Интертекст

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

(Ербол Алшынбайдың бір дастанын оқығанда туған ойлар)

Сөз басы

Ертеректе оқыған бір мақаладан есімде қалыпты. Автор, Евгений Евтушенконың поэзиясын кеңестік мәдениет парадигмасында ғана қарау керек деген ой айтады. Алайда, суреткер қандай контексте отырса да, бейнелеу техникасының жетілгендігі сондай, бәрібір шындықты айтады емес пе?

Поэзиядан аулақтау басқа бір өнер түрінен мысал. Белгілі кеңес режиссері Владимир Вайншток 1936 жылы «Капитан Гранттың балалары» атты фильм түсіреді. Жюль Верннің романын оқыған адам біледі, бұл фильм алыс құрлықтарды, аралдарды іздеп, сол сапарда жоқ болып кеткен капитан Гранттың балаларының басынан өткен хикметтер жайында. Балалар ақырында әкесін ешкім мекендемейтін аралдан іздеп табады. Фильм дайын болып енді көркемдік кеңестің сарабына салынады. Кеңесте отырған, системаның адал күзетшілері, режиссерге «бұл фильм арқылы не ой айтқыңыз келді?» деген сұрақ қояды. Сонда В.Вайншток «Мен Жюль Верннің романын экранға шығардым. Кеңес балаларын теңізшілікке, саяхатқа үндедім. Бұдан бөтен ой жоқ менде» дейді.

Әлемдік мәдениетте он мыңдаған жылдық тарих барысында қалыптасқан, барлық адамзат қоғамдарына тән, ешқашан мызғымайтын архетиптер болады. Бұл архетиптерге ешқандай қоғам дау айта алмайды. Бұл архетиптерді ешқандай патша, ешқандай диктатор жоққа шығара алмайды. Себебі, бұл бейнелер – өнер атаулының мәңгілік материалы. Материалды жойсаңыз – өнер болмайды.

Кеңесте отырғандардың біразы НКВД-ң қызметкерлері, барлығы мемлекетшіл, саясаттың қыр-сырын жете меңгерген жырындылар. Олар біледі, кезінде Ресейдегі қоғамдық қожырау Чернышевскийдің «Кім кінәлі?» деген жалғыз ауыз сауалынан басталғанын, ақырында қожыраудың бұлғаққа ұласып империяның құлауына себеп болғанын. Прокатқа шығатын болса, бұл фильмді, режиссер жоспарлағандай, миллиондаған бала көреді. Ал олардың дені – репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары. Фильмді көргеннен кейін, осы атылған, асылған, айдауға жіберілген миллиондаған құрбандардың артында қалған жетімдердің әрқайсысының көкірегінде «ал менің әкем қайда?» деген сауал бас көтеретінін цензорлар біледі. Және нәзік жүректе жасқаншақтай, қорқақтай бой көтерген бұл сауал, ақырында әлеуметтік дауылға айналып жаңа империяның күйреуіне себеп болатынын да біледі, әлбетте. Көркемдік кеңес ұзаққа созылады. Алайда, қандай құбыжық системаға болса да өнер керек. Сонымен, НКВД-ң сыншылары ойланып, толғанып, біраз нәрселерді кесіп, фильмді көпшілікке ұсынуға мәжбүр болады. Келесі 37-ші жылы тағы да қаншама адам репрессияға ұшырайды, тағы да миллиондаған бала жетім қалады.

Кеңес системасын құлатқан – капитан Гранттың балалары. Бұл жерде әкені Австралияның немесе Жаңа Зеландияның қалың жыныс ормандарынан іздей ме, әлде НКВД немесе КГБ-ң абақтыларынан іздей ме, айырмасы жоқ. Ең бастысы, бала шындықты іздеп үйренеді.

Ресейден эмиграцияға кетуге мәжбүр болған ұлы ақыннан шетелдің бір әйгілі газетінде арнайы бағанды жүргізетін колумнист сұхбат алады. Сол сұхбат кезінде журналист «Поэзия туралы әр заманның және әр қоғамның өз түсінігі бар. Ресеймен сиыса алмай шыққан сіз, поэзияның нендей құбылыс екеніне бір ауыз сөзбен анықтама бере аласыз ба?» деген сауал тастайды.

Ақын «Поэзияда сіз айтқандай мың анықтама жоқ. Поэзия барлық уақытта әкені іздеуден туады. Әке, Құдай бейнесінде бола ма, я аруақ, я басқа бір құбылыс болып келе ме, айырмасы жоқ» дейді. Журналист қайран қалып, «Кеңес сыншылары, кеңес идеологтары сізді түсініксіз жазады деп, сіздің тіліңізге тиісті емес пе, ақырсоңында сіздің Батысқа кетуіңізбен аяқталған конфликт осылай басталды емес пе?» дейді. Сонда ақын «Жендет пен құрбанның бір-бірін жақсы түсінетіндігі сияқты, сол сіз айтып отырған идеологтар мен сыншылар да, мен де, бір-бірімізді және ойынның шарттарын өте жақсы түсінетін едік. Олар да, мен де, тіл дегенде көкейімізде Құдайды ұстап отырдық. Біз тіл туралы дауласқан жоқпыз – Құдай туралы дауластық. Мен, Құдай керек дедім, олар Құдайдың керегі жоқ деді. Сіз айтып отырған конфликттің тамыры осында жатыр» дейді.

Бүгінгі ұрпақ тоғыз жолдың торабына келіп тұр. Тарихтың емес – өзінің тоғыз жолының торабына. Себебі, өнерде дайын жол болмайды. Әр ұрпақ жолды жаңадан бастайды.

Шәкәрімнің қалай өлгендігі

Ербол Алшынбайдың қаламынан шыққан «Шәкәрімнің Шыңғыстаумен қоштасуы» атты шағын дастаны да әкені, рухани әкені іздеу тақырыбына құрылған. Шәкәрім өзінің ұлы ағасы хаким Абайға таяқ тастам жерге келген адам. Бірақ, екеуінің дәрежесі тең. Себебі, ұлылық деп аталатын шекараның ар жағындағы дүниеде үлкен-кіші, артық-кем деген болмайды. Әрқайсысы өз тұғырында тұрып ұлы тұлға.

Ақын өзінің рухани әкесін іздей-іздей ақырында Шыңғыстаудың бауырындағы Құрқұдыққа келеді. Осы жерде ол Шәкәрімнің өліміне куә болады. Шыңғыстаумен қоштасу – қиыр қонып, шет жайлап бара жатқандағы туған жермен қоштасу емес. Шыңғыстаумен қоштасу – мынау жарық дүниемен қоштасу. Яғни, аталған дастанда, жеті жұрт келіп жеткен жер, кәрі Шыңғыс жалпы болмыстың символы дәрежесіне жеткен. Ертедегі ұлы жыраулардың бірі өзінің әміршісіне айтыпты: «Сен… менің бармай тапқан Қағбамсың» деп. Құдайға шын сенген адам үшін өзінің отырған жері – Қағба. Сол сияқты, өлімге қолайсыз уақыт, өлімге қолайсыз жер болмайды. Шәкәрімге бұйырған несібе, осы – Құрқұдық.

– Ей, Шыңғыстау,
Шыңғыстау!
Қан толып қара жанарға
Қайғырдым соңғы қарарда.
Қайқы да қылыш қызыл тіл,
Қоштасар сәтте қамалма!
Бауырың байсын салқын бақ,
Самалың саумал аңқылдақ.
Қыз ерін қызыл бүлдірген,
Қымсына барып үздірген.
Асылы ару қойныңа
Арсыздар қолын салар ма?!
Шаһиттер жатқан жұртыма
Шапағат қылғай, жан Алла!
Ей, Шыңғыстау,
Шыңғыстау!
Шашыңды құдай ағартқан,
Бітпейтін шер мен мұң қалды.
Кешегі кердең алаштан,
Кеудесі биік кім қалды.
Асылдан атам Құнанбай,
Ордасы оның тұл қалды.
Күнәсіз қара топырақ
Төсімнен аққан қызыл қан,
Сімірген кезде сұрланды.
Жел жылап тұрып жоқтаған,
Мұңлы да сырлы жыр қалды.
Құрқұдық маңы қыраң бел,
Қыраңға тағы шығар ма ел.
Құдайсыз қырық қарақшы,
Астында кетті құранды ер.
Ей, аманат қалған ақ тәнім,
Осы ма еді құлар жер,
Сүйегім бетін жабарға
Табылмай кетті бір арлы ер.
Ей, Шыңғыстау!
Шыңғыстау!
Қызарып тұрса күн көкте,
Қылқимас алмас сынса да,
Қынабын жатқа кірлетпе!
Қынабын жатқа кірлетсе,
Ертеңгі туған жас бала,
Жаутаңкөз болып жүрмес пе?!
Қырыңа төккен қызыл қан,
Қырмызы көктем болғанда,
Қызғалдақ болар күн жетсе!


Интертекст, интертекстуальдік интерпретация

Интертекстуальділік (интертекстуальность) – қандай да болмасын текстің, өзін қоршаған семиотикалық ортамен байланысын түсіндіретін постмодернистік текстологияның термині. Бұл терминді алғаш енгізген адам – Юлия Кристева. М.Бахтиннің «полифониялық роман» концепциясын пайымдау кезінде пайда болған термин ақырсоңында текст жайлы ілімнің басты ұғымына айналды. Бұл ұғымға сәйкес, қандай да болмасын текст өзіне дейінгі және өзімен қатар тұрған текстермен диалогқа түседі. Гадамер айтады, «Қандай да болмасын сөздің мағынасы оның өзінде ғана емес… сондай-ақ, ол (сөз) өзіне дейінгі айтылған сөзге және әлі айтылмаған сөзге сілтеме жасайды, осылай болғанда ғана сөз өзінің шын мағынасына жетеді» деп. Постмодернизмде, текстің, өз артында тұрған таңбалық фонмен матаса байланысқа түсуі, мағына тудырудың басты шарты болып табылады: «кез келген сөз (текст) басқа сөздердің (текстердің) қиылысуы болып табылады», «қандай да болмасын сөз (текст) жазушы жазған хаттың, оқырман (немесе персонаж) жазған хаттардың диалогы болып табылады» (Ю.Кристева). Ролан Барт айтады: «Текст дегеніміз… өзінің шыққан тегін ұмытқан көптеген текстің бір-бірімен астасуы болып табылады», «осылайша әрбір текст шындығында интертекст болып табылады…», «әрбір текст – ескі цитаталардан құрастырылған жаңа бітім, себебі, қашан болсын, текст, әртүрлі жаралған, әр тараптан келген басқа текстердің қоршауында тұрады» деп. Сол себепті, постмодернистік ойлау стилі кейде «цитаталық ойлау» («цитатное мышление») деп, ал постмодернистік текстер «цитаталық әдебиет» («цитатная литература») деп бағаланады.

Аталған (интертекстуальділік) постмодернистік концепцияның басты ұғымы – палимпсест. Таратып айтсақ, палимпсест, көне жазуда, көне сурет өнерінде көп пайдаланылған технология. Бұрынғы сурет, көне графика, қағаздың орнына арнайы өңделген, пергамент деп аталатын (бізше – сірі) теріні пайдаланған. Міне, кейбір жағдайларда (оның себебі өте көп) бұрынғы сурет, яки бұрынғы жазуды үстінен бір қабат арнайы желіммен сылап тастап, желімнің үстіне жаңа текст жазады, немесе жаңа сурет салады. Кейде палимпсест бір-бірімен қабаттасқан жиырма-отыз суреттен немесе жазудан тұруы мүмкін.

Қазіргі нарратологияның негізін қалағандардың бірі, белгілі француз әдебиеттанушысы Жерар Женеттің айтуынша, кез келген текст – палимпсест болып табылады: қандай да болмасын текст бұрыннан бар текстердің үстінен жазылады. Бұрынғы текстердің семантикасы, соңғы жазылған тексттің мағынасының астынан сәуле шашып көрініп тұрады. Бір-бірімен қабаттасқан интертекстуальдік семантикалардан тыс жазу – мүмкін емес. Бұл жерде «таза парақ» деген ұғымның ешқандай мағынасы жоқ. «Жазатын адам (ол кім болса да мейлі) қашан болсын «таза параққа» емес, қисапсыз шимайланған, есепсіз көшірілген ескі теріге жазады.

(«Мен» дейтіндерге, «менде ұстаз жоқ» немесе «жазғанымның барлығын өзім аштым» дейтіндерге, «бұл мақаланы оқымай-ақ қойсаңыз жақсы болар еді» деген өтініш айтқым келеді).

«Демек, кез келген текст, бұрыннан бар, қанша жаста екенін ешкім білмейтін цитаталардан тұрады екен, олай болса, постмодернистік мәдениеттің символы – тырнақша» деген анықтама бар. Әлбетте, ешкім де цитатаны тырнақшаға алмайды. Тырнақша, типографиялық белгі ретінде қойылмайды. Цитатаны тану үшін оқырманда «текстен тыс білім болу керек» (Эко) «Текстен тыс білім» дегеніміз – оқырманның эрудициясы, бұрыңғы-соңғы әдебиетті жақсы білуі.

Мен, осы айтылғандарды оқырман дұрыс түсінсе екен деймін. Себебі, бұл айтылғандар – постмодернистік текстологияның ұғымдары ғана. Постмодернистік текст, бұрыннан бар әлем әдебиетінен көшіріп алынған плагиат емес. Біз бұл жерде көшіру, ұрлық, плагиат атаулыны ақтап отырған жоқпыз. Жазушылық қиял, көркемдік ойлауды әлі ешкім де жоққа шығарған жоқ. Шынына келетін болса, постмодернистік жолмен жасалған текст жоқ. Тек қана, дайын тексті постмодернистік тұрғыдан пайымдау ғана бар.

Бүгінде көркем шығарманың заңдылықтарын оның өзінен шығару методы барған сайын қиындап барады. Өзі пайымдамақ, зерделемек шығарманы әлемдік мәдениеттен бөлектеп алып кетіп, ештеңе оқымай, ештеңе білмей-ақ сол шығарманың қыр-сырын аша салған сыншыны көрген емеспін. Себебі, әлем мәдениетінің бірде-бір құбылысына қатысы жоқ, өз бетінше бейтарап тұрған шығарма болмайды. Қандай да болмасын шығарма Борхес айтқан «әлемдік кітапханадағы» тұрған тұрысымен ғана, орнымен ғана қымбат.

Осы шағын тараушаның соңында мынадай бір нәрсені ескертіп кеткім келеді. Кейбір жағдайда, текстің сыры өзіне мүлдем ұқсамайтын, қиыспайтын, тіпті, десеңіз мүлдем қайшы келетін цитатаның бойынан танылуы мүмкін. Бұл бұдан кейінгі айтылатын ойларды дұрыс түсіну үшін керек.


Амброз Бирс және Бруно Травен

Құрметті оқырман, ғылым-білімде, өнерде танымның, патшаға арналған оңай, төте жолы жоқ. Жол бәріне ортақ. Бұдан кейінгі айтылатын жайттардың, әңгімемізге арқау болып отырған Шәкәрім тұлғасына қатысы жоқ болып көрініп, оқымай қоя саласыз ба, әлде аяғына дейін шыдап оқисыз ба – таңдау өзіңізде.

…Сонымен, Амброз Бирс. Американдық жазушы. 1842 жылдың 24 маусымы күні дүниеге келген. Америкадағы Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы Азамат соғысы кезінде Солтүстік жағына шыққан. Оның өзіміз әңгіме етпек, «Жапалақ бұлақтың көпірінде болған оқиға» атты шығармасы осы соғыстың бір эпизодын бейнелейді.

Әңгіменің басында, біз, темір жол көпірі үстінде, қолы артына қайырылып байланған, мойнына тұзақ ілінген, дарға асып өлтіруге бұйырылған бір адаммен танысамыз. Бұл Пэйтон Факуэр деген плантатор, үлкен жер иесі еді. Азамат соғысы кезінде Оңтүстік армиясына тілектес болған, құл иеленуді сақтау мақсатында оңтүстік штаттардың Америкадан бөлінуін жақтаған.

Әңгіменің басы тым ұзақ. Біз, жазаның қалай дайындалғанына, қалай іске аспағына, сол жерде қарауылда қанша әскер тұрғанына, олардың қалай киініп, қандай қару асынғанына, осындай толып жатқан егжей-тегжейге куә боламыз. Прозадағы шеберліктің құйтырқыларынан бейхабар, оқиға қуалап оқитын адам үшін ешқандай мағынасы жоқ детальдар. Алайда, бұл сырт көрініс қана. Бұл салтанат, өлімнің алдында бас июдің, өлімге кесілген адамға деген соңғы құрметтің көрінісі.

Содан соң, жазаны басқарып тұрған офицер белгі жасағанда Пэйтон Факуэрдің қарсысында тұрған сержант шегініп, аяғының астындағы тақтайды қоя бере салады. Аяғын тіреп тұрған тиянақтан айрылған құрбан салаң етіп мойнынан асылып қалады. Осы кезде әлдебір түсініксіз себеппен Пэйтон Факуэрдің мойнындағы жіп үзіліп кетеді. Ар жағы таңғажайып оқиға. Терең су. Алғаш құлап шым батқандағы қап-қара тұңғиық. Содан соң, жіптіктей сәуле. Ол сәуле ұлғайып, жарық дүниенің қайтадан ашылуы – құрбанның су бетіне қалқып шығуын білдіреді. Қақалып-шашалған ол бар шеберлігін жұмсап, әуелі қолын босатады, содан соң мойнындағы тұзақты шешеді. Артынша судың беті шып-шып осқыланды. Бұл солдаттардың жазадан құтылып кеткен адамның артынан оқ жаудырып жатқаны. Артынша зеңбірек атылды. Тағы атылды. Алайда, қалың жыныстың арасына кіріп үлгерген Пэйтон Факуэр ажалдан құтылғандай екен. Мойнындағы тұзақтан қалған із ісіп кеткен, шөлден тілі аузына симай азап көрген ол түні бойы орманмен жүріп отырып таң ата үйіне де жетті. Міне, ол қақпадан өтті, аулаға кірді. Әйелі, үстінде сағымнан тоқылғандай көйлегі, жымия күліп қарсы жүрді. Пэйтон, Факууэр де құшағын жайды. Осы кезде қарақұстан ауыр соққы, зеңбірек атылғандай көз қарықтырған жарылыс… содан соң қап-қара түнек… тылсым.

Әңгіменің соңында біз Пэйтон Факуэрдің дарға асылып салақтап тұрғанын көреміз. Мойын омыртқасы сынған, баяғыда өлген.

…Бруно Травен 1890 жылы дүниеге келген. 1969 жылдың 26 наурызы күні Мексиканың астанасы Мехико қаласында дүние салған. Бруно Травен – оның псевдонимі. Шын аты Травен Торсван Кровс. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германияға келіп, осы жерде Рет Мерут деген атпен белгілі публицист-көсемсөзші болып танылады (оның бұдан басқа да бірнеше бүркеншік аттары болған).

Өмірбаянының деректері жасырулы, тұйық өмір кешкен. Сол себепті оның есімінің төңірегінде түрлі аңыз, алыпқашпа әңгімелер көп болған. Мысалға оның шығармалары бірде Джек Лондонға, бірде Амброз Бирске телінген.

Өзіміз әңгіме етпек «Макарио» атты шығарманы ол әбден кемеліне келгенде жазған екен.

…Макарио өз ауылындағы ең кедей адам еді. Орманнан отын шауып, он бір баласын әзер асырап жүрген пақыр. Қол жетпес бір арманы бар болатын. Байлық емес. Бір жағына жамбастап жатқан ескі лашықтың орнына жаңа үй салу емес. Оның арманы тұтастай қуырылған үнді қаз еді. Соны алып, аш балалары көрмейтін орманның алыс түкпіріне барып жалғыз жеу еді.

Жай күн бола ма, мереке күні бола ма, таңертең орманға аттанып, кешке қарай бір арқа отынды алып үйіне қайтады. Онысын бір күміс тиынға сатады. Бүкіл әулетінің нәпақасы осы.

Макарионың әйелін деревнядағылар Мұңлыкөз деп атаған.

Кешке үйіне жеткен Макарио отынды есік алдына тастап, тәлтіректеп ішке өтеді, балалары үстелге жақындатып қойған шомбал орындыққа отырады.

– Ах, қалай шаршағанымды білсең ғой, – дейді содан соң әйеліне қарап, – Бүгін не пісірдің?

– Қара бұршақ, – дейді әйелі, – Көк бұрыш, жүгерінің наны, содан соң лимон жапырағынан шай.

Бұл өмір бойы өзгермейтін ас мәзірі. Макарио әйелінің жауабын баяғыда жаттап алған, әйтеуір, балаларым мылқау деп ойламасын деп сөйлейтін.

Алдына тамақ қойғанда Макарио ұйықтап жатар еді. Әйелі күйеуін түрткілеп оятатын. Макарио Құдай атына қысқаша мадақ дұға оқып тамаққа кіріседі. Алайда, балалардың бұдан көз алмай отырғанын байқап, тәрелкесін солардың алдына жылжытып, өзі шай ішетін. Үлкен құман шайды тауысып болып:

– Я, Жаратқан, бір рет болса да тұтас қуырылған қазды жеп өлсем, арманым болмас еді, – дейтін.

Балалар бұл сөзді мың рет естіген, назар да аудармайды. Қаздың еті дегеннің әйтеуір дүниеде бар нәрсе екенін біледі, бірақ, ешқайсысы оның дәмін татып көрмепті.

Макарионың әйелі әлемдегі ең адал өмірсерік. Балалар қарап отырғанда күйеуінің тамақ іше алмайтынын біледі. Макарио момын, ешқашан қол жұмсамайды. Тұрмыстың қамытын қабақ шытпай тартады. Міне, күйеуінің асыл арманын орындау үшін, әйелі күнде-күнде бір соқыр тиыннан жинай бастады. Осылайша, ұшықиыры жоқ тұтас бір өмір болып көрінген үш жыл дегенде, ақырында қазға жететін ақша жиналды. Қуаныштан есі шыққан Мұңлыкөз базардағы ең семіз қазды сатып алып үйге әкеліп, балаларға көрсетпей тығып тастады.

Кешке балаларды ертерек жатқызып іске кірісті. Шаруаны таң атпай ерте бітіру керек, себебі, балалар оянып кетіп, қуырылған еттің иісін сезіп қояды. Содан соң, Макарио тағы да жаутаңдаған балаларына қарап тұрып, өмір бойы армандаған қаздың етін үлестіріп береді де кете береді.

Макарио ерте тұрып талғажауын жеп енді үйден шыға бергенде әйелі жолын кескестеп оған ескі керсенді ұсынды. Керсеннің ішінде тамаша қуырылып, бананның жасыл жапырақтарына ораулы тұтас қаздың еті.

– Мынаның ішінде өзіңнің сонша жылғы арманың — қуырылған қаз. Енді тез аттанып кет те, орманның ешкім жүрмейтін бір жеріне барып, тұтастай өзің же, себебі, қазір балалар оянып кетеді.

Макарио, өмірден, ауыр еңбектен әбден шаршаған, арбадан бұзылған ат сияқты адам, әйеліне рахмет айтуды да, қаздың етінен бір жапырақ беруді де ұмытып, орманға аттанды. Ешкім бара алмайтын қалың жынысқа кіріп, жерге банан жапырақтарын төсеп қаздың етін соның үстіне қойды. Қолын бұлаққа жуып жіберіп дастарханға отырды. Қанша жылдан бері күткені осы еді. Қуырылған құстың жұпарын иіскеп аз отырып, содан соң бір қолымен төстіктен ұстап, екінші қолымен жамбасты бұтарлап бөліп алмақ болып ыңғайланды. Осы кезде төрт қадамдай жерде тұрған адамды көрді. Басында сомбреро, аяғына ботфорт киген. Қысқа былғары күрте алтынмен апталған. Шалбарының қырына қисапсыз алтын ділда тағылған. Текенің сақалындай сақалы қап-қара. Көзі үңірейген тұңғиық. Макарионың әлпетіне зер салып тұрып жақсылап күліп алған кавалер, – Достым, алдыңдағы қаздың етінен мен сияқты рыцарьге бір жапырақ берсең қайтеді. Түні бойы жол жүріп, шаршап, аштан өліп келе жатырмын, – дейді.

– Бұл менің тойым, сондықтан бір жапырақ түгілі, бір түйір ет бере алмаймын, – дейді Макарио.

Кавалер шалбарындағы алтын тиындарды кесіп бермек болады.

– Ол алтының маған бақыт әкелмейді. Мен ол тиынды базарламақ болған сәтте ұсталамын. Алтынды қайдан алдың деп азаптап, ақырында қолымды шауып тастайды. Одан кейін менің бала-шағымды кім асырайды? – деп жауап береді Макарио.

Екеуі ұзақ дауласады. Макариодан ештеңе шықпасына көзі жеткен сері, бүкіл адамзат баласына қарғыс жаудырып кете барады.

Шақырусыз қонақтан құтылған Макарио қаздың етін енді бұтарлай бергенде тағы да алдында тұрған, жұпыны мокасин киген екі аяққа көзі түседі. Қараса екі-үш қадам жерде американдық үндіске ұқсас адам тұр екен. Макарио жолаушының көзінен көз ала алмайды. Осы жанардан аспан менен жердегі жақсылық пен мейірім атаулы сыйып тұрған жүрек танылады.

– Мейірімді көрші, қолыңдағы асыңды менімен бөліс, – дейді жүргінші, – Менің қарным ашып тұр. Ұзақ жолдан келе жатырмын. Қолыңдағы қаздың бір жамбасын берсең, батамен жарылқар едім. Бір ғана жамбас. Басқа ештеңе сұрамаймын. Тәніме нәр құйылар еді. Себебі, барар жерім алыс.

– О, жолаушым! – дейді Макарио, – О, ұстазым және Ием! Сенің көзіңе қарап өтірік айта алмай тұрмын. Мен саған бұл қаздың етінен бір түйір де бере алмаймын. Бұл қаз тұтастай маған тиесілі. Мен біреуге тырнақтай бір түйір ет берсем, онда бұл қаз тұтас болмай қалады. Мен тұтас қаз жесем деп өмір бойы армандадым. Бұл қазды тұтас жей алмасам әйелімнің жүрегіне айықпас жара саламын. Себебі, менің әйелім – әлемдегі ең мейірімді әйел. Ол мені осы арманыма жеткізсем деп өмір бойы армандады. Мендей күнәхарды түсін. Түсін де кешіре гөр!

Жолаушы Макариоға бір қарап:

– Мен сені түсіндім, мейірімді көршім Макарио, – деді, – Бердім батамды. Қазыңды алаңдамай өзің же. Мен аттандым. Сенің лашығыңның жанынан өтіп бара жатып, мейірімді, ізгі жарыңа және балаларыңа бата беріп өтем. Қош бол!

Макарио жолаушыны көзбен шығарып салды да, – Жаным ашиды, бірақ қайтейін. Әйелімнің көңіліне қаяу түсіремін ғой, – деді күбірлеп.

Содан соң, дереу қазды бұтарлай бастады. Алайда, алдында тағы біреу тр екен. Түрі адам шошитындай. Жүдеп арыған махлұқаттың беті терімен қапталған сүйек қана еді. Қол-аяғы, бүкіл тәні де саудыраған сүйек. Көзі үңірейген қара.   Үстіндегі киімі шоқпыт-шоқпыт, беліне қызыл ағаштан жасалған қобдиша ілген. Ішінде сағаттың бар екені шықылынан білінеді. Оның құмсағат емес, кәдімгі сағат екенін түсінген Макарио сәл абыржып қалды. Жолаушы сөйлеп қоя бергенде, таяқпен таяқты соққандай дыбыс естілді.

– Мен ашпын, құда, өте ашпын!

– Рас айтасың, құда, түріңнен көрініп тұр, – деді үрейленген Макарио.

– Көріп, менің аш екенімді түсініп тұрсаң, онда маған қазыңның бір жамбасын қиятын шығарсың, – деді жолаушы.

Макарио түңіліп кетті.

– Жарайды, – деді ол қасіреттеніп, – Пенде тағдырмен тіресе алмайды екен. Тұтас қаз маған бұйырмаған екен. Жарайды, құда, отыр. Қаздың жартысы сенікі. Же.

Екеуі осылай тойлады. Екеуі де ақылды, көп көрген. Осылайша келелі отырыс болды.

– Білесің бе, құда, – деді Макарио, – Алғашында сенің түріңнің мен ойлағаннан мүлдем басқа екеніне қайран қалдым. Мынау, беліңдегі темір сағат… Өзіңнің бұрынғы құмсағатың қайда? Әлде құпия ма?

– Ешқандай да құпия емес, – деді қонақ, – Еуропада үлкен соғыс болды. Адам көп өлді, жұмыс көп болды. Сол жерде зеңбіректің добы тиіп, құмсағатымның быт-шыты шықты. Содан соң, батып бара жатқан бір кеменің капитанынан осы мына сағатты сұрап алдым. Сонымен, ол кеме суға батып кете барды. Содан бері, айтайын саған, құда, бұл сағат тамаша қызмет етіп келеді. Бұрынғы құмсағаттың кезінде, дарға асылмақ, немесе қылыштан өлмек адам кейде мен келерден сәл бұрын қашып құтылып кететін. Ал мына сағатпен ешқашан кешікпейтін болдым. Ерте де емес, кеш те емес,  ажалы жеткен адамның алдына келіп тұра қаламын.

Аздан соң қонақ:

– Осы бүгін, менің алдымда саған екі қонақ келіп кетті емес пе? – деді.

– Иә, – деді Макарио, – Оны қайдан білесің, құда?

– Мен бүкіл әлемде не болып жатқанын шамалап болса да білем, – деді қонақ, – Ал сол келіп кеткендердің кім екенін білесің бе?

– Әрине, білем, – деді Макарио, – Мен христиан емеспін бе? Біріншісі Әз әзіл, ал екіншісі… екіншісінің кім екенін білмейтін адам жоқ қой әлемде. Алайда, Құдайдың ұлы Айсаға мынау топыраққа былғанған қолыммен дәм ұсынатындай мен кім едім? Екіншіден, оның әкесі – Жасаған Ие. Бұ дүние де, о дүние де – соның иелігінде. Айса ғалайыссалам суды шарапқа айналдыра алады, екі балық, бес күлше нанмен бес мың қаріп-қасерді асыраған. Менің жалғыз қазымды ол қайтеді?

– Әзәзілге де, Құдайға да бір жапырақ ет бермеген адамның, өз несібесін менімен тең бөліскеніне қайран қалып отырмын, – деді қонақ.

– Оның мәнісі мынада, – деді Макарио, – Сен, Жаратқан Ие сияқты өлген адамды тірілте алмайсың. Сен бар болғаны – адамның жанын алып кете аласың. Бар өнерің осы. Алайда, менің әйелім ең арық әйел саналушы еді, сен одан он есе арықсың. Менің балаларым үнемі аш жүреді, бірақ сен олардан жүз есе ашсың. Содан соң, енді шынымды айтайын, алдымда тұрған сені көргенде, кесімді уақытымның тақағанын түсіндім. Тұтас қаз түгілі, оның бір жамбасын жеп үлгеретініме күмәнді едім. Осы кезде «Бұл Арық қонақ тамаққа алданып отырғанда, мен де өз несібемді татып үлгеремін» деген ой келді. Содан соң, қазды сол себепті қақ бөліп едім.

Қайран қалған Арық қонақ қарқылдай күлді.

– Юпитердің атымен ант етейін, сен ақылды, қу адамсың, құда! Өзінің соңғы сағатында осындай тапқырлық танытқан адамды күнде кездестіре бермейсің. Мен одан да саған аз-маз кешеуіл беріп, жақсылығыңа жақсылық жасайын, – деді содан соң ол.

– Ол не екен? – деді Макарио.

– Мен сені дәрігер қылайын. Анау-мынау емес, ұлы дәрігер боласың. Менімен тайталасып, үкімі шығарылған адамдарды менің шеңгелімнен тартып алып кеткісі келетін, мына жүрген дәрігерлердің барлығынан асасың. Осылайша, екеуміз бөліп жеген қаздың құны миллион есе болып қайтады, – деді Арық қонақ.

Содан соң, былайырақ барып, шөлден шыт-шыт жарылып жатқан жерге жеті рет түкірді.

Аздан соң құмнан мөлдір бұлақ ағып жөнелді.

– Қолыңдағы флягіңді бер, – деді Арық қонақ.

Макарио ішіндегі ескі суды төгіп, флягін Арық қонаққа ұсынды. Недәуір уақыттан кейін асқабақтан жасалған флягті иесіне ұстатқан Арық қонақ былай деді:

– Міне, флягің толып тұр. Бұл су сені ұлы даңққа жеткізеді. Бір тамшысын бір кесе суға қосасың, болды. Қандай ауыру болса да жазылады. Бірақ есіңде болсын, құда, бұл судың соңғы тамшысы түгесілгенде сенің де дәрігерлігің аяқталады. Сол себепті әр тамшысын үнемдеп жұмса. Содан кейінгі ең басты ескертуім. Сен ауыру адамды емдеуге келгенде, жанында тұрған мені көресің. Мен саған ғана көрінем, басқалар мені көре алмайды. Егерде мен аурудың аяқ жағында тұрсам, онда еміңді жасай бер. Екі күн өтпей ол адам сауығып шығады. Ал егер мен ауыру адамның бас жағында тұрсам, онда сен оны емдеп әуре болма, дәріңді ысырап қылма. Себебі, мен адамның бас жағында тұрсам, оны ешкім де жаза алмайды. Ол адам міндетті түрде өлу керек. Есіңде болсын, құда, кімнің өліп, кімнің қалатынын мен ғана білемін. Сондықтан, менімен ешқашан тайталаспа.

– Мен бұны ешқашан ұмытпаймын, – деді Макарио.

– Жақсы, – деді Арық қонақ, – Ал, енді, қоштасайық, құда. Дастарханың кең, тамаша той болды.

– Көріскенше, құда! – деді Макарио.

Содан соң әлдебір ауыр ұйқыдан арылғандай болған. Артынша, қарсы алдында біреудің отырған орнын, мүжілген жарты қаздың сүйегін көріп бұның түс емес екеніне көзі жетті.

Бұл күні кешке дейін ұйықтаған Макарио үйге бір жаңқа да әкелген жоқ. Алайда, әйелі оған ештеңе демеді. Оның себебі бар еді. Түске қарай, балаларының кірін жуып жатқанда, әлдебір сәуле, жо-жоқ, күннен емес, басқа бір нұрдан тараған алтын сәуле оның жүрегін сипап өткен. Өнебойын қуаныш биледі, арқасына қанат біткендей болды. Бұл сезгенін ол ешкімге, тіпті, күйеуіне де айтпады.

Ертеңіне әдетінше күнделікті ауыр тұрмыстың қамытын киген Макарио қайтадан орманға аттанды. Жолшыбай қасиетті су құйылған флягті ешкім көрмейтіндей етіп көміп кетті. Бұл кеште ол отынды екі есе қылып әкеліп, мол ақшаға сатты. Келесі күні кешке тағы да соншама отын әкелген. Макарионың алдынан әйелі жылап шықты. Кенже ұл, сүйкімді Регино өлім аузында жатыр екен. Көршілер бұл жоқта білген ем-домын жасаған. Алайда, баланың беті бері қарайтын түрі көрінбейді. Аузына тосқан айна буланбайды, кеудесін тыңдаған әйел, сәби жүректің анда-санда ғана бір рет соғатынын айтты.

Макарио ойланып тұрып, ақыры тас қараңғы далаға шықты. Жүре-жүре орманға жетті. Кенет есіне бірдеңе түскендей, бұтаның арасына кіріп жерді қазғанда   қолына фляг ілінді.

Есіктен кірген ол бір кесе суға дәріден недәуір құйды. Содан соң, басын көтергенде баласының жанында Арық қонақтың тұрғанын көрді. Арық қонақ «мен саған дәріні үнемдеп жұмса деп едім ғой» дегендей, басын шайқап, аз тұрып, баланың аяқ жағына барды.    Қуанып кеткен Макарио баласының басын сүйеп дәріні ішкізді. Осылайша, баласы құлантаза айықты.

Бұдан кейінгі Макарионың өмірі көрген түстей. Өз баласынан кейін сол ауылдағы ең бай дүкеншінің әйелін емдеп жазды. Естігендер мен көргендер төңірекке таратты. Ақырында таңғажайып емшінің даңқы Мексикадан асып бүкіл Жаңа Испанияға (Латын Америкасындағы Испанияның жаулаған отар елдері осылай деп аталған) жайылды. Кедейлік, көрген түстей болып ұмытылды. Американы қойып, аурулар, мұхиттан өтіп Еуропадан келетін болды. Олардың ішінде аса бай адамдар көп еді. Макарио үлкен жер иесіне айналды. Балаларын Париж бен Саламанкаға жіберіп оқытты. Және қандай ауыруға барса да, тағдырын Арық қонақтың айтуымен шешетін. Арық қонақ, сырқаттың аяқ жағында тұрса ғана емдеуге кіріседі. Ал Арық қонақ адамның бас жағында тұрса, қынжыла отырып, өзінің қолынан ештеңе келмейтінін айтатын.

Ол, шипа іздеп келгендердің, шамамен жартысын құтқаратын. Ал қалғаны оның Арық қонақ әріптесіне бұйыратын.

Күндердің күнінде Макарио құтының түбіде екі тамшы ғана дәрі қалғанын көрді. Бұл кезде ол қартайған. Ендігі азғантай өмірді тыныштықта өткізбекке ниет еткен. Соңғы екі тамшыны ол адал жары Мұңлыкөзге қалдырған. Себебі, әйелінен айырылу Макарио үшін ең ауыр қасірет еді.

Міне, осы кезде Жаңа Испанияның вице-королі дон Хуан Марквес де Казафуэртенің сегіз жасар ұлы ауырды. Ең таңдаулы дәрігерлер келді, балаға шипа болмады. Вице-король Макарио жайында естіген еді, алайда, университет бітірген, қолында дипломы бар бір білімді дәрігердің сөзіне сеніп, ел мақтаған тәуіпті, алаяқ шарлатан, құшнаш санайтын. Бірақ, королева, баласына қауіп төнгенде мәртебе мен дәреженің барлығын ұмытып, Макарионы сарайға алдыр деп жұбайының құлақ етін жеді.

Ақырында соның айтқаны болды. Макарио астанаға шақыртылды. Әйгілі емшінің істеген ғажайыптарына бір сәтке де сенбейтін вице-король Макариомен, құлмен сөйлескендей сөйлесті:

– Сені сарайға шақыртқан мен емес, жарқыным. Білімді деген дәрігерлер баламызды емдей алмай жатыр, зайыбым сені айтып қоймады. Сонымен сен осындасың. Ал енді тыңда! Егерде сен мұрагерді емдеп шығарсаң – менің барлық дәулетімнің ширегі сенікі. Одан соң, осы алтын сарай мен басқа иеліктерімдегі қалаған нәрсеңді сұра — сенікі болады. Одан кейін мен саған диплом бергізем. Осы дипломмен сен Жаңа Испанияны емін-еркін аралап емшілігіңді жасайсың, ешкім де саған кедергі келтірмейді. Сондай-ақ, қолыңа менің мөрім басылған арнайы құжат беріледі. Бұл құжатқа сәйкес ешкім де сенің меншігіңе, дәүлетіңе қолын тигізе алмайды. Бұдан артық қандай сый керек?

Макарио басын изеді, бірақ үндемеді.

Вице-король сөзін сабақтады.

– Ал ендігі айтарым: егерде менің баламды емдей алмасаң, онда мен сені әулие инквизицияның сотына табыстаймын. Сені тылсымның тілін білетін және әзәзілмен тіл табысқан адам ретінде, халықтың алдына алып шығып, қадаға отырғызып өртейді.

Макарио сәл бозарып кетті, бірақ тағы да үндемеді.

– Менің айтқанымды жақсылап ұғындың ба? – деді вице-король.

– Иә, ұлы бақытты ағзам, – деді Макарио иіліп.

– Олай болса, менің баламның бөлмесіне барайық, – деді вице-король.

Олар принцтің бөлмесіне келді. Баланың жанында ешқандай пайдасы жоқ дәрігерлер мен күтішулер.

– Ұлы мәртебелім, енді мені бір сағаттай уақытқа сырқатпен оңаша қалдырыңыздар, – деді Макарио.

Вице-король сәл бөгеліп барып шығып кетті. Дәрігерлер мен күтушілер қоса кетті. Сол кезде Макарио өзінің ескі әріптесі Арық қонақ баланың бас жағында тұрғанын көрді.

Макарио мен Арық қонақ, қаздың етін бөлісіп жеген сол тойдан бері бір-бірімен ешқашан сөйлескен емес. Ауыру адамның бөлмесінде кездескенде екеүі көзбен ғана түсінісетін. Макарио ешқашан өтініш айтпайтын, Арық қонақ алып кетуге келген адамның жанын қалдыр деп ешқашан жалбарынбайтын.

Бірақ, қазір бәрі басқаша еді. Тақтың мұрагері өлсе, бұны әзәзілмен келісімге келген адам деп халық алдында өртеп өлтіреді. Бұл христиан үшін абыройсыз өлім. Содан соң, үлкен қызметтерде отырған балалары қорлықта өледі, бүкіл дүние-мүлкі тәркіленіп шіркеуге беріледі. Ал ең қорқыныштысы – әйелінің жайы. Макарионың қалай өлтірілгенін естісе Мұңлыкөз қайғыдан жынданып  кетуі мүмкін. Міне, осының бәрін толғанып өткен Макарио, алғаш рет Арық қонақпен дауға барды.

– Осы баланы маған қишы, – деді жалбарынып, – Біздің ескі достығымызды есіңе салайын. Жалғыз ғана өтінішім. Осы баланы маған бер, содан кейін мен емшілікті қоям. Өзім үшін емес, сорлы әйелім үшін өтінем. Христиан үшін, халық алдында, қадаға отырғызылып, отқа өртеліну дегеннің не екенін білетін шығарсың. Сол тұқым содан кейін мәңгі қарғыста болады. Сен мені іздеп тапқанда мен кедей едім. Сол кедей кебіме қайта түсуге, қайтадан отын шабуға келісемін. Тек осы баланы маған берші!

Арық қонақ өзінің түпсіз қарақұрдым көздерін Макарионың жүзіне қадап ұзақ-ұзақ тұрды. Адамдарда жүректің даусы деп аталатын нәрсені тыңдап тұрғандай. Содан соң, бұл жайытты жан-жақты ойланып, шешім таппай қиналғандай маңайын шолып үнсіз қалды. Шамасы оған баланы алып кел деп жарлық берген.

Ол балаға ұзақ-ұзақ қарады. Туғаннан ерте өлімге бұйырылған мұрагерді тірі қалдыруға бола ма, жоқ па деп толғанғандай, аяушылық сезім мен міндетті сыйыстыра алмай қиналғандай. Содан соң, Макарионың қайғысына иіліп тұрып, басын шайқап, қасіреттене сөйледі.

– Мен сенің жаныңды түсінем, өкінем, құда, бірақ, бұл жолы мен сені кесапаттан құтқара алмаймын. Шынымды айтайын, өз міндетімді атқарып жүріп бүгінгідей өкініп көрмеппін. Бірақ мен басқаша ете алмаймын. Мен бұл баланы алып кетуім керек.

– Жоқ, сен олай ете алмайсың! Естимісің, сен бұл баланы алып кете алмайсың! – деді Макарио айқайлап, – Сен бұл баланы әкетпеуің керек! Мен әкеттірмеймін!

Осыны айтқан  Макарио баланың төсегін жұлқа тартып айналдырып жіберді. Есеп – Арық қонақты баланың аяқ жағына шығару. Алайда, Арық қонақ қалқып барып қайтадан баланың бас жағынан шықты. Макарио әрекетін тағы қайталады. Арық қонақ қайтадан баланың бас жағына келіп тұрды. Макарио баланы ажал тырнағынан суырып алмақ болып төсекті айналдыра берді. Ақырында әрекетінен ештеңе шықпағанын көріп, қалжырап тоқтады. Әдетінше құпия қалтадағы құтыны алмақ болды. Құты быт-шыт болып үгітіліп кетіпті. Дәрінің біткені, сол дәрімен бәрінің біткені санасына жеткен Макарио, тылсымның таяп келе жатқанын жан-жүйесімен сезді.

Алтынмен апталған бөлмені көзбен шолып шыққан Макарио, өзінің, бәлкім мыңдаған жылдарға созылған әлдебір қорқынышты түстен ояна бастағанын сезді. Өзінің кесімді сағатының тақағанын, тағдырға қарсы тұрудың ешқандай мағынасы жоқ екенін түсінді.

Ол бөлмені тағы бір шолып өтіп баланың жүзіне қадалған. Бала баяғыда өліп қалған екен.

Ол түбінен кесілген теректей болып құлады. Осы кезде өзімен табақтас болғанның дауысы естілді. Бұл, жанын тербеткен мейірімді дауыс еді:

– Менімен қуырылған қазды бөліскен жомарттығың үшін тағы да рахмет айтамын, құда. Алайда, есіңде болсын, құда, сен халықтың алдындағы аяусыз азапты өлімнен құтыла алмайсың. Менде бір ғана амал бар. Мен сені мазақ пен қорлықтан құтқара алам. Бұл біздің ескі достығымыз үшін. Сен ешқашан мені алдамақ болып әрекеттенбедің. Сен менен сый алдың, сол сыйды патшаның сыйындай төбеңе көтеріп дәріптедің. Сен шын мәнісінде адал, кісілікті, абзал адамсың. Сол бітіміңе лайық абзал өмір сүрдің. Қош бол, құда!

…Макарио көзін ашқанда, бас жағында өзімен дастархандас болған Арық қонақ тұр екен…

…Мұңлыкөз қатты абыржыды, себебі Макарио орманнан қайтып келмеді. Ертеңіне ол ауылдың бүкіл адамдарын Макарионы іздесуге шақырды.

Ауыл адамдары ұзақ-ұзақ іздеп ақыры Макарионы бұрын жан адам баспаған қалың жыныстың ішінен тапты.

Өлі Макарио алып еменнің діңіне сүйеніп отыр екен. Жүзінде рахат жымиыс. Алдында банан жапырақтан жасалған дастархан үстінде жарты қаздың тап-таза мүжілген сүйектері жатыр.

Қол созымдай қарсысында тура осындай етіп төселген банан жапырақтарының үстінде әдемілеп мүжілген қаздың екінші жартысы. Кім болса да рахаттанып, аузының дәмін алып жегені көрініп тұр.

Макарионың әйелінің көзінен ыстық жас төгілді. Мүжілген сүйектерге қарап тұрып:

– Күйеуіммен бірге отырып тойлаған кім екенін білсем ғой, шіркін. Ах, шіркін! Қонағы текті, инабатты, ізетті адам болса керек, әйтпесе, Макарио өлерінде осынша бақытты болар ма еді, – деді қасіреттене сыбырлап.


Доктор Моудидің эксперименттері

Американдық психолог-ғалым Раймонд Моуди адамның өлім алдындағы психологиясын ұзақ зерттеген. Клиникалық өлімде (клиническая смерть) болып, қайтадан тірілген жүздеген адамдармен өткізген эксперименттерінің нәтижесінде «Өлімнен кейінгі өмір» («Жизнь после смерти») атты әйгілі кітабын жазған.

(Құрметті оқырман, тағы да ескерте кетейік, интертекстуальдік интерпретацияда шекара болмайды. «Прозаны прозамен ғана, поэзияны поэзиямен ғана түсіндіруге болады. Көркем шығарманы талдауға, пайымдауға ғылыми эссе жарамсыз» деген сияқты қағидалар постмодернизмде жүрмейді. Интертекстуальдік интерпретацияның векторы жанрдан жанрға өте береді, қысқасы, «әлемдік кітапханадағы» текст атаулыны көктей өтіп жүре береді).

Міне, осы, клиникалық өлімде болып кері қайтқан адамдардың бірауыздан айтатын әңгімесі: адам ахиреттің табалдырығына барғанда алдынан әлдебір нұрлы жаратылыс шығады. Содан соң пенденің бүкіл өмірінде басынан кешкендерін, немесе, басқаша айтатын болсақ, бүкіл тағдырын, аса қысқа мерзімде қайтадан кештіреді. Тағы да ескертейік, бұл өткенді еске түсіру емес, естелік емес. Бұл, өткен өмірді барлық егжей-тегжейімен және аса қысқа уақытта қайтадан кешу. Өзі бас кейіпкер болып ойнайтын, өмірінің ең сұмдық спектаклінен өткен адамнан, алдынан шыққан нұрлы бейне, «осы дүниені тастап кетуге дайынсың ба, әлде фәниге қайтып барасың ба, осыны өзің шеш» деп сұрайды екен. Ар жағы белгілі. Нұрлы бейненің тасасында тұрған шексіз байсал мен байырқаны қалаған адам, «иә, дайынмын» деп кете барады. Ал бүкіл тағдырын қайтадан кешкен, өзінің орасан зор қателерін түсінген адам, көп жағдайда, осы қателерін түзетуі керек екенін, артында аяқталмай қалған істері бар екенін ойлап, мына қатыгез дүниеге қайтып келуге мәжбүр болады.

Адамның ахирет алдында тұрып кешетін бұл ахуалын доктор Моуди, жоғарыда айтқанымыздай экспериментальдік жолмен анықтаған (әрине, шіркеудің қайраткерлері, «өлім алдындағы, ахиреттің табалдырығындағы ахуал, адамның ең ізгі, соңғы сыры, сондықтан бұл сыр кіршіксіз таза күйінде қалуы керек, жария болмауы керек, доктор Раймонд Моуди Құдайдың ғана иелігіндегі жерге кіріп кетіп отыр» деп белгілі ғалымды айыптаған, оған қарсы баспасөзді айдап салғысы келген. Алайда, Әулие Инквизицияның заманы өткен, ғылымның дамуын ештеңе де тоқтата алмайды. Тағы да бір белгілі ғалымның сөзімен айтсақ, «ғылымның дамуын шіркеу емес – гранттың жоқтығы ғана тоқтата алады». Раймонд Моудиді жақтайтындардың бірі «олай болса, шіркеу иелері Тибеттің ламалары жазған «Өлілердің кітабын», Мысырдың сахабалары жазған «Өлілердің кітабын» және әлем әдебиетінде, әлем өнерінде өлім жайлы айтылғанның барлығын жойсын» деп айтқаны белгілі).

Бұл 1980 жылдары жасалған эксперименттер. Раймонд Моуди ғылым-білімнің әбден дамыған кезінде осындай нәтижеге жетіп отыр. Алайда, одан бір жарым ғасыр бұрын өмір сүрген Амброз Бирстың бұндай тәжірибемен таныс болуы – жұмбақ. Дарға асылмақ Пэйтон Факуэрдің өлім алдындағы түйсігі – таңғажайып нәрсе. Мысалы, ол, шіркеу қоңырауының дыбысын естиді. Ол маңайда ешқандай шіркеу жоқ. Содан соң, біз, ол дыбыстың кәдімгі қол сағаттың шық-шық жүрісі екенін анықтаймыз. Түйсік, өлім алдында әлденеше есе (бәлкім, мыңдаған есе) өткірленген, сағаттың шықылын шіркеудің алып қоңырауының дәрежесіне дейін жеткізген. Осы ерекше өткір түйсік көпірдің маңайындағы, жаза салтанатына қатысты әрбір детальды қалт жібермей жіпке тізіп тұр. Себебі, өлім алдында, жарық дүниенің әрбір суреті, әрбір реңкі қымбат. Өлімнің көзімен қарағанда өмірдің, тіршіліктің құны өлшеусіз өскен. Бұл, өзінің жолын ешқандай дәстүрсіз, тақыр жерден бастаған американдық әдебиеттің басты сыпаттарының бірі. Мысалы, Э.Хэмингуэйдің, тіпті, бейбіт деген шығармаларының өзінде, осы, өлімнің демі тұрады. Себебі, ол Еуропадағы соғысқа қатысқан, ажалмен талай рет бетпе-бет келген. Оның шығармаларындағы, зерттеушілер «адалдық», «жауапкершілік» деп атайтынның барлығының үстінде өлімнің кіреукесі тұрады. Кейіпкерлерінің әр құбылысты байқап, былайша айтқанда, зейінмен құжаттандырып отыруы – бұл да автордың санасындағы өлімнің тәжірибесінен тамыр тартатын нәрселер.

Э.Хэмингуэйдің осы өзіміз әңгіме қылып отырған Амброз Бирсты атағанын көрмеппін (әрине, қателесуім де мүмкін, әлі аударылмаған мақаласында, немесе хаттарында айтқан да шығар). Алайда, оның шеберлігі көптеген қайнарлардан қалыптасқан. Сол қайнардың бірі – Амброз Бирстың прозасы. Содан үйренгені айна-қатесіз көрініп тұрады.

Амброз Бирстың аталған әңгімесі («Жапалақ бұлақтың көпірінде болған оқиға») өз заманының ең озық шығармаларының бірі еді. Тез өліммен ілезде өлген адамның, тылсымға өтер алдындағы бір сәттік қана қиялын өмірде болған оқиға қылып суреттеу арқылы жазушы үлкен принцип ашты. Бұл принцип әлем әдебиетінде өмірді, тіршілікті жаңаша пайымдаудың соны жолын қалыптастырды…

…Бруно Травеннің тұйық адам болғанын, өмірінің деректерін құпия қылып ұстағанын жоғарыда айттық. Бұндай адам, әлбетте, артына ешқандай мемуар, күнделік тастамайды. Алайда, жазғандарын оқып отырып, оның да Амброз Бирстен көп үйренгенін байқау қиын емес…

…Біз Макарионың қалай өлгенін білмейміз. Әңгіменің аяғында онымен біреудің табақтас болғаны ғана айтылады. Бұл қаншама қиялға жол беретін авторлық жұмбақ. Немесе, осы өзіміз жазып отырған мақаланың терминологиясына көшіретін болсақ, автор, шығарманың финалын жазуды оқырманның өзіне ұсынады.

Енді Макарионың соңғы рет дәм татысқаны кім деген сауал туады. Әзірейіл. Шынында да Әзірейіл. Құрметті оқырман, өмір мен өлім жайына келгенде мен сізден ақылды емеспін. Өзіңіз түсінесіз ғой. Мен әлі өліп көрген жоқпын. Ал сіз (кәрі боларсыз, жас боларсыз – айырмасы жоқ) егерде ахиреттің табалдырығына барып, әлдеқалай тірі қалған адам болсаңыз, онда сіз бұл тарапта менен сауаттысыз. Макариоға келген – Әзірейіл деп сол себепті айтып отырмын. Себебі, сіз де… Әзірейілдің түрін бір рет болса да көрген адам болуыңыз мүмкін.

Адамды өлтіруге кім келсе де, оның ту сыртында Әзірейіл тұрады. Жендет бар болғаны – жендет. Себебі, ақырында ол жендеттің де жанын алуға сол баяғы Әзірейіл келеді. Демек, басты проблема Макарионың қалай, кімнің қолынан өлгендігінде емес. Мәселе оның адамдық тұлғасында, оның қалай өмір сүргендігінде. Жоғарыдағы Макарио өмірінің екінші таңғажайып тармағы  , шындығында оның өлім алдындағы бір сәттік қиялы. Сол қиялдың шексіз ұлғайтылған түрі. Осы қияли хикаяны оқып отырғанда адамның көңілі еріксіз босайды. Адам өз ортасының, өз қоғамының перзенті. Макарионың демі үзілер сәттегі ойша жазып шыққан хикаятынан біз Латын Америкасының ұланғайыр ізгілік тарихын танимыз. Кейде юмор, сатира, иронияға ат қою қиын. Бұл аталғандар адамзаттың қилы тағдырының айнасы іспетті үнемі құбылыс үстінде болады. Біз бұл жерде («Макариодан») Чеховтың жетілдірілген сатирасын көріп отырмыз. Макарионың өлім алдындағы психикалық ахуалын суреткер үлкен панорамаға айналдырған. Әңгімеден латынамерикандық адамның қалай өлетіндігін, сондай-ақ, Испания, Португалия, Франция сияқты отарлық империялардың боданына айналған ұлы құрлықтағы адамзат нәсілі ғасырларға созылған тепкі мен езгінің салдарынан қалай азатындығын, өмірдің қалай құнсызданып, мағынасызданатынын көреміз. «Латынамерикандық роман» деген термин кеше ғана пайда болды. Көп адам тиісінше, латынамеркиандық романды кеше ғана пайда болған әдеби құбылыс деп түсінеді.

Латынамерикандық романды тудырған Карлос Фуэнтес, Мигель Анхель Астуриас, Алехо Карпентьер, Марио Варгас Льоса, Хулио Кортасар, Габриэль Гарсиа Маркес және тағы басқалар. Бұл дау тудырмайтын аксиома. Алайда, жалпы Америка құрлығының әдебиетін байыптап қарасаңыз, шындығында олай емес екеніне көзіңіз жетеді. Креол одиссеясының негізін қалағандар осы аталғандардан әлдеқайда бұрын өмір сүрген Бруно Травен сияқты көлеңкеде елеусіз қалғандар.


Сілтеменің мағынасы

«Шәкәрімнің Шыңғыстаумен қоштасуын» біз неге дастан дейміз? Төрт беттік, жетпіс екі-ақ жолдық шығарма. Көлемі жағынан дастан деуге келмейді.

Себебі бұл – Шәкірімнің бүкіл өткенді пайымдаған ақтық демі. Мейірімді Алла ешкімді де алаламайды. Сондықтан, кім өлсе де, о дүние мен бұ дүние қосылып дүр сілкінеді. Әуелі адамның өз тайпасының, содан соң басқа адамзат қабилаларының аруақтары рет-ретімен, бірінен кейін бірі емес. Фәни де, бақи да бір-ақ сәтте, бірге тебіренеді. Кезек пенен рет баяндаудың ыңғайынан амалсыз туатын нәрсе. Жаратқан Ие ғана адамның өмірін бүкіл егжей-тегжейімен бір-ақ сәтте көрсете алады. Пендеде ондай құдырет жоқ. Сондықтан, жазушы болар, сыншы болар, қаламгерге бұйырғаны – айтып, жазып жеткізу. Кезегімен, рет-ретімен…

Қан толып қара жанарға,
Қайғырдым соңғы қарарда.
Қайқы да қылыш қызыл тіл,
Қоштасар сәтте қамалма!
Осы жолдарды оқығанда қазақтың төл жырынан бір цитата еске оралады:
Екі жүзді семсердің,
Балдағы қолда қалғанша!
Мөлдіреген қара көз,
Жұмылып қанға толғанша!
Ат басындай сом жүрек
От болып лаулап жанғанша!

Төремұрат жыраудың рухы енді Шәкәрімнің бойынан тепсініп шыққандай.

Шыңғыстаудың етегіндегі Құрқұдыққа баяғы ардагер заманның бүкіл аруақтары жиналғандай.

Енді аталған дастан неге әлем әдебиетінен алынған қарсылықты цитаталардың өтінде тұр, соны шама-шарқымызша түсіндіруге тырысайық. Бір қарағанда Амброз Бирс пен Бруно Травеннің кейіпкерлері және Шәкәрім қажы үшеуі – бір-біріне мүлдем жанаспайтын үш түрлі дистанцияда тұрған сияқты. Шынында да солай. Алайда, үшеуі бір-ақ адам, себебі, үшеуін ажал — құрық біріктіріп тұр.

Ұмытпасаңыздар, Макарио алдына келіп бір жапырақ ет сұраған Айса ғалайыссаламның бетін қайтарады. Ештеңе бермей қоя береді. Яғни, Макарио Құдайдан баяғыда теріс айналған адам. Бұндай адамның діндар Шәкәрімге қай жері ұқсайды?

Қайтадан еске түсірейік. Иә, Макарио Құдайдан теріс айналған адам. Бірақ, шіркеу тудырған әділетсіз Құдайдан. Біреудің айтқан Құдайын сөзсіз қабылдайтын, ешқашан ештеңеге ойланбайтын адам қорқынышты. Әр адам өзінің арпалысты өмірімен Құдайға жеке басы жетуі керек. Демек, Макарио ізденіс үстіндегі адам. Шәкәрімнің Құдайды іздеп қалай аласұрғанын, өмірін рухани арпалыс үстінде өткізгенін айтып жату артық.

Біз Арық қонақ деп атаған Әзірейілдің Макариоға беріп кеткен шипалы суы бейнесін интертекст қағидаларына салсаңыз, мұсылман мифологиясында көп айтылатын Әбілхаят (Әбухаят) суына параллель болып шығады. Макарио, шипалы судың соңғы тамшысы төгілгенде бұ дүниемен қоштасып көз жұмады. Құрқұдықтың жанында, жендеттердің алдында тізерлеп тұрған Шәкәрім де – Алла тағала өлшеп берген Әбілхаят суы таусылған адам.

Макарио, Әзірейіл сыйға тартқан шипалы сумен қаншама адамды емдейді. Ал Шәкәрімнің артында қалған ғақлия, адамның рухани шөлін қандыратын, Әбілхаят суынан жаралған құтты білім емей, немене?

Макарио, әміршінің баласы үшін жанын жалдағанын, осы адамды маған қишы, жалғыз ғана тілегім деп Әзірейілге жалбарынғанын білеміз.

Шәкәрім де жалбарынды. Бірақ, бір адам үшін емес. Бесікте – қазақтың болашағы. Соның жанын қалдыра көр деп.

Шаһиттер жатқан жұртыма,
Шапағат қылғай жан Алла!

Бірақ, адамның айтқаны болмайды – Алланың айтқаны болады. Ақылды інісі өлерден ширек ғасыр бұрын хаким айтқан «Көк тұман алдыңдағы келер заман» деп. Алда әлі алпыс жылдық қорлық тарих бар еді. Қазақ көн етігімен сол қанды тарихты кешіп өтуі керек еді.

Қажы, өлер алдындағы түлеген санамен туған өлкені қимай-қимай тағы бір шолып өтеді.

Бауырың байсың салқын бақ,
Самалың саумал аңқылдақ.
Қыз ерін қызыл бүлдірген,
Қымсына барып үздірген.

Асанқайғы іздеп таба алмаған Жерұйықты өзі іздеп тапқандай.

Енді көне ғақлия кітаптардан бір мысал. Ертеде нәсібін жол тосып, керуен тонаудан айырған бір қарақшы болыпты. Бірде неше күн қолына ештеңе ілінбей әбден ашынып отырғанда, есек жетелеген жалғыз адам жолығады. Бұхарадан Бағдатқа оқу, білім іздеп бара жатқан кедей шәкірт екен. Қарақшы, байғұсты байлап тастап, қоржынын ақтарады, бірақ кітаптан басқа, қатып қалған бір жапырақ наннан басқа ештеңе таба алмайды. Ашуға мінген қарақшы әуелі есекті шауып тастайды, кітаптың барлығын жыртып шашады. Содан соң, байлаулы тұрған кедей баласын тыржалаңаш шешіндіріп кескілеп өлтіреді. Өлерінде, шәкірт сол жерде тасқа қонып отырған кекілікке «Мынау қарақшы мені нахақ өлтірді. Махшарда куә боласың, кекілік!» деп айқайлапты.

Кейіннен аталмыш қарақшы тағдыр айдап мұсылман әскеріне қосылады, крест жорықтарына қарсы жеңімпаз соғыстарға қатысады. Бірде кезекті жеңістен кейінгі той үстінде дастархандағы қуырылған кекілікке қарап отырып күледі де мастықпен жоғарыдағы оқиғаны айтып қояды. Сонда әділетті Салахаддин сұлтан қарақшыны батыр менен бектердің алдында аяусыз жазалап өлтіріпті.

Шәкәрім қажы туған жердің өзен-көлін, тау-тасын нахақ өлімнің куәлігіне тартады. Махшар күні тастарға тіл бітеді деседі, көргендерін Алланың алдында куәландырады деседі.

Демі үзілер шақта қажы «Ей, Шыңғыстау!» дейді. «Қанымды сімірген топырақ сұрланды» дейді. Алла тағала жаратқан затқа айтылған серт сөз.

Ең соңында, Шәкәрім Алладан ғұмыры қысқа қызғалдақ гүл қылып болса да тағы бір рет жарат деп сұрайды. Мына жарық дүниені тағы бір рет көріп кету үшін.


***

Әрине, кем-кетіксіз нәрсе болмайды. Мен Амброз Бирс пен Бруно Травеннен параллель келтіргеннен кейін тоқтауым керек еді. Ербол Алшынбайдың аталған дастанын түсіну үшін өскелең оқырманға осы айтылғанның өзі жеткілікті. Алайда, мен бұл мақаланы әдеби элитаға емес, енді ғана оң-солын танып, әдебиетке, өнерге енді ғана келген жас ұрпаққа арнап жаздым (Әлия Бөпежановаға, Мейірхан Ақдәулетке немесе Дидар Амантайға постмодернизмнің, интертекст, интертекстуальдік интерпретация дегеннің не екенін ұғындырып жатуды артық деп білемін).

Тағы да қайталап айтайын, қаламдас бауырларым, бұл дүниеде ештеңеге қатысы жоқ, өз бетінше бөлек тұрған құбылыс болмайды. Міне, қазір Украина бүлініп жатыр. Қағаз жүзіндегі жалған бостандықтан шын бостандыққа өтпек. Ресей бұған қарсы. Украинаның бостандығын қолдан келгенше болдырмауға тырысып жатыр. Ресейдің ұғымында Украинаның бостандығынан бөлек орыстың бостандығы деген бар екен. Олай болмайды. Бостандық елдің барлығына ортақ. Ол я бар, я жоқ. Аталған заңдылық тарихқа ғана емес, барлық әлеуметтік, рухани, интеллектуалдық құбылыстарға да жүреді. «Постмодернизм», «интертекст» деген терминдер ұнамаса, пайдаланбай-ақ қойыңыз. Постмодернизмнің жұрт көп қолдана бермейтін, көкейде ғана тұратын екінші аты бар, «білімділік» деген. Қаласаңыз осы терминді алыңыз.

Ұлы аргентиналық Хорхе Луис Борхес айтқан «Әлемдік кітапхананың» есігі қашанда ашық. Ол кітапханаға кіру үшін ешқандай куәліктің керегі жоқ. Жалғыз ғана керекті құжат, ол – сіздің білмекке деген ниетіңіз.

Бұл кітапханаға мені алғаш ертіп кірген ұлы ұстазым Асқар Сүлейменов еді. Ертіп кірді, аралатты, қалай жұмыс істеу керек екенін үйретті де кетті. Содан бері сонда отырмын. Осы кітапхананың тұрақты оқырманы ретінде айтарым – келіңіз, алтын сарайға бергісіз, күңіреніп тұрған бөлмелерді аралаңыз, отырыңыз, оқыңыз. Адамзат ақылы тудырған жаухарларда қисап жоқ. Және әр кітап жеке тұрып – «Құдатғу  білік». Сізді тосады.

«Алматы ақшамы» газетінен

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*