегінде балаға мейірім төгер күш қалмады. Ал жаны өлі ананың құрсағынан туған бала өлімге жақын болады. Осы себептерден де қазақ даласы ғасырлар бойы меланхолия мен депрессия мекеніне айналып отыр.
Сабыт ақсақалдың күйеу баласы – «соғыстан қаны бұзылып» қайтқан адам. Өз ошағына келіп сол соғысты әйел-баласына салады. Психикасында өткере алмаған соғысты өз отбасында қайта орнатады. Ал мұндай тарих ел ішінде көп. Терапияма соғыс ардагері келмегенімен, үйдегі жаңғырған соғысты көрген балалары келді. Тыңдаудың өзі тура майданның ортасында жүргендей ауыр, жан түршігерлік…
Сабыт ақсақалдың өзі Сібір көрген, қан ұрттаған адам. Бірақ оны түбегейлі агрессор болудан сақтаған нәрсе күй еді. Көкірегіндегі қатқан шер мен мұңды тарқатқан, жанын қарайтпаған нәрсе – күй. Психоанализ тілімен айтқанда – сублимация. Іштегі ашу-ыза, энергияны шығармашылыққа бұру арқылы өшін домбырадан алды. Әйтпесе жанындағы әйелінің немересіне көрсетпеген қорлығы жоқ… Баланы жасыттың деп Сабыт ақсақал кемпірін атқа сүйретіп өлтіре де жаздайды. Бірақ көзінен ғана емес, бүкіл әлпетінен өштік төгілген кемпірдің де тағдыры қандай ауыр. Он жасында бүтін ауылын қызылдар шауып, әке-шешесінің қан-жоса боп өлгенін өз көзімен көрген. Агрессормен идентификация деген термин бар. Қаршадайынан қызыл әскердің жақындарын аямай қырғанын көрген соң үйіндегі қаршадай баланың өмірін қан-жоса қылады. Өйткені ол бала сол кездегі кішкентай өзі еді. Оны ұру арқылы өзін қайтара жазалай береді. Бәлкім, тірі қалғаны үшін өзін жазалайтын да шығар. Өйткені ол әйел пұшпағы қанап, бала тумаған адам.
Психоанализде өлім мен өмірге құштарлық қатар жүреді. Парадокс мынада: адам түбі өледі, бірақ жер бетінде генін, ұрпағын қалдыру арқылы өмірі жалғасады. Бұл нәрсе хайуанаттар әлемінде айқын көрінеді. Еркегі өз генін қалдыру үшін ұрғашысының бар көңілін аулап, небір өнер, реңкпен елітеді, бәсекеге түседі. Табиғатта хайуанаттың еркегі сұлу, реңкті болатыны да сондықтан дейді Роберт Сапольски. Ұрпақ туа алмаса да, бонус ретінде түр берген. Ал бейсаналы бедеулік өлімге деген құштарлық артып кеткеннен болуы да мүмкін.
Сабыт ақсақал – бай баласы болғаны үшін қуғындалған, Сібірге айдалып, өлім көрген, өлтірген, Қытай аспақшы болғанда ағайыны, сүйген жары, балаларының анасы оққа ұшқан ауыр тағдырлы адам. Сол жақындарымен бірге өліп кетпей, өмірге құштарлығын сақтаған асыл қазынасы күй өнері мен сол өнерді үйрету үшін асырап алған жиені Әжігерей болды. Жақыны қаза тапқан адамның жаны да жартылай өлі болады. Романда баласы өлгенде өлемін деп у ішпекші боп, ел одан уды жасырып, пышақталмақшы болғанда ел пышақ жасырып, аштықтан өлемін деп ішқұса боп жатқанда Тәттімбеттің күйі өмірге қайтарған бай туралы айтылады. Тәттімбеттің анасы да баласы өмірден өткен соң сол баласының күйлері арқылы емделген. Егер жанға шипа іздесеңіз, «Талтүсті» оқыңыз. Психологияның том-том теориясы психологтарға керек. Ал жаныңызды шын емдегіңіз келсе, көркем әдебиеттің құдіретіне үміт артыңыз. Бұл роман тарих шындығын ашық айтқан шығарма. Қазақ тарихын, тілін менсінбейтін, қор санайтын кеңестік кездің салқыны бойыңызда болса, міндетті түрде оқып шығыңыз. Адыраспанмен аластағандай құлан-таза айықтырады. Қазақы жаныңызды тірілтіп, ұжымдық санада келе жатқан жараны емдеу үшін оқыңыз. Бұл романда әр үйдің де шындығы бар. Осы кейіпкерлермен тағдырлас қаншама отбасы бар. Ет жақыныңыздан көрген ашу-ызаның, салқындықтың, қатыгездіктің себебін түсінбей, кешіре алмай жүрген болсаңыз, осы шығарманы оқыңыз. Ата-әжелеріміздің, әке-шешеміздің жанын жайпап өткен нәубеттер оларды бір мысқал болса да түсінуге, кешіруге, заманнан көрмеген жылылықты бала көзбен беруге себеп болар, бәлкім…
Гүлзат ҚАНАТ, Психоанализ бағытындағы практик-психолог, Орталық Азия психоанализ институтының түлегі
Бұл мақала Таласбек сыйлығы 2025 Таласбектану номинациясының қысқа тізімге енген. Автордың рұқсатымен жариялаймыз.