Күйдің киесінде нәсіл жоқ

Таласбек Әсемқұлов

Озған заманның өнерлілері жайлы айту қашан да қиын. Шежіреден олардың елесі ғана жеткен. Іздейсің, сұрайсың, нобайын ғана ұшырастырасың. Өзің құрметтеген, өнеріне табынған адамыңның тұлғасын толығырақ танығың келеді. Жәдігерді қарайсың. Бастары қосылмайтын үзік-үзік мәліметтер. Ала қағазға, жазуға машықтанбаған елдің несібесі – осы. Өлсек де, тірілсек де, Тәттімбет жайындағы түсінігіміз енді осыдан аспайды. Алайда ең басты дерек –Тәттімбеттің тамылжыған күй өнері бар емес пе? Сезіне білген, түсіне білген адам үшін бұдан артық қандай жәдігер керек? Осыны ойлағанда көңіл барқадар мен сабыр табады.

Заманында Тәттімбет дегенде дір етпейтін жүрек болмаған. Қазақ серілерінің соңы, елінің атына кір келтірмей жүріпті. Туған халқына мәңгі тозбас өнер қалдырыпты. Әлі есімде, бала кезімде қариялар айтып отырушы еді, Тәттімбет он бесінде жақсы атанған деп. Бір тыңдағаннан мәңгі-бақи ғашық қылатын күй иесі және ардагер азамат… Халық жадында Тәттімбеттің осы екі бейнесі сақталыпты.

Тәттімбеттің өнері – жаңа сапаға ауысардың алдындағы қазақ күйінің соңғы гүлдеуі. Сол себепті Жаратқан Ие де оған өнерді аямай-ақ берген. Тәттімбеттің ауылы Қарқаралыда естелік әңгіме көп айтылады. Тәттімбеттің аңшы, зергер, домбыра шабатын шебер, киім тігетін ісмер, сегіз қырлы бір сырлы болғаны айтылады. Әрине, ат өледі, мүлік тозады. Бірақ күйшінің артына тастап кеткен жауһар мұрасы – оның асыл күйлері халық жадынан ешқашан өшпейді.

Тәттімбеттің өзіне дейінгі күйшілерден, Тәттімбет күйінің байырғы қазақ күйінен ең басты айырмашылығы неде? Тәттімбетті «қазақ күйінің реформаторы» деп жатамыз, бірақ осы анықтаманы қалай түсінеміз? Әрине,бұл сауалдарға бір ауыз сөзбен  жауап беру мүмкін емес. Ең әуелі айтарым, Тәттімбеттің бұрынғы заман күйшілерінен тағдыры басқа. Тәттімбеттің несібесі – мүлдем басқа несібе. Доспамбет жыраудың айтқаны бар ғой:

–  Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жосадай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында,
Соғысып өлген өкінбес, – деп.

Бұл баяғы жаугершілік заманның идеалы. Кең даланы ен жайлаған, ешкімге намысын таптатпаған еркіндіктің кезінде айтылған сөз. Көне заманнан жеткен «Нарату», «Абыл» сияқты күйлерден де осындай биік рух есіп тұрады. Ал Тәттімбеттің заманы – мүлдем басқа заман. Қазақтың отарлық кепке түсіп мұқалған кезі. Тәттімбет өз дәуірінің перзенті. Музыкант ретінде айтайын, алқынып тұрған арда халықтың осы ұланғайыр жерді лықа толтырып, биік дәурен сүретін кезінде тағдырдың тәлкегі, тарихтың қалауымен осындай кіріптар күйге түскен кезінің мұңы мен наласын Тәттімбет күйі айна-қатесіз бейнелеген.

Осы орайда, дүниенің ана шетінде күн кешкен басқа халықтың тарихынан мысал келтірейін. Поляктың ұлы композиторы Шопеннің басында да осындай кеп болған. Асылық айтты демеңіз, Тәттімбет пен Шопен бір-біріне ұқсас тағдырлар. Екеуі шамамен бір уақытта өмір сүрген. Фридерик Шопен 1810 жылы туып, 1849 жылы дүние салған. Тәттімбет 1815 жылы туып, шамамен 1862 жылы өлген. Екі халықтың тарихи тағдыры да ұқсас. Ресей империясының екі колониясы, Польша мен Қазақстан үшін ХІХ ғасыр – көтерілістер, ұлт-азаттық қозғалыстар ғасыры. Шопен жиырма жасында отанынан айырылған екен. 1830 жылы Германияның Штутгарт қаласында гастрольдік сапарда жүргенде Польшада көтеріліс болғанын естиді. Көп ұзамай көтерілістің қанға батып жеңіліске ұшырағанын, Варшаваның алынғанын, өзінің ең жақын достарының қаза тапқанын біледі. Осыдан кейін Парижге ат басын бұрған Шопен ешқашан орыстың езгісінде отырған отанына қайтпаған екен. Бірақ өмір бойы Польшаны сағынып, аңсап өткен. Елден келген әрбір полякты жақын туысындай қарсы алған, қолынан келген көмегін аямаған. Шопен ғана емес, поляктың талай арыс ұлдары империяның тепкісіне шыдамай эмиграцияға кеткен, жат жұртта өлген.

Шопеннің полонездері мен мазуркаларын тыңдағанда, еліне деген әлдебір сағыныш, тілмен айтып жеткізу мүмкін емес қасірет лебін сезесің. Тіпті вальстерінің өзінде әлдебір мұң мен нала бар. Естуімше, поляктың офицерлері соғысқа аттанып бара жатқанда Шопеннің шығармаларын тыңдайтын әдеті бар екен. Ференц Лист өзінің «Шопен» атты кітабында, Польшадағы ақсүйектердің үйлеріндегі салтанатты жиындар, балды суреттейді. Мазуркалардың барлығы дерлік поляк тарихындағы әйгілі қолбасшылардың, егемендік жолында қан төккен, жанын қиған әскербасылардың атына бағышталған. Мазурка жай ғана би емес. Жастар, бірін бірі сүйгендер осы мазурканың кезінде сол шахидтердің атымен бір-біріне ант етеді екен дейді Ференц Лист. Ізгіліктің, отанға деген махаббаттың, бостандық идеалдарына деген адалдықтың қайталанбас көрінісі. Әрине, Тәттімбет күйлерінде сол кездегі әлеуметтік құбылыстардың, қанды тарихи оқиғалардың аты аталмайды. Бірақ сахараға кең тараған, қазақтың құлағына ғасырлар бойы әбден сіңісті болған «Қосбасардың» Тәттімбет салған үлгілерінің астарынан әлдебір бостандықты аңсаған сарын анық сезіліп отырады. Осы орайда, әлбетте, ең алдымен «Көкейкесті» ауызға ілінеді. Нағашы атам және ұстазым күйші Жүнісбай Стамбаев бұл күйді Тәттімбет өзінің сүйген қызына, қосыла алмаған алғашқы махаббатына арнағандығын айтқан еді. Мен сол хикаяны естіген  күні бүкіл дүнием төңкерілді десем де болғандай. Тәттімбеттің қамырықты тұлғасы, оның күйлерінде өзім еміс-еміс сезініп бірақ атын атай алмай жүрген қат-қабат сырлар барлық қырымен жарқырап ашылды. Тәттімбет хан тұқымы болмаса да, жеті атасынан құты үзілмеген ақсүйек әулеттің өкілі. Арғы атасы қаз дауысты Қазыбек, Бертіс. Өз әкесі Қазанғап – үлкен әскери шенді. Өзі де орыс армиясының жүзбасы шенін алған. Алайда, өз заманының әлеуметтік жүйесінен алған орын бір бөлек те, көңіл түкпіріндегі қасірет, жат жұрттың теліміне түскен өз елінің бейшара халін көре-көре жүрекке байланған дерт – екеуі екі бөлек нәрсе. Міне,  Шопен мен Тәттімбеттің арасына жүргізілген параллельдің шын сыры осында жатыр. Жеңілген екі ел. Сол екі елдің екі ардагер ұлы. Шопеннің «Мазуркасы» –  Тәттімбеттің «Көкейкестісі». Екеуінде де  Құдай алдында, ер бабаларының аруағымен бір-біріне ант берген боздақ жастар.

«Көкейкесті» –  жастықтың серті. Сүйген жарға ғана емес, жалпы әйел затына деген құрметтің баға жетпес биік көрінісі. Адамның бойындағы ізгі сезімді осындай риясыз жырлау, кемел бейнелеу қазақ күйшісінің ғана қолынан келетін сияқты.  Бұл руханият тарихында анда-санда ғана болатын аса сирек құбылыс. Тіпті әлемдегі ең кемел өнерлердің бірі – ХІХ ғасырдағы қазақтың әні мен өлең өнерінде де мұндай биік шың біреу-екеу ғана шығар. Абайдың бірді-екілі сүйіспеншілік лирикасы, содан кейін, әрине,  «Гауһартас». Осы «Гауһартастағы» «Анаңнан сізді тапқан айналайын» деп келетін жолдарды, өз басым ешбір қазынаға айырбастамас едім. Әйелге деген мұндай құрмет ешбір елде жоқ.

Кезінде Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романының бір эпизодын оқығанда көңілім қатты босады. Марина Мнишектің шарасы таусылғандағы тапқан амалы – Ораз Мұхамедті азғыруға келетін осы. Көзбе көз сөйлесіп, әзәзіл көркіне игендей болғанда «Әйел махаббаты дегеннің не екенін білмейсің… Сұлудың талайын өткердің, бірақ шын бекзат әйелге ұшырасқан жоқсың» дейді. Сонда Ораз Мұхамед: «Менің махаббатым… Мені сүйген әйелдің махаббаты – әлемдегі ең асқақ, ең кіршіксіз махаббат еді. Мен білген әйел – жар болған, ана –  балаға ана, ел-жұртқа дәрмен болған әйелдерге кейбір царицалар мен королевалардың өзі қызметші болуға жарамас еді!», – деп жауап береді. Әрине, ар жағы қанды кек, аянышты өлім. Бірақ Ораз Мұхамедтің өлімін бір сәтке ұмытып айтсам, осы романдағы өз отанының әйелдеріне деген құрмет аталмыш Тәттімбеттің күйіндегідей.

Кезінде, тағдырдың тәлкегімен Польшадан келген Адольф Янушкевич Тәттімбеттің ауылында болғандығын бір деректен оқыдым. Әрине, Янушкевич ұлы күйшінің өнерін тамашалай алмаған. Бірақ Еуропадан, Шопеннің отанынан келген адамның Тәттімбеттей адамның үйінде болуы, әрине, Құдайдың аяны деуге тұрарлық оқиға. Польшадағы көтеріліс қалай қанға батырылса, қазақтағы Кенесары мен Наурызбай, Жанқожа, Исатай мен Махабеттің көтерілісі де сондай кепке ұшырады. Заман өтеді. Қайталап жұрт есіне салып отырмағаннан кейін қандай зұлмат болса да ұмытылады. Кейде ойлап-ойлап ойға батасың. «Жұртыңды ойрандаған жауменен қайтпай соғысқан сол ардагер азаматтар өмірде шынында да болып па еді?!» дейсің. Ескен желдей, көшкен селдей кетті бәрі.

Мысалға, Тәттімбет өмірі жайындағы деректерде Кенесары мен Наурызбай турасында ештеңе айтылмайды. Өзіңіз ойлаңыз, Арқадағы әйгілі көтеріліс кезінде Тәттімбет шамамен отыз төрт-отыз бес жаста. Азамат ретінде әбден толысқан, өнерпаз ретінде әбден марқайған кезі. Өз Отанын ғана емес, Ресейдің оңтүстігін дүр сілкіндірген көтерілістен мүлде бейхабар болуы мүмкін емес. Тіпті ақылға симайды.

Басында «Тәттімбет байырғы күйшілердей емес, басқа тағдыр, басқа несібенің адамы» деп айтып кеттік. Бұл кезде қазақ мәдениеті «Эзоп тілін» меңгере бастаған. Үй артында кісі бар, сол себепті айтатынын тұспалдап, астарлап айтатын машыққа көшкен. Мінекей, Тәттімбет күйіндегі зар, ол жеке бастың көңіл-күйі емес, Тәттімбеттің күйіндегі зар – шерменде болған қайран елдің жүрегінен төгілген жалын.

Осыған орай, «Қосбасардың», әйгілі «Алпыс екі тамырлы Қосбасардың» аңызын айта кетейін. Арқада Күшікбай деген бай болыпты. Қаншама адамға шарапаты тиген қолы ашық мырза, Атымтайдай жомарт адам екен. Күндердің күнінде сол Күшікбайдың жалғыз ұлы өледі. Күшікбай қатты қайғырды дейді. «Мен сондай да сондай адам едім ғой, бұл зауалды қай қылығымнан таптым» деп жылапты. Ақырында, «бұл Құдайда әділет жоқ екен, енді қарайлайтын не қалды?» дейді. Сөйтіп өлімге бет бұрады. Теріс қарап жатып қалады. Нәр сызбай ай жатады. Ақырында сарғайып семе бастайды. Сонда ағайын-туған жиналып ақылдасады. «Күшікбайды кім сейілтеді?» дейді. Ақырында, «Тәттімбетті шақырайық, Күшекеңді сол жұбатсын» депті бір көреген. Тәттімбетті қос атпен алдыртады. Тәттекең Күшікбай жатқан үйдің табалдырығына отырып алғашқы күйін шертеді. Бұл «Табалдырық Қосбасар» екен. «Қосбасар» алпыс екі тараулы күй дедік қой. Бес тарауының әрқайсысы он күйден тұрады. Соңғы алтыншы тарау – он екі күй. Жиыны алпыс екі күй. Бірінші тарау – «Табалдырық Қосбасар». Одан кейін ретімен «Зар Қосбасар», «Жайсары Қосбасар», «Сейіл Қосбасар», «Сырнайлы Қосбасар» және «Қырмызы Қосбасар» кетеді. Арқада кезінде осы алпыс екі «Қосбасарды» тұтас меңгеріп шерткен шеберлер болыпты. Менің ұстазым Жүнісбай күйші «Қосбасардың» оннан астам тарауын шерткен. Және, бағыма орай әрбір тармағынан тартатын. Нәтижесінде мен бұл аса күрделі музыкалық құбылыс жайында пікір айта аламын. Жинақтап айтсам, Тәттімбеттің «Қосбасарлары» өзінен кейінгі күй өнерінің жүретін жолдарын белгілеп кеткен озық шығарма.

Мысалы, Европада И. С. Бахтың «Хорошо темперированный клавир», яғни, «Егжей-тегжейлі темперацияланған клавир» деген әйгілі еңбегі бар. Сол кітабында ұлы композитор өзіне дейінгі және өз заманына тән гармонияның барлық дерлік заңдылықтарын клавиатурада таңбалаған. Оның сыртында, келер заман музыканттары үшін мүмкіндігінше, гармонияның енді қандай жолдармен дамуы мүмкін екенін көрсетіп кетуге тырысқан. Батыстың бір ғұлама композиторының «Біз ізденіс үстінде шытырманға кіріп адасқанда, осы Бахтың мәңгі мөлдір бұлағына қайтып келіп, дұрыс жолға түсеміз» деп айтқаны бар. Тәттімбеттің күйлері дәстүрдің күрмеуі, соңғы нүктесі ғана емес, ол сондай-ақ түбірімен жаңа музыканың басы және келешек қазақ күй өнеріне жол көрсететін айнымас белгі.

Осы орайда мысал үшін Тәттімбеттің бір-екі күйін талдап берейін. Ең әуелі жас Тәттімбеттің атын алты Алашқа әйгілеген «Сылқылдақ» жайында. Ел ішіндегі әңгімелерге, жазба деректерге сенсек, Тәттекең жұт жылы Алтайға жылқы қыстатып, көктемде елге қайтып келе жатқанда Арқаның әйгілі күйші қызы Сақаумен кездесіп күй тартысады. «Тәттімбет башпайымен күй тартыпты» деген әңгіме сол оқиғадан қалса керек. Келесі жыл ел ішін оба жайлап, Сақау індеттен өледі. Тәттімбет күйші қарындасының өлгенін естіп, қатты қайғырып, осы күйді шығарған деседі. «Сылқылдақтың», мысалға Байжігіт күйінен айырмасы неде?

Қарапайым тілмен айтсақ, Байжігіттің күйлерінде музыкалық фраза мен ритм, яғни, ырғақтық сурет екеуі бір-біріне толықтай сәйкес. Батыстағы Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Абыл мен Есірдің күйлері де осылайша құрылады. Бұл сәйкестік – ескі мектептің басты талабы. Байжігіттің «Қосайдар» күйін атайық. Қағысы қорғасындай ауыр. Санамалап шертілетін күй. Алайда музыкалық фраза, күй барысында бір сәтке де ырғақтың аясынан шықпайды. Неге? Өйткені, ескі күйге осындай сәйкестік жеткілікті болған.

Ал енді «Сылқылдаққа» келейік. Әрине, Тәттімбет бұл күйде қысқа глиссандо сияқты байырғы тәсілді қолданады. Күйден ескі домбыра күйлеріндегідей қобыздың тембрі естіледі. Бірақ бұл күйдің бергі, бізге жақын тұрған қыры ғана. Тереңірек үңілсеңіз, қазақ күйінде бұрын болмаған феномен – ритм мен метрдің немесе ырғақ пен өлшемнің арасындағы текетіресті көресіз. Саусақ, қарапайымдап айтсақ, «музыкалық сөйлемді» соңғы дыбыспен күрмемейді, төңкеріліп, келесі фразаның бірінші дыбысымен астасып кетеді. Дыбыстар кейде бір-біріне мінгесіп кеткендей әсер қалдырады. Бұл не үшін керек? Бұл күй ырғағын кәдімгі сөйлеу тілінің бейберекет ырғағына жақындату үшін жасалған. Тәттімбет күйі асығып-аптығып сөйлеген адамның сөзін елестетеді! Байырғы күй кең алымды эпос болса, осыған сай сабырлы және алымды бейнелеу машығы қалыптасқан болса, Тәттімбет арқылы қазақ күйіне өртене сөйлеген ғашықтардың тілі келді.

«Жаңалықтың жартысынан астамы ескі болу керек» деген қағида бар. Көрермен болсын, тыңдаушы болсын, жаңалық бойынан өзіне танысты, өзі білетінді іздейді. Жаңа нәрсе осылайша танылады. Тәттімбет күйі түбірімен жаңа болса да әлеумет оны риясыз қабылдады. Мұндай феномен қалай мүмкін болды? Әрине, мұндай сұраққа жауап беру қиын. Адамның өнерге деген талғамы, сыры ашылмаған ұланғайыр жұмбақ әлем ғой. Бар айтарым,жақсы шығармада ұлт болмайды. Ол адам атты перзенттің бәріне түсінікті.Шын өнердің түп мұраты осы. Ойымша, Тәттімбеттің бірден қазақ жүрегіне жол табуы да осындай құбылыс. Тәттімбет те керемет, оны жаратқан халық та кемеңгер.Яғни,қазақ кемел жетілген тыңдаушы болғандықтан жаңа өрнекті бірден танып қабылдаған.

Осы орайда, мен Тәттімбет ашқан және бір таңғажайып құбылысты атап өткім келеді. Әңгіме «Бестөре» күйі жайында. Байқаған адамға, Тәттімбет бұл күйде қазақ күйінің ғана емес, өз өнерінің де алтын діңгегі болған басты канон – саздылықтан, әуезділіктен саналы түрде бас тартқан. «Бестөре» күйінің мелодиясы кілең қиысымы жоқ әуендерден тұратынын мойындаумыз керек. Алайда Әбікеннің орындауында бұл күй  шедевр дәрежесіне жеткен. «Бестөрені» әуезді күй қылып шығаруға Тәттімбеттің құдіреті жетпеді ме деген сұрақ туады.

Әрине, олай емес. Бұл күйде Тәттімбет мелодияны екінші қатарға қойып, орындаудың өзін көркемдік категория дәрежесіне жеткізіп, алдыңғы қатарға шығарған. Бұл жерде Тәттімбет мелодист емес. Күй, қырғыздардың қобызбен тартатын  күйлерінің баяулатылған нұсқасы. «Бестөре» – қазақ күйінің жаңа белесін таңбалайтын күй. Тәттімбет бұл күйде мән мен мағына нені тартуда емес, қалай тартуда екенін ашқан. Яғни, орындаудың өзі жеке тұрып поэтика бола алады екен, сұлулық бола алады екен. Бұл мелодияның гармонияға ауыса бастағанын көрсететін алғашқы мысал.

Сөз соңында, Тәттімбет жеткен биік белестердің бірі – «Сарыжайлау» жайында бірер сөз. Әдепкі тыңдаушы бұл күйді табиғат суреті деп қана қарайды. Әдепкі тыңдаушыдан бір мысқал биік тұрған сауатты тыңдаушы күйдің философиялық астарына үңіледі, «Сарыжайлаудың» мәнін адам өмірімен, базары қайтқан кәрілікпен салғастырып түсінуге тырысады. Әрине, бұл да толғануға тұратын тақырып. Алайда бір мақаланың аясы бұл әңгімеге жеткіліксіз. Сондықтан күйдің дыбыстық мәдениеті жайлы ғана бір-екі ауыз сөз айтып кетейін. Әлбетте, табиғат дыбыстарының көбі, мысалы, құстың үні, ағаштың, шөптің сыбдыры, судың сылдыры, мұның бәрі адамның құлағына жағымды дыбыстар. Алайда бұл әлі музыка емес. Аталмыш дыбыстарды музыкаға теңеп жатады. Бірақ та ол – теңеу ғана. Табиғат дыбыстары – болашақ музыканың уәдесі ғана. Музыка, күй, құстың үнімен аспаннан түсе салмайды. Тәттімбеттің күйінде имитация, еліктеуіш дыбыстар жоқ. Бірақ көз алдыңызға шынында да табиғат суреті келеді. Әрі өзі, әрі өзге. Жайлау, бірақ басқа жайлау. Асанқайғы ат арытып іздеген Жерұйықтай көрікті. Бұл – адам көңілінің ең терең түкпіріндегі ешқашан сыртқа шығарылмайтын сыры. Енді осыншама көрікті суреттеу қалай мүмкін болды? Бір ғана жауап – Тәттімбеттің биік түйсігі арқылы болған керемет. Бірақ бұл басқа тақырып, басқа әңгіменің ұшығы.

1 Kомментарий

Обсуждение закрыто.