Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ
Қондыгердің заңғар тарихынан кеткен қамбар тайпасының есімі жайында көптеген жорамалдар бар. Әлемдік тарихи әдебиетте хаумаварга деген атпен аталатын бұл тайпаның тағдыры немен аяқталғаны өткен мақалаларымызда сөз болған. Түрлі тайпалар мен ұлыстарға тамшы-тамшы болып түскен қалдықтары әлі бар болуы мүмкін дедік. Ендігі сөз, бүгінде этногенез ғылымының көптеген орасан қателерін ашып, шындықтың бет-пердесін сыра бастаған жаңа ғылым, ұлы ғылым генетикада, сол генетиканың құдіретті қаруы – генетикалық анализде. Ал, біздің қолымыздан келетіні – тайпалардың көне жәдігерлерден жеткен ат-есімдерін шама-шарқымызша жору ғана.
Сонымен, хаумаварга – қамбар. Мағынасы не? Әлбетте, бұл жерде «жолы үлкен» парсы мен грек этимологиясына жүгінеміз. (Бұл – шағын мақала, сол себепті Батыс жұртының ғылымындағы қырық мың пайғамбардың әрқайсысына жеке-жеке сәлем беріп жатуға еш мүмкіндік жоқ. Сондықтан, әңгімені қысқа қайырып отырамыз, айып етпессіз).
Парсылардың мәліметтерінде сақтар (қаңлылар) адамды мас қылатын, «хаома» деп аталатын ішімдік дайындайды делінген. Яғни, «хаумаварга» – «хаоманы дайындайтын» немесе «хаоманы ішетін тайпа» дегенді білдіреді. Сақтар (қаңлылар) әуелі сол «хаоманы» ішіп бір кеңес өткізеді. Ертеңіне немесе бірнеше күннен кейін, мас емес, сау кезінде тағы бір кеңес өткізеді. Бұл әдетте патшаның алдында болатын жиын екен. Мағынасы түсініксіз. Әскербасылар лепірген көңілдің лебімен айтып қалған сөзінен ертеңіне тануы мүмкін. Әрбір сардардың ерлігі мен адамдық келбетін сынау үшін патшаның әдейі ұйымдастыратын ішісі ме, әлде басқаша мақсат бар ма, бұл жағын айыру мүмкін емес.
Марқұм Ерік Көкеев, «хаома су» (яғни, «адамды жынды, делі қылатын ішімдік») құбыла келе «қымыз» сөзіне айналған деп жорамалдайды. Молдавандар шараптың бір түрін кейде «гымза», кейде «гымыз» деп атайды.
Ал енді осы «хаома» деген қандай ішімдік? Осы ішімдік қазір бар ма? Бұл ішімдікті тұтынатын халық бар ма? Өз өмірімізден көргенімізді айтайық. Қазақтар, әсіресе Арқаның қазақтары меңдуана қосқан қымызды күні кешеге дейін ішкен. 1960 жылдары, бала кезіміз,ауыл алғаш бие байлағанда үлкендердің меңдуананы қымызға шақтап қосып ішіп отырғанын талай көргеніміз бар. Баяғы Геродоттың кітаптарында және парсының жәдігерлеірнде айтылатын «хаома» осы болуы мүмкін. Әрине, парсыны жаулаған қаңлылар меңдуана емес, жергілікті басқа бір есірткіні қымызға қосуы мүмкін. Әлбетте, бұның бәрі жорамал.
«Хаумаварга» мен «қамбар» – екеуі бір халықтың аты. «Хаумаварга» деп парсылар айтқан, «қамбар» деп қаңлылар айтқан. Және Иран мен Тұран бөлінбей тұрғанда осы екі сөз бірдей қолданыста болған сияқты. Енді «қамбарға» келейік. Серікбол Қондыбай, бір тілдескенімде, бұл, құрама түбір болуы мүмкін деді. Оның айтысында, «қам» – «бақсы», «шаман». Мысалы, бақсының ойыны, кейбір түрік тайпаларында «қамлау» деп аталады. Орыстың «камлание» деген сөзі осыдан шыққан. Ал осы құрамадағы «бар» – «бөрі» болуы мүмкін. Сонда жинақтап келгенде «қамбар» – «қамбөрі», яғни «қасқыр терісін киген бақсы» дегенді білдіруі мүмкін. Бақсының немесе «қамның» жындарды қуатын сиқырлы құралы – «қамшы» («қам-шы»). Демек, қамшы әуелде бақсының құралы болған, содан соң, уақыт өте ғана соғыс қаруына айналған.
Құрметті оқырман, «бос мойын шоқпар», «бос мойын қамшы» дегенді талай естіген шығарсыз. Бұл аталған қарулар кейінгі Қиыр Шығыс халықтарының аты жер жарған «нунчак» деп аталатын қаруының арғы атасы. Әрине, қазір қамшы, әншейін атқа мінгенде қолға ұстайтын шыбық іспетті нәрсе. Алайда, о баста, көне заманда, осы өзіміз жоғарыда айтқандай болған. («Бос мойын қамшының» және бір аты – «сота»).
Ғалым Бақтияр Смановтың жорамалы бойынша «қамбар», түліктің пірі – Қамбардың аты. Ғалымның пікірі бойынша, бұл, қаңлының бір руының тотемі, яғни, айналып келгенде, бәрібір «қаңлы» атауының бір варианты, нұсқасы, синонимы болып шығады. Болашақта үлкен байламдарға жеткізетін тамаша жорамал.
Сөз басында парсының ұлы патшасы Құрыштың тегі осы қамбар руынан екенін айттық. Бұны парсы мәліметтеріне сүйене отырып Мирча Элиаде айтқан. Осы орайда алдымыздан мынадай бір жұмбақ жайт ұшырасады. Құрыштың әкесінің аты Камбиз, шешесінің аты Мандана дедік. Бірақ, бұл… орыс транскрипциясы. Ал парсыша немесе оған сенбесеңіз, ескі мидиялық транскрипция бойынша Мандана осы күйінде дұрыс тұр дейік (бұл есімді де төменіректе сөз етеміз), ал Құрыштың әкесінің аты Камбиз емес – Камбуджия. Ал Камбуджия – Қамбоз болуы әбден мүмкін. Қаңлы тілінен тарайтын түрік тілдерінде «з» мен «ж» дыбыстары алмаса береді. Мысалға, бүгінде түрік ұлтшылдары құрған «Бозғұрт» ұйымының аты о баста «божқұрт» болуы мүмкін. Башқұрт деген ұлттың атауы осылай қалыптасқан сияқты. Олай болса, Құрыш патшаның әкесінің аты «Қамбоз» немесе «Қамбож» болуы мүмкін. Ал, «Қамбоз» жоғарыда айтқанымыздай («Қамбөріні» есіңізге түсіріңіз) «қасқыр терісін киген бақсы» болып шығады. Яғни, «Қамбоз» немесе «Қамбож» – «Қамбар» сөзінің синонимі, рудың екінші аты. Бұдан шығатын қорытынды: Камбиз, парсының ұлы патшасы Құрыштың әкесінің аты емес – руының аты. Демек, әлемдік тарихи ғылым көп пайдаланатын Камбиз антропонимі (адамның есімі, намы) парсыда адам атына айналған қаңлының бір руының аты. Құрыштан кейін таққа отырған пәленбай Камбизді былай қойғанда, естуімізше бүгінгі Иранда да Камбиз есімі әредік болса да ұшырасады екен. Енді осыдан тарихи болжамның тағы бір өнімтал амалы бой көрсетіп тұр: Ахеменид империясы кезінде парсының алтын тағына отырған Камбиз есімді патшалардың барлығы қамбар руынан, себебі, Камбиздің адам аты емес – ру аты екенін жоғарыда айттық.
Енді Құрыштың анасы Мандана патшайымға келейік (оның Мидия патшасы Астиагтың қызы екенін есіңізге түсіріңіз). Біздің ойымызша, «Мандана» антропонимі, Тәңірі дінінен әлдеқайда бұрын жасаған, дәлірек айтқанда, біздің жыл санауымыздан ондаған мың жыл бұрын жасаған Ұмай Ана мен Меңлік Ана дініне барып тіреледі. Осы орайда мынадай бір нәрсені ескертіп өткіміз келеді. Адамның махлұқаттық тарихын толғағанда, біз үшін, бұрынғы кеңестік кезеңдегі ғылыми парадигма қолайлы еді. Себебі, аталған тарихи арна, неміс ғалымы Я.Бахофеннің «Аналық құқық» («Материнское право»), ағылшын ғалымы Л.Морганның «Көне қоғам» («Древнее общество. От дикости через варварство к цивилизации») және Ф.Энгельстің «Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің пайда болуы» («Возникновение семьи, частной собственности и государства») атты үш ұлы кітапқа сүйенетін. Фридрих Энгельс алдыңғы екі ғалымның кітабын толықтай конспектілеп, тамаша қорытып шыққан. Айдан анық жазылған осы ұлы үш кітап қазақ ғылымын ақырсоңында әлемдік деңгейге жеткізер еді. Алайда, Кеңестік жүйе құлады. Марксизмнің іргетасы, тұғыры – Фридрих Энгельстің аталмыш кітабы тәрк етілді. ТМД кеңістігіндегі ғылыми парадигма бір-ақ күнде өзгерді. Осылайша біз Батыс ғылымымен бетпе-бет келдік. Ал Батыстың ғылымы адамзат тарихында матриархат кезеңінің, бізше айтқанда «Ана еркі заманының» (осман түріктерінің аудармасы) болғанын ешқашан мойындамайды. Осының салдарынан біздің махлұқаттық тарихымыздың (видовая, биологическая история), нәсілдік тарихымыздың (расовая история) және осы арналардан қалыптасқан ұлттық тарихымыздың тұтас бір дәуірі түсіп қалайын деп тұр. Ольга Фрейденберг, неге екені белгісіз, матриархат тек отырықшы қоғамдарға ғана тән формация деген пікір айтады. Әлемдік даңққа жеткен үлкен ғалымның осындай жансақтыққа ұрынуы, таңғажайып, түсініксіз нәрсе. Олай болса, қаңлы әулетінің діні – Ұмай Ана мен Меңлік Ананың дінін былай қойып қойыңыз, беріде болған Тұмар менен Зарина сияқты әйел патшаларды қайда қоясыз? Ольга Фрейденберг ұлы ғалым. Басымызды иеміз, бірақ жаңсақ пікіріне келіспейміз.
Тәңірі дінінен бұрын, Ананы ардақтап әспеттеген Ұмай менен Меңлік діні болған. Және Ұмай Ана менен Меңлік Ананы ешкім жаратпаған. Бұлар мәңгі бар, және бола беретін жаратылыстың тылсым күштерінің персонификациясы. Ұмай Ана, атынан көрініп тұрғандай «ума», яғни «ананың абұйыры», «ананың құрсағы» – Жаратушы. Ал, Меңлік Ана («Меңлік» – «Мәңгіліктің» қысқарған, ықшамдалған түрі) – Жоюшы. Грек мифологиясындағы бас құдай Хронос, осы дүниеде не бар, соның барлығын өзі жаратады да сол сәтінде өзі жұтып отырады. «Хронос» – уақыт. Мысалы, уақытты өлшейтін тетік – хронометр (бізше «сағат», орысша «часы»). Хроника – кез келген құбылыстың уақыт аңғарындағы тарихы. Гректің пайымында Хронос Құдай, яғни уақыт, барлығын өзі жаратады және барлығын өзі жояды.
Алайда, қаңлының (скифтің) мифологиясында Жарату мен Жою екі құдайға бөлініп жүктелген. Мәңгілік Ана – Мәңгі дүние – Бақи – О дүние. Қысқарып, фонетикалық транскрипция заңдылықтарына бағына келе, ең алдымен «Мәңгілік Ана», одан соң, «Мәңлік Ана», одан соң «Меңлік Ана» болып қалыптасқан. Енді, бұл құбылыс бір орнында тұрмай, ары қарай жалғасады. «Меңлік Ана» – «Меңлі Ана»-ға, одан барып «Меңді Ана»-ға, одан барып «Меңдана»-ға ауысады. («Қоңлыгердің» – «Қондыгерге» айналғаны сияқты). «Меңдана», күндердің күнінде, «ң» дыбысы жоқ парсы тілінде «Мендана» болып артынша «Мандана» деген есімге айналады. Демек, парсының ұлы патшасы Құрыштың анасы Мандана – парсы транскрипциясындағы Меңлік Ана! Немесе жинақтап келгенде парсының шовинистік тарихы жасырып-жауып келген тарихи шындық: Құрыш патшаның әулеті – қаңлы, руы – қамбар, ал табынатын құдайы – Меңлік Ана.
«Алматы ақшам» газеті