Кәрі күйші

(«Талтүс» романның жалғасы)

Таласбек Әсемқұлов

Әскери билеттi алғаш көргендей аударып-төңкерiп ұзақ қараған.
— Қанша уақытқа келдiң?
— Бiр айдай уақытқа, — дедi Әжiгерей.
Комиссар шалқая бере мырс еттi.
— Менiң тарихымда болмаған нәрсе. Осы Баршатасқа военком болып келгенiме аттай жиырма жыл болды. Келгенде осы өзiң сиякты өрiмдей жас едiм. Шенiм лейтенант. Мiне, қазiр капитанмын, — Иығындағы погонға немқұрайды иек қаққан, — Осы жиырма жылдың iшiнде, бiр ай демалысқа келген адамның, өзi запастағы солдаттың әскери есепке тiркелгенiн бiрiншi рет көрiп отырмын. Тәртiптi екенсiң. Жақсы солдат болған болуың керек. Рахмст, бауырым, — Үстелдің суырмасын ашып төрт қырлы мөрдi алды да сияға болар-болмас тигiзiп құжатқа тарс еткiзiп соққан, — Мiне, үйiңе қайт, демал. Қайтарыңда тағы бiр күніңді арнарсың. Мен болмай қалсам хатшы қыз учеттан шығарып береді.
Сыртқа шыққан Әжігерей сағатына қарады. Тоғыз жарым. Автобустың келуіне әлі бір жарым сағат бар. Жеңгесінің тапсырған көр-жер заттарын алмақ болып орталыққа қарай жүрген. Дүкен ашық екен. Жасыл бояумен баттастырып боялған ауыр есікті ашып ішке кіргенде, ақсары өңді, мол денелі сатушы әйел алдында жалбарына сөйлеп тұрған еркекке қолын бір сілтеп бұған ықыластана қараған.
— Не аласың, қайным?
Әжігерей сөреге көз тастады.
— Сіздерде бұрыш бар ма?
— Бар. — Сатушы таразының ыдысына бiрнеше пакетті қойды, — Таңдағаныңды ал. Украинаныкi бар. Өзбекстандікi бар.
— Гармдори, — дедi манағы еркек пакеттiң жазуын оқып жағына сөйлеп, — Ол не сөз екен?
— Қызыл дәрi деген сөз, — дедi Әжiгерей, — Бұрышты солай деп атаған. Кейбiр қазақтар да солай дейдi.
— Ойпыр-ай, ә, — дедi сатушы әйел ернiн сылп еткiзiп, — Қанша жыл сауда жасағанда осы сөздi түсiнбей қойып едiм. Бiр-ақ минутте түсiндiрiп бердің ғой, қайным.
Сатушының сәл жұмсарғанын сезiп қалған еркек бастырмалата жөнелген.
— Қаншайым, бершi ендi бiр жарты.
— Бермеймiн, — дедi сатушы түсiн iлезде суытып.
Еркек екi шекесiн қолымен ұстап қасіреттене тiл қатқан
— Басым сынайын деп тұр.
— Басың маған десе түсiп қалсын, — Сатушы Әжiгерейге бұрылды. – Ал, аласың ба? Қаншасын аласың?
Әжiгерей таң атпай осындай кепке түскен адамға көз тоқтатып қараған. Орта бойлы, арықша. Ашаң, қылаң өңдi. Сақал-мұрты көктұқыл. Көзiнің түсi оңып кеткен.
Үстінде көнетоз көк пиджак, бұтында тізесі шығып кеткен салтақ-салтақ қара шалбар. Қолдары дір-дір етеді. Әжігерейдің бойында осы адамға деген бір түсініксіз аяныш пайда болды.
— Жеңеше, құйып беретініңіз жоқ па еді? – деді сатушыға. – Мен-ақ төлейін ақшасын.
— Бұны қайтейін деп едің, қайным-ау? – Сатушы әйел Әжігерейге кейип қараған.
— Әй, Қаншайым, молодой человек құйып берейін деп тұр, онда сенің нең бар? – деді көзінде тіршілік нышаны пайда болған еркек, — Сенің жұмысың сату.
— Құйып беретін бұл ресторан емес, — Сатушы жозының үстіндегі таразының тасын қолына алып еркектің жүзіне қарап ызалана күлген, — Мынаумен бір періп басыңды жарса обал жоқ-ау.
— Жарайды онда, бір шиша қызыл шарап беріңіз, — Әжігерей сатушының алдына үш сом ақша қойды, — Менің есебімнен.
— Түф, қоймадың ғой, — деді сатушы әйел. Байпаңдап барып жәшіктен бір шишаны алды да, жозының үстіне тарс еткізіп қойды —  Мә, іш атау кереңді.
— Рахмет, бауырым, — Еркек шарапты алақанында салмақтаған күйi терезеге бет алды. Дүкен iшiнде тыныштық орнады. Бөтелкенiң ашылғаны, шараптың лақылдай құйылғаны естiлiп жатыр. Артынша “Қха” деген дыбыс шықты.
— Тастады, жарықтык, — дедi Әжiгерей ақырын ғана.
— Оңбаған, — дедi сатушы әйел мол денесiмен селкiлдей күлiп, — Дауасыз.
«Қха» деді тағы да еркек.
— Биiк қарқында ішеді екен, — дедi Әжiгерей шыдай алмай қыстыға күлiп.
— Осы оңбағанмен бiрге оқып едiм, — дедi сатушы әйел, — Жiгiттің төресi едi ғой. Ал қазiргi түрiн қарашы. Бейбақ. Әйелi күнде келiп, бұған арақ сатпаңдар деп құдайдың зарын қылады. Тағдырға дауа бар ма. Азаматтың абыройын төгем десе оп-оңай екен ғой.
Әжiгерейдiң сұраған заттарын өлшеп, қаттап алдына қойды.
— Алты сом елу екі тиын.
Әжiгерей жозының үстiне жетi тенге тастады.
— Не қызмет iстейдi?
Сатушы әйел қолын сiлтедi.
— Түк те жұмыс iстемейдi. Жұмысы осы, мiне. Кезiнде мәдениет үйiнiң менгерушiсi болған. Домбырашы едi.
Әжiгерей елең ете қалды,
— Домбырашы дейсiз бе? Аты кiм?
— Жұман.
Әжiгерей сәл аңырып қалды.
— Тұра тұрыңыз… Бұл кай Жұман?.. Баяғы… әлгi… Астапыралла! –
Қорқақтай терезеге бұрылған. Ол да берi қарап тұр екен. Екеуiнiң көзі түйісті. Еркек мейiрлене бас изеген.
— Иә, жарығым. Мен сол Жұманмын, — Оң аяғын сылти басып бұның жанына келдi. — Ал сен… Әжiгерейсiң. Мен сенi бiр көргеннен таныдым.
— Амансыз ба, — дедi сасып қалған Әжiгерей.
— Ой, шiрiк! — дсдi жүзi кенет қызарып, көзiне кiлк етiп жас шыққан еркек. – Күйшiлер осылай амандаса ма екен? – Сәл шалқайып құшағын ашты. – Кел, жарығым. Атаңнан айналайын. Саусағыңнан айналайын.
Күйшінiң сүйектерi шодырайып әбден арыған арқасын құшақтағанда Әжiгерейдiң бойын мейiрiм мен аяныш аралас елжiреген сезiм билеген.  Артынша тоңған адамдай қалтырады.
— Қайғырма, жарығым, — дедi Жұман бұның иығынан қағып тұрып, — Осылай болды. Ағаңның жаман кезiнде кездестің.
— Ой, дуние-ай, — дедi сатушы әйел.
— Жүр менiмен, — дсдi Жұман. — Бiр әңгiмелесiп қалайык. Сені енді қашан көрем.
Екеуi сыртқа шыққанда күн найза бойы көтерiліп калған екен. “Бүгінгідей таң қалмаспын” дедi Әжiгерей iштей, Жұманмен бiрге иiр-иiр көшелердi аралап келе жатып.
— Кешiр, қарғам, — дедi Жұман бұған жалына қарап, — Мен жаман, сенi тiптi үйiме де апара алмаймын. Менiң қорлығымды көрмей-ақ қойсын дегенiм ғой. Ренжiме, жарығым.
— Өйтiп қарғанбай-ақ қойыңыз, аға, — дсдi Әжiгерей, — Бәрiн де түсiнем.
— Бұл Мәдениет үйi, — дедi Жұман алапсадай үлкен, көк шатырлы үйдiң алдына келгенде, — Осында отырамыз.
Iшке кiрiп дәліз бойлап біраз жүргеннен кейін бүйірдегі бір есікті ашты. Едәуір үлкен бөлменің төрінде қалай болса солай үйе салған музыкалық аспаптар. Әжігерей домбыраның біреуін алып аударып-төңкеріп қарай бастады.
— Осы ауданның оркестрі ғой, — деді Жұман екі орындықты бір біріне қарсы қойып жатып. – Менен жерімеген екі-ақ адам бар осы ауылда. Біреуі осы Тыныштық. Екіншісі манағы дүкендегі Қаншайым.
Әжігерей тағы бір домбыраны қолына алды.
— Оларыңнан ештеңе шықпайды, — деді Жұман, — Қой оны. Менің таңдап қойған ерекше домбырам бар, — Бұрышта тұрған кішкентай шкафты кілтімен ашып, құндақтаулы бір домбыраны суырып Әжігерейге ұсынған, — Міне, мынау тәуір.
Фабрикадан шыққан аспап болса да әбден күтiмде, бабында екенi көрiнiп тұр. Жұқа етiп жұмсақ лак жағылған. Құлақтарын қатты ағаштан ұзын, сом етіп жасаған. Ақырын шертіп көрді. Алқоңыр бұрауда тұр екен. Ішекті алақанымен уыстай ұстап қиғаштай сықырлата бұрап қоя берді. Қайтадан шертіп көрді. Бұрауы өзгермепті.
— Өзгермейді, — деді бұның әр қимылын қалт жібермей қадағалап тұрған Жұман, — Алқоңыр, яғни, сендерше айтсақ «ля-ре» бұрауында тұр.
— Әбікеннің бұрауы «ля-ре»-ден биіктеу, — деді Әжігерей.
— Әбікен ешкінің жіңішке ішегін емес, қойдың жуан ішегін таққан, — деді Жұман, — Сондықтан алқоңырдан сәл биіктеу қылып бұраған. Шынымды айтайын, саған риза болып тұрмын. Ішектен уыстап ұстап ары-бері ырғауды ескі шеберлерден ғана көріп едім.
— Ішектің отырған-отырмағанын солай тексереді ғой, — Әжігерей тағы шертіп қалды, — Әлі шамырқанып тұр.
— Ал, жарығым, — деді Жұман кеудесін кере демалып, — Арманым сенің күйіңді тыңдау еді. Сол арманыма бүгін жеткен сияқтымын. Шерт!
Әжігерей қапелімде не тартарын білмей ойланып отырып қалды. Бұндай күйшінің алдында қандай күй шертуге болады? Домбыраның бұрауын болар-болмас көтерді. Төменгі буындағы қашаған перне мен жетім пернені шешіп алып тастады. Емірелі пернені бір елі кері қарай шегіндірді.
— Бәрекелді! – деді Жұман риза болып, — Ішекке қол тигізбесең де күйді ести бастағандаймын.
«Иә, сәт!» деді Әжігерей іштей тебіреніп. Содан соң саусақты домбыраның бетіне көміп жіберген.
Жұман қабағы күреңітіп, боталаған көзін домбыраға қадаған күйі қатты да қалды. Күйді құлақпен ғана емес, көзбен, бүкіл тәнімен тыңдап отырғандай. Күй шертіліп бітті.
— Шіркін… – деді Жұман.
Даусы сәл қарлығыңқы естілді. – Шіркін, қасіретті де судай етіп ішуге болады екен ғой. Рахмет, жарығым. Арқама қанат біткендей болды ғой.
Орнынан тұрып бөлмені ары бір, бері бір кезіп өтті. Орнына отырды. Әжігерейге жүзі нұрлана қараған.
— «Зар Қосбасар». Тәттімбеттің Күшікбай байдың алдында шерткен жұбату күйі. Тағы да… тағы да шерт.
Бұл жолы «Жайсары Қосбасардың» үш тарауын біріне-бірін тіркестіріп тартты. Өмірінде бұндай жайлы, бұндай шешен домбыраны сирек ұстапты. Ары-беріден соң ішек пен саусақ бір-біріне кірігіп бір тәнге айналғандай, дыбыс домбырадан емес, саусақтың ұшынан төгіліп жатқандай.
Үш күйден кейін «Қырмызы Қосбасармен» күрмейін деп еді. Жүрегі дауламады. Оның орнына «Көкейкестіні» қозғаған. Жұман орнынан тұрып терезенің алдындағы орындыққа теріс қарап отырды. Күй шертіліп болғаннан кейін де терезеден сыртқа қараған күйі қозғалмай отыра берді. Не заматтан кейін ақырын ғана жөткірінді. Дауысы күңгірлей естілді.
— «Қырмызы Қосбасардан» шертші.
Әжігерей, босап сәл жылжыған бірнеше пернені орнына қойып, түйіп байлады. Содан кейін Жұман сұраған күйді бар бабымен, бірде-бір бояуын шашау шығармай тартып шықты.
Бөлме ішінде сілтідей тыныштық орнады. Жаңа ғана танысқан екі адам бірін-бірі өмір бойы білетіндей, сөзсіз ұғынысқан, бір ғұмырға созылған әңгіме енді ғана аяқталғандай… жо-жоқ, үзілмей әлі жалғасып жатқандай… үнсіз қалды.
Соңыра автобусқа шығарып салып тұрып, құшақтап көкірегіне басқан.
— Мен күпірлік айтқан екем, — деген сәл күрсініп, — Күй бар екен. Өлмепті әлі. Құдайға тәуба. Мен енді кімге ақыл үйреткендеймін. Әйтсе де, айтарым, Әжігерей жарығым, осы бетіңнен танба. Домбыраңнан айырылма.
Әжігерей не жауап айтарын білмей қатты қиналды. Өмірдің талқысын көп көрген адам кінәмшіл, шамшыл болады.
— Сізбен… осындай жағдайда кездесем деп ойламаппын, — деді ақыры.
— Қиналмай-ақ қой, жарығым, — деді Жұман, — Не айтқын келгенін түсініп тұрмын.
Шылым тұтатып, ойланып біраз тұрды. – Енді бір өтініш,  – деген одан кейін, — Мен үшін емес, өзің үшін. Тіпті өзің үшін емес – бәрімізге ортақ күй үшін. Осы қайтысыңда «Сарықамысқа» ат басын тіре. Сол ауылда Атығай деген күйші тұрады. Әлі тірі деп естимін. Асқан домбырашы. Сол адамға сәлем бер. Соның білгенін алып қал.
— Ал, енді, домбыра тартпады деп ренжіме, — деген одан кейін қолын ұсынып тұрып, — Домбыраны ұстауға… жүрегім дауаламас еді. Кейін дәм тартса, басыма жақсы күн қайта орнаса. Кездессек… сонда өнерімді көрсетермін.
Автобус белгі берді.
— Аман бол, жарығым, — деді Жұман.
— Сіз де аман болыңыз, — деді Әжігерей, — Сау болыңыз. Жақсы күнде кездесейік.
Автобус көшенің басына шыққанда бұрылып артына қарады. Жұман екі иығы салбырап сұлқ тұр екен. Жүрегі шымыр ете қалды. Одан кейін артына бұрылған жоқ.


Аңызақ желдің өтіне орналасқан «Сарықамысқа» жеткенде аспанды қара бұл қаптап сіркіреп жауын жауа бастады.
— Енді көзіміз ашылды ғой, — деді манадан бері пора-пора терлеп қиналып отырған қартаң әйел.
Жасыл көйлегінің омырауын ағытып көлдей орамалмен терін сүрткен,
— Жарықтық, күздің күні де осындай ыстық болады екен. Тура шілдеден жаман.
— Бағана радиодан айтты ғой, отыз сегіз градус болады деп, — деді бір жігіт.
— Е, құдайдың күні де бұзылайын деген ғой, — деді Әжігерейдің жанында отырған қария, — Баяғыда бәрі де ретімен болушы еді. Бұл кезді шыбынсыз жаз дейтін. Жанға жайлы рахат күз болушы еді. Боқырауға жетіп жығылатын.
Автобус ауылдың ортасындағы дөңгелек алаңқайға тоқтап,  жұрт дүрлігіп түсе бастағанда нөпір жауын құя жөнелген. Төңірек ілезде қараңғы тартты. Сәлден кейін автобус кетіп қалды. Жалғыз қалған  Әжігерей жауынның темір шабақша піскілеген екпініне шыдамай, бүкшеңдеп, мойнын ішіне тартып жан-жағына қаранды. Найзағай жарығымен шағын ауылдың үйлері буалдырланып көрінеді. Маңайдың бәрі сары-жалқын қайнап жатқан лай су. Найзағай тағы бір жарқ еткенде қол созым жерде тұрған бір үйді көрді. Кімнің үйі болса да кіріп паналай тұрайын деген оймен солай қарай беттеген. Маңдайшасына «Асхана» деген жазуы бар шаршы қаңылтыр қағылған көк шатырлы үйдің есігі құлыптаулы екен.
Біреудің  дауыстап шақырғанын естігендей болды. Дүние тағы да жасыл сәулеге бөккенде әрегіректе тұрған қора ма, әлде бұзылған күй ме – қалқаның астында бір адамның бұған қол бұлғап тұрғанын көрді, сүріне-қабына солай қарай тұра жүгірді.
— Кел, қарағым, — деген орта жастағы адам жүгіріп жеткен Әжірейге жол беріп жатып, — Түу, малмандай болыпсың ғой. Адам үйінен бір қадым шықса мүсәпір деген. Қауымдасып, ел болып отырайық енді. Жауын қазір басылатын шығар.
Шағын қораның түп жағында бір жігіт темекі тартып отыр. Сигаретінің күлін қағып, бұған қуақылана тіл қатты.
— Асхананың есігін бекер тарттың. Ол есік мен көргенде екінші дүниежүзілік соғыстан бері ашылмаған күйі тұр.
— Қайдан келе жатырсың, қарағым? – деді орта жастардағы адам.
— Әскери учетка тұрайын деп Баршатасқа барып едім, — деді Әжігерей. – Айғызға қайтып бара жатырмын.
Жейдесі денесіне жабысып тоңази бастады.
Енді неғып түсіп қалдың?
— Сарықамыста бір жұмысым бар еді. Айтпақшы, сіздер осы ауылдың адамысыз ғой. Атығай ақсақалдың үйі қай шамада?
— Атығай дейсің бе? – Орта жастардағы адам төмен қарап ойланып қалды, — Әй, білмеймін-ау. Мен фермада тұрам. Мына Қадыржан осы «Сарықамыстың» адамы. Осы білмесе.
— Ол шалың не қызмет істейді? – Жігіт темекісін өшіріп орнынан тұрды.
— Білмеймін.
— Олай болса мен де білмеймін, — деді жігіт жымиып, — Атығай деген бір адамды танимын. Ерте қартайып кеткен. Бірақ шал емес. Осы ауылдың моторисі.
— Ол адам домбыра тартпай ма? – деді Әжігерей. Сұрағының келеңссіз екенін келесі сәтте-ақ  ұққан. Орта жастардағы адам мырс етті.
— Барып жездемнен сүйінші сұрайын. Түйе үстінен  ит қабатын жаман еді, оны да іздейтін адам бар екен, — деді Қадыржан қарқылдай күліп.
Содан соң күлкісін ілезде тиды. Қораптан тағы бір шылым алып тұтатты.
— Бауырым, іздегенің сол Атығай болса, онда адасып келіпсің. Жездеміз болған соң қалжыңдай береміз ғой. Бірақ ол домбыра ұстап көрген адам емес еді. Рас айтам.
— Аттас біреу болуы мүмкін, — деді орта жастардағы адам.
— Басқа адам болса білмеймін, — деді Қадыржан, — Менің білетінім осы кісі.
Жауын басыла бастады. Жөңкіле көшкен бұлттың арасынан күн көрініп, жаңа ғана сұрқай тартқан дүние қайтадан жайнап сала берген.
Қораның бұрышын айналып сиыр  жетектеген бір кемпір шықты.
— Мынау Бәтіқан апа ғой, — деді Қадыржан, — Бір білсе осы кісі білетін шығар.
— Әже, амансыз ба, — деді Әжігерей.
— О не, балам? — Әжей бұның бетіне тосырқай қараған, — Танымадым ғой, қай баласың?
— Сіз танымайсыз. Айғыз жақтан келген бала, — деді Қадыржан дауыстап, — Сізге сәлем беріп тұр.
— Е, маған сәлем беруге Айғыздан келіп пе? – деді әжей, — Өркенің өссін, балам.
— Бұл ауылдың барлығы осындай қылжақбас, — деді орта жастардағы адам.
— Апа, бұл бала Атығай деген адамды іздеп келіпті, — деді Қадыржан айқайлап, — Домбыра тартатын шал дейді. Сондай адамды білесіз бе?
— Жынды Атығайды айта ма? — Әжей Қадыржанға құлағын тосқан, — Не дейді? Дұрыстап түсіндірші. Айғызға жындыларды жинап жатыр дей ме, не дейді? Оларды не істемек екен?
Әжігерей, әжейдің уытты қалжыңына шыдай алмай күліп жіберген.
— Құрдас болуы керек, — деді орта жастардағы адам, — Құрдастардың қалжыңы қатты болады ғой.
— Ол көксоққанды кім білмейді, — деді әжей. – Сәтті күні келген екенсің, балам. Сол Атығайға қосып, осында тамам жынды бар, бәрін ала кетші. Құдай тілеуіңді берсін.
— Ол кісіні қайдан іздеймін? – деді Әжігерей.
Әжей сабырлы қалпын тапты.
— Қалжыңдағаным ғой балам. Көңіліңе алма. Атығай атаң ауылдан аулағырақ, әкесінің ескі қорасында тұрады. Былай қарай қиыстай жүрсең, — Күн батысты меңзеген, — Бір шақырымдай жер жүрсең сол Атығайдың қорасынан шығасың. Жолың болсын, балам. Бәтіқан сәлем айтты де.



Ұзыннан ұзақ тоқал там. Таммен жарыстыра салған қора-қопсы. Қоршау жоқ, алаң-ашық. Есіктің алдындағы ошақ көлкілдеп суға толып кеткен. Әжігерей үйге кірместен бұрын далаға тағы бір көз тастады. Күн әлі бұлыңғыр. Байсалды өңір бусанып керіліп жатыр. Тағы да жауын жауатын шығар деді іштей.
Есікті ашып ішке кірген кірген Әжігерей дәліздің қараңғылығына көзі үйрене алмай недәуір тұрып қалды. Содан соң қабырғаны жағалай жүрген. Дабыр-дұбыр дауыстар естілді. Қолына тағы бір тұтқа ілінді. Есікті екі жұлқып әзер ашып қараңғылау және бір бөлмеге кірген. Бөлмеде екі адам бар екен. Бірі төрдегі қалың бөстектің үстіне қонжия қонған, кеудесі есіктей, қызылсары өңді қария. Екіншісі төменірек, шай құйған кәрі әжей. Екеуі де аңтарыла қараған.
— Ассалаумағалейкүм, — деді Әжігерей.
— Әліксалам, балам, — деді қария, — Кел, төрлет.
— Төр осы, – Әжігерей аяғын шешіп қарияның алдына тізерлей тұрып қос қолдап сәлем берген, — Амансыз ба, ата. күйлі-қуаттысыз ба, — Бүкшиіп отырған әжейге бұрылған, — Бақуатсыз ба, әжей.
— Бәрекелде-е – деді қария, риза кейіппен сақалын тараштап отырып, — Кемпір-ай, шайыңды демдеп жібер. Қонағың тоңып келген сияқты.
Алдындағы кесені аузына апарып бір ұрттады, — Қайдан келе жатқан баласың, әңгімеңді айта отыр.
Шай ұзаққа созылды. Қария үстел үстіндегі шағын табақ қуырдақ пен үйіліп жатқан құрт-май, бауырсақты Әжігерейге қарай әлсін-әлсін жылжытып, қонағы жеген сайын  қауқылдай қолпаштап, өзі де кесесін тоқтатпай жұмсап үсті-үстіне ішкен. Әжігерей аузын сипап дастарханнан шегініңкіреп отырғаннан кейін де самарқау күйді бірнеше кесе шайды төңкеріп тастады. Қоңыр барқыт пенжегінің қалтасынан көрпенің үлкендігіндей орамалын алып, асықпай баппен сүртінді.
— Ал балам, айдалада отырған Атығайға бостан-босқа келмеген шығарсың. Бұйымтайыңды айт.
Әжігерей, сабырмен сөз тосып отырған қарияның жүзіне қарап сәл отырды. Содан кейін айтатын сөзін орағытпай айта салған.
— Ата, сізді домбырашы деп естідім. Сізден күй үйренейін деп келдім.
— Оны кім айтты? Менің домбырашы екенімді қайдан біледі екен?
— Жұман деген кісі айтты.
Қарияның қабағы дір ете қалды. Келесі сәтте Әжігерейдің жүзіне мысқылдай қараған.
— Әй, қарағым-ай. Біз домбырадан қалғалы қашан. Жұман дұрыс айтады. Кезінде домбыраны шалдық. Кең даланы серуендеп жүрдік. Бірақ кезінде. Ал қазір… қазір, қай бір күйіміз тасып тұр дейсің. Айтайын саған, домбыра ұстамағалы жиырма жыл болған шығар.
— Баладан өнеріңді аяйсың ба, — деді осы уақытқа дейін үнсіз, шай құйып қана отырған әжей, — Алдыңа әдейілеп келіп отыр.
— Әй, кемпір-ай, — деді қария сәл қозғалақтап қойып, — Домбыраны қайта қолға алған, өлген аруақты тірілткенмен бірдей. Бір аяқ көрде, бір аяқ жерде, енді ит қайтқанда қалай дидәкү бол дейсің.
Шалдың сөзінен Әжігерейдің жүрегі май ішкендей кілкіді. Терезеге қараған. Қас қарайып қалыпты. Көзін аударып қарияның бетіне қарады. Мұртын ойлана тараштап бұдан көз алмай отыр екен. Әжігерей төмен қарады.
— Білмеймін, — деді қыстығып. – Білмеймін. Қазақ деген құла медиен дала екен. Әлі келе жатырмын. Мұратыма жетем бе жоқ па, білмеймін. Жолдың шеті көрінетін емес. Құдай көкірекке күй құйып жаратқан пенде болғаннан кейін әйтеуір бір үміт үзілмейді екен. Сол үміт адамды алға жетелейді екен. Күйқұмар ағамның сөзіне сеніп едім, келіп едім. Желкілдеген көктерек деп еді. Отқа жағатын қу томар болып шықты. Қазақтан күй кеткен екен. Ақымақ екем. Күй өз басымда екен.
Қайыра терезеге қараған. Мүлдем көз байланыпты.
— Қой, – Орнынан тұрып есікке қарай беттеді. – Есіміз барда елімізді табайық.
— Тоқта, балам, — деген қария, бұл есіктің тұтқасына қол салғанда, — Тұра тұр.
Әжігерей кері бұрылды. Атығай сүйегі сықырлай орнынан тұрып, ауырсына басып бұның жанына келді.
— Тұра тұр, балам, — деді Әжігерейдің білегінен ұстап, — Кел отыр. Сөйлесейік.
— Апырай, қатты айттың-ау. Жарайды. Сен үшін, сөзің үшін тағы бір далақтап көрейін, – деген отырғаннан кейін.
Әжейге бұрылған.
— Салиқа, баяғы домбырам қайда? Әкелші. Шам жақшы, үй қараңғы болып кетті.
Сәлден соң шам жағылып үйдің іші самаладай болды. Атығай домбыраның орауын жазып, алдына қойып бажайлай қараған. Ішексіз. Перненің сегізі тағылыпты.
— Шамның жарығын молайтшы.
Іргеден бөренедей үлкен бір нәрсені суырды. Онысы қайрақ болып шықты.
— Бақанастың бойынан әдейілеп алып келіп едім, — деді Атығай бәкісінің шаппасын ашып жатып, — Нағыз май қайрақ. Пышақтың жүзін балқытып жібереді.
Шәугімнен су құйып отырып ұзақ қайраған.  Анда-санда бір жапырақ қағазды алып тіліп көреді.
— Міне, бабына келді, — деді ақыры бәкінің жүзін шамның жарығына тақап, — Кел, балам, екеуіміз енді перненің астын тазалайық.
Үстелдiң үстiне ақ шүберек жайғызды. Домбыраны шүберектiң үстiне  қойды.
— Балам, менiң кәрi саусақтарым икемге келе қоймайды. Анау пернелердiң барлығын шешiп таста.
Әжiгерей пернелердi шешiп отырып домбыраны шапқан адамның шеберлiгiне қайран калды. Май қарағайдың шайырын ағызған екен. Шанақ пен қақпақтың арасында желімнің ізі көрінбейді.
Ата, мына жерде жік жоқ қой, — дедi шыдай алмай.
— Шалқасынан емес, етпетiнен ойылған, — дедi қария, Әжігерейдің байқампаздығына риза болып, — Қақпақты арқа жағынан желiмдеген. Ертеде небір шеберлер болған ғой.
— Ал, болды, — Әжігерей домбыраны жылжытты.
Атығай домбыраның мойнын сипалап отырып қолына бiлiнген бұдырдың барлығын бәкiмен жонып тастады. Содан кейін Әжігерейге жымия қараған. — Енді берi қара. Сен мынадай қызықты көріп пе едің?
Үлкен сары шәугiмдегi суық суды домбыраның ойығынан iшіне құя бастады. Аздан соң су домбыраның бетiне көлкiп шықты.
— Бұныңыз не? — дедi Әжігерей таңданып, — Желiмi ашылып кетпей ме?
— Сенiң бiлмейтiнiң көп әлi, бала, — дедi қария мақтанып, — Ашылмайды. Себебiн айтайын, бұл, қазiргi өкiмет шығаратын қара желiм емес, баяғы қазақтың тас желімі. Мына домбыраны қазанға салып қайнатсаң да желiмi ашылмайды. Бұл бір.  Ал ендi су құйған себебiм — домбыра қаңсып кеткен. Сенiң бiр байқамаған нәрсең осы. Келешекте есіңде болсын. Шын домбыра iшек тағылмай-ақ күңіреніп күмбiрлеп тұрады. Сен мана шанағын шертiп те көрмедің. Бұл сенiң кемшiлiгiң. Ал мен шертiп көрдiм. Домбыра күмбiрлеп емес, шырылдап тұр. Сен бұны байқамадың. Ағаш, оның үстiне шайырға шомылған ағаш, ешқашан артық су iшпейдi. Керегiн ғана iшедi. Міне, саған бiрiншi дәрiс.
— Ендi осы суымен қанша тұрады? — дедi Әжiгерей.
— Қанша тұрса да, тұра бередi. — дедi Атығай, — Ендi бұған ішек iздеуiмiз керек.
— Мынау жарамай ма? — Әжiгерей қалтасыннан бiр бума капрон iшек алып ұсынған.
Атығай iшектi ары-берi аударып, жарты құлаштайын қолына орап созғылап көрдi. Пакеттің сыртындағы балықтың суретiне көзi түстi.
– Мынауың балық аулайтын, өкіметтің ішегі ғой, — Орауымен Әжігерейге қайтарды, — Отқа жағып жіберуіңе болады. Түкке жарамайды.
Кемпіріне қараған.
— Салиқа, осы баяғы өзің иірген ішектерден ештеңе қалмады ма?
Сәлден кейін қолына тиген ішекті тамашалай қарап Әжігерейге ұсынды.
– Міне, нағыз ішек осындай болады, балам. Алты жасар ту ешкінің ішегі. Шешен. Адамша сөйлейді.
— Ал, төрт құбыламыз түгенделген сияқты, — деді Әжігерей, қария берген ішекті домбыраның бойына өлшеп көріп жатып, — Енді дәрісімізді қашан бастаймыз?
Атығай үндеген жоқ. Тек алдыға үйеме табақ ет келгенде, бәкісін ашып асықпай турап отырып самарқау ғана жауап қатқан.
— Мен сенің сөзіңе тоқтадым. Енді сен де маған мұрсат бер. Ертең ауылыңа қайт. Шамамен екі аптадан кейін мен де бабыма келермін. Сол кезде қайырылып бір соғарсың.
Күздің қара нөсер жауыны түні бойы толастамады. Қария түні бойы күрсініп шықты.

Күн алакөлеңке болғанымен тоғай іші бүк, ыссы. Құстың саңғыты, қураған жапырақ, сынған бұтақ аралас жұмсақ төсенішті жай басып алаңқайға шыққан. Шығыс жақтан Сағаның көгілдір таулары күңіреніп төніп, сарайыңды ашатын салқын жұпар самалымен бүкіл өңірді аймалап тұр. Бір жағы ұшы-қиыры жоқ даламен астасатын сілем, бір жағы қайың менен көк терек, долана, қара жиде мен ұшқат араласа өскен қалың тоғай. Ортасы Айғыз өзенінің кең аңғары. Басы қалқиған кішкентай баланы елестететін қызыл беде, тотияйындай көк қияқ, қалмақ бұршақ аталатын ақ мия, тағы да аты белгілі – белгісіз мың сан шөп күздің саумал желімен баяу тербеледі. Қалың шөптен төбесі ғана  көрініп тұрған бір түп долананың жанына барды. Осы ағашты бала кезінен білетін. Жидегі ерекше тәтті. Біреуін үзіп алып жеп көрді. Дәмі сол баяғыдай. Қураған бір жапырақты алақанына салды.
Жез қаңылтырдан ойылғандай. Желдің өтіне жанып кеткен қайран жапырақ деді іштей. Ертең… жоқ, екі күннен кейін мен неше жылдан бері іздеген бақытымды табам. Шын күйшіден сабақ алам. Екі күн… Доланаға тағы бір көз тастап ауылға қарай бұрылды. Күзде ошақтың түтіні неге тік көтеріледі екен. Әне, қыр жақтан бір адам шауып келеді. Биғожаның зиратына тақап қалғанда тізгін тартып бөктерлей төмен түсті. Тұяқтан шыққан шаң сол найзадай шаншылған күйінде қалды. Әдемі. Ұмытпасам осы жерде Ғазиз ақсақалдың омартасы бар еді ғой деді іштей. Омарта сол баяғы орнында, бес түп қара жиденің ортасындағы алаңқайда тұр екен.
Басына шілтер киген бір адам омартаға түтін салып жатыр. Тықырды естіп, бұған бұрылып шілтерін шешті. Ғазиз ақсақал.
— Ассалаумағалейкүм – деді Әжігерей, қарияның күректей алақанын қос қолдай ұстап.
— Әліксалам, — Ғазиза бұның бетіне жымия қараған, — Бағана сыртыңнан көріп қалып едім. Айналып бір соғады ғой деп едім. Жиде теріп жүрсің бе.
— Терейін деп едім, араларыңыз жолатпады. Біреуі тіпті шағып ала жаздады, – деді Әжігерей.
Ғазиз күлді.
—  Бұлардың ашуы жаман. Қалжыңды көтермейді. Өткенде бір жүгірмектер омартаны бұзып, бал алмақ болыпты. Содан аралар қуып беріпті ғой. Балалар өзенге қашыпты. Әбден таланыпты байғұстар, бір-екеуі ауруханаға түсіп қалды. Су шашып жүріп әзер тоқтаттық.
— Ал, не тұрыс. – Қария жол көрсетті. – Жүр, лашығыма қонақ бол.
Омартаның шетіндегі шағын далданың ішіне кіріп жайғасқаннан кейін, Ғазиз мосыдағы қайнап тұрған қара шәугімді үстел үстіне қойды. Үлкен тегеш, иісі аңқыған қызғылт балды Әжігерейдің алдына жылжытты.
— Мынау биылғы күздің балы.
Суыған етті кесек-кесек турап, бір таба нанды жапырақтап сындырып, дастарханның үстіне үйіп тастады.
— Ал, же. Мына шайды екеуіміз ішейік. Әжең бір кеспек балды таңертең арбамен ауылға алып кетіп еді.
— Баяғыда, біздің бала кезімізде, омартаны арбаға тиеп алып жайлауға дейін кетіп қалушы едіңіз ғой. Әлі де солай істейсіз бе?
— Жоқ. Қартайдық. Шаршадық. Балалардың бұл іске зауқы жоқ сияқты. Кейінгі жылдары осы жерден көшпейтін болдым. Осы жиденің  түбінде отырып-ақ бал жинауға болады екен. Мына жеп отырғаның жиденің балы.
Екеуі шайды үнсіз сораптап ұзақ отырды.
— Сенің атаң менің омарташылығымды ұнатпайтын еді, жарықтық., — деді Ғазиз үнсіздікті бұзып, — Шыбын өсірген домбырашы деп мазақтаушы еді. Бір-екі рет күйді дұрыс тартпайсың деп ұрсып еді. Мінезі шатақ еді ғой.
— Айтпақшы, сізден сұрайын дегенім, — Әжігерей қарияның жүзіне үміттене қарады, — Сіз Атығай деген домбырашыны білесіз бе?
— Атығай? – Ғазиз сәл ойланып отырып қалды, — Ее! Иә. Есімде, енді есіме түсті. Баяғыда, мынау Абралы ауданын таратылып бәрімізді Аякөзге қосты емес пе. Қырық тоғызыншы жылдың күзінде. Аякөзде бір той болды. Машинаның үстіне сахна құрып тамам өнерпаз өнер көрсеткені бар-тын. Сонда сол Атығай күй шерткен. Өзі де күйдің диханы екен. Ол кезде қырықтан асып елуді алқымдаған кезі. Жасы ұлғайған демесең жанып тұрған өрт. Еңгезердей бойы бар. Домбырасы осы сенің қолыңдағы қасық сияқты көрінді. Иә. Шерткіш еді ғой. Шерткіш.
Ғазиз қайран қалғандай басын шайқады. — Өзі мына «Сарықамыста» ұста болған. Бірде жолы түсіп осы Айғызға келе қалды. Біздің үйге қонақ болды. Үйдегі балтаны көріп, араның тілін білсең де, темірдің тілін білмейді екенсің деп күлгені бар еді. Содан жаңағы балтаның сабын суырып тастады да, осы ауылдың ұстасына апарып суғарып алып келді. Ойпырай, нанасың ба, сол балтамен темір шапқан кезім болды, жүзіне зәредей сызат түспейді. Сүйек шапқанда, сүйектен өтіп кетіп тасқа да тиген кездері болды. Не кереметі бар екенін білмеймін. Кәдімгі өкіметтің қара темірден соққан балтасы.
— Суын тапқан ғой, — деді Әжігерей.
— Оны неге сұрадың? Тірі мен өзі? – деді Ғазиз.
— Бақуат.
— Аман болсын жарықтық. – Ғазиз орнынан тұріп, сөреде тұрған бал құйылған банкінің біреуін алып Әжігерейдің алдына қойды. – Міне, мына балды жеңгеңе алып бар.
— Әуре болмаңыз, — деді Әжігерей.
— Әуресі несі? – Қария қабағын түйді, — Айт, Ғазиз атаң сәлем айтып жатыр де. Өзің қанша уақытқа келдің?
— Бір айға.
— Е, баяғыда жұнттай қара бала едің, енді сұрша жігіт болыпсың. Алматының ауасы жаман дейді ғой. Ауылға жылына бір рет болса да келіп, аруақтарға құран оқытып, аунап-қунап, қымыз ішіп кету керек, — Сәл ойланып тұрып қалды, — Әлгі тілбизір дей ме, немене, содан домбыра шерткеніңді көрдім. Атаңды көрген адамды жылататындай дәрежеге жетіпсің. Бірақ болдым-толдым деме. Үйренген үстіне үйрен. Біз енді… тобанаяқ болып қалдық қой. Сендер бізден оздыңдар. Жарыққа шықтыңдар. Біз жетпеген биікке сендер жеттіңдер.
— Биіктер алда сияқты ғой, — деді Әжігерей.
— Мені де ұмытпа, — деді Ғазиз қалжыңдап, — Мен де сенің ұстазыңмын. Менен екі-үш күй болса да үйрендің. Жүрген жеріңде айта жүр.
— Әрине, — Әжігерей қарияға қолын үсынды. – Сіз сияқты ұстазды қалай ұмытамыз.
— Қош бол, — Ғазиз Әжігерейді құшақтап бетінен сүйді, — Келесі келгенде бұл атаң тірі бола ма, әлде анау жақта – Иегімен қыр басындағы зиратты көрсетті, — Анау жақта бір үйінді топырақ болып жата ма – Құдай біледі. Аман бол, басыңа Қыдыр дарысын…

— Ал, қарағым, сөз тыңда.
Атығай домбырасын алдына өңгеріп, ыңғайланып отырды.
— Баяғыда, қасқа жолдан да, ескі жолдан да бұрын Шыңғыс деген хан болыпты. Сол ханның Кет Бұға деген батыры болыпты. Күндердің күнінде Шыңғыс ордасында ойланып отырып, осы мен төрт тарап жеті ықылымды алып болдым емес пе депті. Сонда уәзірлерінің бірі, жоқ, тақсыр, сіз алмаған бір жау бар дейді. «Айт!» дейді Шыңғыс хан. Алдияр, сіз алмаған Мысыр деген ел бар. Енді ол жаққа әскер жіберіңіз. Мысырдың патшасы тақты өз еркімен түсіп берсін, бермесе басын алыңыз. Мысырды алғанда ғана төрт құбылаңыз түгелденеді дейді уәзір. Шыңғыс дереу Кет Бұғаны алдырып жарлық етеді. Сонымен желкілдеген қол құбылаға қарай аттанады.
Атығай домбыраны қағып қалды. Жартасқа толқын ұрғандай дыбыс шықты.
— Сол жүргеннен мол жүріп Кет Бұға батыр Мысырға ат арытып жетеді. Бірақ Мысырдың патшасы, ол да бір кер екен, «Ә, Шыңғыс менімен соғысқысы келген екен. Көрейін әуселесін» дейді. Дейді де өзінің сардарын шақыртады. Қақпаның түбіне Кет Бұға батыр келіп тұр, бар, айт, есі барда елін тапсын, әйтпесе піл мінген сайыпқыран әскерімді жіберем дейді. Сонда Мысырдың сардары қақпаның сыртына шығып Кет Бұға батыр,  қан төгіспей-ақ қояйық, еліңе қайт деген екен дейді.
Күйші бір қайырымнан ғана тұратын қысқа әуенді шертіп өтті. Ғажап! Бір-ақ рет айтылатын мәрт сөз. Аққудай сұңқылдаған әуеннен сардардың бүкіл сойы танылады. Әжігерей жеті-сегіз дыбысқа осынша мағына сиғызған күйдің даналығына қайран қалды.
— Бірақ Кет Бұға көнбейді. Менің ханымның билігі қатты, құрығы ұзын. Патшаң өз еркімен тағын түсіп берсін, тәжін әкеліп аяғының астына тастасын дейді.
Қалмақы күйлерде кездесетін қорқынышты дию әуен естілді. – Бұндайға кім көнсін. Енді қақпа ашылып сырнай-керней тартқан Мысырдың әскері шықты. Күн тұтылған майдан басталды.
Бұл жолы тұтас күй тартылды. Күйшінің бір қарағанда икемсіз көрінетін саусақтары домбыраның бетіне нөсердей төгілген. Әжігерей демін ішіне тартты.
— Ақырында Шыңғыстың сайлауыт әскері қоя ма, жауды жеңіп, патшасының басын тәжімен қосып Кет Бұғаның аяғына тастапты. Бұл сонымен тұра тұрсын, енді біз мына жаққа келейік. Кет Бұғаның Батыл деген жалғыз ұлы болыпты. Ол да көзсіз ер екен. Бір күні Қытайдың керуені келіп сауда жасады. Керуенде ай мен күндей бір қыз болды. Сол қызды көріп, өнебойын от кернеген бозбала ғашық болады. Екеуі сөз байласты. Ер болсаң кешке қамыс ішіне кел, сол жерде жолығайық деді. Қас қарайғанда Батыл, қолына ешқандай қару ұстамай, жанына Арғынсейіт деген досын ертіп қамыс ішіне барды. Бірақ сұлу деп сүйгені су перісі болып шықты.  Жігітті тереңге сүйремек болды. Екеуі әбден алысты. Ес кетті, жан шықты деген Батыл қыздың темір шеңгелінен құтылып суды кешіп жағаға қарай бара жатты. Сонда перінің қызы «Ақыры маған бұйырмадың ғой, олай болса өл!» деп ту сыртынан садақпен атты.
Атығай кесені қолына алып шайды бір ұрттап тамағын жібітті.
— Иә, өмірде не болмайды. Әкесі жорықта жүргенде, баласы осылай өлді. Ертеңіне Шыңғыс «Батырымның баласы өлді. Кім өлтіргенін тауып алдыма алып келіңдер» деді. Ханның Мұқалы деген бас уәзірі болды. Сол манағы Арғынсейітті тергеп, Қытайдың керуенін қудыртып ордаға алдырды. Хан барлығының басын ал деп жарлық қылды. Сонда керуенбасы Шыңғыстың алдына жығылып «Алдияр, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деді. «Айт!» деді Шыңғыс. «Тақсыр, біз су елінің адамдары еді. Патшамыздың баласы жер бетіне шығып ұшты күйлі жоғалды. Біз соны іздеп жүрген адамдар едік. – деді керуенбасы. «Олай болса менің батырымның жалғыз ұлын неге өлтірдіңдер, оның не жазығы бар еді» деді хан. «Тақсыр, — деді керуенбасы, — Біздің патшамыздың қызы керуенге ере шыққан еді. Патшаның қызы болғаннан кейін маған көп құлақ аса бермейді. Менің көзім тайып кеткенде сорлы баланы азғырып үлгерген ғой. Мен не етейін!. «Ендеше, бір кісіңді жіберіп қызыңды алдыр» деді Шыңғыс. Амал жоқ, керуенбасы шабарман жіберіп қызды алдырды. Мынау сол қыздың Шыңғыстың алдына жығылып жалбарынғаны дейді.
Қобыздың сарынын елестететін зарлы күй шертілді.
— Бірақ Шыңғыс хан жібімеді. Қыздың басын алдырды. Бұл енді осымен тұра тұрсын. Енді Кет Бұғаға келейік. Мысырды алып, бар жерге бектерін отырғызып бір жайланған кезі екен дейді. Күндердің күнінде шахарға елден керуен келе жатыр, ішінде қара киінген қырық адам бар екен деген хабар жетті. Ойпырай, бұл не болды. Алла тағала жамандықтан сақтасын деп қобалжыды батыр. Керуен қалаға келді. Кет Бұға керуенді қарсылады. Әлгі қырық адам белдіктерін мойнына салып Кет Бұғаның аяғына жығылды. Өкіріп, сақалдарын жұлып баласының өлімін естіртті. Міне, сонда, Кет Бұға, «Бай, бай, Батылым ай, перінің қызында нең бар еді, қарағым ай,! Жалғыз қалдым ғой!» деп жылап тартқан күйі екен.
Бұрын мүлде естімеген күй ықылық ата өксіп тербеле жөнелді. Атығай шайқалып отырып ұзақ толғаған. Батыр бабаның жалғызы жаңа ғана өлгендей, төрде қола қоңыраудай күңіренген күйші сол өлімді енді ғана естіртіп отырғандай. Жартастан жаңғырыққандай шамырқанған дыбыстан бұрынғы, ұмыт болған ерліктің, өрліктің дауысы қайта естілгендей, қайта тірілгендей болды.
Күй шертіліп болды. Әжігерей мен Атығай, төменіректе белі бүкшиіп қызмет қылған кәрі әжей, үшеуі де үнсіз, қимылсыз қалды. О дүниеден тіріліп келген ескі өмірдің елесі қайтадан ықылымға сіңердің алдында осы үнсіз отырған үш адамның алдында убақ-шубақ көшімен өтіп жатқандай.
Үнсіздікті әжей бұзды.
— Ойбо-ой, шал, — деді дауысы қарлығып. – Бүгін бір сабаңа түстің ғой сен.
Атығай кеңкілдей күліп жайланып отырған. – Е, сексеннен асқан Атығайдың атқа қайта мінгені оңай болды деп пе едің?
Табаққа сары қидың шоғы салынды. Әжей шайды қайыра қайнатып, жаңалап құйды.
— Ата, бұл не күй? – деді Әжігерей.
— Бұл Кет Бұғаның «Сынған Бұғы» деген күйі, қарағым, — деді Атығай. Ұйып қалған аяғын соза отырып, шайға кірісті. Шөлдеп қалыпты. Жөппелдеме бірнеше кесе ішіп, — Уф, кемпір-ай, — деген әжейге риза кейіппен қарап, — Шайың не деген тәтті еді.
Әжігерей басын шайқады.
— Әр жерден үзік-үзік сарындарын бұрын да естігем. Бірақ мынандай тұтас, көрікті қылып тартқан адамды көрмеппін.
Осы кеште Атығай бірінен-бірі өтетін отыздан астам күй тартты. Осы кеште Әжігерей күйдің шексіз дархандығына тағы бір көз жеткізді. Қанша көп тыңдадым, көп білем десе де, асылық екен. Бұл білмейтін сыр, бұл естімеген әуен көп екен. Аруағына мінген шал ұзаққа сілтеді. Тек әбден қас қарайғанда ғана, — Ал, қарағым, осымен тоқтайық, — деп домбырасын қабырғаға сүйеген. Үстелдің жанында, іргені бойлай төселген көрпеге жантайып аяғын рахаттана созған.
— Шаршап қалыппын, — Саусақтарын сытырлатып үзіп, бүгіп-жазып біраз жатты, — Сен үшін тарттым. Тілегің үшін. Міне, жиырма-отыз жылдан асты, Атығайдың бар-жоғын ұмытқан сияқты бұл қазақ. Тек бір күні Алматыданбыз деп топ адам келді. Машиналарын оталдырып қойып атүсті әңгіме қылған. Асығыс екен. Екі кештің арасында, ондай суыт жүрген адамға не күй тартасың. Оның үстіне сұрақтың астына алды. Баяғы НКВД-ның адамдары сияқты. Қай жылы тудың дейді. Әке-шешеңнің аты кім. Ұстазың кім дейді. Қуып шықтым.
Әжігерей күлді.
— Атаң сондай, — деді әжей де күліп, — Әңгімесі жараспаған адамды сабап қуып шығады.
Түннің бір уағында әжейдің асқан етін жеп, тағы шай ішіп, күндізгі әсерлерден әбден шаршаса да  бойы сергек Әжігерей далаға шықты.
Күздің күні жұлдыздар неге сонша үлкен көрінеді екен, бұл да табиғаттың бір сыры ғой деді іштей, түнгі аспанға қарап тұрып. Арқада жаздың өзінде түнге қарай май тоңатын суық болады. Ал күзде су қатады. Даланың үстімен өзендей аққан мұздай суық лепке бетін, кеудесін тосып рахаттана дем алды.
— Балам, байқа, — деді есіктің алдында отырған Атығай, — Суық тиіп қалмасын. Қолындағы радиоланы іске қосты.
— Соғыстан бергі әдетім. Дүниеде не болып жатыр деп тыңдап отырам.
«Бұл келіссөз Совет басшылығының ең үлкен саяси жетістігі. Әлемдік ақпарат бұл келіссөзді соңғы жылдардың ең елеулі оқиғасы деп бағалап отыр».
Атығай елең ете қалды.
— А, не дейді?
— Тағы бір саяси жетістікке жеттік дейді, — Әжігерей рахаттана керілді, — Бірақ қатты қателеседі. Әлемдегі ең елеулі оқиға бүгін, Арқаның төрінде, мына тоқал тамда болды. Бүгінгі таңдағы ең елеулі оқиға осы.

2002


Бас кейіпкер Әжігерейдің балалық шағы туралы «Талтүс» романың оқу


Изольда Серикбаева салған сүреті

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*