Қараңғы жерде де
сенің бас ауыртатын
мәселелерің таусылмайды.
Жарыққа ұмтылған, жазықсыз
саяси тұтқындардың рухына
Шағын бөлме. Бір қапталда екі есікті шкаф, қарсыда шағын үстел мен орындық. Ортадағы керуерттің бас жағында тартпалы сөре. Винсенттің ес білгелі көргені осы заттар, ұстағаны да сол. Жеті жасқа толған күні даладан әлдекімдер келіп терезеге қалың қағазды желімдеп жапсырды. Бергі жағына перде ілді. Содан бері он үш жыл өтті, бөлме су қараңғы. Күндіз бе, түн бе, айыру мүмкін емес. Винсент қай заттың қайда орналасқанын анық біледі. Үстелді сипалай жүріп тауып алады да, орындыққа отырып шаруасын күйттейді. Шаруа дегенде тастай қараңғы жерде не жұмыс, ойланады. Ол бұл қараңғылықты тағдыр жазуы деп топшылады.
Терезе қанша бекітулі, қымтаулы десе де, сыртта ойнаған балалардың шуы құлағына талып жетеді. Айқайлаған, шыңғыра қашқан балалардың дауысы Винсенттің қиялына қиял қосып, өзі де далада жүргендей мәз болады.
- Винсент? Есік қағып тұр, — деді анасы.
- Аптаның қай күні еді? – деді Винсент төсектен басын көтеріп.
- Төртінші күн, — дей барып анасы есік ашты. Гүр-гүр еткен дауыс шығады. Сәлден соң есік жақ қайта тына қалды. Әңгіме қайта жалғасты.
- Винсент, саған келіпті.
- Кіре берсін.
Қапсырып қойған бөлме есігі айқара ашылды. Ас бөлме жақтың жарығы қараңғы бөлмеге жетіп, Винсент кіріп келе жатқан еркектің сұлбасын байқады. Ақ көйлек, қара шалбар киген мұртты еркек орындыққа отырып алды.
- Жағдайың қалай?
- Жаман емес!
- Терезе пердесі мен жапсырылған қағаз орнында тұр ма? – деді еркек.
- Білмеймін, терезеге жолған емеспін. Ал сырттағы балалардың шулаған дауысы анық естіледі, — деді Винсент шынын айтып.
- Оларға мән берме, олар да көп ұзамай қараңғы бөлмеге қамалады. Олардың тағдыры солай. Ойнай берсін. Не айтпақ едім, иә, бүгін сенің туған күнің ғой.
- Жиырмаға толдым.
- Тамаша! Винсент, мен салық комитетінен келдім. Сенімен салық туралы сөйлесуге, — деді мұртты.
- Мен ешқандай кәсіппен айналыспаймын мырза, — деп Винсент көрпесін аяқ жаққа лақтырып жіберді.
- Мейлі, мен анаңа төлем қағазын қалдырамын. Төлемді мүлде кешіктіруге болмайды, — деп еркек бір бет қағазға бірнеше рет қол қойды да, екіге бөліп тастады. – Сау бол!
Ертеңіне дәл осы уақытта Винсенттің бөлмесіне жасы алпысқа таяған әйел кірді. Винсенттен терезе пердесі және жапсырылған қалың қағаз туралы сұрады.
- Терезеде жұмысым жоқ, бірақ сырттағы балалардың шуы естіледі. Олар қатты айқайлайды, шыңғырады, кейде өкіріп жылайды, — деді Винсент.
- Оларды жақында қамайды. Қараңғы бөлмеде отырады, сен алаңдаушы болма! Одан да өз шаруамыз жайында сөйлесейік, — деді әйел.
- Жарайды, жалғастыра беріңіз.
- Мен банктен келдім. Винсент, сен жиырмаға толыпсың. Сенің атыңа несие рәсімдеуіміз керек, — деп әйел құжаттар шығара бастады.
- Маған несие не үшін керек? Керегі жоқ, — деп кесіп айтты.
- Бұл міндет! Заңның аты заң! Келіссең де, келіспесең де несие аласың! Қанша аласың?
- Жиырма еуро.
- Болмайды, біздің банк ең кемі екі жүз еуродан қарастырады.
- Иә, екі жүз еуро, ең аза соманы беріңіз — деді Винсент. Бірнеше минутта Винсенттің қолына екі жүз еуро тиді. Ол ақшаны екі есікті шкаф салып қойды.
Қай мезгіл екені, қай күн екені белгісіз. Қараңғы. Винсент дөңбекшіп ұйықтай алмады. Көшеде қиқулаған сирена даусы мен зулаған көліктің шуынан мазасы қашты. Жедел жәрдем, өрт сөндірушілер, полиция бәрі бір мезетте қиқулағандай қала шулап кетті. Винсент ұзақ ойланды. Терезе пердесін түріп, қалың қағазды жыртып көрсе не болады деп өз-өзінен сұрады. Бірақ бойы мұздап, өз ойынан өзі үрейленіп кетті. Пердені түрсең полицейлер үйге жетіп келеді деп анасы күн сайын ескертеді. Иә, полицей келсе, басқа қараңғы бөлмеге қамайды. Үлкендер ылғи солай айтады. Бір мезетте Винсент өзіне тағы бір сұрақ қойды. Бұл бөлме мен полицияның бөлмесінің не айырмашылығы бар? Екеуі де қараңғы емес пе деді. Күбірлей жүріп терезе пердесін қалай түргенін түсінбеді. Әйнекке желімделген қалың қағазды тартқылады. Шетінен ұстап тартып еді, бір ұшы жыртылып кетті. Көзі ойнақшып саңылаудан сыртқа қарап еді, тас түнек. Ол терезе пердесін түсірді де, керуертке жата қалды. Кеудесіндегі жұмыр ет атқақтап ауызына тығылардай болды. Қорқынышын жеңе алмай көрпе астына тығыла бүрсіп жатып алды.
Екі жүз еуроны қайда жұмсаймын деп басын ауыртты. Есіне сап етіп салық түсті. Анасына екі жүз еуроны ұстатты да, салықты төлеп тастаңыз деп өтінді. Анасы үйден шығып кеткенде Винсент терезе пердесін қайта түрді. Түнде жыртқан саңылаудан күн сәулесі түсіп, қараңғылықты тілгілейді. Сәуле Винсеттің көзін ағызып жіберердей болды. Жігіт қолымен күн сәулесін көлегейлей шалқадан түсті.
Сол күннен бастап терезеге жолауды қойды. Саңылаудан кірген сәулені біреу көріп қоя ма деген үрей оны ұйқыдан айырды. Өткір сәуле бір күні пердені тесіп, бөлмені күйдіріп жібереді деп мазасы қашты. Күні бойы көрпені қымтап бүркеніп алады да, түні бойы банктен алған екі жүз еуроны қалай қайтарамын деп бас ауыртады. Винсент уайымнан торығып, әбден жүдеп, көзі шүңірейіп кетті.
Сәуле пердені күйдірмеді, ештеңе өртенбеді, бәрі сол күйі. Винсенттің басына бір ой келді. Бөлмеге анасын шақырып алды.
- Мен екі жүз еуроны қалай қайтару керегін білдім, — деді қуана.
- Ал?
- Шкафты, керуертті және үстел мен орындықты сатайық. Сатып бересіз бе?
- Иә, иә, сатып бере аламын. Күн түспеген бұл жиһаздар жап-жаңа күйінде тұрған шығар. Сен қайда жатасың, қайда отырасың? – деді анасы.
- Жерге жатамын, жерде отырамын.
- Жақсы.
Бірер сағатта анасы жарнама таратты да, көршілерге Винсенттің бөлмесіндегі бар затты сатып жіберді. Бөлмеде тек қана үш тартпалы шағын сөре қалды. Түскен ақшаны Винсент анасына беріп банкке төле деді. Өзі көрпесін қымтай еденге жатты.
Жексенбі күні түс ауа үйге дін қызметкері келді. Тобығына дейін жететін көйлек киген қызметкер Винсетті іздеп келіпті.
- Қайырлы күн, Винсент!
- Қайырлы күн!
- Бұл саған сыйлық, — деп дін қызметкері төрт бұрышты суретті жігіттің қолына ұстатты.
- Алғыс айтамын! Бұл не? – деп Винсент суретке үңілді. Әуелде анық көрінбеді. Көзін уақалай, жақындай түсіп еді, басына тікеннен тәж киген Исаның портретін көрді. Тікен тәжден сорғалаған қан иығын жуады. Көзін аларта көкке қараған Иса жарылқау тілейді.
- Тағы да алғыс айтамын, — деді Винсент суретке қарап болған соң.
- Винсент, бұл құтқарушы. Сені құтқарады. Осы қараңғы жерде онымен сырлас бол, дос бол, — деді дін қызметкері.
- Жақсы, жолыңыз болсын, мен суретті қабырғадағы жалғыз шегеге іліп қоямын.
Винсент айтқандай жасады. Исаның портретін қабырғаға іліп, қарап жатты. Қараңғыда портрет мүлде көрінбейді, десе де Винсент одан көз алмайды. Бірнеше күн өткен соң ол портретті анық көргісі келді. Ол үшін жарық керегін түсінді. Ол пердені түріп, саңылауды кеңейтіп, жабысқан қағаздың бәрін жыртып тастады. Бөлме іші әп-сәтте жап-жарық болды. Винсент көзін қолымен қалқалай ұзақ уақыт еденде жатып қалды. Ол есін жиғанда үш тартпалы сөренің шаңын, бұрыш-бұрыштағы өрмекші торын, иығын қан жуған Исаның бейнесін анық көрді. Басы айнала тәлтіректей тұрды да, сыртқа көз салды. Доп қуалаған балалар, гүрілдей өтіп бара жатқан көлік. Азап та, қайғы да, өлім де жоқ.
Ол балалармен ойнағысы келді. Асықты. Жылдам қимылдай үш тартпалы сөрені көтерді де, терезеге соқты. Әйнек шатынап, шатырлап қирады. Сөре жарып шықты. Винсент қабырғадағы Исаны алды да, терезеден қарғып кетті.
Алақ-жұлақ жан-жаққа қарап аулаға шықты. Ойын алаңындағы балаларға жақындап еді, олар Винсентке бажырая қарады. Әріңкіректе қыздар шегіншектей қашып жоғалды. Винсент балаларға қол көтеріп амандасқандай ишара білдіріп еді, олар бақырып безе жөнелді. Портретті қолтықтап жолға шыққан бетте, бірнеше көлік оны қағып кете жаздап, жолдан шығып әрең бұрылды. Айналада көрінген адамдар да Винсентке маңайламай теріс айналды. Жарыққа басы айналып, мең-зең күйге түсті. Киім сататын дүкеннің жанынан өтіп бара жатып үлкен айнадан өзінің бейнесін көрді. Әуелі қолтығына қыстырған портретті қозғады. Сол сәтте айнадағы бейне өзі екенін түсінді. Шашы жалбырай, сақал-мұрты өсіп кетіпті. Портретке бір қарап, айнаға бір қарап, Исадан аумайтынын көріп таң қалды. Винсент тыр жалаңаш еді. Қарсы келе жатқан жұрт оны көре сала кілт бұрылып кете барды. Көпшілік бір орынға жинала қалып, оған қол шошайта күліп жатты. Айналаның пысылдаған әңгімесі құлағына жетті.
- Ол тыр жалаңаш!
- Құдайым-ау, мына масқараны қараңдар!
Винсент көше қиылысына келгенде қиқулаған полиция көлігі келіп жетті. Қолын қайыра ұстап алды. Бір полицей портретін алса, біреуі Винсентті көлікке бір бүктеп тықты.
Бұл жолы ол өзі ойлағандай торлы терезесі бар бөлмеге қамалды. Тор арасынан жарық түсіп, қараңғылықты қуалайды. Алагеуім жарық оның өрекпіген жүрегін басып, өз-өзіне келді. Қабырғаның кертішіне Исаның портретін іліп қойды.
Ұзын дәліз бойымен полицей айқайлай жүріп өтті.
- Жарыққа қарамаңдар! Қарауға болмайды, — деді ащы дауыс.
Әлихан Жақсылық
#Talasbek2023