Приветственное слово акима Мангистауской области К. Кошербаева участникам 3 Кондыбаевских чтений (Астана, 2007)

бюст Кондыбая

бюст КондыбаяАрдақты зиялы қауым, конференцияға қатысушылар!

Мың ғасырлық құпиясын сақтаған, Бекет атадай Пірі бар Серікбол Қондыбай елінің азаматтары атынан ризашылық сезімімізді қабыл алыңыздар!

С.Қондыбай феноменін әлемге таныту, оның өмірі мен зерттеулерін насихаттау —  жас өскелең ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігі екенін түсініп, Сіздермен бүгін Астанада бас қосып отырмыз.

Серікбол Қондыбай қазірдің өзінде қазақ және түркі әлемі ғылымында өз өрнектері мен өнегелері бар ірі – ірі ғалымдар мойындаған феномен. Оны мойындаудың жетекші күштері Қазақстанның түкпір – түкпіріндегі философ, мәдениеттанушы, өнертанушы, тарихшылар. Серікбол Қондыбайдың еліміздің ғылыми-мәдени тарихындағы өзіндік орнын түйіндесек, алдымен С.Қондыбай мемлекетіміздің көпғасырлық тарихын дәйектемелермен дәлелдеп берді деп батыл айта аламыз.

Серікболдың қазақтың мифологиялық танымының тарихи уақыт бойына қалай, қай бағытта дамып, өзгеріп отырғандығын бір жүйеге келтіруге біржола бет бұруының өзі қазақ қауымының тарихи санасын қалыптастырудан туған қажеттілік екенін де ашып айта кеткен жөн. Өйткені оны «біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда келдік, қайда барамыз?» деген сауалдардың жауабын іздестіруінен көреміз.

Жетпіс жыл бойы кеңестік идеологияның құрсауында тұншыққан гуманитарлық ғылым салаларының, атап айтқанда, филология, тарих, философия, психология, мәдениеттану, этнография, этнопсихология және т.б. қай-қайсысының болмасын зерттеу нысанының бір болғанына ( яғни бұрынғы қазақ – бүгінгі қазақ – ертеңгі қазақ ) қарамастан, ортақ ұстанымдар мен қисындарға, қайнарға сүйенбейді. Серікболдың сөзімен айтсақ, «ең сорақысы осы ғылыми салалардың барлығының да сүйенер ортақ парадигмасы – басы жоқ. Аталған ғылым салаларының барлығы да клондалған, яғни үндіевропалық гуманитарлық ғылымның көшірінді тұрпаттары болып табылады… Сондықтан аталмыш салаларда қаншама жетістікке жеттік деп есептегеннің өзінде алдын ала белгіленіп қойылған қағидалардың, шектеулердің ауқымынан шығу мүмкін емес. Нәтижесінде жалған стереотиптер қалыптасып, олардан арылудың сәті түспей-ақ қойды». Соның салдарынан бүгінгі гуманитарлық ғылым салалары қазақтың рухани болмысына қатысты мәселелерді қазақтың бірнеше мың жылдық тарихынан тыс, өзара сәйкесе бермейтін оқшау факті түрінде қарастырды. Уақыт болса, өтіп барады. Не істеу керек? Осындай жағдайға тап болған Серікбол тынымсыз ізденіс барысында кез келген халықтың таным болмысының бастауынан мағлұмат беретін мифке, сол арқылы діттеген мақсатына жетуге мүмкіндігі болатынын байқайды да, соған біржола ден қояды.  

Серікбол өз түсінігінде мифті – нақты бір тарихи уақытта, нақты бір географиялық кеңістікте, нақты бір саяси, әлеуметтік, мәдени, шаруашылық жағдайында тірлік етіп жатқан адамзат қоғамының өзі өмір сүріп отырған орта  туралы және оның қалай пайда болғандығы туралы, сол адамға ықпал ететін сыртқы-ішкі күштер туралы, адам және оның қалай пайда болғандығы туралы, өз қоғамының ғаламдағы орны, дәрежесі туралы түсініктерінің жиынтығы – деп қабылдайды. Бұл жағдайда миф – ойдан шығарылған, жасанды дүние емес, нақты халықтың дүние мен өзі туралы Шындығы, басқаша айтқанда, «шын» деп есептелген, тарихи-рухани тәжірибесіне сүйенген стереотиптік деңгейдегі Ақиқаты» — деген тұжырымға келеді. Демек, қазақ мифологиясы да жұрт ойлағандай, қарапайым  дүние емес, мол ақпаратты бойына жасырып тұрған жұмбақ ғалам, асыл мұра, көне өркениет куәгері».

Серікбол «Арғықазақ мифологиясында» осы есте жоқ ескі заман куәгерін бүгінгі ұғымға сай сөйлетуге күш салады. Қазақтың сөздік қорында, фольклорында, әдет-ғұрпында, мінез-құлқында, сенім-нанымында, материалдық игілігінде сақталып қалған мифтік мотивтердің реалдық болмыс-бітімін танып, дұрыс жорудың өзіндік кілтін ұсынып, қазақтағы мифологияның болмысын тек реконструкциялау жолымен ғана тануға болатынына бағыт сілтейді, жаңа идеалдардың бастау нүктелерін анықтауға үлес қосады.     

 2004-2006 жылдарға арналған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша С.Қондыбайдың «Эстетика ландшафтов Мангистау», «Есен-қазақ», «Маңғыстау-нама» кітаптары жарық көріп, «Қазақ даласы және герман тәңірлері» еңбегі орыс тіліне аударылып, жарық көрді. 2006 жылы Ақтау қаласында С.Қондыбай шығармашылығынан өткен конференция шешімімен төмендегі шаралар іске асты:

— Ақтау қаласында жаңа ашылған №22 мектепке С.Қондыбай есімі беріліп, алдына бюстісі орнатылды.

— Облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының басшылығымен «Маңғыстау географиясы» оқулық ретінде облыс мектептерінің оқу бағдарламасына енді.

2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» салалық бағдарламасы бойынша С.Қондыбайдың 15 томдық толық шығармалар жинағы мен З.Наурызбаеваның аудармасы бойынша С.Қондыбайдың іргелі еңбегі 4 томдық «Арғықазақ мифологиясын» орыс тіліне аудару және ғалымның өмірінен деректі фильм шығару жоспарланды.  

Серікболдың  арамыздан кеткеніне үш жыл уақыттың ішінде оның қалдырып кеткен ғылыми мұрасына, тың идеяларына деген қызығушылық күн санап артып келе жатқандығы қуантады.  Өздеріңізге белгілі, 2005 жылы Серікболдың туған күніне орай Алматы қаласында Республикалық ұлттық кітапханада қазақ елінің аса көрнекті ұлтжанды   азаматы,   ғалым  Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтың бастамасымен    өткізілген    алғашқы    Республикалық ғылыми – теориялық конференция,  2006 жылы Серікболдың туған өлкесінде ІІ конференциясы болса, бүгін өздеріңіз куә болып отырған конференция осы жақсы бастаманың жалғасы іспеттес.  

Мен осы мінбені пайдалана отырып, серікболтануға қатысты мынадай мәселелерді ҚР Білім және ғылым министрлігіне алға тартуды жөн көріп тұрмын:

—    Еліміздің жоғары оқу орындары мен мектептерінде әлемдік түркі өркениеті мұрасы туралы білімді игертуде оның    «Маңғыстау-нама», «Жауынгерлік рух кітабы», «Эстетика ландшафтов Мангистау», «Арғықазақ мифологиясы» тағы басқа еңбектерін оқу бағдарламасына енгізу  (ввести в вариантивную часть базисного учебного плана);

—    Серікболдың өз қолымен орыс тілінде жазылған еңбектерін   республика көлемінде патриоттық тәрбие құралы ретінде насихаттаумен қатар ғалымның еңбектерін халықаралық ресми тілдерге аудару қажет;

—    Көптілді мифологиялық, этимологиялық және тезаурустық    сөздік құрастыру бағытындағы жұмыстарды қолдауға қаржылай қолдау жасауға дайынбыз;

Құрметті конференция қонақтары, конференцияға қатысушылар! Бүгінгі жиынымызда ортаға салынатын сарабдал ой, салиқалы пікірлер Қондыбайтанудың алғашқы баспалдақтары болатындығына зор сенім білдіре отырып, конференция жұмысына шығармашылық табыс тілеймін!  

 

Маңғыстау облысының әкімі                Қ.Көшербаев

Фото: Серікбодын анасы Тәрбие Қондыбай С. Қондыбай атындағы мектептің алдында (Ақтау, 2007)