Шырғаланы қиын шеңбер

Таласбек Әсемқұлов

Әдебиет бір ұрпақпен тәмамдалмайды. Әр заманда рух әдебиет арқылы әрқилы сөз алады. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» апталығы біздің әдебиетіміздің болашағы туралы пікір айтуды жастардан өтінді. Дұрыс. Жас қаламгерлер көкейдегі ойларын ортаға салды. Енді Таласбек Әсемқұлов сол пікірлер туралы өз көңілдегілерін қалың оқырман талқысына ұсынады. Рухани талпыныс, тұрмыс, күнделікті тірлік… әдебиетке осының барлығының да тікелей қатысы бар. Таласбек Әсемқұловтың «Қазір бізде жалын да бар, от та бар…» «XXI ғасырдың екінші жартысында қазақта екі-үш-ақ жазушы қалатын шығар…» атты пікірлер топтамасына байланысты ойларын ұсынып отырмыз.

Алтын орда. 31.08.2001

Мейірхан!

«Қазақ әдебиетінің» екі нөміріне шыққан әдебиетші жастардың сұхбатын өзің де оқыған шығарсың. Маған бұл сұхбат қатты әсер етті. Газеттің бұл жақсы бастамасына мен де өз ойымды қосайын деп отырмын. Алғашында бұл шағын лебізді «Қазақ әдебиетінің» өзіне берейін деген едім. Артынша, ол жерде қайшысын жалаңдатып Әмірхан досымның отырғаны есіме түскенде, бұл ойымнан айнып қалдым. Сонымен бұл хатымды өзіңе жіберіп отырмын. Мүмкіндігінше қысқартпай бассаңдар жақсы болар еді.

Сырт көзге, ортақ бір проблеманың төңірігіне құрылмаған себепті шашыраңқылау болып көрінгенімен, бұл сұхбатты тұтастырып тұрған бір нәрсе бар. Ол – жастардың мүмкіндігінше риясыз ой бөлісуі, сыр ақтаруы.

Ізімізді басып келе жатқан іні-қарындастарымыздың әдеби көзқарастарына қатысты ойларымды әзірге ірке тұрып, осы сұхбатта қылаң берген, қазақтың өткен ғасырдан «мұра» болып сүйретіліп келе жатқан ең басты қайғысы – баспана проблемасы жөнінде айтайын. Баспана – бүгінгі қазақ үшін Гамлеттік сауал, ол аз десеңіз, баспана – қазақ үшін философиялық, онтологиялық проблема.

Сұхбатты оқығанда, панасыз, кіріптар халде жүрген бауырларымның ақырын ғана шаққан мұңын ұққанымда жүрегім ауырды, бір кездегі өзімізді көргендей болдым.

Біздің алдыңғы толқын ағалар, әдебиеттің ақсақалдары, есеймеген күйі қартайған әдеби шалдар ақыл айтқыш болды. Әңгімелесе қалсаң, әрқайсысы жеке-жеке жүріп ұлтқа тірек болыпты. Сондай бір ұлтқа тірек “болған ақсақалмен сөйлесе қалғанда” осы қазақ өз жерінде жүріп неге баспанасыз, советтің заңында айтылған теңдік пен ынтымақтастық қайда?” деп сұраған едік. (Әңгіме Совет заманында болған еді). Сонда жаңағы “данагөй” қария “Зато біз 70 жыл бойы гуманитарлық тұрғыдан дамыдық” деген еді. Әрине, шылғи өтірік. Ұлт қамын жеген шын азаматтың бірді-екілі шығармасы болмаса 70 жылдық “гуманитарлық дамудың” нәтижесі, әне, күресінде жатыр. Ешкім оқымайды, ешкімге керегі жоқ. Совет Одағының құрамында, дәлірек айтсақ жаңа сипатта құрылған орыс империясының құрамында өткізген 70 жылдық өмір —  ойсыз өткен, зая кеткен өмір дер едім. Өйткені, сондай мәнді, саналы өмір сүрген болсақ, мына бүгінгі жоқтық, бүгінгі панасыздық қайдан келді?

Және бір әдеби қариямен дастархандас болғанымыз бар. “Біз не көрмедік, өмір бойы репрессияның астында келе жатырмыз” деп кеш бойы жылаумен болды. Ары-беріден соң “репрессияның” анығына жеттік. Әуелі кандидат болыпты. Содан соң доктор болыпты (Әйтеуір, бірдеңенің докторы, есімде жоқ). Енді, әне-міне академик болмақ. Алты рет үй ауыстырған. Ауыстырған сайын бір баласы, немесе немересі үйлі болып отырған. Соңғы кірген үй — Алматының ақсүйектер тұратын орталық шаршысында екен. Алты бөлмелі! Яғни, кандидаттық, докторлық, содан соң академиктік атақпен (ал оның көп үзамай академик болғанына ешқандай күмәніңіз болмасын) одан соң алты пәтермен “репрессияланған”. Міне, сондай да сондай кептер болыпты, “ардагер” ағамыз ұлт үшін, алаш үшін етігімен су кешіпті, осындай “қорлықтан” өтіпті. Сол дастархан басында, он жеті жылдан бері бала-шағасын арқалап үйсіз жүрген бір жігіттің, “қорлықтан” қартайған ардагер қарияның жүзіне көзі жасаурай қарап, «Шіркін, сіздің көрген қорлығыңыздың ширегін маған берсе ғой» деп жұртты ду күлдіргені әлі есімде.

Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір ағамыз Алматының жиһаз өндіретін фабрикасында жұмыс істеді. Өмір бойы. Жігіттік алау шағы өтті — үй жоқ. Қарасақал кемел кезі өтті — әлі пәтерде. Енді ақсақалдық кез келді — баспанадан нышан жоқ. Сақалы сапсиып пәтерден пәтерге көшіп жүргенін көргенде ұялатынбыз. Әрине, кезекте тұр. Бірақ, отыз жыл тұрған ол алмайды, Москвадан, немесе Ресейдің кез келген түкпірінен қаңғып келген, кезекке бір ай да түрмаған сілімтік орыс алады.

Бір күні сол ағамыз “Балалардан ұялып біттім. «Папа, елдің бәрінде үй бар, біздің үйіміз қайда?» деп сүрайды” дегені бар-тын. Күндердің күнінде ағамыздың жолы болды. Жоқ, үй алған жоқ. Алматының түбіндегі Калинин колхозының бір тұрғыны ағамызды үйелменімен үйіне кіргізіпті. Қанша тұрсаң да өзің білесің, тек ақшаңды уақтылы төлеп, үйді таза ұстасаң болды депті. Міне, елуден асқан шағында ағамыз, біраз уақыт қуғын-сүргінсіз тыныш өмір сүрді. Жалдайтын жақсы пәтер табудың өзі бақыт екен ғой.

Ең ғажабы, сол ағамыз үй алды! Адам айтса нанғысыз нәрсе! Ақыры соңында түйе құсап сорайып жүрген сол ағамыздан бастықтардың өздері ұялса керек, “қой, екі жылдан кейін пенсияға шығады, үйсіз кетсе ұят болар” депті. Сонымен ағамыз қаланың шеттеу жерінен төрт бөлмелі (!) үй алды. Әлі есімде, ауылдан ту бие, бірнеше қой алдырылды. Төрт бөлменің төртеуінде де ұланасыр той болып жатыр. Сонда ағамыз “Таласбек, саған шынымды айтайын, түк те қуанып отырғам жоқ. Әрине, үкіметке, бастықтарға рахмет. Балаларыма несібе болады. Бірақ өз басым селт етпеймін” деген еді.

Бұдан артық не айтуға болады? Үй оған алаулаған жастық шағында, ел көрші, тұрғыластарымен сыйласатын азамат кезінде керек еді. Тастан қалаған төрт қабырғаны аңсаумен өмірі өтіпті. Міне, осындай кеп!

Тағы бір әңгіме айтайын. Бірде жолым түсіп мәдениет министрлігінің қарауындағы бір жатақханаға бардым. Дәлізде ығы-жығы аяқ киім, балалардың велосипедтері. Барған үйімнің тоғыз жасар баласымен әңгімелескенімде. Алматының біз білмейтін талай сырларына куә болдым. Көшенің балалары “үйі барлар” және “үйі жоқтар” болып бөлініп төбелеседі екен. Үйі барлар — әлбетте, орыстар, және бірді-екілі қазақ. Ал үйі жоқтар — кілең қазақ. Төбелескенде кім жеңеді деп сүрадым. «Әрқалай» деді сұхбаттасым. “С переменным успехом” деді содан соң жымиып. Сол кеште, сол жерде естіген көп әңгіменің бірі: осы жатақханада туып, бала-бақшаға, содан соң мектепке барған, содан соң институт бітіріп, ақыры осы жатақханада ұзатылған және осы жатақханада әлі тұрып жатқандар бар көрінеді. Бұл қазақ қоғамында ғана кездесетін феномен.

Үйге қайтып бара жатқанда дәліздің еденіндегі тесікке аяғымды тығып алып сындырып ала жаздағаным әлі есімде. Аяғымды суырып қарағанда астыңғы қабатта жүрген адамдардың төбесін көрдім. “Бір айдан бері осылай болып тұр, — деді досым ыңғайсызданып, — ничего, плотникке айтылды. Жөндейді”.

Біздің ұрпақ, қазір қырықты орталап тастаған замандастарымның дені осы панасыздықтың тозағынан өткен. Байбота досым жарты өмірін пәтерде өткізді. Әңгімелесе қалсаң жарқылдап, дүр болып тұратын. Бірақ ішінде қандай иттің өліп жатқанын жүрегіммен сезетінмін. Алайда, тілекші болғаннан басқа біздің қолдан не келеді? Әрине, жетті, алды. Бірақ көңіліне қаяу түсті ғой. Менің тұрғыластарымның көбі осы Алматының жалдамалы пәтерлерін ақтап жүріп ақын болды, жазушы болды, бала өсірді.

Қалайша осылай болды дейтін шығарсыз. Оның себебі көп. Әрине, ең басты себеп — орыстың бұратана халықтарды кіріптар халде ұстауды көздеген империялық саясаты. Алматы, Қызылжар, Целиноград, Қарағанды сияқты ірі қалаларға қазақты қоныстандырмау жайында Кремльдің арнайы жарлығы болыпты, оны кейін естідік. Бірақ Кремльдегі қариялар сызып берген сызықтың, шаршының ішінде талай мәселені шешуге болар еді. Осы жерде қазақты өзінің, дұшпанға, жатқа кетсе де қазаққа бұйырмасын, бұйырса маған ғана бұйырсын дейтін мысық тілеуі, қысқасы отарлық “дәурен” кезінде қалыптасқан ең анайы ментальдік сырқаттары сүріндірді.

Біз, өнерге, әдебиетке 80-ші жылдардың басында келген ұрпақ Жұбан Молдағалиевтің алдын көре қойған жоқпыз. Екі мерзім төраға болған Олжасты көрдік. Алдына бара алмайтынбыз. Біріншіден, үнемі шетелдік іссапарларда жүреді. Екіншіден, есігінің алдында хатшы дегеннен гөрі қарғылы күзетші деуге лайық екі адам отыратын. Біреуі — осы күні оппозиционер болғансып жүрген, қазіргі саяси жүйемен күрескенсіп жүрген Бигелді Ғабдуллин. Екіншісі, әйтеуір бір “әдебиетші”, кім екені есімде жоқ. Бұлардың сыртында Одақты сауын сиыр қылып алған әдеби қариялар әулеті. Ошарылып жатыр. Одаққа кірмек түгілі маңайын бастырмайды. Әдеби фондтың тек қана әдебиетшілерге тиесілі пәтерлері осы әдеби қариялардың балаларына, немерелеріне бүйырып кете береді. Ал сен келсең, пәтерге кезекке тұру үшін Одақтың мүшесі болуың керек дейді. Ал мүше болу үшін… бес-алты кітап шығару керек. Ал баспаның тақырыптық жоспарына еніп кітап шығару үшін танымал жазушы болуың керек. Ал танылу үшін жазған дүниелерің газет-журналға көптеп басылуы керек. Енді газет-журналдың басында отырған қырыс төрелерге барасың. Ол жерде “әңгімең (немесе өлеңің) жақсы екен, бірақ…” дейді. Тұйық шеңбер! Екі ғасыр Ресей империясының жетпіс жыл большевиктік империяның құрамында болғанда қазақтың бар тындырғаны – бір-бірінің бетін қайтарудың, қазақ ісін болдырмаудың технологиясын ғана меңгерді.

Сол өткен өмірден бір әфсана. Алпыстан асып, жетпісті алқымдағанша әлі желігі басылмаған, әлі серілікпен жүрген бір қаламгер ағамыз, өзінің кезекті қатынынан таяқ жеп қуылып, яғни Жазушылар Одағының және бір пәтерін сол әйелге “подарить” етіп Олжасқа баспана сұрап барыпты. Сонда Олжас “Ақсақал, сіз Одақтың қанша пәтерін харап қылдыңыз. Кезекте тұрған пәтерде қаңғырып жүрген қаншама жас ақын-жазушылар бар, соларды неге ойламайсыз? Қысқасы, қалтамнан суырып беретін пәтерім жоқ. Кешіріңіз, депті. “Мен енді қайда барамын?” депті жазушы ағамыз. “Жазушылар Одағының демалыс үйіне барыңыз. Ақылдасайық. Көрейік” деп шығарып салыпты Олжас. Міне, осындай да қариялар болған. Әрине, махаббат деген Құдайдың жіберген ерекше сыйы, әлемдегі ең ұлы өнер туындыларының өзегі. Оған еш дауымыз жоқ. Тіпті, кезекті әйеліңізбен арадағы хикметіңіз Тургенев пен Полина Виардоның, немесе Шопен мен Жорж Сандтың арасындағыдай биік көңілдестік дейік. Бірақ сіздің “асқақ махаббатыңыздан”, сарғайған сары үміт соңында арманы, алауы өлген, Құдайға жалбарынып әне-міне жетемін-ау деп отырған жас (жас емес-ау, жастық шағы өтіп кеткен жасамыс) жазушы, немесе ақын неге жапа шегу керек? Біздің “классиктер” қаншама жас қаламдастың тағдырын тапап кетті — бір Құдайға ғана аян.

Сексенінші жылдардың басында Кәдірбек Сегізбаевтың “Біз қалада тұрамыз” атты кітабы жарық көрді. Кітаптың ішіндегі осы аттас шығарманы оқып қатты әсерленіп едім. Әлбетте, бұл повесть сын тарапынан ешқандай баға алмады (өйткені біздің “ұлы” әдебиетіміз, “ұлы” сынымыз тек “өресі биік” шығармаларды ғана елеп-ескереді ғой).

Әдебиетке елеусіз ғана келіп, аталмай қалтарыста қалған бұл повестің ең басты жетістігі — осы біз әңгіме етіп отырған, ұлттың ең сырқат проблемасын барынша биік өреде жаңғыртуға тырысуында еді. Бас кейіпкер осы өзіміздей-ақ адам. Баспанасыз. Пәтерден пәтерге көшіп жүргенде иіс тиіп баласы өледі.

Мен бұны үлкен көркемдік жетістік деп бағалаймын. Себебі, мен үшін адам тағдырынан тыс көркемдік жоқ, және адам басынан биік қазына жоқ. Есімнен мынадай бір оқиға кетпейді. 1992 жылдың аптап шілдесі. Ескі ақшаның құнсызданып, тұрмыстан береке кете бастаған кез. Сол құнсыз жалақының өзі үш-төрт ай кешігеді. Алматыда жайнаған жаз. Бірақ көңіліміз құлазыңқы, ертеңгі күнімізді ойлап қобалжимыз. Жазушылар Одағының алдында бір қаламдас досыммен ұшырасып қалдым. Көр-жерді көңілсіз әңгімелеп, біраз тұрдық. Осы кезде жанымызға тағы бір адам келді. Қазақтың белгілі философы, “ұлт қамын” жеп жүрген дегдарлардың бірі. Осының алдында ғана қазақтың әйгілі бір өнерпазы дүниеден қайтқан еді.

— Естідіндер ме, Пәленше қайтыс болыпты, – деді философ ағамыз, сәлемімізді алғаннан кейін. – Дүние! Қазақта енді ондай ұл туғанша қайда-а!

— Естідік, — деді досым селқос қана. – Артын қайырлы қылсын. Қайғырып тұрмыз.

– Енді ондай ұл туғанша қайда-а-а! — деді тағы да философ ағамыз…

Содан соң досым екеумізге сынай қарап ащы жымиған. Алдыңғы сөз аз көрінсе керек, — Ондай ұл енді мың жылда да тумайды! — деді нығарлай, шегелей.

Ондай ұлдың енді тумайтынына біз кінәлі сияқтымыз. Ағамыздың шатақ іздеп тұрғаны мағлұм болды.

Досым мәдениетті, білімді, оригинал, адамды құрметтей білетін, бірақ басынып басқа шыққанды ауыздықтай да алатын адам еді. Философтың бетіне барлай қарап сәл тұрды да, — Грузиннің бір фильмі есіме түсіп тұр, — деді, – Бір грузин мынадай бір тост айтады. “Такого человека не было, не будет, и не надо”. Сол грузин айтпақшы, ондай ұл енді тумай-ақ қойса, сол жалғыз экземпляр күйіне кетсе жақсы болар еді.

— Інім, бұнымен не айтқың келеді? — деді философ шатынап.

— Ол әншіңіздің үйі бар ма еді? — деді досым, сұраққа сұрақпен жауап беріп.

Философ аңырып қалды.

— Бар! — деді досым нығарлап,– Студент кезінде Алматының ортасынан ойып тұрып үй алған. Содан соң дүниені жалпағынан басқан. Осы қазақтағы бар атақтың барлығын алған. Сондай дәрежеге жетіп өлген адамда не арман бар?

— Тұра тұр! — деді философ есін жиып.

— Ал менің үйім жоқ, — деді досым бастырмалатып, — Мына кісінің де үйі жоқ, — Иегімен мені меңзеді. — Барар жер, басар тауымыз жоқ. Мысалы, менің бүгін қонатын жерім жоқ. Таңертең ғана хозяйкам милицияны алып келіп, заттарымды ауланың сыртына шығарып тастады. Күні бойы жетім бұрышта әйеліміз екеуміз пәтер іздедік, — Досым суық жымиып философтың иығына қолын салды, — үйіңізге қондырыңызшы.

— Қарағым-ау, сен не оттап тұрсың өзі? — деді философ айқайлап, — Мен қазақтың ұлы өнерпазы өлді деп қайғырып тұрмын ғой!

— Демек өз қайғыңызды айтып тұрсыз, — деді досым жайбарақат, — Ал мен… өз қайғымды айтып тұрмын. Құдайы шынымды айтып тұрмын. Пәтер тауып алғанша үйіңізге тұрғызыңызшы.

Философ пана іздегендей маған қарады.

— Мына баланың есі дүрыс емес шығар. Я отказываюсь что-либо понимать!

— Олай болса сол өлген өнерпазға қабырғаңыз қайысып қайғырып тұрғаныңыз да өтірік, — деді досым, философтың жүзіне мейірлене қарап, — Сіз менің қайғымды, менің мүңымды құлағыңызға ілгіңіз келмейді, өлген өнерпазға қалай қайғырасыз? Оныңызға қалай сенеміз?

Сөзі таусылған философ, айта түс дегендей досымның бетіне ажырая қарап, тырс үнсіз қалды.

— Жауап беріңіз, — деді досым.

— Сен бәрін өзіңмен өлшеме, бауырым, — деді философ.

— Енді кіммен өлшейін? — деді досым, — Сізбен өлшейін бе? Ал, өлшейін. Сіз, бес минутсыз докторсыз. Занды-заңсыз жолмен , алған пәленбай пәтеріңіз бар. Пәтер аспаннан түспейді, яғни пәленбай адамның несібесін жеп кеткенсіз. Заң жолымен алған бір әйеліңіз, жасырын ұстайтын қырық тоқалыңыз бар. Жағалай қонақ болып, көңіл көтеріп, бел суытып жүресіз. Бес-алты, яки, жеті-сегіз жерде жұмыс істейсіз. Қалтаңыз толған ақша. Сізбен өлшесем — дүние керемет. Бірақ мен сізбен өлшей алмаймын. Мен өзіммен ғана өлшеймін.

Философ қолын бір сілтеп жөніне кетті.

— Қатты айттың ғой, — дедім күліп.

— Жек көрем, — деді досым, — Быттиған, қытығы жоқ беттерін, болпиған денелерін көргенде құсқым келеді. Ненавижу! Өлгендерге ғана қайғырады бұлар. Ал жанында жүрген тірі адамға қолының ұшын да бермейді, өлгелі жатсаң аузыңа су тамызбайды, ұлттың атын былғап бітірді.

Досым шылым тұтатып, көгілжім түтінді немқұрайлы тамашалап, сәл тұрды. Содан соң, бетіме мұңая қараған.– Әрине, таңертең үй-ішіне көңіл айтып шықтым, өзімше қайғырам, қазақтың бір өнерлісі еді ғой деп. Бірақ, қатын-баламды кешке қайда қондырарымды білмей дал болып, басым қатып тұр, сол себепті, сол өнерпаздардың соңынан қара жамылып, көрге бірге түсе алмаймын. Құдай кешірсін.

Жазушылар Одағының алдында болған осы шағын спектакль есіме түскенде әлі күнге дейін түршігем. Әрине, досым да, мен де баспанаға қол жеткіздік. Көрген қиыншлыкіқ бір күнгідей де болмай ұмытылды. Бірақ көкейімнен “Біздің сондағы кебімізді киіп, талай жас жазушы жүр-ау” деген ой ешқашан кетпейді.

Әрине, біздің жолымыз болды. Ал жолы болмағандардың халі нешік болыпты? Менің Арыстан Хасенов деген қолөнерші, және Лесбай Оспанов деген ақын досым болды. Екеуі де пәтердің жолында … өлді! Нанасыз ба?

Арыстан пәленбай жыл Мәдениет министрлігінің табалдырығын тоздырып үй сұрады.

Ақыры бүйрек ауыруы асқынып, емделе алмай көз жұмды. Өлімі куәландырылғаннан кейін барып артындағы жесіріне үш бөлмелі пәтер берілді. Ал Лесбай достым өмірінің соңғы жылдарын бала-шағасымен телевидениенің бір бөлмелі жатақханасында өткізді. Бауыр ауыруы асқынып өлді. Артында қалған қатын-бала өлдім-талдым деп қазынаның кеңірек үйіне қол жеткізіпті. Әрине, басшылыққа, әкімшілікке рахмет. Бірақ өлген азаматтың орны тола ма? Міне, шыққыр көз осыны да көрді ғой.

Ал біздің ақыл үйреткіш әдеби қариялар… әлі ақыл үйретіп жүр.

Бірде сондай бір әдеби қарияны “Қаламгер” кафесінде алқалап, рюмкесін дәміл-дәміл толтырып, қызмет қылғанымыз бар. Сонда буын-буыны босап, елжіреген қарт, үйсіз жүрген жастардың әңгімесін, — Оны қоя тұрындар, – деп қайырып тастап, — Біле-білсеңдер Хэмингуэй… — деп бір өнегелі әңгіме бастады. Бұрын да білетін едік, әйтсе де бүкіл әлем жұртшылығы білетін әңгімеге құлақ түрдік. Хэмми көп қиыншылық көріпті (оның көрген қиыншылығы біздің мына бүгінгі жастардың панасыздығын ақтайтын сияқты). Пивнушкада (дәл осылай деді) тұрып жазыпты. Содан, күндердің күнінде талмай еңбек етіп жүріп батыс әлеміне танылыпты, байыпты, пәленбай вилла салдырыпты, яхтасы болыпты. — Сонда, жарықтық Хэмми, — деді әдеби қария көзіне жас алып отырып, — Сонша мол байлықтың ортасында бәрібір орындыққа отырмай тұрып жазады екен. Баяғы пивнушкадағы әдеті ғой.

 

Кейін шетелде де болдық, “пивнушканы” да көрдік. Күні бойы, түні бойы отырсаң да ешкімнің шаруасы жоқ. “Пивнушканың” үстінде пәленбай қабат мейманханасы бар. Ай жатасың ба, жыл жатасың ба, соқа басың ба, әлде үйелменіңмен келесің бе — ешкімнің шаруасы жоқ. Ол жақтың бір кереметі — жамбас ақының ақылға сиымдылығы. Орыстың кемпірлері сияқты пәтер ақыны ойша белгілей салмайды, қалыпты баға, оны қадағалап отыратын полиция бар. Және бұл – өркениетті Батыстың нағыз өзі емес, бергі жағы, дамымай қалған шалғайы болып саналатын Босния-Герцеговина еді. Әрине, бұндай «пивнушкада» отырып біздің де жастар жаза алар еді деп ойлаймын.

 

Сұхбатты оқып отырып жастардың бойынан екі түрлі мінез байқадым. Бірі – ойындағысын ірікпей айта салатын, басқаның мұқтажына иіле білетін таза қазақы мінез. Бұл ретте маған Думанның айтқан сөзі ұнады. Баспанаға жете алмай жүрген досының қам-қарекетін өзінікіндей көріп айту — пейілді адамның белгісі.

Екіншісі — досқа жақсы сөз, жарым ырыстың өзін қимайтын, азаматтық пікір айтатын сын сағатта шығарыпсалма құрғақ ақыл айтып құтылатын тар мінез. Заманы бірдің бәрі ұрпақ емес. Ұрпақта бауырмалдық, ынтымақтастық болуы керек.

 

Замандастарына ақыл үйретем деп тым алысқа кетіп қалған ақыл үйретушілерге, бірнеше көйлекті бұрын тоздырған, көргені көптеу адам ретінде мен де біраз ақыл үйретейін. Маралтай мен Оралтайға, немесе Әмірхан мен Жарасқа баспана, әдебиетші болған себепті керек емес – осы өздеріңдей-ақ Қазақстанның тең құқықты азаматы болған себепті (ұмытпасам, біздің Конституциямызда “ҚР- ң азаматы баспана иеленуге құқықты” деген арнайы бап бар), арысы — адам баласы, тіршілік иесі болған себепті керек. Базарбек бауырым, баспанада тұру — жалпы адамға, оның сыртында көптеген тіршілік иелеріне тән нәрсе. Сенің замандастарыңа берген “жауабынды” оқып отырғанда көзіме Одақ төңірегін күзетіп жүретін, елдің барлығына ақыл айтатын әдеби қариялар елестеп кетті.

Бұл сенің өз сөзің бе, әлде ар жағында біреу тұр ма – білмеймін, білгім де келмейді. Баспанаң бар ма, жоқ па – білмеймін. Болса — құтты болсың, болмаса — алуыңа тілектеспін. Бірақ ағаң ретінде айтайын, замандастарыңа айтқан бұл “ақылың” қалтаға салып, сыртқа шығармай сақтайтын нәрселер.

Баспанасыз жүргендер заманның барған сайын қатайып бара жатқанын, ахуалдың қиын екенін сенің ақылыңсыз-ақ біледі. Қазіргі жалақымен мәңгі-бақи үй ала алмайтынын және біледі. Баспананы шарасы таусылғандықтан сұрап отыр. Айтқан сөзіңнен замандастарыңа, достарыңа деген ешқандай мейірім көре алмай отырмын.

Құйтұрқыларынан ажырат айтқан “ақылыңның” ар жағынан “Өлмесең өмірем қап!” деген жалғыз ауыз сөз шығады. Көңіліңе келсе де айтайын, бұл — өмірде қиыншылық көрмеген, өмірді теориядан, кітаптан таныған адамның сөзі. Өмірінде қиындықты көп көрген, қайғы-қасыретті көп шеккен адам басқаның қайғысына иілгіш болады.

Айтайын саған — осы әдебиет төңірегінде жүргендердің ілуде біреуі болмаса, ешқайсысы қазынаның үйін ақшаға сатып алған жоқ. Барлығы да сұрап алды. Классигі де, басқасы да. Өз замандастарыңа “еңбек етіп сатып ал” деген алабөтен талап қойғаныңа түсіне алмадым.

Білмесең айтайын, қазақ әдебиетінде баспана алудың ежелден қалыптасқан төмендегідей жосықтары бар: біріншісі — қалалық әкімшіліктің кезегіне тұрып, кезегі жеткенде алу, екіншісі – Жазушылар Одағына бөлінетін баспана лимитінен алу; үшіншісі — әкеден, атадан қалған баспананы мұралану; төртінші, жаңа заманда пайда болған жол — ғайыптан спонсор тауып, соның ақшасына алу.

Ескі жүйе құлап, жаңа низам енді қалыптасып жатқан аласапыран, бейуақта әдебиетке келген, казармадан казармаға, жатақханадан жатақханаға көшіп жүрген замандастарың — осы жосықтың бірде-біреуіне іліне алмай қалғандар.

Мемлекет осы біздің жалақымыздан алған салыққа, ягни біз төлеп отырған салыққа, және басқа табыс көздерінен зейнеткерлерді асырауға, және үй салып, баспанасыз жүргендерді баспанамен қамтамасыз етуге – міндетті. Сондықтан Маралтай мен Оралтай, Әмірхан мен Жарас үй сұраса, оның еш сөкеттігі жоқ, өзінің занды құқығын сұрап отыр деп ойлаймын.

“… Енді көркем шығармаларды негізінен әдебиет маңында жүргендер оқитын болғандықтан, олар мамандардың көңілін көншітетін деңгейде жазылуы керек. Бұған “Мен шедеврлерді” дүниеге әкелетін едім, әттең үйім жоқ, күйім жоқ…” деген уәж жүрмейді”, “Алдымен жағдай, содан соң…” деген жоққа дәлел бола алмайтын сияқты…” деген пікір айтыпсың.

Хош. Бірақ «Ат шаппайды, бап шабады» деген мақал да бар, естіп пе едің? Мен айтқан сөз емес, атаң қазақтан қалған сөз. Совет заманында, біздің классиктерімізге, пәленбай бөлмелі пәленбай баспананың өзі аздық ететін. Жылына бір-екі рет Москва түбіндегі Переделкино, немесе Қырымдағы Көктебеге барып жазатын.

Ал жастардың бар сұрағаны — мейлі бір бөлмелі, әйтеуір баспана. Бұның несі сөкет?

Мысалға, Толстойдың бай иелігі болған, не ішем, не кием демеген. Ештеңеге аландамай жазған. Тургенев те Баден-Баден сияқты курорттарда жылдап демалып жатқан. Ештеңеге көңіл бөлмей жазған. Мүмкін Достоевскийдің тағдырын алдыма көлденең тартарсың. Иә, білем. Чердакта, каморкада тұрған, кредиторлардан қашып жүрген. Бәрін де білем, оқығанмын. Сол Достоевский сондай жоқшылықта жүріп, өресі Толстойдан биік шықты. Оны да білем. Бірақ сол Достоевскийде Толстойдың дәулеті болса тағы да талай ғажайып, мүмкін. “Ағайынды Караматовтардан” да өрелі шығарма жазып кетер ме еді, кім біледі? Күнделіктегі жазбаларына қарағанда, сойы, біз білгеннен де биік сияқты ғой.

Біздің жастарды орыс классиктеріне теңеу— әбестік дерсің. Келісем. Тең емес… Мысалы Маралтай — Толстойға тең емес. Бірақ шеберлік тұрғысынан ғана. Ал адамдық құқық тұрғысынан — тең. Себебі, бәріміз де Құдайдың құлымыз.

Мынадай бір оқиға. 1987 жылдың көктемінде орыстың бір топ қайраткері, ішінде бірнеше жазушы да бар болуы керек, Америкаға барып, халқының құқығын айтамын деп, қамауға алынған үндіс Пелтиердің хал-жағдайын біліп қайтты. Келгеннен кейін, Пелтиердің жатқан жері күйсіз екен, аш екен т.т.т., а, дариға үндістердің тағдыры не деген аянышты еді деп, «Аһ» ұрып мақалалар жазды. Дәл сол кезде желтоқсан оқиғасына қатысқан бауырларымыз бен қарындастарымыздың алдыңғы лебі абақтыда азапталып жатқан. Сонда ойға қалдым. Бұл не керемет? Өз «үндістерін» қырып-жойып, адамдықтан айырып, мал дәрежесінде ұстағысы келетін орыстың бұнысы несі? Бұл не махаббат? Қайта өзінің ынтымақтасы Америкаға барып, үндістеріңді тыпыр еткізбей ұста, кейін жер дауы болмасын десең, бесіктегі баласына дейін қырып сал деп неге ақыл үйретпейді?

Нигилизмнің үлкен-кішісі болмайды. Базарбек бауырым «Сол уақыттың жазушысы мен оқырманы. «Акутагава неге у ішіп өлді? Хэмингуэй неге өзін-өзі атып тастады? Есенин неге өзін мерт етті? Гаршин неге ақылынан адасты?..» деген сауалдардың жауабын іздеп, бас қатыратын болады» деп тізбелеп кеп кеткенде жоғарыдағы оқиға есіме түсті.

Иә, шынында да осы мәселені күндіз-түні ойлайтыны, о дүниелік болып кеткен сол ақын-жазушылардың тағдырын ойлап көкірегі қарс айрылатыны көрініп тұр. Бірақ, мен Акутагаваның неге у ішіп өлгенін, Есениннің неге өзін-өзі мерт еткенін… білгім де келмейді. Әрине, қабырғам қайысады, әлі де біраз жүре тұрса дүниеге тағы да талай жақсы шығарма туар еді деп қайғырам. Бірақ, өлгені өліп кетті, тірінің салауатын ойлайық. Пәленше мен Түгенше неге атылып, асылып, у ішіп өлді деп бас қатырғанша, қандас, нәсілдес бауырларымыз бен қарындастарымыз неге баспанасыз жүр, оларға қалай көмектесуге болады – осыған бас қатырайық.

Орыста “Таланттарға көмектесу керек, талантсыздар өздері-ақ бұзып-жарып шығады” (“Талантам надо помогать, бездарности пробьются сами”) деген тамаша мәтел бар.

Базарбек бауырым, қолдан келсе таланттарға көмектесейік. Және сөзбен емес, ақыл айтып емес — нақты іспен. Ал көмектесе алмасақ, тымқұрмаса көңіліне қаяу түсірмейік.

Үйсіз-күйсіз жүрген адам үшін баспана — кінәмшіл тақырып. Сондықтан, болашақта, әр сөзінді ойланып сөйлегеніңді қалар едім.

Жанында жүрген, осы өзіңдей-ақ адам, сондай-ақ арман-мүддесі бар, кеудесінде осы сенікіндей ауыратын жүрегі бар адамның, достың (!) мұң-мұқтажына иілмеу, иілу былай тұрсын, өзі жеткеннен кейін күле қарау, жүрген жерінде мазақ қыла жүру біздің ұрпаққа – қырықты орталағандарға аға буыннан, әдеби қариялардан жұғып еді. Және бұл заманнан келген сырқат емес. Заман дейтін болсаңыз, ол — ит басына іркіт төгілген совет заманы болатын. Басқа нәсілдер советтік жүйені сарқа пайдаланды. Пайдалана алмаған, дәлірек айтқанда бір-біріне пайдаландырмаған жалғыз қазақ қана шығар. Безбүйректік, бір-біріне мейірімсіз, қайырымсыз болу сияқты ұлтты тұралататын азғын әдет осы бізбен, біздің ұрпақпен кетсе екен деуші едім. Жоқ, кетпепті. Бізден өтіп жастарға жұғыпты. Әрине, өкінішті.

Осынша сөйлегенім үшін кешірім өтінбеймін. Себебі бұл баспанасыз жүрген қазақ баспана тапқанша жырлана беретін тақырып.

Енді, жастардың әдеби ойларына байланысты бір-екі ауыз пікір айтайын (бұған бөлек мақала арнау артықтау болар).

Байқағаным, жастарда асып сөйлеу бар. Бұны жастыққа тән романтикалық пафос деп түсіндім. Мысалы, Жарас бір сөзінде “Біз қалқанқұлақ бір қырғыздың баласы ертеңгі күні әлем әдебиетінің мұрнын тесіп, жетектеп жүрмесіне кепілдік бере алмаймыз” дейді. Айтматовқа меңзеу, Жарас бауырым, Айтматов XX ғасырда пайда болған, дәлірек айтқанда қолдан жасалған көп әдеби мифтердің бірі ғана. Айтматов ешқашанда әлем әдебиетінің “мұрнын тесіп” жетелеп жүрген емес. Содан соң әлем әдебиетін неге жетелеп жүру керек? Бұл антагонизм рухында тәрбиеленген, міндетті түрде жеңуді көздейтін мәдениеттің инерциясы. Өнер мен әдебиетте, жалпы жақсыда жаттық жоқ, бәсеке жоқ. Маралтай бауырым да бір ағасының сөзіне жүгініп былай дейді: “Бір ағамыз “Француздар мен ағылшындар біздің поэзиямызды ана тілімізде оқи алса, сендер басқа тірлікті бізге беріп, өлеңдеріңізді жазыңыздар дер еді. Олар мәдениетті халық қой” — деп әзілдейтін”.

Ағаның аузымен айтылса да — астам сөз. Әрине, адам бойында белгілі дәрежеде ұлттық мақтаныш сезімі болуы керек. Бірақ ол сезім астамшылыққа айналмау керек. Менің ойымша, жастар әлем әдебиетін тереңірек меңгерсе, бұндай ойдан аулақ болар еді.

Маралтай бауырым, және бір сөзінде «…Алайда, қазір қолында ақшасы бар кез келген адам кітабын шығарып, және оны жарнамалай алады. Бұл қауіпті. Әдебиет атқораға айналмауы керек” дейді. Ақша төлеп кітап шығаруды нарық әкелді. Бұл жерде кітаптың сапасын әңгіме ету, оның қауіпті екенін айту — әбестік, себебі, бұл жерде нарықтың “ақша — тауар” деген қарапайым бірақ мызғымас механизмі жұмыс істеп тұр. Әрине, нарық бәрін орнына қоюы керек еді. Алайда олай болмай шықты, керісінше графомания жаңа тыныс алды, жаңа биікке көтерілді (нарық стихиялы түрде дамиды емес пе). Жалпы идиотизм мен графоманияның психологиясын түсіндіріп беру мүмкін емес. Сондықтан бұндай нәрселерге жүйке тоздырып керегі де жоқ шығар.

Жарас, қанды ұрыстарга қатысқан өткен заманның ақын-жазушылары жайында әңгімелей отырып былай дейді: “Қалай десек те олардың өз отанынан шалғайда жүріп болашақ шығармаларына тін-өзек іздеуге ұмтылыс жасағанын біз жоққа шығара аламыз ба?” Сәл-пәл ғана түзету. Жазушыда ең әуелі жазуға деген қабылет болу керек.Соғысқа барып келгеннен көркем шығарма туа салмайды. Әрине, майдан, соғыс — жаңа әсер, жаңа тәжірибе. Алайда, шын суреткер өмір мен өлімнің тәжірибесін өзінің ішкі дүниесінен жаратады. Мысалға, біздің майдангер жазушыларымыздың мемуарларын, роман-повестерін оқып отырғанда қан менен қасыреттің лебін сезе алмайсыз. Неге? Себебі, майдангерлердің ішінде бір де бір ірі суреткер жоқ. Әрине, қан кешкен ұрпақ, бірақ түйсінгенін жеткізе алмаған.

Байрон түріктерге қарсы соғысқа қатысуды, гректерді қорғауды христиандық парызы санаған (олар, кәпір қабиласы, королінен бастап ең соңғы есік қақты құлына дейін христианшыл ғой).

Хэмингуэй Испаниядағы, Еуропадағы соғыстарға өз еркімен барған. Баруым, қатысуым — парызым деп санаған. “Қош бол, майдан!”, “Сені жоқтап күңіренген қоңырау” сияқты тендесі жоқ шығармалары жолшыбай, осы майдан әсерлерінен жазылған.

Думанның “Мәңгі жасайтын өнер, Акутагаваның әңгімесіндегідей, құрбандықты талап етеді. Бірақ екінің бірі ондай “ерлік” жасай алмасы анық. Ал, құрбандықсыз ұлы өнер туындысын жасай қою қиын” деген пікіріне келісе алмадым.

Акутагаваның бір әңгімесінде әлдебір сарай суретшісі өз қызының өліміне себепші және куә болады, артынан сол көргенін суретке айналдырады. Бұл әңгіме жаңылмасам “Тозақ” деп аталады. Думанның айтып отырғаны осы әңгіме шығар деп шамаладым. Осы жорамалым рас болса, онда Думан әңгіменің байыбына терендей алмапты. Акутагаваның айтып отырғаны – суреткердің өнер алдындағы адалдығы. Жазушы бар болғаны бұл идеяны асқындырып, гипертрофия дәрежесіне жеткізіп бейнелеген. Шығарма сайын құрбандық шалу шарт емес. Жауыр болған ақиқат болса да айтайын — өміршең шығарма тек қана еңбекпен дүниеге келеді.

Дәурен Берікқажының аударма жайлы пікірі қатты ұнады. Өзі аудармашы болуы керек. Тәржіма жайында мазасыз ой үстінде жүргені көрінеді. Бізде тікелей аударма өнері шынында да ақсап тұр. Біз орыс тілінен ғана жақсы аударамыз. Совет заманында батыс тілдерінен тікелей аударудың бірді-екілі сәтсіз эксперименттері болған. Мысалы, Медеубай Құрманов “Фаустты” тікелей неміс тілінен аударды. Алайда аудармашы — ақын емес еді. Сол себепті аударма ақындар сарабынан төмен баға алды. Алматыдағы Шет тілдер институты ешқашан кәсіпқой аудармашыларды дайындамаған, тек қана шет тілдер мұғалімдерін даярлаған. Бірақ өткен ғасырда Қазақстанда әлем тілдерінен тікелей аударудың біршама биік дәрежеге жеткен мектебі болған сияқты. Абай пәленбай тіл білген. Өлендерінен есіп көрініп тұр. Одан берідегі Тұрмағамбет те шығыс тілдеріне жетік болған. “Шах-наманы” парсы тілінен аударған. Қалмақан Әбдіқадыров бір өзі бірнеше тіл білген. “Мың бір түннің” аяғында өлеңмен бата бергенде тіпті моңғол нұсқаларын аударғанын айтып кетеді. Міне, осы тамаша дәстүрді қайта жандандырмақ керек. Тәржімашы бауырымның барлық ойына қосылам.

Кейінгі кезде өзінің прозасымен көзге түсіп жүрген Айгүл Кемелбаеваның төмендегідей сыни ойларын оқығанда қынжылып қалдым. «Қоғамда дағдарыс күшейсе, әдебиетте эпигондық сипат ұлғаяды. Бұл қазіргі жас буынның бәзбірінен байқалып та жатыр. Бірақ, ол – өткінші дүние». Айгүл қарындасым эпигондықты негатив мағынада түсінеді екен. Ал, эпигондық – әдебиеттің, мәдениеттің экологиясын құрап тұрған, сақтап тұрған аса мәнді элемент. Мысалы, Боборыкин – Чеховтың эпигоны. Орыс әдебиетінің Чеховқа деген биік құрметінің белгісі, Чеховша жазудың, Чеховтың көркемдк приниптерінің орныға бастауының анық белгісі. З.Фрейд – Достоевскийдің эпигоны. Э.М.Ремарк – Хэмингуэйдің эпигоны. Қазан төңкерісінің алдындағы демократиялық бағыттағы ақындардың барлығы – Абайдың эпигоны. «Қоғамдағы дағдарыс» пен «эпигондықтың» арасында нендей байланыс барын түсіне алмадым. Эпигондық барлық уақытта қоғамның рухани деңгейін және талғамының қалпын танытатын белгі болған. Менің ойымша, эпигондық жайлы бұндай пікірдің орнығуына белгілі дәрежеде қазақ баспасөзінде етек алған әдеби сөзсайыстар себеп болған.

Келесі орайда мынадай бір ой айтылады. «Әдеби эксперимент – көбіне құрғақ еліктеуден аспайды. Ұлы мәртебелі классикалық әдебиет оны менсінбесі ақиқат». Қарындасым, «ұлы мәртебелі классикалық әдебиет» те… эксперимент. Сәтті эксперимент. Осы эксперименттің арқасында ол ұлы мәртебелі классикалық әдебиет болып тұр. Жалпы, осы дүниеде болып жатқанның барлығы – эксперимент. Ватиканда өткен соборлардың бірінде католик шіркеуінің қайраткерлері ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерін сараптай келе «жалғасып жатқан жаратылыс» («продолжающееся творение») деген принципті қорытып шыққан. Яғни, жаратылыс – жалғасып жатқан эксперимент. Демек, осы үздіксіз жаратылысты, әлі орнығып бітпеген және ешқашан орнығып бітпейтін болмысты бейнелейтін өнер, мимесис те – эксперимент.

Және бір сөзінде Думан Рамазанды сынай отырып Айгүл қарындасым былай дейді «…Еуропа әдебиетінде бүтін бір символизм ағымы бастау алатын Эдгар По мен қарапайым жазатын А.Кристиді бір деңгейде атау қисынсыз…»

«Қарапайым жазатын» А.Кристидің кім екенін атайын. Ол – әйелден шыққан Конан Дойль, Достоевскийдің төл шәкірті, оның ұлы принциптерін ары қарай дамытушы, сюжет құрудың теңдесі жоқ шебері, детектив жанрын баянды белге шығарған ұлы жазушы. Ол сомдаған мисс Марпл, Эркюль Пуаро сияқты кейіпкерлер – әдебиеттегі әділет пен ізгіліктің символы, мәңгі жасайтын бейнелер. А.Кристідің өнерінің ұлылығы – әділетті жырлауында. Тергеуде, тыңшылық істе әділет пен адамгершілік, адамға деген мейірім болса екен деген арман – ұлы қаламгердің шығармаларын көктей өтетін лейтмотив.

Детектив те адам тағдырын жырлайды. Басқа жанрлардан айырмасы – адамды экстремальдық ситуацияға қойып бейнелейді.

Базарбек бауырымның сыни толғаныстары Нострадамустың сәуегейлігін елестетеді екен. Әуелі «Әдебиет болашақта ат төбеліндей аз ғана топтың, яғни, әдебиет төңірегінде жүргендердің әңгімесі болып қалады» дейді де келесі айналымда-ақ қазақ әдебиетінде қайта өрлеу дәуірі (!) басталады деп ойын өрбітіп кете береді. Содан кейін енді бір цитата алмасқанда, қайтадан «Көркем прозаның іші емес, сырты жетіледі. Жетіле береді… Дәл сол уақытта, жазушылық, ақындық дегеніңіз ажй ғана «хоббиге» айналады», – деп тағы бір аунап түседі. Философиялық кульбит сияқты сәт сайын құбылып, аударылып-төңкеріліп тұрған пікірдің ұшығына шыққанда түсінгенім – қазақ әдебиеті тек қана әдеби әулеттің ісі болып қалады екен, және сол кезде қайта өрлеу (!) басталады екен. «Бәлкім, XXI ғасырдың екінші жартысында қазақта 3-4 жазушы, 5-6 ақын қалатын шығар» дейді сәуегей бауырым. Бұрынғы нөмірлерінің бірнешеуінде «ҚӘ» «Алдағы ғасырда кім оқылатын болады?» деген сауал тастаған. Базарбек бауырымның бұл прогнозы сол сауалға кешігіп болса да берген жауабы сияқты. Бірақ мен, мына пендеңіз, мүлдем басқаша ойлаймын. Менің ойымша, қазақ, көкірегінде намыс қалса, сонау көне замандардан тамыр тартқан және бүгінгі арнаға ұласқан байырғы әдебиетін толықтай сақтайды. Шын әдебиет – мәңгі өскелең. Әдебиеттің абыройы жазушылардың, немесе шығармалардың санымен емес – оның адамгер сипатымен, көркемдік құнымен өлшенеді. Сондықтан үстіміздегі ғасырдың аяғына қарай 5-6 ақын, 3-4 жазушы қалатын болса – ол да бір өзінше ерекше әдеби замананың көрінісі болатын шығар деп ойлаймын.

Осы сұхбаттастардың ішінде маған Дәурен Қуаттың айтқан пікірлері ерекше әсер етті. Форманы талдау арқылы мазмұнды тану – біршама биік өреге көтерілген сыншылық қабілеттің айғағы. Мен Дәуренге сыннан қол үзбе және мысалдар келтіре отырып талдауды әдет қыл деп кеңес берер едім.

Қорыта келе айтарым – жас әдебиетшілерден ортақ құлшыныс, әдебиет сияқты көркем әлемге деген шын ықылас танытып отырмын. Бұл жақсы нышан. Және бір айтарым – әдебиеттің 1 проценті ғана талантқа тәуелді, ал қалған 99 процені білімге, үздіксіз жетілуге және еңбекке тәуелді. Сондықтан айтарым, табиғаттан дарыған қабілетке ғана сенбей, талмай оқыңдар, әлемдік мәдениеттің жауһар қазынасынан мейілінше сусындаңдар.

Аға ұрпақ іні ұрпаққа осыны ғана өсиет еткен.