(Өнер – өмір күзетінде: Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы туралы толғау)
Таң атса, кеш батады.
Қазақ мәтелі
Біз – Талғат Ешенұлы, Таласбек үшеуіміз – Абай даңғылына түсіп, атқа шапқандай алқаракөк таксиде ақ шанқан қала ішімен омыраулатып, зымырап келе жатып, Шагабутдинов көшесіне қиылысқанда, аға достың рабайсыз айта салған бір ауыз сөзін, кейін, қаншама жылдар өткенде, қазасы артынан сан мәрте еске алып жүріп, ара-тұра қайғырып қоятынымды тірі жанға тіс жарып айтып көрмеген, көңілімдегі құпия сыр ретінде ұстап, елден жасырып келген едім.
«Уақыт озып, заман ауысады, – деп еді Тәкең кемеңгерім, – әлі-ақ жазуға суисың…» Біз жақсы ойын қылжаққа айналдырып жібердік, күліп жатып көліктен түстік, сол бір жастық шақ, балауса-балғын кездерде көп нәрсені терең түсіне қойған жоқ едік, қызық-думан кешіп, риясыз қуана білдік, сауық-сайран құрамын дегенге той-домалақ табыла салатын, ойын-сауық іздегенге мереке-мейрам кездесе қалатын. Басымыздан дәурен кетпейтіндей, өмір созылып өтпейтіндей, арқа-жарқа қалпымыз айнымайтындай, жайма-шуақ күндеріміз өзгермейтіндей, алғадай көңіліміз асып-тасып тұра беретіндей, күш-қуатымыз сарқылмайтындай көрінді.
Біріміздің жазғанымызды біріміз оқып қуандық. Қалам рухымызға қанат бітірді, жанымызды рахатқа бөледі. Жадымызға тұтқан Ницше сөзін жиі қайталайтынбыз: «Қанмен жаз, сол кезде қанның рух екенін түсінесің». Немесе: «Бағасы бардың құндылығы жоқ».
Қонған бақ, келген атақ, әдеби табыс есім-сойымызды есіктен төрге сүйреді, күтпеген даңқ басымызды шыр айналдырды, қуаныштан есіміз шықты, қайта оқыған сайын қызығушылығымыз артып, тағы қараған сайын шабыттана түстік.
Біз Тәкеңнің бұл жолды бізден бұрын көргенін, әлімсақтан білгенін аңғара алмай қалдық: мас сезім қарсы алдында тұрған, тұманмен бірге ашылып келе жатқан қауіп-қатерді, тас-талқан тағдырларды, пейілі өзгеріп, ниеті бұзылған қоғамды байқамаған еді.
Бақытты кезең – кенет, аяқастынан тірсектен тістеген қақпан тәрізді.
Көп нәрсеге үйрендік. Таласбек қашанда ұмытыла бастаған көне сөздердің кеніші болатын: «сірке жауын» (6-бет), «құба шешен», «ешқандай нәшсіз», «ешқандай әшекейсіз айтылған», «жүрегінде Тәңірінің мөріндей таңбаланып қалған» (267-бет). Бірақ кітап сатылымы төмендеп, көркем әдебиет жанрлары ажар-көркінен айрыла бастаған заман еді. Бір уақыт алапат жырлары ашық стадиондарды жинаған арғымақтай дүлдүл ақындар енді поэзия үйірмесінің азғана мүшелеріндей шағын-шағын топ құрады.
Проза ескі сөрелерде тігінен қаланып, көшкен үйлердің жұртында қалды, совет дәуірінде тиянақты түптелген мұқабалары отқа жанбай, суға батпай, қоқыс сауытқа сыймай кеш қараңғылығында жұртты әбігерге салды.
Кітаптың маңызын, классикалық үлгілердің мазмұнын қайта түсіндіру керек еді. Біздің бір тақырыбымыз – жазушы талайы туралы үнемі әлем әдебиетінен кезек-кезек мысал келтіріп отыратынбыз.
Хорхе Луис Борхес: «Әдебиет әфсанадан басталып, әфсанамен аяқталады». Немесе Федор Достоевскийдің идея-кейіпкерлері туралы тұжырымдамалары, магиялық латынамерикалық проза үлгілері жайлы талас-тартыс… Біз ғаламзат перзенттерінің есімдерін атап, әлем әдебиетін шарлап кететінбіз. Талай ұлы шығармалардың атаулары, сюжеттік желілері, қосқан үлестері әңгіме арасында айтылып, рухани айналымға түсті.
Білімі мені алғашқы күндерден бастап-ақ таң қалдырды. Бір қарағанда, орысша білмейтін, қырда өскен түз баласындай, тіпті жер мойны қашық өңірдің күнге тотыққан қазағындай көрінетін. Інжу-маржан сөзін естіп, енді орысша жазбаларына көз жүгіртсеңіз, қазақша жазатындығына күмән білдіруіңіз де мүмкін. Ол екі тілді қатар меңгерді.
Оның кенішін екі жүз жетпіс беттік «Талтүсті» оқығанда аңдадық. Бұрын бетін ғана көріп жүрген кембағал пенде екенбіз, енді тереңіне құладық, шыңырауына түстік, шынарына қол созып, шыңына шықтық.
«Ер өліп, Ертіс теріс ақты» (133-бет), «Сүре тартыс – күйдің санына тартыс. Күйді ең көп білетін адам жеңеді. Алайда күйшілердің ең биік сыны – түре тартыс. Мұнда күйдің тереңдігі сынға түседі дедік қой» (130-бет).
«Иләпі танысуға келгенде, қыздың жеңгелері, міне мынау біздің күйеу деп сыртынан көрсетіпті. Бетіне жан қаратпаған Бекей, жабықтан сығалап кеш бойы Иләпінің күйін тыңдапты. Содан соң «Он саусағын кесіп алып, өзгесін итке тастайтын-ақ адам екен. Бірақ жігіттің жүйрігі екен. Әкемнің сөзі – сөз. Бердім құлпымды», – дейді» (132-бет).
Қаламы тоқтамаған Тәкең тосын тақырыптарды қамтыды, биіктен көрінді. Мұрат жолында көздегеніне Заратуштра тәрізді шыңнан шыңға қарғып аттап қыдырып жүріп жетті.
Роман модернистік үлгіде жазылған, бірақ сөз қолданысы – дәстүрлі. Сөйлемдері қысқа, оралымдары шағын, бірақ жазысы ескі, сонысымен құнды, ғажап, көркем. Бай тілі әр шығармаға әр беріп, нұрландырып, төгіліп тұр. Үйдің босағасынан озып, төріне жайғасқан, көкірегі аңызға, хикметке толы абыз ақсақалдардың қисындары, әңгіме шертісі, сөз саптасы, әрбірден соң, сөйлеу мәнері көмбеден табылған көне жәдігердей, есіне алса, өзі де, домбырасы да толғанып, шекті қағып-қағып жіберіп, қалың жауған қара жаңбырдай жауап қатып, самсаған қол келе жатқаны елестейді, дүрсілі тау іргесінен күркіреп құлаған асау өзендей жаңғырып естіледі. Ойлы-қырлы шертістің, оқыс дыбыстардың өзіндік бір мақсаты бар.
Шұрайлы тілі, күй табиғаты мен шежіресі, өнерпаздардың қиын тағдыры Сізді оқуға өзі-ақ жетелеп отырады.
«Күйдің жоғалғаны – адамның өлгенімен бірдей» (216-бет). «Әуелінде көсем пернеде жеңгемсүйер сымбатты бір әуен шертіліп тұрып алды» (216-бет). «Даланың үстімен күздің бал еріткендей хош иісті ауасы өзендей ағады» (136-бет). «Сырғалы қыз, сіргелі өгіз бізде де болған» (270-бет). «Төңірек жаздың жауһар нұрына шомылып, бүкіл өңір тіршілік жырына ұйып, тамылжып тұр» (267-бет).
Мен көргенде, Таласбек қырықты еңсеріп қалған еді. Сосын, Талғат Ешенұлы келді. Ер мінезді, ер көңілді, ақеділ Кіші Тәкең бар, бәріміз бір уақытта таныстық, бірден дос болдық, бірге жүрдік.
Біз мәтінге ғашық едік. Көрнекті мақаланы көсемсөздей, көсемсөзді көркем эсседей, эссені жырдай көрдік. Күнделікті тақырыпты кітапқа енетіндей қырып-жондық.
Ықшамдадық. Постмодернизм Қазақстанға Жұмабай Шаштайұлы басқарған газет арқылы келді.
Кейін әдеби бәйгелерді жағаладық. Сайыстардың бірінде ұттық. Жеңімпаз атандық, сөйтіп, жаңа үлгіде роман жазуға тырыстық.
Жыл соңында Тәкең «Талтүсті» жазып бітірді. Өте күрделі роман жазылып шыққан екен. Оқуға – оңай, түсінуге – қиын. Қиындығы – күйдің қыр-сырына толылығы, ескі қазақ өмірінің қалтқысыз бейнеленуі, соңғы ғасырлар тоғысында Алаш басына түскен қиын-қыстау күндердің асқан білгірлікпен, үлкен жанашырлықпен көрсетілуі.
Иләпі, Сәруар, Ахметжан, Сабыт, Шерім, Жұмағұл, Күлбағила, Баймұқан, Қалима, Ғазиз, Гүлшат секілді көркем образ бейнелері әңгіме үстінде, кеш барысында қалыптасады. Бірі көне тарихтан шертіледі, бірі қазіргі кептен сомдалады. Қазақы отырыс, әдет-ғұрып, мол дастархан түн ортасы ауғанша жалғасады.
Бас қаһармандардың тағдыры, тартқан тауқыметі, көрген қорлығы, өнердің иесі мен киесі, негізінен, аумалы-төкпелі заман, көш тоқтап, ірге салған сақара тіршілігі, ақ қашып, қызыл қуған аласапыран дәуір, бәрін жеңіп, қылтанақтап топырақты жарып шыққан өскін тәрізді өр де нәзік өнер туындылары, дарын жанкештілігі…
Бәрі өмірге, жарық дүниеге ұмтылады. Өлімді көп көрсе де өлімге бой алдырмайды һәм бой үйретпейді. Кітапта өмір салтанаты жырланады.
Сюжеттік желі естеліктерден тұрады әрі Әжігерейдің тағдырымен бірге байланысып, өріліп отырады.
Әжігерей – күллі уақиғалар легі, бүкіл аңыз-әфсаналар тізбегі, барлық баян-шежіре ағысының бел омыртқасы. Жай-жапсар, дерек-дәйек оған қарата айтылады, оның көзімен қабылданады әрі бағаланады. Романның қақ ортасында күйшілер тағдыры тұр. Шығарма соңына қарай жиен немересін бағып-қағып отырған Сабыт ақсақалдың оны неліктен бауырына басқаны, туа сала асырап алғаны ашылады: өнер үшін, мол мұра, төгілген күй, құйқылжыған ән-әуен өзімен бірге жер бетінен біржола жоғалып кетпесі үшін…
«Сені анаңның емшегінен айырып бауырыма басқанда, өнерімді ғана ойлап едім. Күн төбеден ауды. Ешкім мені іздеп келмеді. Өнерлі едің ғой деп елеп-ескерген ешкімді көре қойғам жоқ. Ойға қалдым. Жасым болса келді. Шәкірт жоқ. Өнерімді ұстап қалатын бір адам табылмады. «Енді не істеймін?» Жатсам-тұрсам ойлағаным осы қайғы. Ауылдың өнерлі-ау деген балаларын баулып көрдім. Ештеңе шықпады. Міне, сені анаңнан тартқандай қылып алып кеткенде, асылық айтты деме, мені Құдайдың өзі жетелеген сияқты. Білем, өміріңді өксіттім. Кеш мені, қарағым. Мен енді саған ештеңе де айтпаймын. Өзің білесің. Қайтадан анаңмен табысасың ба, әлде… мына адаммен қаласың ба, менің шаңырағымды ұстайсың ба – өз еркің. Орнымды басып қал деп қолқаласам, менің кім болғаным?.. Бірақ қайда жүрсең де өнерімнің қара шаңырағы сенде» (254-бет).
Өнердің ұлы мұраты үшін, қазақ домбырасының болашағына бола атасы нәрестені (Әжігерейді) анасынан ажыратып, тағдырын өнер тағдырына байлайды. Қызы Қалимадан тараған ұрпақ өмірін күйге айырбастайды. Күйдің құны тым қымбат-ақ екен. Кісінің құны. Кітап ақсақалдың қазасымен, баланың ержетуімен аяқталады. Шым-шытырық уақиғалар шытырман болса да, желілер бір жүйеге келтірілген.
Кітапта метафора көп. Қолданысқа сұранып тұрған, көркін асырып тұрған, мәтін мәні шешімін тауып тұрған қанатты сөздер – молшылық.
Атасы немересін жасынан тәрбиелейді: күйге тәрбие ұзақ әрі жүйелі екен, бір мәрте немесе бір қырынан емес, ыждаһатпен, ынтамен, ықыласпен жылдар бойы баптауы керек екен.
«Заманында өзім көрген шеберлердің көбі бұ дүниеде жоқ. Әр кезде хабарын алдым. Біреуі соғыста өлген. Біреуі жасы жетіп өлген. Міне, қаңырап қалған қала сияқтымыз. Ешқашан болмағандаймыз. Ескен желдей кетті бәрі. Ал енді Өксікбай атаңның ізін таба алмадым. Біреулер Үржар жақта дейді, біреулер Ақсуатта дейді. Егерде тірі болса, таба алсаң, ендігі ұстазың сол. Ал енді жастардан бір-ақ адам көрдім. Баяғыда, сен ол кезде ес білмейсің, осы мынау Шұбартау жақтан Жұман деген бір бала сәлем беріп келді. Ойпырай, әлі жиырмаға толмаған, бірақ жас адам да осынша жүйрік болады екен. Екеуміз үш күн бойы ырғастық. Ол баланың өлі-тірісін, қай жерде екенін білмеймін. Тірі болса, ол да сенің ұстазың» (255-бет).
Патша өкіметі, қос революция, азаматтық соғыс, сталиндік қуғын-сүргін, итжеккен, екінші дүниежүзілік соғыс, Қытайдан пана іздеген қазақ көштері, бұл қазақтың көрмегені жоқ екен, қор да, сор да, азап та, мехнат та Алаштың бір басында екен, мұны түсіндіретін, есте сақтайтын, асылын аялайтын, қайраткерін қастерлейтін бір ғана күш бар, ол – өнер күші, күй құдыреті.
Қазақ өткен тарихын ұмытуға тиіс емес. Бейнеттен қорғайтын, қырғыннан сақтайтын күш – өнер, мәдениет, ізгілік.
Өнер – адамның кісілігі һәм насихатшысы. Халықтар мен ұлттардың бойына жақсыны сіңіретін де – өнер. Өнер – өмір күзетінде.
Таласбектің кітабынан тұлпарлар дүрсілі естіледі, жорық-жортуылдар дабысы жетеді, көде шөп жұпары, жусан иісі шығады, көз алдымызға Арқаның түсі, бояуы келеді, Баянауыл, Көкшетау, Қарқаралы. Семей өңірі, Шұбартау, Аякөз елді мекендері, атақты өзен-көлдері елестейді.
Роман сатылап күшейеді, ортасына қарай оқырманын өзіне байлайды, мөлдір суреттер, шынайы атмосфера ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Автормен бірге қуанасыз, автормен бірге жұбанасыз. Кейіпкерлер ағайын-туыстай боп кетеді.
«Кейіннен Әжігерей қысқа мойын домбыраның сырын сұраған.
Ол былай, – Сабыт домбыраны қолына алып ежіктей түсіндірген. – Мойын қысқарғанда пернелер бір-біріне жақындағанын көрдің ғой. Пернелер бір-бірімен мидай араласып, құрдай қатынасады. Мың сөздің ішінде бір сөз – жөн сөз болатыны сияқты, домбырада да мың қисынның ішіндегі біреуі – шын қисын болады. Соны есіңе сақтайсың. Тағы бір қиыста қолыңа тағы бір қисын ілінеді. Оны да моншақ құсатып жіпке тізіп қоясың. Міне, осылай жинай бересің. Осылайша тар жерде табылған қисын жинақталып келіп күй болып шығады» (216-бет)
«Талтүсте» бір құдырет бар. Оқып жатып Таласбекпен тілдескендей боласыз. Өзі сөйлеп, әңгімелеп отырғандай көрінеді. Сөзі тікелей әсер етеді. Таласбек – кітаптарында. Көзім жетті, Таласбек – кітаптарында.
Автордың өзі жазғандай – аруақтар тіріліп келгендей, іргеңізден өтіп бара жатқандай хал кешесіз. Міндетті түрде екі ортадан бір періште ұшып өткендей болады.
Ғұмыр-ғайып. Тылсымына кім жеткен, жұмбағын шешкен жан бар ма?.. Қайран Таласбек, осыншама тарихты, осыншама талантты, осыншама әуенді бір бойына жинаған, әулие көкірегіне сыйдырған жампозым, қазақ барда қазақ өнерінде қаза жоқ.