Әлем мәдениетіндегі мифтер мен шындық…

Таласбек Әсемқұловпен сұхбат

Таласбек аға, әрине, 20-ғасырмен, яғни жаңа  «темір ғасырмен» басталып, 60-70 жылдай ғұмыр кешкен модернизмнің басты екі персонажы болып саналатын Альбер Камю мен Жан Поль Сартр жайында әлем әдебиетінде, әлем мәдениетінде қайшылықты пікірлер көп. Біреулер оларды гений санайды, біреулер аталмыш адамдардың осындай даңққа шығуын конъюнктура мен менеджменттің нәтижесі деп есептейді. Алайда сіздің мына пікіріңіз – шынымды айтайын, мен үшін күтпеген ақиқат…

— Мен өзім дәстүрлі мәдениеттің адамы болғандықтан, дәстүршілдіктің (традиционализм) классиктерін көп оқимын. Мен үшін Рене Генон, Юлиус Эволаның тарих, замананың ауаны  жайындағы идеялары, эсхатологиялық идеялары басқалардың пікірінен биік. Сондықтан мен не айтсам да, дәстүршілдіктің позициясынан айтамын. Кейбіреулерге менің пікірлерім ұнамай қалуы мүмкін, әрине. Атам қазақтан қалған, бірде Асан Қайғыға, бірде Шортанбайға телініп жүрген бір сөз бар, «Қилы‑қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар», ‑ деген. Сол өлеңнің бір жерінде ақын «Сол шортан шықпас демеңіз, Қарағайдың басына», ‑ дейді. Осы қазақ ақынының пәленбай ғасыр бұрын айтып кеткен сөзі «Абсурд әдебиеті» емей немене? Француз ба, қазақ па, кім бірінші айтты? Қазақ айтты. Қандай данышпандық, қандай мұң, қандай асқақ поэзия! Қазтуғанның Еділді тастап шығып бара жатқанда айтқан сөзі бар ғой, «Қайран, менің Еділім! Қайырлы болсын сіздерге, менен қалған мына Еділ жұрт!» деген. Осы екі өлеңді тұтастырып тұрған не? Биік иман! Қазтуған  қимаса да, Еділге келген жаңа жұртқа жақсылық тілейді. Бастан дәурен кеткенін дүниенің бұлжымас заңы деп қабылдайды. Ал алдыңғы өлең жолдарында да, шортанның ағашқа шығуы заман азғанда болмай қоймайтын құбылыс екені, дүниеде қандай кеп болса да, Алладан бұйырған несібе екені мойындалады. Және мұнда да асқақ, мәрт көңілмен мойындалады. Мінекей, аталарымыз болжаған, қарағайды шортан жайлаған заман келді. Өткен сұхбатта сені қайран қалдырған сөзге келейін. Әрине, Камю да, Сартр да қазіргі өлшеммен алғанда, үлкен жазушылар, үлкен философтар болып есептеледі. Бірақ осы аталмыш адамдар алып келген абсурд пен парадокс неге осындай биік дәрежеде қабылданды? Эмиль Сьоран софының айтқан сөзі бар, «Барлық өркениет жер өңдеуден басталып, парадокспен аяқталады» деген.

Шынына келетін болса, байлауын таптырмай, адамды есеңгіреткен, сансыратқан мына дүние мен болмыс жайында айтылған дені дұрыс сөздің барлығы да – парадокс. Дәлірек айтқанда, парадокс өз бетінше, әлдебіреулерді таң қалдыру үшін айтылған сөз емес. Парадокс парадоксальдік дамудың жолына түскен өркениеттің болмысында. Парадокс кітапта емес, адамзаттың сана‑сезімінде.

Немесе, бұдан да дәлірек айтсақ, парадокс – ақиқатты, шындықты жек көретін адам үшін ғана парадокс. Ал дені дұрыс адам ақиқаттың қандай ракурсын болса да, тани алады, түсіне алады, көре алады.

Ал енді Камю мен Сартр ғана емес, жалпы батыс Еуропа мәдениетін, әлем мәдениетін тұтастай алып айтсам, өткен сұхбатымызда айтқан мифтер проблемасын қайтадан қозғауға мәжбүрмін.

Түсіндім. «Алпысыншы жылғылар» жайындағы миф, тек сол кез үшін ғана емес, жалпы кез келген заман мен кез келген ортаға тән дегенді айтқыңыз келіп отыр ғой?

— Дәл айттың. Ең әуелі, 20-ғасырдағы Еуропа және әлем мәдениетіндегі ұлы серпілісті дайындаған тұлғалар төңірегіндегі мифтерді қозғамас бұрын мен «алпысыншы жыл» деген құбылыс жайында біраз ой толғайын. Құдайшылығыңды айтшы, осы «алпысыншы жыл» деген құбылыс қайдан басталған? Оның тамырлары, себептері немесе ғылыми тілмен айтсақ, «қайнар көздері» неде? Осы жайында ойланып көрдің бе?

Шынымды айтсам, осыдан қырық жыл бұрын өтіп кеткен бұл әлемдік құбылыстың неден басталғанын білмеймін. Менің білетінім, бұл – бүкіл әлемдік жастар қозғалысы. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде әлем мәдениетін дүр сілкіндірген бірқатар тұлғалардың осы «алпысыншы жылғылар» қатарынан екенін білемін.

— Ал енді сөз тыңда. Алдымен айтарым, сен айтып отырған тұлғалардың кейбіреуі өзінің даңқына сай емес, қуыскеуде біреулер болуы мүмкін. Ал «алпысыншы жылғы» «бүкіләлемдік» «жастар қозғалысын» бастап берген адам – Мао Цзэ Дун. Осыған нанасың ба?

Жаңылыс естіп отырған жоқпын ба? Кәдімгі Қытай Коммунистік партиясының бірінші хатшысы ма?

— Иә, кәдімгі Қытай КП‑ң бірінші хатшысы Мао Цзэ Дун.

Ақылға сыймайтын нәрсе екен.

— Неге сыймасын? Дұрыстап түсіндірсе, барлығы да сыяды. «Қытай мәдени революциясы», «хунвэйбиндер» дегенді естуің бар ма? 50‑жылдардың аяғы мен 60-жылдардың басында Қытайда саяси ахуал қатты шиеленісті. Мао Цзэ Дун өзінің марксизмін ойлап шығарды. Қытай мен социалистік лагерьдегі басқа елдердің арасы ашылды. Қытай коммунизм идеалдарын сатқан болып шықты. Халықаралық изоляцияға ұшырады. Міне, осындай қиын жағдайда ұлттық империя Қытайдың болашағын ұмытып, бүкіләлемдік коммунистік қоғам жайында армандаған пәленбай миллион космополиттерден құтылудың реті келді. Оның үстіне жоғары, орта, төменгі буын чиновниктердің арасын коррупция, ұйымдасқан жемқорлық жайлады. Қытай қоғамы осының барлығынан тазаруы керек еді. Мао Цзэ Дун жастарды, студенттер мен оқушыларды ел қорғауға шақырды. Миллиондаған студенттер, оқушылар пара жеп, жолдан тайған чиновниктерді, әлемнің мүддесін ойлаймын деп, Қытай мүддесін аяқасты қылған, осылайша нәсілдік, ұлттың тәубасынан жаңылған идеология қайраткерлерін соттап, быт‑шытын шығарған, миллиондап жойған. Дэн Сяопинге оқушылар мал бақтырып қойған. Лю Шао Ци, Қытай Ұлттық мәслихатының төрағасы соққыға, қорлыққа шыдамай, өліп кеткен. Қытай студенттерді жолшыбай Қытайда тұрып жатқан басқа ұлттың да бас көтерер адамдарын жазалап берген. Міне, осындай кеп болған. Ғылымда «эффект подражания», яғни «еліктеу эффекті» деген ұғым бар. Қытайдағы аталмыш «жастар қозғалысы» бүкіл әлемге үлгі болды. 1968 жылы Парижде, Прагада, Берлинде, Еуропаның басқа қалаларында болып өткен «жастар бұлғағы» ‑ осы  Қытайдағы бейбастықтың жаңғырығы. Әрине, оның әсері жұмсарып болса да, бізге жетті. Бұл қозғалыс Америкаға, басқа құрлықтарға, қысқасы, бүкіл әлемге тараған. Осылайша, осы қозғалыстың аясында дүниеге «Битлздер» келді, «хиппилер» келді. Білгің келсе, «алпысыншы жылдың» шын сыры осындай болған. Еуропадан емес, Америкадан емес, барлығы іргеміздегі Қытайдан басталған.

Енді әңгімеміздің түйіні ғасырдың басында туындаған модернизм үрдісіне ауысқан сияқты… Таласбек аға, айтыңызшы, осы 19‑ғасырдың аяғы мен  20‑ғасырдың басында әлем әдебиетінің біршама кемелденген кезінде модернизм сияқты үрдістің дүниеге келуі қаншалықты қажет еді? Модернизмнің пайда болуында нендей құпия механизмдер бар?

— Әуелі осы термин жайында бір‑екі ауыз түзету сөз. Бүгінде арада бір ғасырдай уақыт өтіп кеткеннен кейін, «модернизм» терминін көп жұрт о бастағы мағынасынан басқа мағынада пайдалана бастаған сияқты. Бүгінде «модернизм» терминін «модерн» түбірінен, яғни «күнделікті сан», «күнделікті жаңалық» деген сияқты мағынадан шығарып жүр. Әрине, ол олай емес. «Модернизмнің» басты мақсаты – мәдениетті «модернизациялау», яғни «жетілдіру». 20‑ғасырдың басындағы авангардистік ағымдардың манифестерін оқып қарасаңыз, барлығының да мәдениетті жетілдіру проблемасын   көтергенін байқар едіңіз. Алайда модернизм де біркелкі емес, ала‑құла, көптеген мүдде, көзқарас, эстетикалық теориялардың қақтығысынан тұрады. Модернизмнің қайнар көздері, әлбетте, өзінен бұрынғы, яғни 19‑ғасыр мәдениетінде жатыр. Модернизм үрдісін құраған авангардистік ағымдардың әрқайсысының эстетикалық теориясын жіліктеп талдап отыру, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтау – баянсыз тірлік. Себебі модернистік ағымдардың кейіннен ыдырамағаны жоқ. Қандай да болмасын бірлестікке қатысқан үлкен суреткерлер кейіннен әрқайсысы өз жолын тапқан. Сондықтан біз ағым туралы емес, 19‑20‑ғасырлардағы бірқатар таңбалы тұлғалардың («знаковые личности») шығармашылығына қысқаша, үстірт болса да баға берейік. Әрине, бұл жерде біз әдебиет, мәдениет тарабындағы кейбір мифтер жайында да айта кетеміз.

19‑ғасырда пайда болған,  20‑ғасырдан аман‑есен өткен, енді үстіміздегі 21‑ғасырға аттап, одан ары да жал‑құйрығы бүтін ғұмыр кешейін деп отырған әлем әдебиетінің ең ұлы мифі – әлбетте, Лев Толстой. Бүгінде Л.Толстой, кейбір зерттеушілердің айтысына қарағанда, бұрынғы‑соңғы жер бетінде өмір сүрген жазушылардың барлығынан, қысқасы, жұмыр басты пенденің барлығынан биік, жердегі Құдай екен. Орысша айтсақ, «самый великий, самый непревзойденный писатель всех времен и народов».

Сонда қалай болғаны? Лев Толстой да өзінің атақ‑даңқына лайық болмағаны ма?

— Мынадай эксперимент. Көшеден жүз адамды тоқтатып, Л.Толстойдың кім екенін сұрастырыңыз, солардың әрқайсысы Толстойдың ұлы жазушы екенін айтады. Бірақ сол жүз адамның бесеуі демейін, екеуі Толстойды оқыды ма екен?

Оқымаса, неге мақтайды?

— Мақтайды. Адам деген, қоғам деген сондай. Ал «бүкіл әлем» жұртшылығының Толстойды «ең ұлы» жазушы деп тануы Толстой есімінің көп қайталануынан. Мектеп жасынан «ұлы жазушының» есімі баланың санасына сіңіріледі. Содан соң ол бала институтқа оқуға түседі. Мұнда да әредік‑әредік Толстой жайындағы мәлімет жаңғыртылып отырады (ал филология саласында жүрсеңіз, онда ол мәліметтің көлемі  ұлан‑ғайыр). Толстой шығармаларының дені экранизацияланған. Теледидардан жиі‑жиі көрсетіліп тұрады. Туған күні жыл сайын аталып отырады. Ашып қалсаң, Толстой, басып қалсаң, Толстой. Ақырында тұтас ұрпақ Толстойдың бір әрпін оқымай‑ақ, оны «бұрынғы‑соңғы» «ең ұлы жазушы» деп мойындауды үйренеді. Толстойдың «ұлылығы» жердің домалақ екендігі, ауаның оттегіден тұратыны сияқты аксиомаға айналған.

Олай болса, сіз өзіңіз, әдебиет сыншысы ретінде Толстой жайлы пікіріңізді айтыңызшы?

— Жоғарыда айттым ғой. Толстой – өзінің бүкіл «ұлылығымен», атақ‑даңқымен, «теңдесі жоқ» «шеберлігімен» миф. Әдебиет ескіреді. Бұл – мызғымайтын, бұлжымайтын заң.

Барлығы ескіре ме?

— Жоқ. Барлығы ескірмейді. Айтқан сөзі өлмейтін, уақыт өткен сайын жасарып‑жаңғырып отыратын, уақыттан тыс жазушылар бар. Бірақ Толстой олардың қатарына жатпайды.

«Толстой ескірді» деген сөз құлаққа түрпідей тиеді екен.

— Шындық ешқашан жағымды болмайды. Шындық тамақтан қылқ етіп, артынша бүкіл тәніңе дару болып жайылатын қазының майы емес. Шындық – жүрегіңді сәт сайын тырнап, тыныштық таптырмайтын, ұятың мен арыңды, иманыңды оятатын, баяғы Бальзак айтқан «ізгілік қышқылы» («нравственная кислота»). Мен «данышпанТолстойдың» бүкіл жазғандарын, тіпті хаттарына дейін, тіпті десеңіз, педагогика, халық ағарту мәселелеріне арналған кітаптарына дейін оқып шықтым. Қазір өкінем. Неге сонша көз майымды тауыстым деп. Алайда Толстойды оқығанда мен бір нәрсені – шатпырақты оқымауды үйреніп шықтым. Мысалға, әйгілі «Война и мир» ‑ «Соғыс және бейбітшілік» романы. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, бұл – соғыс туралы жазылған ең ұлы шығарма. Бұрынғы‑соңғы соғыс туралы. Мен мұндай сыншы‑зерттеушілерге де, осы романды оқып шықтым дейтін қатардағы оқырмандарға да сенбеймін. Неге дейсіз ғой? Себебі бүгінде мұндай романды ешкім оқымайды. Ақыл‑есі түзу адам төрт бөлімнен тұратын мұндай кірпіш‑романды оқып шыға алмайды. Бұл романның нашарлығы неде? Жанрында. Жалпы роман‑эпопея – жаратылысында, тумысында кембағал нәрсе. Кемеліне келіп, гүлденіп тұрған империяға роман‑эпопея, фреска керек болды. Кейде сурет музейлерінде Екінші дүниежүзілік соғыстың әлдебір шайқасын бейнелейтін, он‑он бес метрлік қабырғаны тұтас жабатын диорама қойылды ғой. Міне, «Соғыс және бейбітшілік» ‑ осындай шығарма. Ішіндегі французша сөйлейтін ақсүйек мырзалардан бастап, Платон Каратаев сияқты мұжыққа дейінгі аралықтағы бірде-бір кейіпкер есте қалмайды. Неге? Себебі ол кейіпкерлер Толстойдан бұрын жазған жазушылардың шығармаларында топ‑тобымен өріп жүр. Адамның көзі мұндай кейіпкерлерге үйреніп кеткен. Патша өкіметінің әлеуметтік заказы осындай құбыжық роман кейпінде дүниеге келген. Міне, осы театр актерлері, сияқты персонаждар тобы 1812 жылдың драмасын ойнап шыққан. Бірақ халтуралық романның ең үлкен кемшілігі бұл емес. Ең үлкен кемшілік «данышпан қарияның» танымында, кембағал танымында жатыр. Егер де Толстой империялық‑паранойялық идеядан санасы мертіккен қатардағы надан орыс болса, онда оны кешіре салу қиын емес. Алайда қасірет оның білімді надандығында тұр ғой. Толстойдың бір биографы «Қарияның кітапханасында жиырма бірдеңе мың кітап бар және барлық кітаптың барлық бетінде оның түртіп кеткен белгілері бар, яғни Толстой ол кітаптардың барлығын оқып шыққан» дегенді айтады. Мүмкін. Бірақ білім адамға сырттан келмейді. Ертедегі Інжіл пайғамбарларының айтқан бір сөзі бар «Білім, данышпандық Құдайдан қорқудан басталады» («Начало всякой премудрости есть страх Божий») деген. Бұл жерде олар Құдай алдындағы үрейді айтып тұрған жоқ. Бұл жерде олар ұят‑аят, иманды айтып тұр. Қанша мың кітап оқыса да, адам Құдайдан қорықпаса, онда ешқашан жөнді білім де болмайды.

Олай болса, бұл жердегі Толстой танымының кемшіндігін қай жерден көріп тұрсыз?

— «Соғыс және бейбітшілік» романының кемшілігін, ментальдік сырқатының себебін Толстойдың басқа шығармасынан, «Шекспир жайында» («О Шекспире») деп аталатын мақаласынан табамыз. Батысы бар, Шығысы бар, бүкіл әлем болып жабылып мақтағанда, «данышпан қарияның» айқайлап көрініп тұрған жан сырқатын бірде‑бір адам байқамаған. Ол сырқаттың аты – антиперсонализм. Толстой туралы қандай да болмасын зерттеуді оқысаңыз, көз алдыңызға оның демократ бейнесі келеді де тұрады. Толстой – демократ‑мыс. Ал шындығында ол бүкіл саналы өмірінде персонализмге, персона, яғни тұлға идеясына қарсы болды. Толстой – шындығында тобырлық, құлдық философияның жаршысы, патриархы. Сол себепті ол «демократ» болды.

Шекспир туралы мақаласы жарық көргеннен кейін, Шекспир драмасын қоюмен келе жатқан театрлар, бүкіл Россия театрлары шулап жатқанда, Максим Горький, Телешов және А.Чехов әлдебір шаруамен Толстойдың үйіне келіп, әңгімелеседі. Ұмытпасам, М.Горький: «Мақаланы оқыңыздар ма, шалдың мұнысы несі?» ‑ деп сұрайды. Сонда А.Чехов: «Сендер түсінбегенсіңдер. Толстой сендерді де, Купринді де мақтай салады. Себебі оған Толстойдың түгі де кетпейді. Ал Шекспирдің жөні басқа», ‑ дейді.

Чехов бір нәрсені  шырамытқан. Бірақ ойын аяғына дейін тиянақтай алмаған. Толстойды антиперсоналист дедік қой. Оның тұлғаға қас идеялары, яғни «Соғыс және бейбітшілікті» көктей өтетін өзек, аталмыш мақаладан көрініп қалған. Бонапартизмге, Наполеонға, яғни әлемнің ұлы тұлғасына деген қызғаныш пен өштік «әлемде теңдесі жоқ» романға айналып тұр. Қария Құдай о баста бойына дарытқан қабілетті, осы жалған идеяны уағыздау жолына сарп еткен. Зая өткен шығармашылық өмір, босқа кеткен қажыр мен қайрат. Ленин Толстойды «орыс революциясының айнасы» деп бекерден‑бекер атаған жоқ. Толстойдың тобырлық идеялары, индивидті жойып, тұлғаның барлық мүддесін, әрбір демін коллективке бағындыруды көздегені большевиктік революцияның қолайына әбден жаққан еді. Совет заманында Толстойдың елден ерек, әлемдегі барлық қалам ұстағандардан биік болып кетуінің сыры осында жатыр.

«Тарихты жасайтын Наполеон емес, тарихты жасайтын – халық». Міне, романды көктей өтетін идея. Бірақ  20‑ғасыр оқиғалары Толстойдың бірде‑бір сөзін растай алмады. Ленин, Троцкий, Сталин деген тұлғалар бүкіл адамзат тарихын басқа арнаға бұрды.  Тарихты жасайтын – тұлға екен. Тобыр – сол тұлғалардың әмірімен отқа айдаса, отқа, суға айдаса, суға баратын құлдар екен. Заман күштінікі екен. Әлмисақтан солай екен. Миы ауысып кеткен әлдебір қарияның романы ештеңені өзгерте алмайды екен.

Енді бір қызығы, тобырлық идеяны осынша уағыздаған сол Толстойдың өзі тұлға болуға еш қарсы емес екен. Үйіне, дәрегейіне құлдық ұруға келген адамдарды Толстой, тұлға болып, дәлірек айтқанда, жарты патша болып қабылдайды екен.

Өмір бойы Шекспир, Наполеон сияқты тұлғалардың атақ‑даңқымен алысып өткен «данышпан қария» орайы келгенде, өтірікті қосып жіберуден де тайынбайтын болған. Мысалы, «Соғыс және бейбітшілік» романының кейбір ғалымдар, әсіресе, орыс зерттеушілері айтып жүрген, атағы жер жарған «тарихилығы», Наполеонның мемуарларын, сол кездегі соғыстың теоретиктерін, тарихшыларын, сол кездегі соғыстың тарихшыларын оқығанда, быт‑шыты шығады. Романның хұқықтық санасы түкке де тұрмайды. Бұл жай айтылған сөз емес. Халықаралық әскери хұқық (международное военное право) жайында аз‑маз хабары бар адам мені түсінеді. Романды зер салып оқыған адам орыс халқының өз егемендігін емес, өзінің құлдығын қорғап қалғанын байқар еді. Наполеон бір сөзінде: «Мен Россияда көтеріліс жасап, Романовтар әулетін құлатып, орыстарға конституциялық жүйені орнатып бере алар едім. Алайда орыс «халқының» «деңгейін» көргеннен кейін, бұл ойымнан айнып қалдым», ‑ дейді. Наполеонды талқандап, Парижге барып қайтқан орыстың дворян офицерлері өздерінің нені күйреткенін сонда барып түсінген. Вольтер былай дейді: «Мен сізді иттің етінен жек көремін. Бірақ сіздің пікіріңіздің жарық көруіне бар күшіммен атсалысамын» («Я ненавижу вас, но я сделаю все, чтобы вы высказали свое мнение»). Сөз бостандығы, жалпы адамдық ерік жайындағы не деген биік түсінік! Ал 1812 жылы Россияда мұндай сөз бостандығының көлеңкесі де жоқ болатын. Содан кейін де Россияда ешқашан сөз бостандығы болған емес.

Наполеон алдына нендей мақсат қойғанын, орыстардың неден қорғанғанын және нені жеңгенін осыдан‑ақ шамалай беріңіз.

Біз Толстойдың шығармашылығын сөз етіп отырып, халықаралық саясатқа кіріп кеттік. Олай болса, осы бонапартизмнің сырын, табиғаттың мән‑мағынасын түсіндіріп беріңіз.

Бұл – үлкен келелі әңгіме. Сондықтан келесі сұхбатымызда жақсылап әңгімелейтін тақырыбымыз осы болсын.

Келістік.


ТОЛСТОЙ, ПУШКИН ЖӘНЕ БАСҚАЛАР… (сұхбаттың жалғасы)

Сонымен, Толстой және бонапартизм…

— Толстойдың орыс қана емес, әлем мәдениеті үшін кім екенін түсіндіру үшін әуелі жаһандану мәселесіне қысқаша болса да шолу жасайық. Себебі жаһандану (глобализм) жайында билмейінше, орыс империясының не екенін, оның адамзат тарихына еткен ықпалын және осы орыс империясының жыршысы Лев Тостойдың шығармашылығының, этикасының жұмбағын шеше алмайсыз. Ежелден глобализмнің екі түрі және екі орталығы болған. Біреуі – евразиялық глобализм, екіншісі – атлантистік глобализм. Парсының патшасы Құрыш (Кир) және одан кейінгі Дарьяуштар (Дарийлер) жүргізген соғыстар – бұлар евразиялық жаһандану жолындағы соғыстар. Ал Ұлы Британия (Англия) және Америка Құрама Штаттары жүргізген соғыстар атлантистік глобализм болып саналады. Россияның Еуропада жүргізген саясатын, соғыстарын зер сала байыптасаңыз, оның өмір бойы Англияның одақтасы, қолжаулығы, қолбаласы, адал құлы болғандығын көресіз, өмір бойы континенттің, Еуразияның мүддесін сатып келгендігін көресіз. Еуропа елдерінің арасында қанша рет қырғын соғыс болды – Россия қашанда Англия жағында, Еуропа елдеріне қарсы соғысады. Россия өркениетті Еуропа үшін қашанда қауіп‑қатердің көзі болып келген. Мазасыз, ақылсыз, сатқын Россия – Еуропаның ең үлкен қасіреті еді. Еуропа әміршілері осы қауіп‑қатерден құтылатын бір ғана жол бар деп білген. Ол – Россияны жаулап, билеуші әулетті тақтан тайдырып, халықты мәдениетке, білімге жетілдіріп, алдыңғы қатарлы, ақылды, зиялы ел ету, осылайша орыс әулетін адамдық, кісілік, ізгілік, адалдық дағдыларына қанықтырып барып берік одақтас ету. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романындағы Речь Посполитаяның Россияға қарсы жаугершілігі осы. От қарумен қаруланса да әлі жабайы кепте жүрген жахил қауымды мәдениет кеңістігіне тарту жолындағы алғашқы талпыныстардың бірі еді. Гетман Жолкевский мен Ораз Мұхамедтің арасындағы диалогтардан сол кездегі глобалистік идеялардың деңгейін, бағытын аңдау қиын емес. Алайда поляктардың бұл жорығы сәтсіз аяқталды. Россия, мәдениетті католик империясының құрамына кірмей, сол жабайы күйінде қалды. Арада тағы екі ғасырдай уақыт өтті. Россия – әлі Англияның Еуразиядағы бесінші колоннасы. Енді тарих сахнасына арыстан тұлға, кемеңгер Наполеон шықты. Әлемдік үстемдікке тоқтаусыз жылжып бара жатқан Англияның жаугершілігін тежеу жолындағы бірінші әрекет, осы кезде Романовтар әулеті билеп отырған, үнемі екінші майдан ашып, Еуропаны арттан соғып отыратын Россияны жаулап, тағы бір рет мәдениетті ел етуге талпыну еді. Наполеонның жорығы, ол да сәтсіз аяқталады. Бірақ теңдесі жоқ сардар Наполеонды орыстың «дана» генералдары жеңген жоқ. Наполеон орыс кеңістігінің, орыс мінезінің меңіреулігінен, орыс қауымының надандығынан жеңілді. Лев Толстой 1812 жылғы соғыста орыс халқы жеңді дегенді айтады. Орыс халқы жеңген жоқ. Орыс халқы өзінің құлдығын сақтап қалды. Кейіннен Антантаның әскерінің құрамында Францияға, Парижге барып қайтқан орыстың дворян әулетінен шыққан офицерлер өздерінің кімді жеңгенін, нені күйреткенін сонда түсінген. Еуропаның асқақ мәдениетіне куә болған дворян ұлдары Россияға қайтып келгеннен кейін декабристер көтерілісін ұйымдастырғаны белгілі. Бірақ декабристер қозғалысы сәтсіздікке ұшырады, Россия элитасынан қолдау таппады.. Декабристерді атып‑асып, Сібірге айдаған патша әулеті, нәтижесінде, Ленин, Троцкий, Сталин сияқты революционерге жолықты, «Октябрь революциясына» душар болды. Міне, сіздің «Соғыс және бейбітшілігіңіздің» тасасында тұрған контекст. Толстой, бұл романды еуразияшылдық турасында, жаһандану турасында білмей жазса, надан болғаны. Себебі әдебиет ешқашан да саясаттан тыс болмайды. Бұл – нонсенс. Қандай да болмасын шығарманың артында, әйтеуір, бір саясат тұрады. Ал, жаһанданудың не екенін біле тұра жазса, онда екі есе надан болғаны. 1812 жылғы соғыстағы Россияның «жеңісі» бүкіл адамзатқа қаншама қасірет әкелді оны кейін тарихшылар анықтай жатар. Қорыта айтсам, «Соғыс және бейбітшілік» ‑ патша әулетінің тапсырмасы бойынша жазылған империялық роман. Құлдықтың жаршысы, құлдықтың жыршысы Лев Толстой бұл тапсырманы түбегейлі орындап шықты. «Данышпан қарияның» «Қажы Мұрат» деген повесі бар. Осы повесті оқып шыққанда «пайғамбар Толстойдың» иерархия жайында ешқандай түсінігі жоқ екеніне көзім жетті. Повесте Шәміл мен Николай I қатар қойылды. Олар қалай қатар тұрады екен. Шәміл – Кавказдағы мұсылмандарды кәпірге қарсы күреске жұмылдырған имам, ел қорғаған, дін ісләмнің қаншама жауын жер жастандырған ғазы. Ал «Палкин» атанған Николай I кім еді? Халқының санына ғана сенген,  әлдеқалай бақ қонған,қаншама жұрттың қаны мен қарғысын арқалаған қанішер патша. Ізгілік, адамгершілік жолында бір іс істеп, шөптің басын сындырды ма екен, сол Николай. Бүкіл өмірін сауық‑сайран, одан қалса, мұсылманның қанын төгумен өткізген қояншық Николай, сол да әдеби шығармаға кейпкер болыпты. Білетін шығарсың, Пушкиннің әйелі, ақынның басын жұтқан Гончарова осы Николай патшамен көңілдес болған. Пушкин шынына келетін болса, Дантестің оғынан емес, осы Николай патшаның былығынан өлген. Міне, осындай кәззап патшаға құдіретті Шәміл мен ержүрек Қажымұратты жалындырып қойған бұл повесть, шынымды айтайын, маған ұнамайды. Толстой Кавказ туралы түк те білмейді. Неше жыл Кавказда соғыста жүрсе де…

Таңғажайып әңгіме айттыңыз, Таласбек аға. Ал енді әдебиетті бағалайтын басты критерий‑көркемдік деген бар емес пе? Бүкіл әлем Толстойға бекерден‑бекер табынбаған шығар деймін.

‑ Әрине, Толстойдың шығармаларынан сол кез үшін озық болып саналатын бірқатар көркемдік сипат табуға болады. Алайда Еуропа әдебиеті ол кезде әлдеқайда биік деңгейде тұрған. Мысалға Толстойдың композициясын талдап, зерттеушілер таңдай қағып жатады. Айтар едім, ол ескірген композиция, қазіргі әдебиетке жарамсыз. Сол кездің өзінде, Мопассан, Мериме, Стендальдің шығармаларында Толстойдың түсіне де кірмеген архитектоникалық тәсілдер болған еді. Мысалға, кейінгі модернизмде ары қарай жалғасып, тиянағын тапқан «атмосфералық кейіпкер» («атмосферный герой») деген бар. Бір қарағанда мұндай кейіпкердің сюжетке ешқандай қатысы жоқ болып көрінуі мүмкін. Алайда ол бер жағы ғана. Алдамшы көрініс. Шығарманы оқып шыққанда барып, негізгі көңіл күйдің кілті, модус аталмыш кейіпкердің сырында екенін көрер едіңіз. Бұл – француз әдебиетінде пайда болып қалыптасқан озық үрдіс. Баяндауды өлшеусіз желдететін теңдесі жоқ тәсіо. Осы тәсілге көзі үйренген адам, кейін француздың айтулы шығармаларының, әсіресе, готикалық прозасының қыр‑сырына оңай, тез жетіледі. Толстойдан ондайды таба алмайсыз. Толстой романдары – орыстың әлеуметтік өмірінің, орыс мемуарларының әдебиетке айналған түрі. Ауыр әдебиетке. Мысалы, «Анна Каренина» романын алайық. Романның кемшілігі неде? Француздың осы тектес романын я басқа шығармасын алыңыз. Француз романындағы персонаждың реализмі – өмірге деген адал қатынаста. Француз романында ең әуелі тағдыр, соның тармақтары – «стори», «авантюра» айтылады. Шығарманың бүкіл этикасы осы тағдыр идеясына бағындырылады. Толстойда адам мен тағдыр, екеуі екі бөлек нәрсе. Мысалы, Анна Каренина қоғамның, болмыстың қиянатына төзе алмай өлді деген пікір қалыптасқан. Романның басында Толстой «Мне отомщение, Аз воздам» деген эпиграф келтіреді. Бұл – Библияның бір кітабынан алынған сөз. Құдайдың сөзі. Мағынасы: «Ей, адам. Ешкімге баға берме. Қысасты да, барақат пен ырыздықты да маған табыста. Бәрін де мен берем». Яғни, Толстой өзін Құдайдың орнына қойып, қарабайырлап айтсақ, Анна Каренинаға сын айтпа деп отыр.

Яғни, Анна Каренинаға баға бермес бұрын ең әуелі өзіңе қара дейді. Бір қарағанда керемет сөз сияқты. Алайда үңіліп қарағанда романның арқауы өте әлсіз екенін байқар едіңіз. Бүгінде бойындағы комплекстерден толықтай арылған әлдебір орыс әйелдері төсектен төсекке секіріп, бір күннің ішінде төрт‑бес еркектің құшағында болып шығатын заман туғанда, мадам Каренинаның ізгілік, моральдық проблемалары еріксіз езу тартқызады. Толстой заманында суық жүріске салынған әйелдер пойыздың астына түсіп өле берсе, Россияда әйел қалмас еді. Бұл тұрғыдан келгенде Толстойға қарағанда Ф.Соллогуб – әлдеқайда реалист. Романда бір ғана дені дұрыс кейпкер бар. Ол – Каренин. Дүниені, тағдырды боямасыз қабылдаған, жалғыз шыншыл кейіпкер.

Толстойдың осынша даңққа жетуіне не себеп?

— Толстойды заңғар көкке шығарып, күннің жанына апарып қойған – орыстың нәсілшіл, ұлтшыл, империяшыл әдебиетшілері, сыншылары. Ойымша, нағыз білімді әдебиетші Толстойды ол жайында жазылған, тұтастай комплименттерден тұратын жалпош, шылқыма зерттеулерден емес, оның өз шығармаларынан танып‑білу керек.

Толстой жалпы өмірде де қызық адам болған. Кейбір қылықтарына қарап, оның ақыл‑есінің түзулігіне күмән келтірер едіңіз. Жалаңаяқ соқаның соңында жүріп, жер жыртады. Ет жемейді. Орыс зерттеушілері оны буддист қылып көрсеткісі келеді. Толстой буддизмді түпнұсқалардан үйренбеген. Кавказдағы соғыста жараланып, госпитальде жатқанда, сол жерде емделіп жүрген бір буддашы қалмақ‑монахпен танысады. Бүкіл будда ілімін сол шаласауат қалмақтан үйреніпті. Еттің орнына шөп‑шаламнан жасалған көже, шалап ішіпті. Ақылының ауытқуы да, осы, адамның ағзасына ет арқылы баратын пайдалы заттардың, витаминдердің жетімсіздігінен болған ба деймін.

Максимилиан Волошиннің әйелі М.Сабашникова‑Волошина өзінің Парижде басып шығарған «Жасыл жылан» («Зеленая змея») кітабында мынадай бір қызық дерек келтіреді. Максимилиан Волошиннің болашақ жары, кеудесі асқақ арманға толы жас қыз Толстойдың қабылдауында болады (Қараңыз, үйіне келген адамдарды патшаның өзі сияқты қабылдайтын болған ғой). Әңгіме үстінде қыз өзінің сурет өнерімен әуестеніп жүргендігін айтады. Толстой, суреттің керегі жоқ екенін, жалпы өнер атаулының керегі жоқ екені айтады. (Олай болса, Толстойдың өзінің «ұлы шығармаларын» қайда қоямыз, отқа өртейміз бе?). Қыза‑қыза келе «данышпан қария» жалпы дүниеге келудің өзі, дүниеге жаратылудың өзі дұрыс емес екенін айтып, қызға ұрсып тастайды. Пайғамбарды көремін деп елбіреп, елжіреп келген қыз қатты стресс алып, күйзеліп, ауруға шалдығады. Осы күйінен ол екі жыл дегенде әзер арылады. Кейіннен Толстойдың маңайында жүргендердің біреуі (ұмытпасам Горький мен Чехов екеуінің бірі) Мария Сабашниковаға «шалдың айтқандарын шындық деп қабылдай беруге болмайды, сен қолайсыз бір күні барғансың ғой» дегенді айтады. Сол адам одан кейн Толстойдың маңайынан жүрмейтін болады.

Толстойға табыну індет сияқты болған. Әрбір істеген ісі, айтқаны, әрбір қимылы, демі сол сәтінде жазылып, көбейтіліп, бүкіл Россияға таратылып отырған. Оның түскен суреттері открыткада сатылатын болған. Астында құрметке толы жазуы бар, сондай сауыс‑сауыс сап‑сары фотосуреттің талайын көргенім бар: «Граф Лев Николаевич Толстой в деревне Ясная Поляна за плугом», «Его сиятельство граф Лев Николаевич Толстой на террасе своего яснополянского имения за самоваром», немесе «Его сиятельство Лев Николаевия Толстой в своем яснополянском имении принимает почетного гостя, господина N, литератора». Жанында үнемі қара юбка, сомбреро сияқты шляпа киген Софья Андреевна. Немесе «Его сиятельство граф Лев Николаевич Толстой өзінің итімен немесе мысығымен Ясная Поляна имениесінің террасасында»… Қойшы, әйтеуір сахабаның фотосуретке айналдырылған өмірі (Мұндай әдетті біздің қаламгерлер де ауысып ала бастаған сияқты. Мен екі жазушының ешкіні құшақтап тұрып түскен суретін көргенім бар).

Бізде қазақта Толстойға деген құрметтен гөрі итаршылыққа ұқсас әлдебір түсініксіз құлдық ұру, табыну бар. Бір кезде, Шәкәрім Құдайбердиев заманында Толстоймен хат алысып тұрыпты деген қауесет тараған. Толстойдың жанында Чертков деген хатшы отырған. Ол «данышпан қарияның» кірген‑шыққанын, ішкен‑жегенін, айтқан‑баққанын, шып-­шырғасын шығармай, қағазға түсіріп хаттап отырған. (Осы «керемет» мемуардың арқасында біз Толстойдың кофені сағат нешеде ішетінін білеміз). Қызық үшін Чертковтың мемуарын қайтадан қарап шықтым. Қазақ даласынан, пәленше деген қазақтан хат келді деген мәлімет таба алмадым. Мұның сыртында айтарым, Толстоймен хат алысу, қазақ үшін неге сонша биік абырой, өлшеусіз бедел болып саналуы керек.

Бірде Мұхтар Мағауин өзінің саяжайында туған‑туысқандарын, жора‑жолдастарын шақырып қонақасы бергені бар. Кім екені есімде жоқ, бір адам: «Мұқа, осы Махамбет, рас болса Пушкинмен хат алысып тұрған дейді. Осы туралы не айтар едіңіз?» ‑ деп сұрады. М.Мағауин сәл ойланып отырды да: «Әй, Махамбет Пушкинді қайтеді», ‑ деді. Елдің барлығы қыран‑топан күлкіге батты.

Ойымша, қазақ өзінің санасын жайлаған Батыстың, орыстың әдеби мифтерінен неғұрлым тезірек арылғаны дұрыс.

Шынымды айтсам, мен де күліп отырмын. Байғұс Толстойдың түгін де қалдырмадыңыз ғой. Мынадан кейін оның шығармаларын оқудың өзі қиын.

— Сен мені дұрыс түсін. Мен Толстойдың жауы емеспін. Мен оның кемшіліктерін айттым. Ол бәрібір орысы бар, орманы бар, жабылып жүріп отырғызған биік тұғырдан енді ешқашан түспейді. Оны тұғырдан түсіру кеш, себебі ол әлем жазушыларының атасы болып мойындалып қойған.

Ендігі миф, орыс әдебиетінің ең үлкен мақтанышы Пушкин есіміне байланысты.

Осы орайда мынандай сұрақ: Толстойды нәсілшіл дедіңіз. Олай болса, орыс әдебиетінің атасы болып саналатын Пушкин жайында бұдан да зор аңыздар болғаны ғой. Орыс ұғымында ұлы орыс әдебиеті, византизм, латинизмнен арылып, таза орыс тілінде алғаш рет Пушкин шығармаларының беттерінен сөйлеген ғой.

— Тілдің тазаруы тұрғысынан келетін болсақ, орыс зерттеушілерінің өздері осы күні Пушкин орыс тілін бекер тазалаған, жып‑жылмағай тіл ақырында мағынасыздыққа әкеліп соқты, бұрынғы кедір‑бұдыр болса де ескі славян (старославянский), шіркеу‑славян (церковно‑славянский) тіліміз жақсы, ол мағынаға бай тіл еді деп жүр. Әрине, мен бұл жерде бейнелеу тілінің ескіргенін айтып отырмын. Күнделікті сөйлеу тілі, ешқашан тозбайды, ескірмейді.

Осы жерде сөзіңізді бөлейін. Сөйлеу тіл мен әдеби тіл екеуінің жанасатын кездері бола ма? Әлде екеуі үнемі осылай екі бөлек жүріп, екі бөлек дамиды ма?

Қалай десем… Белгілі бір кезеңдерде тіл өнері дамып, бүкіл халықтық сипат алып, халық тұтастай сөз ұстартуға кірісетіні болады. Мысалы, қазақ сөз өнері дамығандығы осындай кезінде, біздің елімізде болып кеткен саяхатшылар, қазақтың бала‑шағасына дейін ұйқастырып, өлеңмен сөйлесуге тырысады деген дерек қалдырған. Ол кезде, шамасы, әдеби тіл мен тұрмыстық тілдің арасы аса бөліне қоймаған. Әрине, кейіннен әдеби тіл бөлек шығып, өз жолын табады, әдебиет профессионалданады. Әдебиетшілердің ішінде оратор, ауызекі сөйлеудің шеберлері сирек кездеседі. Әдебиет маманданғандықтан, жазушы қаламға машықтанып, «қолмен сөйлеуді» үйренеді. Бірақ сөйлеу тілі ұлы өнер болып қалады. Ол – әдебиеттің, өнер атаулының асыл бұлағы. Ойдың белгілі бір бөлігі тіл арқылы ғана қозғалысқа келеді, тіл арқылы ғана дамиды. Ой жүйесі тұтастай іске қосылмағанымен, күнделікті сөйлеу арқылы, белгілі бір бөлігі арқылы үнемі қызмет үстінде болады. Яғни, ой тіл арқылы үнемі тіршілік етіп тұрады. Адам күнде жаза бермейді. Бірақ күнде сөйлейді.

Акутагава, «Шіркін, жапон жазушылары өздерінің сөйлегеніндей жаза алса ғой!» ‑ деп армандаған екен.

Алайда тіл де девальвацияға ұшырайды. Айтсам нанбассың, тіл бүкіл әлемдік аумақта инфляцияға ұшырауы мүмкін.

— Қазір тілдің ахуалы қандай? Әлемдік көлемде.

— Қазір тілдің девальвациясы, инфляциясы  өзінің шыңына шықты. Адамзаттың осы уақытқа дейінгі жетістіктерінің барлығы да девальвацияға ұшыраған.

— Қалайша?

— Бүгінгі әлемдік тіл – өтіріктің тілі. Адамзат тілінде өтіріктің, жалған сөздің көп айтылғандығы сондай, қазір сөз тұтастай құнсызданды. Ақша саласында «фальшивые деньги», яғни «жасанды ақша» деген ұғым бар. Ақша айналысынан қолдан жасалған ақша табылып, аласталып жатады. Соны «жасанды ақша» дейді. Бүгінде адамзат өзінің тарихындағы ең шытырман деген бір кезеңге тіреліп тұр. Өнердегі бейнелеу тілі ғана емес, жалпы күнделікті тұрмыс‑тіршілікте, тіл араласқан жердегі сөз атаулының барлығы инфляцияға ұшыраған.

— Ол инфляциядан қалай шықпақ керек? Осы жайында ойландыңыз ба?

— Ол  ‑ ешкімнің қолынан келмейтін шаруа. Бір пайғамбардың айтқаны бар ғой, «Дүниені ұстап тұрған – өтірік, сондықтан жасасын өтірік!» ‑ деп.

Мені тағы да таңқалдырып отырсыз? Дүниені өтірік қалай ұстап тұрмақ?

— Бұл тақырыпты келесі сұхбатымызда қаужайық.

Келістік.

2006

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*