Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ
Қатыгез қариялар
Гректің көне әдебиетінен алынған сюжет. Бұл, парсының батысқа жасаған жаугершілігінен бұрын болса керек. Гректің ұсақ қала-мемлекеттерінің ішіндегі ең жауынгері Спарта екен. Әйелдері көрікті, еркектері жаужүрек болыпты. Спартандық балалар жас кезінен ыстық-суыққа төзімді, әскери өмірге төселген ержүрек болып өседі екен. Спарта жауынгерінің қажыры мен қайраты, жараға қабақ шытпайтындығы, өлімнен тайсалмайтындығы және аз сөйлейтіндігі грек еліне аңыз болып жайылған.
Спартадағы Лаконика уәлаятының аты осы қысқа-нұсқа аз сөйлеудің символына айналған. Орыс тіліндегі «лаконичность» сөзі, яғни «нақты сөйлеу», «қысқа-нұсқа сөйлеу» деген анықтама осыдан қалған.
Мысалы, парсының бір шахиншахы жер қайысқан әскермен келіп, Спартаның патшасына «елі мен жерін ұрыс-соғыссыз берсін» деп сәлем айтып елші жібереді. «Келсін де алсын» деп жауап беріпті сонда Спартаның патшасы. Бір-ақ сөз. Көпсөзді дипломатияның қағидаларына мүлдем кереғар нәрсе. Тағы бір мысал. Фермопилдегі әйгілі шайқас кезінде парсының патшасы Ксеркс өзінің Гидарн деген елшісін азғантай әскермен тұрған Леонид патшаға жібереді. «Менің әміршім сендерге тізе бүксін дейді. Әскеріміздің көптігі сондай, біздің садағымыздың жебесінен күн тұтылады, аспаның қараңғы болады» дейді Гидарн. Сонда Леонид патша «Ештеңе етпес. Біз көлеңкеде де соғыса береміз» деп жауап береді.
Міне, осы жүріп өткен жолы, адамзат тарихындағы ерліктің ең үлкен үлгісі болып саналатын Спартаның аса қатыгез бір заңы болыпты. Жас босанған спартандық әйел нәрестесін, елді басқарып отырған архонт – қариялардың кеңесіне алып барады екен. Архонт, әдетте, бүкіл өмірін ұрыс-соғыста өткізген, енді ел ісіне ден қойған қарт жауынгерден сайланады. Алдарына әкелінген баланың он екі мүшесі бүтін болса, келбетті болса – онда жарағаны. Ондай бала аман қалдырылады, сол кезден бастап анасынан айырылады, тәлімгерлердің қолына табысталады, жауынгерлік тәрбие басталады. Ал егер баланың тәнінен бір кемістік табылса, онда ең үлкен бақытсыздық сол екен. Аяусыз архонт кеңесі нәрестені өлімге бұйырып, сол күйінде биік құздан лақтырады екен. Көне фәлсафа адамның тәні мен жанын бөліп қарамаған. Яғни, тәні қораштың жаны мен рухы да қораш. Міне, архонт кеңесінің қатыгез шешімі осы қарапайым қағидаға негізделеді.
Күндердің күнінде спартандық бір әйел айы-күні жетіп ұл туады. Алайда, бала кеміс екен. Архонттар баланы сөзге келмей құздан лақтыртады. Түн ішінде сорлы ана құздың түбінде мылжа-мылжа болып жатқан қол басындай нәрестесін тауып алыпты. Нәресте тірі екен. Әйел баласын алып, сол елден біржола кетеді. Уақыт өтеді. Шешесі баласына Эфиальт деп ат қояды. Грекияның шет жағындағы қалың орман өскен тауды сағалап, түрлі шөптің тамырын, жеміс-жидекті қорек қылып, ана мен бала осылай күнін көріп жүре беріпті. Өзі кеміс туған, оның үстіне құздан құлап, сүйегінің барлығы сынған, онысы дұрыс бітпеген Эфиальт адам қарай алмайтын қораш болып өсіпті. Мойны бұралған, өзі бүкір, қол-аяғы қисық, бойы бір қарыс – адамның жаманы екен. Алайда, анасы үшін бұдан өткен аяулы жан жоқ. Эфиальт ес білгеннен соң, шеше, мен неге осындай болдым, басқалар неге менен зор, әдемі, көрген жұрт мені бірден мазақтай бастайды, ит қосып қуып әбден қорлайды, бүйткенше көз көрмейтін, құлақ естімейтін бір жаққа кетіп қалайық дейді. Шешесі жылап отырып болған жайды баян етеді. Осылайша бозбала Эфиальттың жүрегіне қан қатады.
Күндердің күнінде ел шетіне жау келеді. Парсының қара құртша қаптаған әскеріне қарсы үш жүз спартандық аттанады, Грекияға қарай өтетін жалғыз ғана жол – Фермопил деген тар шатқалда тас тығын болып тұрады. Бірнеше күн соғыс болған екен. Парсының әскері Леонид бастаған азғантай гректі жеңе алмапты, Фермопилден өте алмапты. Амалы таусылған Ксеркс, маңайдағы таулардың арасында жол жоқ па екен деп шолғын шығарады. Шолғыншылар қалың жыныс орманның ішін аралап келе жатып, ағаштан қиып жасаған кішкентай үйшікте тығылып отырған екі адамды табады. Бұлар Эфиальт пен оның анасы еді. Шолғыншылар, соғыс басталғанын естіп, бас сауғалап, онсыз да үрпиіп отырған екі бейбақты тергейді, Фермопилді айналып өтетін жол бар ма, деп сұрайды. Бар депжауап береді екеуі. Парсылар Эфиальтты жандарына ертіп алады. Ертесіне парсының қалың әскері Эфиальт көрсеткен тау арасындағы құпия жолмен Грекияға өтеді. Әскердің азғантай бөлігі Фермопилді қорғап тұрған спартандықтардың ту сыртынан келіп, екі жақтан қыспаққа алып қырып салады. Содан соң Ксеркс аз уақыттың ішінде, бытырап бөлек-бөлек болып отырған уәлаяттардың барлығын күйретіп, ақырында бүкіл Грекияға үстемдік орнатады.
Бірде Ксеркстің сарайында болған үлкен думанға, бағынышты уәлаяттардың бір топ адамын алып келіп, дастарханның ең төменгі жағына отырғызады. Гректер парсылармен қатар, құрметті орында отырған Эфиальтті көріп, оның грек екенін шырамытады. Аздан соң Ксеркс парсының әскеріне жол көрсетіп, жеңіске жетуге себепкер болған Эфиальтті ұлықтайды, соның саулығына деп қолындағы шарап толы көзесін көтереді. Парсылардың барлығы ішіп салады. Гректер шарапқа қол тигізбейді. Неге ішпейсіңдер деп сұрайды Ксеркс. Гректерді бастап келген көсем, сен, Отанының мүддесін сатқан парсы үшін, соның саулығына деп шарап ішер ме едің деп сұрайды Ксеркстен. Парсының патшасы сөз таба алмай тосылып қалады. Сондықтан біз де Отанын сатқан грек үшін, соның саулығы үшін шарап іше алмаймыз, осы қазір басымызды шауып тастасаң да дейді көсем. Сарай ішінде сілтідей тыныштық орнайды. Көп адам, осы жерге келгенде гректің көсемі басқыншы Ксерксті де, сатқын Эфиальтті де жер қылып жеңді деп ойлайды.
Әрине, олай емес. Гректің көсемі сөйлеп болып, аз-маз үнсіздік орнағаннан кейін Эфиальт сөз алыпты. Айтыңдаршы, менде Отан болып па еді, депті гректерге қаратып. Дүниеге жаңа келдім. Есім кірмеген. Түк те білмеймін. Тағдырым сендердің қолдарыңда еді. Сендер не істедіңдер? Ит-құсқа жем болсын деп биік құздан лақтырдыңдар. Құдай сақтады, аман қалдым. Бірақ сүйек-сүйегімнің барлығы сынды. Міне, адам көруге жиіркенетіндей кембағал, қораш болып өстім. Адамдардан, сендерден, гректер, бір жылы сөз естімедім. Әйтеуір анамның аялы алақаны демдеді мені. Отан дейсіңдер. Гректің бір азаматы қолын артып мені дос қылып па, бауыр қылып па? Гректің қыздары маған махаббатын сыйлап па? Гректің топырағы маған миуасын иіп беріп пе? Сендер қай Отанды айтып отырсыңдар депті Эфиальт.
Гректің бүкіл философы осы жерге келсе де Эфиальтты жеңе алмас еді, гректің Отанын ақтап шыға алмас еді деп қорытады бұл хикаяны көне заманның жазушысы.
Аңыздың тағы бір нұсқасында құздың түбінде жатқан нәрестені алуға келген әйел өлексе жейтін қасқырмен алысады, қанға батады, бірақ жеңеді. Бұндай аңыз нұсқалары грек фольклорында көптеп кездеседі. Бірақ барлық нұсқалардың айтатын ойы біреу. Барлығы «Қылмысқа бастаған – қоғам. Эфиальттікі дұрыс» деп түйіндейді.
Құрметті оқырман, дұрыс түсініңіз. Бұл жерде грек ойы сатқындықты ақтап отырған жоқ. Аталған әфсаналардың өзегінде бір ғана проблема – адам құқығы проблемасы ғана тұр. Батыс әлеуметі қандай ауыр тарихтан, қанша рухани дағдарыс-күйзелістен өтсе де, грек-эллин өркениетінің қойнауында жаратылған, адамзатты, қоғамды жарыққа, дамуға, иманды өмірге бастайтын, «адамдық құқық» деген жалғыз ауыз сөзбен анықталатын осы қасиетті ұғымнан айнымаған.
Қондыгерде солай болған…
90-жылдардың аяғында мен «Хабар» агенттігінің дубляж бөлімінде аудармашы болып қызмет істедім. Аударатынымыз латынамерикандық «көбік опералар». Бірде дубляж бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Өнербаев мені шақырып алды да, Таласбек, мына жерде бір американдық ғылыми-көпшілік фильм жатыр. Ешкім аударғысы келмейді. Бірнеше айдан бері жоспарда тұр. Достық көмегің болсын, сен аударып берші деді. Недәуір көлемді фильм екен. Үйге келіп әуелі оқуға отырдым.
Мен Нұрлан Өнербаевтың осы өтініші үшін әлі күнге дейін ризамын. Бұл фильмді мен аудармасам, басқа біреу аударар еді, елеусіз бір уақытқа қойылып, көрсетіліп, ертеңіне ұмытылар еді. Ең бастысы, мен бұл тексті оқымаған күйімде қалар едім. Фильмді түсіргендер өз еркінен тыс біздің бабаларымызға, көне қоңдыгер-қаңлы қоғамына мадақ жыр айтқан. Американдық ғалым әйел Қазақстанның шығыс өңірінде (шамасы, Алтай, я Тарбағатай маңайы) қазба жұмысын жүргізген. Скифтің (қаңлының) әдепкі заттары, қару-жарағы және басқа артефакттар табылған. Содан соң 18-19 жасқа келіп өлген ер адамның қаңқасы табылыпты. Америкаға апарып анализ жасағанда ол адамның туабітті сүйек ауруына ұшырағандығы анықталыпты. Өзіңіз қараңыз. Туғаннан сал. Қозғалмайды. Тек тамақ ішеді. Көшкенде арбамен алып жүреді. Яғни, ештеңе өндірмейтін, қоғамға ешқандай пайда келтірмейтін масыл. Соған қарамастан адамдар оны 18-19 жасқа келгенше бағып-қаққан. Ақырында сіреспе болып қозғалмай жатқан бейбақ өз ажалымен өлген.
Бұл – скиф қоғамының биік гуманизмін көрсететін, көшпелі өркениетте адамның, адам өмірінің басты құндылық болғанын көрсететін факт деп қорытады американдық ғалым.
Фильмді аударып режиссерге өткізгеннен кейін, көпке дейін тебіреніп, ұйықтай алмай жүрдім. Еріксіз Эфиальт есіме түсті. Көзіңізге елестетіңіз. Дүниеге жаңа келген нәресте. Ананың құрсағы ұжмақ болса, сол ұжмақтан мына қатыгез дүниеге шыққан кішкентай адамның жүрегін тоқтатып, еркелеткен, аялап-аймалаған абзал болар. Ал құздан құлап, өнебойының барлығы сынған, өлі мен тірінің арасында жатқан Эфиальттың көргені – өлеусіреген айдың жарығында, қасқырмен шайнасып, өзі де қасқырдың кебіне түскен, өліспей беріспеуге бел буған бір адам. Оның адам екенін, ол адамның өз анасы екенін, жалпы адам дегеннің не екенін ол әлі білмейді. Сондай-ақ қасқырдың қасқыр екенін, яғни өзін жеуге келген жыртқыш екенін де білмейді. Әйтеуір қанға батқан екі жандықты көріп жатыр.
Осыдан кейін грек қоғамы ондай адамға «сен Отаныңды сатқан опасызсың» деп қалай айта алады?
Ал қондыгерлердің (скифтердің) әлеуметтік құрылымы, елдік салттары мүлдем басқа болған. Әрине, тарихта, адам құқығын құрбандыққа шалған абсолютистік монархиялар, тоталитарлық мемлекеттер, аяушылықты, адамшылықты білмейтін халықтар жеңді. Алайда, ертеректе барлығы басқашалау болған. Сол келмеске кеткен, әлемнің жеті кереметінен де керемет – қондыгер әулетінің адам тәрбиелеу дағдысы еді. Гректердегідей дүниеге келген ұрпақтың он екі мүшесін тексеру, жақсысын қалдыру, нашарды өлтіру деген сияқты сұмдықтар қондыгер әулетіне мүлдем жат нәрселер. Адамның дүниеге келуінің өзі керемет. Бұл дүниеге келген жан иесі өзінің тағдырын толықтай түгесуі керек. Қазақтың баланы үкідей қылып әлпештеп өсіруі осы қасиетті қондыгер бабаларынан қалған салт. Емшектен айырғаннан кейін әдетте ата мен әженің қолына көшкен баланы ешкім бетінен қақпайды. Ақырсоңында еркелік өрлікке айналады. Он үшке толған ер бала үйленіп отау иесі болады. Яғни, кейінгі, соңғы замандарға тән, әйел затымен тіл табыса алмау себепті қалыптасатын психологиялық стресстерді, «кембағалылық комплексін», болашақ ел қорғаны – оғлан, білмей өседі. Немесе, қарапайымдап айтатын болсақ, жасанды қоғамның жасанды рухани сырқаттары біздің бабаларымыз үшін мүлдем беймәлім болған.
Мінекей, уызға жарып, ата-ананың, қоршаған ортаның ықылас-пейіліне бөленіп өскен, құшқаны – ару, ер жігіт, ел басына күн туғанда, қысқа ғұмырында қисапсыз қызық кештірген туған жұрты үшін ойланбай жауға аттанады, ғазизлеген жанын береді.
Адам құқықтары декларациясы
Бұл декларацияның толық аты «Адамның және азаматтың құқықтары декларациясы» («Декларация прав человека и гражданина»). Адамның ықтияры мен құқықтарын анықтап белгілейтін бұл декларация Ұлы француз революциясының ең басты құжаты болып саналады. Декларацияның негізіне адамның туғанынан бөлінбес еншісі болып саналатын құқықтары, бостандығы мен теңдігі алынған. Тұлғаның еркіндігі, сөз бостандығы, наным бостандығы және езгіге, теңсіздікке қарсы күрес адамның табиғи құқықтары деп танылған.
1789 жылдың 26 тамызы күні қабылданған бұл декларация әлі күнге дейін Францияның конституциялық құқығының негізі болып саналады.
Алғашында бұл декларация еркектерге ғана қатысты екен. 1946 жылдың 13 қазаны күні Төртінші француз республикасының Конституциясы қабылданғаннан кейін әйелдердің құқығы еркектермен теңесіпті.
Нәтижесінде, Декларация, жыныс айырымынсыз барлық адамдарға ортақ құжат саналатын болған.
Алайда, осы 1789 жылдың 26 тамызы күні қабылданған нұсқасының өзінде Декларация әлемдік құқыққа елеулі ықпал еткен екен. Мысалы Америкадағы құл иеленушілікке қарсы қозғалыс осы Декларацияның жаңғырығы іспетті. Осыдан соң бүкіл Еуропаның біріккен флоты Африканы қоршауға алыпты. Кемелер бірін-бірі көретін жерде, түнде самаладай етіп шам жағып, «Қара Құрлықты» кірпік қақпай күзетеді. Негрлерді тиеп шығып келе жатқан пират кемелерін дереу қамап, команданы капитанымен қосып сөзге келмей дереу дарға асады екен де, тұтқындарды еліне қайтарады екен. Осылайша құл иелену тоқтап, құл сату базары күйретілген. Алайда, бұл ұлы құжаттың ең үлкен пайдасын ғылым көрді. Декларацияда айтылған наным бостандығы мен езгіге, теңсіздікке қарсы күрес құқығы, білімге кең жол ашты. Міне, осы ағытылған арналардың бірі «Психология» деген ұлы ілім болып қалыптасты. Бұған дейін қылмыс абсолюттік құбылыс болып саналатын, сол себепті қылмыскердің уәжі ешқашан есепке алынбайтын. Енді психологиядан «криминалдық психология» деген арнайы тарау, бағыт ашылды. Бірнеше ұрпақ ғалымдар мен дегдарлар талмай еңбек етті. Нәтижесінде қылмыстың қоғаммен біте қайнасқан құбылыс екені танылды. Осының нәтижесі – сот құқығы қалыптасты. Әрине, бұл арнайы мамандар сөз ететін ұланғайыр тақырып. Біз мақаламыздың идеясына ғана лайықтап әңгіме етейік.
Үйелменнің, ошақтың кішкентай мемлекет екені ежелден белгілі ақиқат. Жанұя – мемлекеттің айнасы іспетті. Мемлекет, қоғам осы қисапсыз жанұядан тұратындықтан, оның (мемлекеттің) қандай болмағы осы жанұялардың ішкі ахуалына тікелей байланысты. Қандай да болмасын мемлекеттің, қоғамның қалпын оны құрайтын жанұялардың қалпынан танисың. Сол себепті әлеуметтану ғылымы ең алдымен жанұяның табиғатын зерттейді.
Орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевский өзінің «Ағайынды Карамазовтар», «Қылмыс пен жаза», «Жасөспірім» сияқты романдарында орыс жанұясы дегеннің не екенін ашып көрсеткен. Достоевский романдары түптеп келгенде бірді-екілі жанұя жайында емес. Бұл романдар тұтас орыс қоғамы жайында баян етеді. Мысалға, Дмитрий Карамазов сот үстінде «Әкеңді кім өлтірді? Әлде өзің өлтірдің бе?» деген сұраққа «Жоқ, өлтіргем жоқ. Бірақ реті келгенде өлтіре алар едім» деп жауап береді. Дмитрий ғана емес, Карамазовтардың барлығы, әрқайсысы, әртүрлі кейіптегі ықтимал қылмыскерлер. Ал Карамазовтар әулеті орыс қоғамының типтік жанұясы екенін есіңізге түсірсеңіз, Ресей империясының қандай қоғам екенін жорамалдау қиын емес.
Зигмунд Фрейдтің айтқаны бар, «Мен біреуден бірдеңе үйренсем – Достоевскийден ғана үйрендім» деп. Орыстың ғана емес, әлем әдебиетінің марғасқа өкілі, теңдесі жоқ адамтанушы, жантанушы-психолог Достоевский әсіресе әлемдік криминалистиканың дамуына аса зор ықпал етті. Бұдан соң адамына қарап қоғамын, қоғамына қарап адамын тану, кімнің де болса сөз саптасына, өзін-өзі ұстау мәдениетіне қарап ата-тегін, қандай жанұяда өскенін ажырату психология үшін әдепкі, қалыпты нәрсеге айналды.
Көлденең жолаушының әңгімесі
2011 жылдың күзінде Ақтөбеден Алматыға келе жаттым. Жарты вагон бос екен. Ертеңіне Шымкенттен жиырма шақты адам отырды. Кілең жастар. Ұмытпасам Алматыда өтетін информатика мәселелеріне арналған конференцияға бара жатқан болуы керек. Барлығы компьютерді жоғары деңгейде меңгерген мамандар. Басшысы біздің купеге орналасты. Екі миығы түсіңкі, жүзін ерте әжім торлаған, бірақ көзі өткір, отыздардағы адам екен. Өзін Асанқадыр деп таныстырды. Шымкенттен ұзамай-ақ жұрт біздің купеге жиналды.
– Ренжімеңіздер, – деді Асанқадыр ыңғайсыздана жымиып, – Қазір барлығын қуып жіберем.
Ештеңе етпейді дедік. Кеш бата жұрт тарасты. Барлығымыз ұйқымызды қандырып алған сергекпіз. Менімен бірге Ақтөбеден бір заңгер еркек және бір дәрігер әйел отырған. Аздан соң заңгер ағамыз бір шиша коньяк шығарды.
– Кел, Асанқадыр бауырым, – деген коньякты екі рюмкеге бөліп құйып жатып, – Мына адамдар ішпейді екен. Өзіміз қауымдасып отырайық. Енді атымды айтайын. Тек күлме. Менің атым – Майталман.
– Оның несі күлкі, – деді Асанқадыр жымиып, – Кәдімгі ат.
Екеуі алып қойды. Содан соң әр тақырыптың басын шалған әңгіме басталып, ақырында компьютер, интернет мәселесіне тірелген.
– Осы сен нағыз профессионал компьютершісің ғой? – деді Майталман.
– Қайдағы, – деді Асанқадыр әдетінше жымиып. – Асса, тәжіребелі пайдаланушымын.
– Солай-ақ болсын, сен маған мынаны айтшы, – деді Майталман, Асанқадырға қарай ұмсына отырып, – Осы мына біздің Қазақ интернеті дейміз ғой. Осы интернет басталмай жатып неге ластанып кетті? Неге сонша былапыт? Адамдар осы интернетке кіріп, неге ауыздарына келгенін айтады?
– Сізге айтты ма? – деді Асанқадыр.
– Жоқ, мен интернетке ештеңе жазбаймын, – деді Майталман. – Мен тек оқырманмын. Қазақта бірнеше жақсы сайт бар. Сонда кіріп, жақсы материалдарды оқимын. Ләззат алам. Қазақта да жақсы, ақылды адамдар бар екен ғой деп қуанам.
Асанқадыр төмен қараған күйі үндемеді.
– Интеллектуалдар, – деді Майталман сұқ саусағын шошайтып. – Біз азбыз. Осы аз қазақтан шыққан азғантай интеллектуалдар. Кейбіреуі тіпті әлемдік деңгейдегі білімді адамдар. Кейбір сайттар солардың материалдарын көшіріп басады, «ал, пікір айтыңдар» деп есікті ашып тастайды. Сол кездегі айтылған пікірлерді көрсең…
Майталман рюмкелерді толтыра құйды.
– Сұмдық! – деді содан соң басын шайқап. – Не деген сұмдық! Не деген өштік!
Екеуі қағыстырып алып қойды.
– Өз елінің ақылды адамдарын осынша жеккөруге болады екен, – деді Майталман тағы да басын шайқап.
– Егерде сізге тікелей қатысы болмаса, онда ондай пікірлерді оқымай-ақ қойсаңыз да болады, – деді Асанқадыр жымиып.
Майталман екі қолын жайып, Асанқадырға ажырая қарап отырды да қалды.
– Түсінбедім ғой, бауырым, – деді содан соң маған бір қарап алып.
– Қойыңыздар, – деді дәрігер әйел күліп, – Жанжалдаспаңыздар.
– Жоқ, сен маған түсіндір, – деді Майталман үнсіз отырған Асанқадырға төніп барып. – Бұл не сөз сонда? Сен кімнің жағындасың?
– Ешкімнің жағында емеспін, – деді Асанқадыр.
– Жоқ, түсінбедім, – деді Майталман, – Интернетке жаңағындай «пікірлерді» жазып жүрген сен емессің бе? Мен сенен қорқайын дедім.
Асанқадыр күлді.
– Жоқ, мен емеспін. Мен ондаймен айналыспайтын адаммын. Ренжімеңіз. Мен сізге қайран қалып отырмын, аға. Сіз айтып отырған «пікірлер» – ол интернеттің ең төменгі, құл-құтандар жүретін деңгейі. Сізді біреу сол деңгейге күшпен алып барған жоқ қой. Сіз өз еркіңізбен барып оқыдыңыз ғой, сол пікірлерді? Солай ма?
– Иә, солай, – деді Майталман, – Өзім барып оқыдым.
– Көрдіңіз бе, – деді Асанқадыр әдетінше жымиып, – «Боқты тепсең, аяғың былғанады» деген мақал бар қазақта. Айдалада боқ жатыр. Сіздің жүретін жолыңыздан мүлдем қиыс. Ал сіз ерінбей бұрылып барып сол боқты тебесіз. Содан соң аяғым неге былғанады деп ренжисіз.
Майталман үнсіз қалды.
– Интеллектуалдарға обал болды дегенім ғой, – деді содан соң.
– Интеллектуалдар сол пікірді оқиды дейсіз бе? – деді Асанқадыр. – Әрине, сіздікі дұрыс. Виртуальдік кеңістікті таза сақтаған жақсы. Алайда, бұл бір қазақтың проблемасы ғана емес. Сіз әлемдік сайттарды кезбеген екенсіз. Сұмдықтың көкесі сонда.
– Біздің мына керауыздар, шіркін сол шетелдің сұмдықтарына қашан жетеміз деп аңсайтын шығар, – деді Майталман аяқ астынан көңілденіп. – Шіркін ,тезірек жетсек екен деп армандайтын шығар.
Аз үнсіздік орнады. Содан соң Асанқадыр ойланып отырып сөйлеп кеткен.
– Осыдан біраз бұрын интернетке қатысты бір әлемдік жиында сол интернеттің жаратушыларының бірі Джарон Ланирдің толғанып айтқан сөзі бар. О баста интернеттің негіздері дұрыс болмады деді. Пайдаланушылардың анонимдігі сияқты нәрселерді айтқаны ғой. Соның салдарынан тобырдың пікірі жеке тұлғаның парасатынан жоғары болып шықты. Интернетті жауып, жаңадан жарақтау керек пе деген ұсыныстар бар. Әрине, ол болмайтын нәрсе. Информациялық қоғам интернетсіз өмір сүре алмайды. Сондықтан интернетті жою, ауаны жоюмен бірдей. Интернет жойылмайды. Дені дұрыс адам интернетке өз атымен, келбетімен шығады. Егерде ол адам жігіт болса, дидарын ашып тастап сөйлесуге қорықпайтын адам болса. Фейсбук деген бар. Сол жерде адамдар көбінесе өз атымен шығады, өмірде араласатын адамдармен пікірлеседі. Ал сіздің айтып отырғаныңыз анонимдік интернет. Ол жерде бетпе-бет келіп сөйлесуге жарамайтындар, бұғып жатып ататындар жүреді. Өздері ылыққан ит сияқты үнемі бірге жүреді. Бір жақсы текст шықса соны боққа былғауға ілезде жинала қалады. Көзіңізге елестетіңіз. Айдалада қойшыдан қалған бір тон жатыр. Іші толған бит. Бір адам сол тонды байқамай киіп алды. Сонда неше жылдан бері жүннің шайырын жеп аш жүрген биттер тірі тән, жылы қанды көріп лап қояды. Қазақ интернетінің ең төменгі деңгейі осы биттеген тон сияқты. Оларға жарияланған материалдың жақсы я жаман болғанының керегі жоқ. Материалдың өз басы болса, тілге тиек болса болды. Не жазсаң да биттің ішін босатуға ілік тауып бересің. Әрине, бұлар сіз ойлағандай жазасыз емес. IP-адрес деген нәрсе бар. Яғни, компьютер интернетке қандай жерден келіп қосылды, соны білуге болады. Егер принципке кетсеңіз, сол із бойынша интернетті былғап жүрген қошақанды құйрығынан ұстауға болады. Бес-ақ минуттік шаруа. Бірақ біздің қазақ жеме-жемге келгенде соны іздеп, тауып, соттасуға ерінеді. Қойшы соны деп қолын бір сілтейді. Болды. Ал мен сізге айтайын, тіл тигізгені, қорлағаны үшін деген статья бар. Ұсталған адам, үлкен ақша сомасы айыппұл төлейді.
Жұрт үнсіз қалды. Аздан соң шай келді. Әркім өз сөмкесінен жолға алған азығын шығарды. Дәмдеп отырып шай іштік.
– Әрине, жақсы нәрсе емес, – деді осы уақытқа дейін үнсіз келген дәрігер әйел. – Менің қызым өзіне бір қазақстандық желіде парақша ашып еді. Ертеңіне-ақ нешетүрлі лас ұсыныстарға толып кетті. Жауып тастадық. Осыны істеп жүрген қазақтың жас балалары ғой.
Неліктен осындай болды екен?
– Сіздерге былай дейін, – деді Асанқадыр. – Мен Мәскеу университетін психология пәні бойынша тәмәмдадым.
– Қай жылдары? – деп сұрады Майталман.
– Екі мыңыншы жылдары, – деді Асанқадыр.
– Ең қиын кезде оқыған екенсің, бауырым, – деді Майталман, – Ресейде нағыз шовинизм дәуірлеген кез ғой. Қазір де оңып тұрғаны шамалы ғой.
Асанқадыр болмашы езу тартты.
– Иә, сол кезде оқыдық. Бірақ бізге ешкім көпе-кернеу зорлық істеген жоқ. Тек анда-санда, «осы Совет өкіметінің құлауына сендер себеп болдыңдар ғой» деп айтқаны болмаса. 86 жылдың декабріне меңзегені.
– Өздерінен көрсін, – деді Майталман. – Барлық республикаларда бірінші басшы жергілікті ұлттан болады. Грузияда грузин, Арменияда армян, Өзбекстанда өзбек. Ал Қазақстанда неге міндетті түрде орыс отыруы керек? Қазақ сенгіш, көнгіш халық. Қонаевтан кейін бір қазақты қоя салса сол жастар ың-шыңсыз алаңнан кетіп қалар еді. Бірақ Горбачев деген қасқа принципке кетті ғой. Осы азғантай теңдіктің өзін қазаққа көп көрді. Тізеге салды. Сол анау орыстарың дұрыс айтқан. Қазақтың бір киесі бар. 86-жылы бізге анандай істеді – бес жылдан кейін Совет өкіметі құлап қалды. Ал керек болса. Жарайды, әңгімеңді үзіп жібердім ғой. Сонымен, Мәскеуде оқыдың.
– Иә, – деді Асанқадыр, – Ресейдің кітапханалары керемет. Университеттің өз кітапханасы, Ленин атындағы мемлекеттік кітапхана, толып жатыр. Оқимын, ізденемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Оның үстіне «темір перде» құлағаннан кейін Батыстың озық әдебиеті келген. Ол кезде де, қазір де Мәскеуді «Книжный Вавилон», яғни «Кітаптың Бабылы» деп атайды. Міне, осы кітапқа күп бердік. Әрине, талай қиыншылық болды. Бірақ өкінбеймін. Көкірек көзім ашылды, өрісім кеңейді. Орыстың талай керемет азаматтарымен таныс болып араластым.
Асанқадыр сәл үзіліс жасап сөзін сабақтаған.
– Осы, компьютерлік технологиялардан дәріс беретін бір мәскеулік досым болды. Сол айтып еді, «Интернет это свальный грех» деп. Яғни, «топалаң былық» деген сөз.
– Ол не, «свальный грех» деген? – деді Майталман.
– Ол былай, – деді Асанқадыр. – Бұл, орыстың әлі христиан дініне кірмей, мәжүси, жабайы болып жүрген кезінде болған жайт екен. Көктемде «Иван Купаланың түні» деген болады. Сол түні бүкіл еркек пен ұрғашы атаулы «медовуха» деп аталатын балдан қайнатылған шарапты тойып ішіп, тырдай жалаңаштанып орман ішінде былыққа батады. Ол жерде кімді кім ұстаса да бәрібір. Әкесі қызын, ағасы қарындасын, баласы өз анасын ұстап алуы мүмкін. «Иван Купала түні» болған былықтың барлығы кешіріледі. Міне, қазіргі интернет дегеніңіз осы. Қазақтың балалары ұлттың ең қасиетті ұғымдарын осы интернетте таптап, боққа былғап жатады. Білімді адамдардың төбесінен төмен қарай сорғалатып жатады. «Иван Купала» емей, анасына шапқан емей, әкесін сақалынан сүйреген емей немене?
Майталман күрсініп төмен қарады.
– Иә-ә, – деді содан соң, – Қиын екен. Неден осындай болды екен?
– Рас-өтірігін білмеймін, естуімше осы жазғыштарға біреу ақша төлейді екен, – деді дәрігер әйел, – Кәдімгі жалақы сияқты.
– Рас, – деді Майталман, – Кәдімгі, таңертең қызметке келгендей Интернетке шығады, жылт еткен мәліметке дереу «жауап» береді. Шынында да жалақыда отырған болуы керек.
«Осыған қалай қарайсың» дегендей Асанқадырдың бетіне қараған.
– Мүмкін, – деді Асанқадыр, – Кейбіреулеріне әлдебіреулер ақша төлеуі мүмкін. Әлемде болып жатқан «түрлі-түсті революциялардың» барлығы фейсбук пен твиттер арқылы жасалған. Ондай шытырман жұмысты ешкім де ақысыз-пұлсыз жасамайды. Бірақ ешкімді қолынан ұстап алған жоқпыз. Біздікі тек жорамал ғана.
– Олай болса қазақ Интернетін былғауда не мақсат бар? – деді Майталман, – Бұл кімнің мүддесі?
Асанқадыр сәл күрсініп барып жауап қайтарған.
– Тәжірибелі компьютерші ретінде айтайын, ешкімнің де ешқандай мүддесі жоқ. Бұл әншейін жауды сырттан іздейтін біздің баяғы дағдымыз. Өз басым соларға біреу ақша төлеп, тапсырма береді дегенге сенбеймін. Себебі мынада. Жаңағы сіз айтқан, өз елінде жаудың мүддесін іске асыратын адамдарды орыстар «агенты влияния» деп атайды. Яғни, «ықпал ету агенттері» деген сөз. Бірақ ондай агент болу үшін адамға үлкен білім керек. Ал ондай білім бұлардың түсіне де кірмеген. Бұлар кәдімгі әулекілер. Қарапайым ғана әулекілер. Бұлардың бар қолынан келетіні – тарқылдап күлу. Абай атамыздың бір өлеңі бар ғой, «Елді алып, Еділді алып еліреді, Бір арыз беріп келсе шатып-бұтып» деген. Осылар туралы айтылған. Интернетке шыққан жақсы бір текстті қоршап алып, шатып-бұтып «пікір» айтып, тарқ-тарқ күліп, жау түсіргендей мәз болып қайтады. Әрине, ықпал етуді, билікті әр адам армандайды. Бұлар да, «кем дегенді Қазақстан халқының пікірін билеп-төстеп бағыттап отырсақ» деп армандайды. Алайда ыңыршағы айналған рухани кедейлікте туған кемшін санамен ондай деңгейге жету мүмкін емес.
Майталман қарқылдай күлген.
– Қатырдың, бауырым.
Дәрігер әйелдің де жатып атары бар екен.
– Күлкіңіз мына жігіт айтып отырған адамдардың күлкісіне ұқсап кетті ғой, – деген жымиып.
Бұл жолы барлығымыз қосыла күлдік.
– Бірақ бұларды кіналауға болмайды, – деді кенет Асанқадыр төбеден түскендей қылып.
Майталман қайтадан ажырайып қалған.
– Тағы да түсінбедім ғой, бауырым, – деген одан кейін, не күлерін, не ашуланарын білмей.
– Мен сізге осы уақытқа дейін қатардағы адамның пікірін айттым, – деді Асанқадыр, – Енді маман-психолог ретіндегі пікірімді айтайын. Адамды Құдай жаратады дейді. Толықтай келісемін. Аз-маз түзетуі ғана бар. Адамды шынында да Құдай жаратады. Бірақ, адам қоғамда жаратылады. Яғни, қоғамның бүкіл сұмдығының ортасына келіп түседі. Адам табиғатында мынадай құбылыс бар. Ұмытпасам, телегония деп аталады ғой деймін. Жарайды, мәселе терминде емес, құбылыстың өзінде ғой. Қысқасы былай, қыздың бетін алғаш кім ашса, ол қыздың кейін дүниеге келтірген перзенттерінің барлығының генотипі сол алғашқы еркектікі болып шығады. Сеніңіз, сенбеңіз – ақиқаты осы. Бұл – генетика ғылымының тісі батпай келе жатқан жұмбақ. Қаншама ғалымдар бұл мәселеге өмірін арнаған. Бірақ құпияның тұңғиығына ешкім бойлай алмаған. Өзінің заңды некедегі күйеуінен туған баланың мінез бітімі, пәленбай жыл бұрынғы, алғаш бетін ашқан еркектің мінезінен неліктен айнымай туатындығын әйел де, ғылым да түсіндіріп бере алмайды. Тіпті, ол еркек қыздың бетін ашпауы да мүмкін, ол қыз ақ төсекке бүтін келуі де мүмкін. Алайда о баста шын ғашық болған адамының мінезі әйелдің балаларында қайталанады. Осыған байланысты көптеген жұрттарда мынадай салт қалыптасқан. Қандай да болмасын әулетке келген қалыңдықтың бірінші түні сол елдегі төренікі. Бұл әсіресе Еуропа елдерінде көп тараған. Моңғолдарда қалыңдық бірінші түнін ламаның қойнында өткізеді. Әрине, бізде ондай салт жоқ. Бірақ қазақтың қызына, пәлен адамды ұнатушы болма, түгіленге ғашық болма деп ешкім де тыйым сала алмайды. Дүниеге бұла көзбен қарайтын жас адам кімге болса соған ғашық болуы мүмкін. Махаббатқа мас болған қыз көп жағдайда, ұнатқан адамының, кейбіреулердің есігіне күтуші болуға жарамайтын жаман екенін, адам деп айтудың өзі ұят әлдебір сілімтік екенін, әрине ажырата алмайды. Міне, қыздың бойы алғаш рет осылай бұзылады. Адам тани алмайтын, көзсіз көбелектей жас қыз, сол сәтте, өзінің болашақ ұрпақтарының нәсілі айни бастағанын қайдан білсін. Міне, келер ұрпақтың бітіміне бірінші рет нұқсан келді. Біз бұл жерде қыз баланың, яғни, болашақ ананың атасы мен анасын мінсіз тектілер деп алып отырмыз. Ал егер олар нәсілсіз тұқым болса, онда нұқсанға нұқсан жамалды дей беріңіз. Енді айта кететін тағы бір таңғажайып құбылыс бар. Нәресте құрсақта жатқанда сыртқы дүниені анасының көзімен көреді. Өз бастарыңызда да болған шығар. Өзіңіз көрген бір оқиғаны айтасыз. Қайран қалған анаңыз ол оқиғаның сіз дүниеге келмей тұрып болғанын айтады. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, осы. Ал нәрестенің іште жатып не көретіні белгілі. Әрине, адамдар әдетте оны ұмытып кетеді. Бірақ өз санасымен жұмыс істей алатын адам құрсақта жатып көргенінің барлығын есіне түсіре алады. Әлбетте, ол естеліктердің, мына дүниеге келгеннен кейін көргендерінен пәлендей айырмашылығы жоқ болып шығады. Маскүнем әкенің зорлық-зомбылығы, кіріптар ананың амалсыз ит қорлыққа көнгені, тағысын тағылар, Алапаты қайтқан, тарих сахнасынан, санаттан кетіп құлдыққа түскен елдің еркектері қатын сабағыш болады. Осылайша мемлекетті, елдікті ұстап тұрған алтын діңгек – жанұя күйрейді. Осындай «шаңырақта» дүниеге келген бала не көріп өседі? Сиықсыз, қораш өмір, ақылсыз әке, бейшара ана. Ал анасы моральдік тұрғыдан әлсіз адам болып шықса, Құдай төбеден екі есе ұрды дей бер. Ішіс, төбелес, ойнас. Осының бәрінің куәсі болған баланың санасында дүниеге деген цинизм, немқұрайдылық, бойкүйездік қалыптасады. Көңілі тапталған ол, басқаның асылын таптап үйренеді. Туғаннан былықтан басқа ештеңе көрмеген сол бала, сол былықтың ортасында шынығып, бетсіз болып, дауасыз болып өседі. Ешқашан ештеңеге сенбейтін, дүниеде бақыттың, ізгіліктің, адамдықтың бар екеніне сенбейтін жыртқыш болып өседі. Үйелмен, шаңырақ, жанұя – мемлекеттің шағын моделі. Осы ойрандалған ұядан, ойрандалған кішкентай мемлекеттен шыққан бала дүниеде үлкен мемлекет дегеннің бар екенін ешқашан түсінбейді. Елдік дегеннің не екенін түсінбейді. Интернетте қазақтың рухани мүліктерін, жақсылардың атын боққа былғап жүргендердің біреуін ұстап алып, мына істеп жүргенің ұлттың мүддесіне қайшы дегенді айтып көріңіз, не болар екен. Берісі, «ол не?» деп бетіңе ажырайып қарайды, арысы – әкеңнен, шешеңнен боқтап кетеді. Жорж Сименонның бір повесінде Париждің түбіндегі қалашықта кісі өлімі болады. Комиссар Мегрэ қылмыс болған жерді жақсылап тексеріп Парижге қайтып кетеді. Көп ұзамай жезөкшелер үйінің бірінен мадама телефон шалады, түн ішінде бір алабұртқан клиенттің келгенін айтады. Мегрэ дереу аттанып жезөкшенің қойнында жатқан жас жігітті ұстайды. Жарты сағаттан кейін жігіт кісі өлтіргенін мойындайды. Міне, осы жігіттің досьесінде оның бақсыз, бақытсыз жанұядан шыққандығы айтылған. Әкесі маскүнем, шешесі жеңіл жүріске салынған. Батыстың криминалдық романдарында бұндай сюжеттер көптеп кездеседі.
Түн ортасынан ауған уақыт екен. Білімді, ақылды серігіміздің баяу дауыспен айтқан әңгімесіне көңілімізбен ұйып отыра беріппіз. Алдымен Майталман ес жиды.
– Ой, дейді-ау, – деді қайран қалып.
– Қой, мен шай алып келейін, – деді сосын.
Сонымен түнгі бірдің шамасында қайтадан шай іштік.
– Сондықтан қайталап айтайын, бұларға ренжіп керегі жоқ, – деді Асанқадыр алдыңғы сөзін үстеп, – Кісі өлтіріп қылмыс жасағанша Интернетті былғап жүре берсін. Ішіндегісін шығарып, содан ләззәт алып тыным тапса болды емес пе. Бізге керегі сол ғой.
– Сонда бұларды аяу керек дейсіз ғой? – деді дәрігер әйел.
– Иә, – деді Асанқадыр, – Бұлар бейбақтар. Тағдыр бұларды мытып-мытып тастаған. Аяусыз тағдыр бұларды мыжып-мыжып тастаған. Бұлар мыжылып қалғандар, аяусыз жапырылп қалғандар. Сондықтан бұларды аяу керек. Бір ақынның «Біз жетімдерміз, Бізге жекірмеңіз!» деген өлең жолдары есімде қалыпты. Оның үстіне бұлар бүгінгі қазақ мәдениетінің бір көрінісі, бір бөлігі. Алып тастай алмайсыз. Сондықтан төзесіз. Ал оқу-оқымау, ол өзіңізге байланысты. Оларды оқығыңыз келмесе, сізді ешкім де күштеп оқыттыра алмайды.
Ертеңіне темір жол бұзылғаны себепті пойызымыз Бұрындайдың тұсында бірнеше сағат тұрып қалды. Дәрігер әйел де, заңгер ағамыз да ұзақ тұратынымыз белгілі болғаннан кейін ұялы телефондарымен балаларына хабарласып, машина шақыртып бізбен сол жерден қоштасып кетіп қалды.
Олар кетісімен Асанқадырдың адамдары күпеге толып алды, ноутбуктарын қосып жұмысқа кірісіп кетті. Асанқадыр шылымын тұтатып тамбурға барды. Мен қоса шықтым.
– Мына қыздар мен жігіттеріңіз не істеп жатыр? – деп сұрадым.
– Конференция басталып кетті ғой, – деді Асанқадыр, – Соған қатысып отыр.
– Сіз кеш бойы үндемедіңіз, – деді содан соң, – Интернетпен жұмыс істемейсіз бе? Мамандығыңыз кім? Таныспаппыз.
Аты-жөнімді айттым. Күлді, себебі менің жазғандарыммен және Интернеттегі менің жазғандарыма айтылған пікірлермен жақсы таныс екен.
– Мен кеш бойы сізді жұбатқан екенмін, сізге түсіндірген екенмін, – деді жымиып.
– Рахмет, бірақ мен сол пікірлерді оқымаппын, – дедім мен, – Ниеттес достарым, бауырларым, «сіз туралы мынадай-мынадай нәрселер айтылып жатыр» деп келеді. Күлем де қоям. Не дейін. Мен де оларға оқымай-ақ қойыңдар деймін.
Түстен кейін жол жөнделіп Алматыға келдік. Екінші вокзалдан улап-шулап түскен жастар бірнеше таксиге бөлініп отырды. Асанқадыр қоштасарда визиткасын берді.
– Хабарласып тұрайық, – деді әдетінше жымиып.
Арттарынан ұзақ қарап тұрдым. Ертегідей өмірдің шеті бізге тақап келе жатыр. Бірақ оның да үсті бұлтсыз аспан емес. Өзіне тән ой-шұқыры, қалтарыс-қатері бар. Міне, осы жаңа болмыс, жаңа шындықтың сақшылары, сақтаушылары таксилерінің терезесінен қол бұлғап кетіп бара жатыр. Басқа өлкеде, басқа қалада туып-өскен. Мүлдем бейтаныс бірақ менімен мүддесі бір адамдар. Болашақ осылардың қолында дедім іштей. Тек абыройдан айырмасын.
«Алматы ақшамы», 2013, 15 тамыз