ЖИРЕННІҢ ТЕЗЕГІ

Әділбек Ыбырайымұлы

хикаят

 

Жапан түзде жалғыз атты ұшыртып келедi. Ол – көкжиек көмкерген сайын даланың жонында көз ұшында ноқаттай боп көрiнiп, алып қашқан сағымның арасында өрмекшiнiң торына iлiнген шыбындай қалтырайды. Мидай жазықтың төсiнде сөйтiп ұзақ уақыт жыбырлап тұрып алады да, бiр кезеңдерде ылым-жылым жоғалады. Әлдебiр заматтарда қайта дөңестердiң үстiнде қалбалақтап қаралдысы бiлiнедi.

Астындағы атының қан сорпасы шыққан. Екi өкпесiн соғып, сүргiн бiр сабылысты басынан кешуде. Танауы делдиiп, ащы тер көзiне құйылады. Омыраудан мөлтектеген сор қолтығын қуалап, бiр жолақпен сабындана ақ көбiкке айналып ағады. Сосын, тiзесiне жеткенде қыр жiлiншiктi қапталдамай қырымен сорғалай, шашасынан түйдек-түйдек боп, абайсызда ойын баласының қалтасынан түсiп қаған сықпадай қылтиып шөптiң арасында қалады.

Екi шаптың арасындағы ақ көбiк одан да қою. Бiрақ, борбайдан лықсыған терге iлеспей, сол жоғарыда көбiктенiп тұрып алады. Балақ жүні былшылдаған суға малшынып, батпаққа ұласқан. Лайсаң, ащы тамшы бір түп бетегедей шашадан тынымсыз саулайды.

Ат үстiнде аузы-басын ақ матамен орап алған бiреу. Бөктерiншегi тоқ, дағарадай екi қабы бар. Ердiң алдыңғы қасына да дiзесiн бастырып, тағы сондай қос теңдi теңшеген. Ортасында олшыйып өзi отыр. Жылқының денесiне тиген мөшектiң тұсы, ақ сабынданған. Iшпектiң астынан бүйiрiне қарай саулап, қара батпақ ағуда. Ол қойыртпақ  жануардың ана-оу кiндiк тұсына барып, ұмасымен құлдилап, жерге тамады.

Үстiндегiнiң оған қарайтын түрi жоқ. Екi өкпеге кезек тепкiлеп, межелi жерге тезiрек жетуге асығулы. Сондықтан да атын танауратып, аптап пен аңызаққа қарамай өлерменденедi.

Ай дала. Ұшқан құс болмаса, жүгiрген аң сирек кездесетiн қу медиен. Анда-санда алыстан қарауытып жетiмсiреген қыстаулардың, баздардың сұлбасы байқалады. Әбден, жолсыз мидай даланың жадысын жақсы бiлiп алған жолаушы, оларға бұрылмайды. Бұрылмайтыны, онда ешкiм жоқ. Бiр кезде сыңсып жатқан төрт түлiктiң отаны, қазiр – тiршiлiксiз сахара. Жазатайым, мұнда көлiгiң бiрдемеге ұшыраса, қаталап, шөлден ұшып өлесiң. Қыста, аязға қатқаның. Бiрақ, осы қатердi бiлiп тұрып, тып-тыныш үйде маза тауып тағы да отыра алмайды. Жүруi керек, баруы керек. Сосын, қыс демей, жаз демей атына ер салады. Мiне, басын сөлкектетiп алып келе жатқан, пенденiң пендешiлiк қаракет-қамы.

– Шү-у! – Ми қайнатқан ыстықта торыны шаужайлай түстi. Жануар әбден сансыраған. Сонда да желе-шоқыртқан сарынынан танбай, сағымның iшiнде қалықтап барады. Жолаушының да ерiнi аптап пен аңызаққа тiлiне-тiлiне жарылып, тiлi аузына сыймай келедi. Атқа ара-тұра осындай сүргiнде ғана аяқ артатындықтан тақымы қарысып, он екi мүшесi салақ-салақ боп қалды. Қазiр кiшкене шыдаса, сәл аялдайтын бекетке жетедi. Ол жерде көлігін жаңартып, басқа лау мiнедi. Сол әрәдікте бiр сағаттай табанымен жер басып, тынығуға мүмкiндiк алады. Одан кейiн тағы да осындай ғаламат сүркiл басталады. Тынбай шапқылағаннан шапқылап отырып, қызыл iңiрде – қоналқыға келесі бекетке ат басын тiрейдi. Арқаның сары жазығында себезгілеп ұза-ақ бөгелетін жарық сілемі де сол кезде тұтылып, көз байланады. Сонда түнеп, ертеңiнде қайыра жолсыз даламен жолға шықпақ.

– Шү-у! – Жан төзбес ыстықтан тезiрек құтылғысы келiп, байыздамай атын тебiндi. Жануар қатты қиналып, мына бiр сойқан жүрiс әлiне тидi ме, пысқырды. Басын сiлкiдi. Бармақтай-бармақтай ащы тердiң бiр-екi тамшысы жүргiншiнiң бетiне шашырады.

Жiгiт атының бой алдырып қалғанын байқады. Басын сiлкiгенде, бойын игере алмай шатқаяқтап барып әзер түзелдi.

Қайта бұл белдi жылқы екен. Әйтпесе, мынандай қара суды терiс ағызып жүру, кез-келген қыл құйрықтының қауқары жете беретiн сын емес. Алпыс-жетпiс шақырым аралықты аңыратып, тоқтамай жортуда. Күтiмдi жақсы көрiп, әдейi қайырылып бапталып, етi қатырылғанының арқасында ғана ыстыққа ұшып кетпей мұны алып келе жатыр.

Алыстан мұнартып, жер үйдiң нышаны байқалды. Бiрақ, қасарысқандай жақындатпай сол көз ұшында тұрған қалпы, тұрды да қойды. Үйдi көргеннен-ақ мұның әл-қуаты сарқылып, дiңкесi құрыды. Жүрiсi өнбей, бiр орында изеңдейтiндей сезiндi. Тақымындағы аты да әбден болдырды, өзi де титықтады.

Аспан айналып жерге түсердей ыстық әлi басылар емес. Аңқасын кептiрiп, шаршысын оқшырайтып тартқан аспан құшыныштың көзiндей ежiрейе қарайды. Бұл нысанадан соң келесi тоспаға бел суытпай аттанатыны жадына оралғанда бiр түрлi, қанша жүрiп жүрсе де, жолдың ауырлығы әбден жүрегiне тигенi сондай, қабағы тыржиды. Бiрақ, есiне бопыр ақша түскенде әп сәтте ширығып сала бердi. Басына сәлде тектестiрiп орап алған ақ матаны көзiне одан сайын түсiрiңкiреп, ердiң үстiнде қайта нығарлаңқырап отырды. Сырт көзге, артынып-тартынған кәдiмгi дуанаға ұқсайтын едi.

Есiктiң алдында түтiн будақтайды. Ары-берi бiр-екi адам жүретiн сияқты. Бiреуi тапжылмай бұған күн салып қарайтындай. Олар жолаушының кiм екенiн тап басып таный алмай дал, бұл ұзақ жолдан сансырап шаршағаны соншалық, жете алмай дiңкеледi. Бiрте-бiрте табандап жылжып, iргеге тақалды-ау әйтеуiр. Сол кезде күн салып қарап тұрған кісі де бұған жылжығандай көрiндi. Ол, дәл күткен адамын жыға танығандықтан ба, қарсы батыл адымдады. Алдынан шығып, шаужайынан ұстады. Қол берiп амандасып, әбден қара тұяғынан хал кетiп қалжыраған мұның атын үйге қарай жетеледi. Дәл iргеге тақалғанда бұған ерден түсуiне жәрдемдестi. Бiрiншi ердiң алдыңғы қасына байланған қаптарды шешiп алды. Сосын жолаушыны сүйемелдедi. Ол жерге табан тiрегенде қылтасын жаза алмай, аяғы ұйып қалғандай шойнаңдай басып, анандай жердегi тура ортасынан қақ бөлінген «К-700»-дің дөңгелегiнiң үстiне отыра кеттi.

Қарсы алушы адам жүктi түсiре салысымен мамырлаған атты бiрқауым жетеледi. Осыдан соң ғана апарып, салқын жабық лапастың астына қаңтарып байлады. Ерiн сыпырып ап, тоқымдарын күннiң көзiне тастады. Көтерiлiп кетпесiн деп бiрден аттың арқасына құрғақ iшпек тастап, төс айылмен тартып қойды. Содан кейiн барып жолаушыға ден қойды.

– Қалай, аман-есен келiп қалдың ба?

– Келдiм. – Басындағы сәлде тектес оралған шүберегiн сыпырып алып, дудыратып дiзесiне тастапты. Күн жеп әбден түтiккен маңдайын оң қолымен сүртiп, ауыздық түсiп базданған ерiнiнiң қиуын бас бармақ пен сұқ саусағын иіп әкеп сүрттi.

– Қатын-ей, сусын әкел! – Жапалақ көз, қайыс қара босаға жақтағыларға қоразша қыдиып, ақилана қалды.

– Әкеле жатырмын, әкеле жатырмын! – деген булығыңқы үн үйдiң iшiнен құмыға шықты.

– Ат дайын ба? – Жүргiншi бозарған көзiн сығырайтып, үйдiң иесiне тастады.

– Дайын. Шайыңды iшiп әлденiп ал, содан кейiн шығып кетесiң.

Әне-мiне дегенше бiр сағат зу етiп өтiп те кетiптi. Бiраз демiн алған сияқты, бiрақ салдыраған аяқ-қолын тым ауыр сезiндi. Тек, үзеңгiге аяқ артып, тың атқа мiнгенде қунап сала бердi.

– Ал, жолың болсын! – дедi жапалақ көз, – екi қонып ораласың ғой, құдай бұйыртса?

– Иә.

– Мынаны алып алшы, – дедi оның да әйелi құрақ ұшып, – ерiнiңе жағып отыр, кiлегей ғой.

– Мақұл, әкелiңiз. – Ер үстiнен еңкейiп қолын созды. – Рахмет!

Тебiнiп қалды. Көк ат атылып сала бердi. Сол шапқан бетi көгiлжiм көкжиекке бұлдырай сiңiп, көзден таса да болып үлгердi.

– Қайран ат қор болды-ау, – деп күбiрледi отағасы.

– Оған несiне жаның ашысын, құдай жаратқанда хайуанды адамның игiлiгi үшiн жаратқан. Қиналады, бiрақ екi күннен кейiн қайта қолыңа тиедi ғой. Алақаныңа қарға да саңғиды. Тәңiрiм, бала-шағаны несiбiнен қақпасын. – Салтақ етектi мықыр әйел көн ерiнiн сылп еткiздi. Ерi оған жауап орынына:

– Е-ее, – дедi дiңкесi құрып. Сосын, өз бетiмен мақсатсыз қора жаққа беттедi. Қатынына ләм деп ауыз аша алмады. ­Өйткенi, шынында да ақшаны осы көк аттың терiмен ғана ай далада отырып көрiп отыр. Әйткенмен, мұндай қиямет-қайым кешу – обал-ақ.

 

***

Орта шабыспен тiкiректетiп келе жатып, сағатына қарады. Кешкi он бiрден кетiп барады, әлi жарық. Арқаның оңтүстiкке қарағанда күнi ұзақтау екенiн аңғарды.

– Қазiр, жақын қалдым. – Өз-өзiне дем берiп, күбiрлеп қойды. – Ендi екi кезеңнен өтсем, үш-төрт сағат демалу мұрсатын иеленемiн.

Батыс жақ қып-қызыл шапаққа малынып, күн еңкейсе де, ыстықтың бетi қайтар көрiнбейдi. Жүргiншiге әлем шаңытып, тынысты тұтағандай сезiндi. Көзi қарауытып, басы айналғандай күй кештi. Өзiнiң сiлiкпесi шығып, әбден қажығанын бiлдi. «Таң тезiрек атса екен» деп ойлады. «Қайдағы таң, әлi күн батып үлгермесе» деп, екiншi дауыс қарсы тұрады. Жоқ, шалы бар үйге жетсем, ұйықтаймын. Шолпанның қалай тез туғанын бiлмей де қаласың. Алғашқы боз торғай шырылдағанда жолға шығамын. Құдай құтқарса, ертең бесiнде мына алапаттан құтыламын. Қайтар жол оңайға түседi. Себебi, ақша қолыңа тиедi. Ақша болған соң қуат та, қажыр да бойыңа құйылады. Көңiлiң де көтерiледi…»

Ит үрдi. Тiптi киiз үйдiң iргесiне де таяныпты. Оймен алданып, соңғы бiр-екi кезеңдi қалай өткенiн байқамаған.

Ошақтан түтiн будақтайды.

Бiр түрлi жiгiт қуанды. Келесi бiр тосқауылға тiрелгенiне емес, қазақтың қараша үйiнен түтiн шыққанына. Әдеттегiдей есiктiң алдында екi кiшкене баланың шошайған төбесi көрiндi. Олар арпылдаған барақы төбеттiң соңынан бұған аңтарыла қарап, селтие қалыпты. «Шал қайда екен?» деп ойлады. Сөйткенiнше киiз үйдiң босағасынан бас қылтиып шығып, iзiнше шалдың толық сұлбасы байқалды. Көк атты бiрден таныса керек, бұған ата қаздай мамырлай баса адымдады.

– О-о, бәрекелдi! Жеттiң бе, қыраным? – Құрақ ұшып, үзеңгiсiне орала бердi. Жолаушы:

– Ассалаумағалейкүм, – дегендi зорға айтты. Екi дiзесiн басып қалған алдындағы қаптарды тырмыса лақтырды. Қарысқан тақымын жаза алмай, белi шойырылғандай бүгежектей жерге түстi. Көк ат ебіл-дебілі шығып, iлгерiндi-кейiндi демалады. Бауыры тұтасқан қара батпаққа айналыпты. Кiндiгiнен  қара тер тырс-тырс тамады. Солығын баса алмай екi бүйiрi тынымсыз шеңбiрек атады.

Өзiнiң де халi көк аттың жайынан алшақ емес. Таңдайы кеуiп, тiлi аузына сыймай тұр. Бет-аузы аптап керiп, тырысып қалған. Тiлiнген ерiндерi ашып, жанына тиедi. Ашығаны өз алдына, аяз шалып үсiткендей сөйлеуге икемге келмейдi. Әрi, бiрдеме айтуға құлқы да жоқ.

Бұрылып кеттi. Қара сирақ екi ұл аузын ашып, мұның адам шошырлық ұсқынына үрейлене көз тiгедi. Күнге күйген, тотыққан қап-қара оның өңiнен екi көзi ғана жылтырайды.

Аяғын солтақтай басып, ескi керегенi арқасымен солқ еткiзе жерге құйрық төсеп, iргеге отыра кеттi. Быршыған маңдайын қолының сыртымен сүрттi. «У-уһ» деп, тереңiнен күрсiндi. Сосын шалға қарады.

Осы уақытта жас келiншек сапар кесе толы салқын, ашыған көженi бұған ұсынды. Қолы дiрiлдей шыныны алды. Алды да оптыға жұтты. Әп дегенше сусынды өңешiне құя салды. Саусағы дiрiлдеген қалпы ыдысын қайырды. Әйел зып еткiзiп кесенi iлiп алып, iшке енiп кеттi.

Қорқа соқтап жатсынған екi ұл босағадан бастырмалата бұған жылтың-жылтың қарайды. Түрлерi үрпиiңкi. Жапан түзде жыртқыш аңмен бетпе-бет ұшырасқандай үрейлi кейiпке енген.

Шал анандайда атты дамыл таппай жетектеп жүр. Құдықтың басына апарып байлады да, бiр-екi шелек суық суды жануардың үстiне сарылдатып құйды. Ыстық ұрып, түтiккенiн бассын дегенi. Содан ары қарай тағы да елпеңдей жетелей жөнелдi. Қаталаған жылқы науаға ұмтылып едi, еркiне жiбермедi. Әбден таң асқан соң, суығаннан кейiн суғармаса, «тышқан» болып қалатыны бесенеден белгiлi.

Күн әлдеқашан ұясына енiп кетсе де, шапағымен төңіректi қан қызыл бояуына малып тұрып алды. Бiраздан соң маңайды iңiрдiң ала көлеңкесi тұмшалады. Сол кезде ғана шал атты мамаағашқа байлап, үйге беттедi. Жiгiт әлi iргеде қозғала алмай отырған.

– Амансың ба, балам?

– Шүкір, ақсақал.

– Қашан шықтың?

– Әдеттегiдей, осы араға дейiн бiр қондым.

– Ым-м… – Қария жүргiншiнiң сықпытына барлай назар аударды. Әбден түте-түтесi шыққанын көрдi. «Кiшкене демiн алсын, қажытпайын» деп қорытып, терiс бұрылды.

– Әй, балалар-ей, шайларыңды әзiрлеңдер! – Қарлығыңқы дауысымен пәрмен берiп қойды. Бiрақ, онысына елп етiп жүгiре қойған ешкiм болмады. Жарықтықтың, әйтеуiр, айтқаны… Жастарға не дей қойсын.

Онша көп зарықтырмай дастархан басына шоғырланды. Қария төрге жайғасты да, оның сол жағын ала жолаушы отырды. Ал екi кiшкене ұл бала шешесi мен атасының ортасына шошайып-шошайып қоныс тептi.

– Шай ал, балам, – қария өзiне ұсынылған кесенi жiгiтке жылжытты.

– Жоқ, ала берiңiз.

– Ал, ал! Ұялма! Кенезең кеуiп, жолдан келдiң. Алаңдамай қанып ал, ертеңгi көлiгiң дайын. Құдай амандығын берсе, түске таман Қарағандыға да жетесiң. Ал қайтарыңда көк атың тынығып тұрады.

Жiгiт басында сыпайылық танытқанымен, шал мұрсат бергеннен соң оптыға сораптады. Бiрден маңдайынан суық тер бұршақ-бұршақ домалады. Жан-жағына қарауға мұршасы да жетпедi, табаққа еңсесiн салып тамақты асады келiп. Шал ара-тұра бiр тиiп қойып, оның анайылау қимылына көзiнiң қиығын төңкередi. Үрпек бас ұлдар да тосындық кеппен аңтарылады. Келiншек те көңiл бөлмеуге тырысқанымен, көзқұмарлық ерiксiз жолаушы жiгiтке апарып тiрей бередi. Ол бiр кездерде барып, ар жағына ел қонды ма, сiлемейлеткенiн саябырлатты. Осыны бағып отырғандай қария:

– Жол әбден-ақ соғып тастапты өзiңдi, – деп қойды. Онысы әңгiмеге тартқысы келгенi едi. Бiрақ, тiлiн буған өгiздей, жуық арада қонақтары тiс жармады. Жапандағы жалғыз үйде қарияның зарыққаны сондай, сөйлегiсi келiп таңдайы қышып дамыл таптырмайды. Әйткенмен, мынаның сыңайы қасында он күн отырсаң да iшiнен бiрдеме шығарып айта қоятын пендеге ұқсамайды. – Һм-м! – деп, қария жөткiрiнiп, дастарханнан кейiн шегiндi. Мұнысы ендi қонағына кейiгенi едi. – Осымен төртiншi рет кетiп барасың, ә-ә?

– Иә.

– Жол азабын жүрген бiледi.

– Шаршадым. – Жан қалтасынан темекiсiн шығарды.

– Осы күнi елдiң бәрi үйiнде байыз тауып отырмайтын халге жеттi. У-ух.  – Ауыр күрсiндi. – Бiз де, мiне, осында келгелi үш жыл. Әлгi жаман ұл Қарағандыға кетiп едi.

– Бұрын қайда тұрып едiңiздер?

Нұры тайған кәрi көзде жылт етiп, әлдебiр оттың ұшқыны байқалды. Шал жiгiттiң сауал тастағанына қуанып қалды.

– Жетiсу өңiрiнде… – Көкiрегi қарс айырыла тағы да күрсiндi. – Дәм айдап осында келдiк. Құдайдың бұйрғаны да…

Бұл уақытта жолаушы көк түтiндi ширата көкке үрлеп, рахат бiр күйге енген.

– Балам, бiзге төсектi сыртқа сал, – дедi қария ыдыс-аяқты жинай бастаған келiнiне. Осыны айтты да қопаңдап, орынынан көтерiлдi. Жiгiт те сал боп қалған аяғын солтақтай сүйреп, әзер қозғалды. Ер соққан тұла-бойы өзiнiкi болмай қалыпты.

Сыртқа шықты. Шал мамаағашқа беттедi. Жiгiт соңынан iлестi.

– Жануар тыңайып алыпты. – Қария көк атқа сүйсiне назар аударды. Жiгiттiң санасына ол жағы кiрiп те тұрған жоқ сияқты. Ең бастысы: болдырмай, дiттеген жерiне жеткiзсе жарады. Қолына уәделi ақшасы тисе, бiттi. – Бiздiң де жирен ертеңгi сойқаныңа дайын, – деп, иегiмен бұзаулар қамалған шарбаққа байланған бiр жылқыны нұсқады. –Үш қос уыс арпа бердiм де, әдейi таң асырып тастадым. Таңертең суғарасың да, тартасың. Амандық болса, өлі қонаға қайтып ораларсың.

– Амандық болса… – Немқұрайлықпен жауап қайырды.

Екеуi далаға, ашық аспанның астына салынған төсекке жайғасты.

– Ұйқы қашқан жастамын. – Бас жаққа жастық орынына төселген күпәйкеге қисая берiп, тағы да қария тiл қатты. – Уайым көп, ой қалың. Тұс-тұстан қамалап, бәрiбiр ұйықтатпайды.

Ендiгi үндемей қалуын ыңғайсыз көрдi ме:

– Жетiсудан бұл жаққа қалай көшiп келдiңiздер? – деп, жiгiт әдейi көңiл үшiн сұрай салған.

– Жалпы, күпiршiлiк болмасын, мен сорым қайнаған адаммын. Бiрақ, осыған да тәуба деймiн. – Көкiрегiмен жер жырта тағы күрсiндi. – Кәрi қойдың жасындай ғұмырың қалғанда, қубас атанған жаман екен. Үлкен бiр қара орманнан – шаруасы тынған шалдың – мына менiң ғана көзiм тiрi. – Дауысы кемсеңдеңкiреп шықты. Шалқасынан жатқан жолаушы ерiксiз қарияға назар аударды. Кенет, оның көзiнен бiр тамшы жас үзiлiп түстi де, бетiн қуалап кеп сақалына тамды. – Қайран, қарғам, елдiң балалары құсап ит аузына ағаш тығып, сандалтқан заманда сандалып жүрсе де ырза едiм ғой.

Арада санаға ауыр салмағын салған үнсiздiк орнады.

– Иә, мен де жас болғанмын сендер сияқты, – деп бастады үй иесi. – Ерден түспей үш күн, үш түн жүруге жарайтын ек… Ендi, мiне, iргесiн су мүжiген жардай опырайған шалға айналдық…

 

***

Мәуелi ағаштардың жапырағы қылтиып, ендi өсiп келе жатқан. Арқаңның құрыс-тұрысын жаздырып, бойыңды сергiтетiн көктемнiң көгiлжiм шуағы мың бiр ғаламды алаламай заңғар көктен құйыла түседi. Осынау ұлан-ғайыр мейiрiмдiлiктiң аясындағы тiршiлiк атаулының бәрi ерекше шаттықтың құшағында.

Күнделiктi бес-алты қойын айдап қырға кетiп, ер үстiнде тақымы талып, белi сырқыраса үйге қайтатын Адайбек шалдың да көңiлiнде тасқын бар. Жүрегi алып-ұшып, қала жақтан келетiн қара жолдың бойына ұзақ қарайды. Үйдегi кемпiрiнiң де әжiм тырыстырған маңдайы жазылып, бойынан қунақылық байқалады. Әншейiндегi «әне жерiм, мiне жерiм» дейтiн ыңқыл-сыңқылы ұмытылғандай құнжаң қағады.

Зүпiн мен Адайбектiң отау тiккендерiне отыз екi жыл өтiптi. Содан берi жер қойнына қаншама кiшкенелерiн берiп тынды. Әйтпесе осы уақта Батыр ана атанып, бәленбай немерелерi болар ма едi. Қойсаңшы бұл жазғанды. Соншама аңыратарлықтай құдайға күнәһар атанған тұсы жоқ сияқты-тұғын. Талай балпанақтай-балпанақтай балалары ауырмай-сырқамай бiр-ақ түн жылап, сiбiрлеп таң ата бастағанда шетiнеп жүре беретiн. Ауыл адамдары сан мәрте Зүпiннiң жоқтау салған дауысынан оянып, осы үйге үрейлене бет қоятын.

Емшектегi сәбилерiнен айырылғанда ет-жүрегi езiлiп, еңсесiн көтеруге жарамай қалатын. Ал қылығы шыққан, екi-үш жасқа кеп қалған Құралай, Жасұлан, Ғазиздерi аналарының жарты ғұмырын ала кеткен тәрiздi. Айға жуық есi ауысып, қойған нәрсесiн қойған жерiнде ұмытып, бiр кездегi ажарлы жамалының реңi кiрмей, жүдеп жүрдi. Ол да ештеме емес, он үш жасқа келiп ат сүйретiп өлтiрген Мәжиттiң қазасы – әкесiн де, шешесiн де күйрете соққыға жықты.

Кiшкене бала көрсе болды кеңсiрiгi ашып, жанарларына жылбысқы жас кептелетiн. Оның үстiне көршi-қолаң да бұларға сыр бермегенмен, үрке қарайтын сықылды. Өздерi араласқанмен де балаларын әкелмейдi. Әрине, перзентке мүдуәр жүрек кекiлi үлбiреп бiр әкебас келсе маңдайынан сипай алмай тұрмайды. Олардың бұл ықыласын басқаша түсiнiп, баланың ата-анасы iштей секем алып қалса ше? Соны ұғынып, қанша зауқы соғып тұрса да, балаға көңiл аудармауға тырысатын.

Құдай алудай-ақ алғанмен, беруден де мырзалық танытты. Ызғарлы өмiрдiң сүркiлiнен жiгерлерi түгесiлiп жүргенде, Қайраттары дүниеге келдi. Ол апыл-тапыл басып, былдыр-былдыр тiлi шыға бастағанда Жағыпар туды. Әке мен шеше бәйек боп, «тәңiр осыларға қуат берсiн, алдыңғылардың жасамаған жасын жасасын» деп, асты-үстiне түсiп тұратын. Мән-жайды жақсы бiлетiн төңiректегi ел, тағы да кiшкентай күшiктердің төбесі көрінген соң бұл үйге кiрiп-шыққан сайын «тiл-көзден сақтасын!» деп түкiрiнумен болады. Бiрақ, жүрегiне о бастан қыпыл енген ана балалары сәл сырқаттанса да шыр-пыры шығатын.

Арада тағы бiр жыл өттi. Қайраттың тiлi анықталып, атасы үйге енсе, шамасы келсiн, келмесiн жастықты сүйрелейтiн. Сыртқа шықса қосамжарласып, мамаағашқа беттейтiн. Тезiрек бармасаң аттың бауырына кiрiп кетуден тайынбайды. Ерге мiнгiзiп, сосын барып қана үзеңгiге аяқ саласың. Әйтпесе тастап кетедi екен деп шырқырап, қолды-аяққа тұрмайды.

Түскi әлетте Адайбектiң өзiмен қарайлас бiр бейсауат жүргiншi түсе қалды. Қайрат «аталап», әдеттегiше жастыққа жармасқан. Оны көрген қонақ, «ой, мынау азамат болайын деп тұр екен!» дедi сөз арасында. Одан кейiн де ерке ұл балаға тән өз сауалдарын қойып, былдырлаудан танбады.

Бөгде жолаушының жүрiп кеткенiне көп ұзамай, Қайрат мазасызданып, жылай бердi. Сәт сайын ыстығы артып, ойнап жүрген бала аяқ астынан мұрттай ұшты. Жаңағы кiсiнiң әлгi бiр сөзiн көңiлiне кiдi алып қалған Адайбек соңынан түре қуды. Ұзап кеткен жолаушыға жеткен бойда қан сорпасы шыққан астындағы құлын мүшелi атын көлденең тартып, «балам науқастанып қалды, түкiрiп бершi!» деп қолқа салды.

– Ауылдан шығып кеттiм, қайта бұрылу – жаман ырым. Әрi, менiң тiл-көзiм осы уақытқа дейiн ешкiмге тиген емес! – Сандағын борбайға бiр салды да, iлгерi жүре бердi.

Сүлдерi сүйретiлген Адайбек үйiне оралғанда, бiр жапырақ қана Қайрат сұлқ жатыр екен. Әйелi оны кеудесiне басып, алу-далуы шыққан қалпы азынап отыр. Жайлаудағы жалғыз көршiсi де келiп үлгерiптi. Үрейден жылаған Жағыпарды солар уатып әлек, бiрақ кiшкене нәресте шырқырай бердi, шырқырай бердi. Ол да жалғыз бауырының әл үстiнде жатқанына азалы тәрiздi.

Күн ұясына кiрiп, сам жамырай бастаған кезде нәрестенiң де жаны жәннаттан барып шыққан. Сол уақ Зүпiн мен Адайбек үшiн мына әлем төңкерiлiп бара жатты. Тiрлiкте опа жоқтығына күйiне жылады. Iшi-бауыры, қолқа-жүрегi суырылып, кеуделерi жансыз кеуекке айналғандай. Қайратты өз қолдарымен жерлегендерi бiрде естерiне түссе, бiрде осының бәрi көрген түстей әсер етедi. Тек, иiскесең жұпары мұрын жарар бiр жапырақ көйлектерiн көргенде анасы аңырап жөнеледi. Әкесiнiң көл-көсiр жасы етегiнiң қонышына тамып, үнсiз егiледi. Томпаңдаған бейнесi елестегенде алпыс екi тамыры иiп, өрiсте сан мәрте ерден ауып қала жаздаған. Сосын тауға да, тасқа да мұңын шағатын.

 

***

Әңгiмешi шалдың барлығыңқы үнi жiгiттiң жанын әбден баурады. Тiптi мына тұсына келгенде абайсызда тереңiнен тыныстап, кеудесiн басына жасталған күпәйкеден көтерiп алғанын аңғармады. Арқасы сiресiп қалыпты, кiшкене тыжырынып барып, бас жағына тастай салған жейдесiнiң қалтасынан темекiсiн iздедi. Шал бiр уақ сөзiн доғарып, мұның қимылына сығырая қарайды. Жiгiт баппен темекiсiн тұтатты. Екi-үш рет көк түтiндi бұрқ еткiзiп:

– Менен ондай қырсықтың ұштығын аңғарған жоқсыз ба? – дедi беймағұлым бағытқа қараған қалпы. Дала сүттей жарық, оның бетiнiң түгiне дейiн анық көрiнедi.

– Жо-жоқ, – қария абдыраңқырап қалды, – сен бiр хат тасыған кептер сияқтысың. Бойыңнан жаманшылықтың сызатын аңғарсақ, сырт айналар ек. Өйткенi, әбден жүрегiме тиген жайт шайлықтырып бiткен.

– Әйтеуiр, кесепатым сiздерге тимесе екен…

– Қайдағы кесепатты айтасың, балам? Сенiң осындай қиын қыстау кезiнде шарапатыңды көргеннен басқа, тырнақтай залалың тиген емес. Қанатымен су сепкен қарлығаштай аузымызға дым татырып, бiр күнге мiнген атыңның терiне бола мынау ши борбайлардың нәпақасын алланың перiштесiндей тастап кетесiң.

– Перiште емеспiз ғой…

– Перiште болмасаң да жақсы адамсың.

– Қайдам, күмән келтiремiн.

Екеуi де үнсiз қалды. Жолаушы темекiсiн тартып болып, топыраққа нығарлап сөндiрдi. Шал ерiнiнiң астындағы насыбайға елiткен қалпы, шырт еткiзiп бiр түкiрдi.

Қай-қайдағы сауалыммен сiздiң әдемi әңгiмеңiздi бөлдiм, кешiрiңiз, сонымен соңы қалай болды?

Қария бiр күрсiндi де, малдас құрып отырған қалпы сонау көк қойнындағы жұлдыздарға аңырды. Селдiрлеу сақалын болмашы лүп ете қалған самал, дiрiлдетiп өттi.

– Қолымыздағы жалғыз ұлды қалдырғанына да жаратқан иемiзге мың мәрте тәуба айтып, жүрiп жаттық. – Алыстан тын алған қарияның зарлы да мұңлы үнi жолдан шаршап, iндiнi бiр ғана төсектi аңсаған пәтшағардың зиынын бiртiн-бiртiн жаулай бердi. ­Өзiнiң де шалмен бiрге жаны күйзелiп жатқанын бағамдамады…

 

***

… Ол да бiр үскiнi қатты тағдыр өтiндегi нойыс желдiң жүдемдете соққанына шыдамай жүрмесе екен деген ана тiлегi күнiне сан мәрте қайталанатын. Әйтеуiр көздерiнiң жасын шыра етiп, төгiп жүрiп жеткiзген Жағыпары, отау тiгетiн жасқа да келдi. «Ата, келiн апарамын, дайындала берiңдер!» деген ұлының сөзiне бола еңсесiн салып, өбектейдi. Iлкiдегi теперiш те, жапа да осы бүгiн түгесiлiп, тiрлiк атаулының барлығы тек қуаныштан тұратындай көрiнедi. Сондықтан болар, сағыммен ұласып жатқан қара жолға еркiнен тыс бiр күш әлсiн-әлсiн мойын бұрғызады. Қарайды да, көзiне дәнеме шалынбаған соң жан қалтасынан шақшасын алып, насыбайды ернiнiң астына көмiп кеп жiбередi. Сосын әлгiнiң қуаты өне бойын тыз еткiзiп, жанын жадыратып, тызақтаған шыдамсыздығын байыз таптырады. Әйткенмен ол байсалдылығы жөпелдемеде шектен шығып, тағы да сол шарттылықпен дәмiл-дәмiл көкжиекпен астасқан жолға көзiн сүздiредi. Бiрақ, дәл бүгiн мұның сабырын сынайын дегендей, көз көрiм маңның бәрi мелшиген қалпы жатыр. Байыптай алмадым ба дегендей жанарына жас толып кеткенiнше қадалады. Ақыры барып, амалсыз қолы жан қалтасын iздегенiн де аңғармайды.

Кенет, сан-саққа бөлiнiп пышыраған санасын өзiне аударып, жойқын тажал гүрс ете қалды. Аспаннан Қап тауы құлағандай бұйығы жер солқ ете түстi. Бiр сәт табанының асты дiрiлдеп барып басылды. Тақымындағы шажа байталы бiреу шыжымын оқыс тартқандай басын жерден жұлып ап, жан-жағына сезiктене қарады. Жалғыз ол ғана емес әншейiндегi момын да самарқау саулықтарға дейiн елеңдестi. Әуелi, үшем лақтайтын көк ешкi ұзын құлақтарын қалқайтып, сақалын сапситып, дыбыс шыққан жаққа ұзақ қарап тұрды да, пысқырып жiбердi. Оның бөгелгенiн көрген үш шұнағы ойнақтап кеп бауырына жабысып едi, ашулы ешкi мүйiзiмен қағып тастап, жүрiп кеттi.

Адайбектiң кешке қарай денесi ауырлап, басы зеңгiдi. Жас келiп, саркiдiр тартқаннан шығар деп жорамалдады. Ат үстiнде отыра алмай берекетi қашқан соң, бүгiн қойын өрiстiң төрiндегi жалғыз түп жыңғылға дейiн жая алмай, орта тұстан қайырды. Үйге келген бетте Зүпiнге төсек салдырды да, iшiгiне оранып қисая берген. Сосын кемпiрiнiң «тұр-тұрымен» жүрiп, кешкi ас-суын iшкен сияқтанды. Бағанағы бағанағы ма, маңдайы сынып барады. Мұндайы жоқ сияқты-тұғын, қайдан жабысқанына қайран. Табаға салып қуырғандай, қу жаны безектейдi. Ұйқы да жоқ, кемпiрiне тiл қатуға да зауқы соқпай ұзақ иленді. Тек жалғызының келiн әкелетiн сәтi жақындағаны жадында қылаң етсе сақайып, бойы сергитiндей. Мұндайда таң да атпай, дiңкелететiнi бар. Күйзелiп жатып мезгiлдiң қанша болғанынан да бейхабар. Әйтеуiр тастай қараңғы. Қараңғылықтың өзi сығымдап, тұншықтыратын тәрiздi – ауа ауыр.

Бiр кезде жүйкесiн жұқартып, құрысқан шекесi жазылғандай әсер танытты. Қараңғылық та сiбiрлеп атқан таңнан ығып, жылыстап барады. «Е-е, есек қырған туған екен ғой» деп ойлады. Одан арғысы есiнде емес. Түнiмен айқаспаған кiрпiк iлiне қалыпты. Есiктiң тарс-тарс етiп, бәйбiшесiнiң «қазiр-қазiр» деген дауысынан оянып кеттi. Сырттағы адам «шүйiншi, шүйiншi!» дейтiндей. Оның кiм екенiн де бағамдай алмады. Әйтеуiр, заты әйел екенiн ұғынған. Орнынан қалай атып тұрғанын да аңғармады. Сасқалақтаған кемпiрi есiктi ашқанша бұл да қасына жеттi.

Есiк шалқасынан түстi.

– Көрiмдiгiңдi бер, апа! Келiн келдi! – дейдi көршiсi Бипа.

– Ала ғой, күнiм! Не қаласаң да бердiм! Бүгiнгi күн елден аяйтын ештемем жоқ.

Зүпiннiң иегi кемсеңдеп, нұры тайған жанарынан жас тамшылары үзiлiп барады.

Баяғыдан күткен осы қуанышты естiгенде, Адайбектiң қапелiмде аузына сөз түспей, не орнынан қозғала алмай сiлейдi де қалды. Тек қақпаның алдына жеңiл машина көлденеңдеп кеп тоқтағанда барып, ата жөнелдi.

Далаға жалаң аяқ шығып кеткен екен. Iлгерi озып барып, кемпiрi есiне оралды ма, соңына қарады. Зүпiн де етегiне шалынып, кебiсiн кие алмай жатыр. Сөйткенiнше дарбазадан Жағыпар балауса қызды жетелей ендi. Сол сәт қайдан екенi белгiсiз, шашу жауды да кеттi. Алғашында байқамапты, шағын ауылдың тайлы-таяғына дейiн қалмай осында жиналған сыңайы бар.

Өзiне бiр-екi-үш адым қалғанда сәлем салған қыздың қылпын көргенде кеудесiн кернеп, жүрегi толқыды. «Ай-на-а-лай-ын» деген сөз аузынан ерiксiз шықты. Тарамыс-тарамыс алақанын алдыға ұмсынып, маңдайынан сүйдi. Жағыпарды да бауырына қысып, бетiнен өбiп жатыр. Зүпiн де келiнiнiң мойынынан орап құшақтап, «өңiм бе, түсiм бе?» дегендей көзiн тарс жұмып алыпты. Әйтсе де қуаныштан ағылған жас кимешегiнiң омырауын жуды. Сосын жалғызының маңдайынан иiскеп, сүйiп, иi қанбай ұзақ тұрды.

– Зүпiн-ау, балалардың бетiнен бiз де сүйейiк те! – деген ашық дауыс саңқ етiп естiлгенде барып ұлын босатқан. Содан кейiн көзiнiң жасын сүртiп, дауысынан айнымай таныған құрдасы Құрбыжанға қарады. Ол да қуанышқа ортақтасып, жеңiл әзiлмен өз ниетiн бiлдiруде.

Елден айналайын, бүгiнгi абыр-сабырда кемпiрдi сабылтпай, осы үйдiң отымен кiрiп, суымен шығып жүр. Әп сәтте мал сойылып, бауырсақ та пiсiрiлiп үлгерiлдi. Өздерi бiраз желпiнiп алып, көп ұзатпай ауыл-аймағымен жабылып құдаларды да күттi, тойды да атқарды. Кемпiр мен шалдың өмiрiне ендi ғана рең кiргендей, тiрлiктерiне ендi ғана шұғыла жүгiргендей, көңiлдерi бiр масаттанып қалып едi.

Осы шақта Сарыөзекке жер-жерлерден пойызға тиелген өңкиген тажалдар жөнелтiлдi. Атом деген әбiлеттi алып құзғын құсқа теңесек, мынау соның болат жұмыртқалары iспеттi. Күнмен шағылысып, бәлекеттер көз қарықтырады. Оларды стансаның басында көп аялдатпай, Орта Сарыөзекке аттандырады. Ол жер тастақ емес, құмды шүңейт-тұғын. Құм қашан да бұйығы, құмда адам аяғы сирек екенi де белгiлi. Бұл аймақты осынысына бола таңдаған шығар. Бiр кезде ғаламат ғалым Курчатов бас болып жанталаса iзденiп, зерттеп, ойлап тапқан «жаңалықтарын» ендi жер жастандырып, жаһанамға жiбермекшi. Адамды қыру үшiн жасалған қару мiндеттi түрде қазақ топырағында залалсыздандырылуы керек сияқты. Сырдан сығанақ өткен құла ауыз «бақалшылар» «жан баласына ешқандай зобалаңы тимейдi» дегенменен, әулiкпелердiң онысына сенуге болмайтын едi. Ол тұрмақ сiрiңке шақсаң да күкiрттiң ащы иiсi мұрынға келмеушi ме едi.

Америкада үндiстерге қалай қараса, бұл жерде қазақтарға да сондай көзқарас қалыптасқаны белгiлi. Олар үшiн тұтас бiр ұлттың, мемлекеттiң құны қара судай кенеуi жоқ нәрсе. Сондықтан да жыланбауыр составтарға мiнiп алған аждаһалар Сарыөзекте түйiсiп жатты, кезекпен жарылып жатты. Онысыз да зәрурет науқасы қабындаған маңды сағымға ұласып көзге көрiнбес залал жайлай бастаған.

Зүпiн келiнiнiң мезгiлi жақындаған сайын кәрi жүрегi тулап, iштей қуаныштың шуағына малтитын. Ұялып, бұйығы бала неме әлдебiр жерiнiң сырқаттанғанын айтпай қояр ма деп, оның құбылыстарын жүрiс-тұрысынан аңғаруды әдетке айналдырды. Жерiгi қанбай жүрер деп, қолын ештемеден қақпады. Уақыт өткен сайын Гүлден де әбден бауыр басып кеттi ме, бастапқы ұяңдығы ұмытыла бастады. Әпi кiрiп, күпi шығып, атасы мен апасының қолын ұзартуға тырысып бағады. Олар, керiсiнше, бiр жерiңдi ауыртып аларсың деп бәйек болатын.

Күндiз атасы мал бағып, Жағыпар жұмысқа кеткен кез апасы екеуi үшiн шұрайлы шақ. Енесi қазақтың жол-жоралғысын айтып, келiн ненi бiлуi тиiс – соны үйрететiн. Сол сәт қызықты әңгiменiң де тиегi емен-жарқын ағытылушы едi. Атасы да «Гүлденiм келiп, жанымыз жаздай жадырап сала бердi ғой» деген сөздi күнiне әлденеше рет қайталайтын. Осының өзi-ақ жат жерге түскен келiншектiң нәуетек жүрегiн мейiрiмге мелдектететiн.

Айы-күнi жетiп, толғақ басталды да, Гүлден ауылдағы шағын ауруханаға түстi. Зүпiн қужаңдап, ажарлана масаттанғанымен, көңiлiнде қыпылы жоқ емес. Бебеулеген келiнiнiң дауысын естiп, перзентхананың босағасында мелшидi. Тезiрек қол-аяғын бауырына алса екен деп, Бибiбәтима пiрiне сиынғанымен, төзiмi сарқыла бередi. Сөйтіп, қанша айбынғанымен, толғақ ұзарған сайын бiртiндеп жүнi жығыла бастады. Сосын «қой, тызақтап асыққаным болмасқа» ұйғарды.

Бұл бүйтiп қарлығаштай шыжбық боп, келiнiнiң қасынан ұзамай тұрғанда, үйде Адайбек пен Жағыпар байыз таба алмады. Шал қора-қопсыны аралап, әрнәрсенi бiр түртпектеп, iшке кiргiсi жоқ. Әлдекiм жақсы хабар алып «шүйiншiлеп» жетiп келетiндей, сыртта жүр. Ұлы болса теледидарды қосып қойып, мән-мағынасыз құр бетiне телмірген. Көңiл-көзi жұбайының жанында.

Толғақ қысқанда Гүлден тұла-бойын ит тырнап жатқандай – бiр бүгiлiп, бiр жазылады. Белдемесi үзiле жаздап, әлдебiр нәрсе созыла тартылғанда төбе құйқасы шымырлай жөнеледi. Сандырақтап бiрдемелердi айтқан болады, онысының көбiсi айқай. Безгек тигендей аласұрып, қара терге шомды. Терлеген сайын әлсiрей түскендей. Тамағы да қарлығып, сырылдап қалды. Кенет қу жанын көзiне көрсетiп, қолқасы жұлынғандай iшкi әлемiнде бiр тойтарыс болды. Құлындағы дауысы шығанға жетiп, шорт үзiлдi. Босағада тұрып мұны естiген ананың онысыз да бей-жай көңiлi өрекпiп, тызақтай бердi. Аман-есен босанды ғой дейiн десе, жылаған нәрестенiң iңгәлағаны естiлмейдi. Не Гүлденнiң үнi шықпай қалды. Тек iштегi дәрiгерлердiң күбiр-күбiрi мен аяқ тырсылдары ғана аңғарылады.

Гүлден босанған едi. Бiрақ сәбидiң айы-күнi жеткенiмен, бас сүйегi дамымапты. Қып-қызыл, керек десеңiз ми қабаты анық көрiнiп тұр. Алғашында жарық дүниеге тiрi келiп едi, бiр-екi минөттен кейiн жүрегi соғуын тоқтатты.

Өмiрi мұндайды кездестiрмеген дәрiгерлердiң өздерi шошып кеттi. Әйткенмен Гүлден ештемеден бейхабар-тұғын. Тұмса неме толғақ буғанда талықсып жүре берген. Әлi өз-өзiне келе алмай жатыр. Ақ халаттылар үстiне төнiп, барлық мүмкiндiктi барынша пайдалануға тырысып, жан-тәндерiн салуда.

… Сүлдерiн сүйретiп Гүлден үйге келгенде келiстi келбетi қуаңданып, көзi шүңiрейiп жүдеген едi. Марқа сойып, белi бекiсiн деп жас сорпа iшкiзсе де, бiр көтерiлмей қойды. Бойын қайдағы жоқ әлсiздiк жайлап, дәрменi құриды да тұрады. Көп сөйлесе де шаршайтын тәрiздi. Апасы мен атасының көзiнше сыр бермей күлген болады. Қайдан, көптi көрген қариялар ештеменi қалт жiбермейдi. Жағыпар да жарының қас-қабағына қарап, ауылдың iшiндегi ұсақ-түйек тоқ желiлерiн жөндеп, ұзамай жүр. Көбiне қасында.

Адайбектiң қайғысы тағы да ұлғайды. Бiрақ, «әлi жас қой, талай немере сүйермiн» деген жақсы ойдың сүресiне күдiгiн жеңдiре беретiн. Шақшадай басы алмағайып ойдың мекенi. Соңғы кезде бес-алты қойын емес, сары уайымын бағатын сыңайы бар. Ер үстiнде терең иiрiмдерге шомып кетедi де, әне-мiне дегенше шығандағы жалғыз түп ежелгi серiгi жыңғылға жеткенiн де аңғармайды. Сосын қойын ерiксiз керi қайырады.

Бүгiн де жер-әлем дүр сiлкiнiп, құлақ тұндырған дауыс тосыннан гүрс ете қалды. Әуелгiдегiдей емес, мал екеш мал да бұған үйренген. Елең еткен бiреуi жоқ, ащы жусанның түбiн мылжалап жатыр. «Диiрменде туған тышқан дүбiрден қорықпайды» деген осы екен деп ойлады шал.

Соңғы кезде Адайбектi де науқас айналдырып жүр. Жиi-жиi басы сынып ауырып, ежелгi белiнiң құйаңын ұмыттырып жiбередi. Дегенмен, көңiл тоқ болса анау-мынау осалдарына жеңiле қоймайды. Ұлы қарақанаттанып, келiн әкелгенiне шаттанып, тiзе, бел, жауырыны сырқырайтынды аяқсытып еді. Ендi, мiне, тағы да күйреп, опынып отыр.

Содан берi де үш-төрт ай аралап кеттi. Зүпiн келiнiнiң әрнәрсенi тартына, дастархандағы дәмдi шымқап аузына салғанын көрiп, қуанып қалған. «Құдай бұйыртса бiр жаман неменi көрермiз» деген жақсы ниеттiң далдасында жүрiп, өткендегi тұңғыш немересiнiң шетiнегенiн онша елей қоймады. Әйткенмен, бiр байқағаны – Гүлденнiң мiнезiне, жүрiс-тұрысына болмашы өзгешелiк енiптi. Ол қандай өзгерiс – әзiрше жұмбақ.

Ана байқұс қуанса қуанғандай, келiнiнiң бетiне ноқта түсiп, құрсағындағы сәби айқындала бастады. Зүпiн оның қарсы болғанына қарамай қолының ұшын дәнемеге тигiзбей, зыр жүгiруде. Гүлден кейде қараптан қарап отырып ұялатыны бар. Ендi қайтесiң, апасының iндiнi солай, оның мұнысына бөтен сөз айтып ешкiм бөгет бола алмайды.

Аңқылдаған ананың жанын, әрине, Гүлден жасытқысы жоқ. Дегенмен, өмiр ол ойлағаннан басқаша екен. Қарияларды қанша қуанышқа бөлеймiн дегенiмен, пешенесiне солай жазылған ба, адымы ашылмады. Екiншi сәбиiнде өзiн күтiп, дәрiгерге апта сайын қаралғанымен, болмады. Әбден уақыты жетiп босанған. Бiрақ… шарананың бауыры мен бүйрегi сыртына бiтiптi. Кәдiмгi көрер көзге ап-анық, салбырап тұр. Ұл екен, амал қанша…

Гүлден жатса да, тұрса да сол бiр көрiнiс елес берiп кетпейдi. Сан мәрте түсiнен шошып оянып, беталды ата жөнелгенi бар. Атасы мен апасы «құдайым-айлап» қаншама рет ұшықтады, ұшықтатты. Ештеме де дәру болмай, келiндерi көбiне сүлесоқ күй кешетiндi шығарды. Оның бұл қылығын естiген ауыл ақсақалдары: «Қайтсiн, екi қар түспей, екi құрсақ көтердi. Онысы анандай болды, соның татасы оңай дейсiң бе, кiмдi де кiлбиген халге душар етер» деп жүптестi.

Бүгiн дауыл тұрып, жер-әлемдi суырып барады. Биылғы қыстың қаһарына мiнген соңғы дауылы шығар. Уiлдеген, ызылдаған, ұлыған дыбыс. Бұл боранның үскiрiгiнен гөрi қабыржып, қобдиланған үй иелерiнiң iшкi әлемi тәрiздi. Мұндағы жыбырлаған адамдарға қарап тiршiлiк бар демесең, көр секiлдi сығырайған кiшкене құжыраның iшiнде өлi тыныштық.

Тосыннан есiк ашылып, табалдырықтан аттаған басқарманың төбесi көрiндi. «Ассалаумағалейкүм!» деп амандасып кiрдi. Адайбек әлiк алды. Сосын Жағыпардың сәлем берген қолын ұстап тұрып басқарма:

– Сауын фермасының шамы сөнiп, сиырлар сауылмай тұр. Соған бiр лажын жасамасаң, тығырықтан шығатын түрiмiз жоқ, – дедi өз тарапынан келер қайранның болмай тұрғанын жасыра алмай.

Жағыпар сөзге келмедi. Лездiң арасында киiне қойып, керектi оны-пұнысын алып, басқармаға iлесе бердi.

Расында да желiнi сыздаған жануарлар мазасызданып, гурдты басына көтере мөңiреп жатыр екен. Келген бетте бiрден электр щиттi қарады, бәрi орнында сияқты. Сосын трансформаторды ашып көрдi. Ол да қаз-қалпында. Ендеше сырттан үзiлген.

Дауыл күшеймесе бәсеңдемеген. Жағыпар осыған қарамай бағаналардың бойымен келедi. Бiр-екi дiңгектен өтiсiмен үзiлген желiнiң үстiнен дөп түстi. Белiндегi жалпақ ремен белдiгiне шынжыр тағып, аяғына iскек темiрiн кидi. Бөгелмей бағанаға өрмелей жөнелдi. Қасындағы жолдасы үзiлген сымды жалғауға кiрiстi.

Бағзы заманғы бөрененiң түбi шiрiп, тінінен айырылған едi. Дәнекүс дiңi нойыс желдiң үскiнiне зорға төтеп берiп тұрған. Оған тағы да жетпiс-сексен килограмм салмақ қосылған соң аужал бола ма, морт сынды. Айдаған долы желдiң екпiнiнен сымдар үзiлiп, от ұшқыны жарқ-жұрқ етті. Осы екi арада Жағыпардың да үрейден айқайлаған үнi қабат естiлдi де, тарс еткен дыбыстың астарында қала бердi.

Оның жазым болғанын бiле қойып, серiгi жанына жеткенiнде Жағыпар ыңырсып жатқан-тұғын. Үстiн басып құлаған бөрене осал жараламағаны белгiлi. Тезiрек дiңгекке оралған шынжырды ағытып, зiлмауыр батпанды аударып тастады. Аяғындағы iскек темiр бөренеге бiреу әдейiлеп қаққандай бармақ басындай тереңдiкке кiрiп кетiптi. Етiгiне шандылып, таңылған жерiнен зорға ажыратты. Сосын жалма-жан сауын орталығына жүгiре жөнелдi.

Ауруханаға жеткiзiлгенде денеде жан болмаған. Қараңғыда ешкiм байқамапты, шүйдесi жарылып iшiне кiрiп кетiптi де, маңдайы қақ бөлiнiптi. Езуiнен болмашы қара қан аққан. Сынбаған қабырғасы жоқ, әуелi бiреусi өкпесiн тесiп өтiптi. Аяғының жiлiншiктерi де уатылған.

 

***

Екi қолын желкесiне қойып әңгiме тыңдап жатқан жiгiт, селк ете қалды. Қасiреттен iшi уылжып кеттi. «Не деген қарғыс атқыр өмiр едi?» Тынысы тарылып, кеудесi қысылғандай мазаң күй кештi. Ерiксiз көкiрегiн кере ауыр дем алды.

Осы тұста шалдың да үнi қанаты талған құстай бәсеңдеп, дауысы саябырлады. Ерiксiз тыңдаушысы жалт қарады. Иегi кемсеңдеп, бiр тұтам сақалы тұштаңдап кетiптi. Ауызы икемге келмей, нұрсыз жанарының аясына сора толыпты.

Миға бiртiн-бiртiн салмақ салған уытты уақыт сәл-пәл тым-тырыс қалыпқа енiп, қайта тыныштықтың iргесi сөгiлдi. Жiгiтке әлемнiң бәрi «у-уһ» деп дүр сiлкiнiп, серпiлгендей сыңай байқалды.

– Бұл қасiреттi естiгенде, – дауысы қарлығыңқырап, қатқыл шықты, – сорлы Зүпiннiң табанының астында дүние шыр көбелек айналып, талықсып кеткен. Менiң де сақалымнан алты тарам жасым тамып, күйрей жығылдым. Өксiдiм, күңiрендiм. Құдайға да тiлiм тидi…

Иә, құдайға да тiлi тигенi рас. Бiрақ ол безерленiп өлген ұлын тiрiлтiп бермедi. «Мұншама сорлататындай кепиетсiнген жерiм жоқ едi ғой. Сенiң де аузың кепердей боп, жыланың бiр жығылмайды екен» деп, тәңiрiсiн де жазғырды.

Гүлден астан да, тiлден де қалған. Жылай бередi, жылай бередi. Бет-аузы күлдiреп iсiп, әдемi жүзi жұрынға айналған. Әсiресе мүрденi жер қойнына тапсырған күнi оны көршi-қолаң да тани алмады. Тек ұзын бұрымынан ғана Гүлден екенiн аңғаратын…

Ол сол күнi кеш бата үштi-күйлi жоғалды. Ауыл тайлы-таяғымен iздеген, таппады. «Өз-өзiне келе алмай, басы зеңгiп, шығып кеткен шығар» деген дүдәмал уәж айтылады. Бiрақ ертеңiнде де, одан кейiн де оны ешкiм таба алмады.

Жолсапарларға орай Гүлденнiң ағасы қазаға кешiгiп келгенiнде қарындасының тым құрымағанда күйеубаласының жетiсiне дейiн отырмағанына бетiмен жер басты. «Қариялардың көңiлдерi үшiн қырқына дейiн осында жүргенiнде, олар да одан арыға ұстамас едi ғой. Баталарын берiп, ақ жол тiлеп шығарып салмас па?»

Ағаны келгеннен берi көкейiндегi мазалаған сауал осы-тұғын. Бәрiне өзi кiнәлiдей мойнына су кетiп аттанды. Бiрақ ол қарындасының ауруға шалдыққанын бiлмеген. Құрсағындағы нәрестенiң түзiлген ағзасымен қатар сан мыңдаған тамырларымен атом зобалаңы ана денесiне елеусiз тараған. Кейiн ауруханадан боп-боз боп әлсiзденiп шыққанында, бiр дәзденген сырқат одан сайын меңдедi. Дерттiң барлығы басқа шауып, ми қыртыстарында тұз қиыршықтары жинала бастады. Екiншi рет аяғы ауырлағанда ол құбылыс үдей түстi. Оны Гүлденнiң өзi де аңғара алмады…

Сiңiрлерiне iлiнген Адайбек ұлының қасiретiнен кейiн екi ай дегенде басын зорға көтерiп, аяғына мiндi. Ал кемпiрi пiрге қол тапсырардай бүгжиiп, сүлкиген. Күрт қартайып, буырыл самайы айға жетпей әппақ қудай ағарған. Шалдың да оңып тұрғаны шамалы. Сахарға салған сүйектей өңi құп-қу. Дем алса да, жүрсе де көкiрегi көр татиды. Өйткенi, өмiрi жолы болмай, iшiнде қамырығы бар қағылған-соғылған тiрлiктiң далдасында кетiп барады. Үрген желге қарсы тұруға қауқар қайда?

Үйде өзiн-өзi тұзақтағысы келмей, қойын айдап өрiске беттедi. Сайын даланың самайынан сипап алдамшы сағым қашып барады. Күнде көзi көрiп жүрген әр түп шиiне дейiн таныс маң болғанымен, бүгiн бәрi жат сияқты. Баяғыда көктем келсе жадырап кететiн түз әрi қашып, көтерiлiп қаулай алмай жатқан сыңайлы. Бiрақ, бұл көзiне торта байланған Адайбек шалдың көңiлiмен қарағандағы әсер едi.

Өзiнiң ежелгi сырласындай болып кеткен жалғыз түп жыңғылға жеттi. Өсiмдiк атаулы гүлдеп жатқанда, бұл сыйдиып бүр жармай қалыпты. Жылдағы, бұтағы үйдiң орнындай жердi алып ұйысқан тірлігі, биыл құрдымға кетерге ұқсайды.

Шал басын шайқады. Атынан түсiп, жыңғылдың бұтағын ұстады. Ылғалдық бiлiнбейдi.

– Әй, тәңiр-ай! – дедi насыбайын алақанына салып үгiп жатып. Қасында жан пенде болмаса да өзiне өзi сөйлейдi. – Жыңғылды қазақ сексеуiл сияқты отқа жақпайды. Қасиет тұтады. Сондықтан онымен малды да ұрмайды, қамшыға да сап етiп алмайды. Тек бiреу жазатайым күйiп қалса күрегi мен балтасын әкеп, тамырын қазып, шауып алып жатады. Оның сыртындағы батпағын тазалап жуып, қазанға салып қайнатады. Қайнағанда шай тәрiздi қызылкүрең түске енедi. Соны суытып, сорбақта етiп күйген адамға тартса – ешқандай тыртықсыз жазылады-ау. Мұның қасиеттiлiгi осында. Кiсiнiң кеудесiнде жаны бар болса – отқа өртенсiн, майға күйсiн, суға күйсiн – мың да бiр ем. Сорбақтаны құрғатпай, жарты сағат сайын жарадардың жарасына құйып отырса, бiр аптада қалпына келедi.

Мұның бәрiн кiмге айтты, не үшiн айтты, шалдың өзi бiлмейдi. Тек адам үшiн тәңiр жаратқан нәстенi, адам өз қолымен улап, өлтiрiп жатқаны жанына батады. Тән күйсе шипа болар жыңғылдың тамыры жарақаттанғанда адамның тарапынан шарапат емес зауал жасалғанына қорланды.

Бес-алты қойы бытырап, жусап жатыр. Бозторғай да қалпынша шырылдайды. Әне, әдеттегiше бүкiл дүниенi солқылдатып Сарыөзек жақтан және бiр состав келеді. Оған не артылғаны беймәлiм.

Адайбектiң есiне әкесiн соғысқа шығарып салған кезi оралды. Ол уақта он үш-он төрттегi бала едi.

Шағын Сарыөзек стансасында адам ығы-жығы. Әлде бұған солай көрiндi ме, әйтеуiр, нөпiр халықтың босып кеткенi жадында.

– Осы жер – жолайырық, – дедi әкесi сонда. – Ендi бiздi құдай кездесуге рәсiм етсе, табысармыз.

Тағы да көп сөздер айтты. Санасында сақталғаны жаңағы. Бiрақ, әкесi соғыстан оралмады.

Жыңғылдың түбiнде әлi мелшиiп тұр. Ауыл жақ қою сағымның астында бұлдырап көрiнедi. Аяқ астынан оны селк еткiзiп, тағы да жер дүр сiлкiндi. Гүрс еткен дауысқа құлағы тұнып, есеңгiреп қалды. Әйткенмен, бұл, орта және жақын қашықтыққа қолданылатын зымыранның жоспар бойынша соңғысы жарылғанын бiлмедi…

 

***

Жiгiттiң шаршағаны айдалада қалды. Мынау азалы әңгiменiң уыты оның ұйқысын қашырды. Айлы түнде, қазбауыр бұлттың астында алай-дүлей халге түстi. Қараптан-қарап шалға жаны ашыды. Өмiрдiң мәнi ұрпақ жалғастыруда екенiн ептеп топшылай бастады. Топшылады да өзiнiң сөлкекбай жүрiсiне қарыны ашты.

– Содан, – ойын шалдың тарғыл-тарғыл дауысы бөлдi, – жұртта жалмауыз атанып, жалғыз қалдым. Кемпiр де көп ұзамай құтты орынына барып қонды. Ақыры Арқа жаққа кеткен қарындасым туған бауырын тастауға қимай, «ата жұрттан кетпеймiн» деп менiң қарсыласқаныма көнбей, осында көшiрiп алды. Жағыдай солай, мынау оның екiншi ұлы. Азын-аулақ малмен осында отырады. Мен әйтеуiр, бас-көзбiн. Қалқиған бойымды сеп көргендерiне марқаямын. Адамның басы – алланың добы. Дәм айдады, алты қиырдың ар жағынан бiр-ақ шықтық.

Баяғыда, – әңгiменiң жаңа бiр сорабына түскендiгiн байқатты,– бiр ыңыршағы айналған кедей болыпты. Оның бiр қызы, екi ұлы бар екен. Бұрыңғы-соңғының жолымен қызын айттырып, өзi тектес қарашаның бiрi құда түсiптi. Басқадай бекзаттардың арасынан ешкiм таңдауын өзiне салмайтынын бiлгендiктен, кергiмей құдандалыққа келiсiмiн бередi. Содан жыл ма, бiр жарым жыл ма уақыт өткенде қызын шамасы жеткенше ұзатып, шығарып салады.

Араларында жорға жүретiн екеуi де ауқатты адамдар емес, әйтеуiр сырттай амандықтарын тiлеп, күнелтiп жатады. Уақыт жылыстап өтiп, жылдар айнала бередi, айнала бередi. Ары-берi қатынаған елдерден мұның қызы барған үйдiң әлденiп, жағыдайлары түзелгенiн естидi. Келесi жылдары одан да оңшалғанынан хабардар болады. Арада тағы бiраз жылдар өткен соң, тiптi, малы мыңғырған нағыз қаракөк бекзаты болғанын құлағы шалады. Ендi көршi-көлеңдер:

– Ойбай, сорлы-ау, бүйтiп сорың қайнап жүргенше ана қызыңа барсаңшы, – дейдi бұған көпе-көрнеу. Бұл үндемейдi, сол ыңыршағы айналған кедей тiрлiгiн күйттеп жүре бередi. Күндердiң күнiнде: «қой, жұрт алып қаштырып қызымның барған жерi жайлы неше түрлi айтады, барып, көзiммен көрiп қайтайын. Берсе, оны-пұны нәпақа да ала келермiн» деген ой жүлгесiмен жолға жиналады.

Сiңiрiне iлiнген көк топайымен қанша жүргенiн кiм бiлсiн, қитығына тиiп, жол соғып-ақ тастайды. Жолай ұшырасқан елдерден сұрастырып, әйтеуiр дамылдамай жүрiп келедi. «Ана-оу, кезеңнен ассаңыз сұраған ауылыңыз иегiңiздiң астында қалады» дедi соңғы жолығысқан көп малшының бiрi.

Шынында да құдасының ауылы бар салтанатымен алыстан көзге ұрады екен. Айбатты ауылға тура қасқайып баруға жұлым-жұлым сұрықсыз сиқынан именiп, ешкiмнiң көзiне көрiнбей, шатаспай қызының үйiне тап түсуге бекiнедi. Осы мақсатпен өзi тектес жалшылардан күйеу баласының атын атап, үйiнiң қайсы екенiн нұсқап жiберуiн сұрайды. Өңшең жарбайлар қамшыларының сабымен дәл ортадағы жоян он екi қанат ақ орданы көрсетедi. Ендi солай қарай беттейдi. Қанша өз кiндiгiнен шыққан қызы болса да, мынандай паңдыққа қасқая тартуға дәтi жетпей қипыжықтайды. «Iргесiне келiп тұрып, кiре алмай керi қайтқаным тiптi ұят болар» деп, өзiн-өзi қайрап, күшпен iлгерi жүредi. Ақ ордаға таянғанда ши түбiнде жүндес ала төбет жатады. Ол мұны көрiп бiр балп етiп үредi. Сұсынан сескене қарайды. Сөйтсе, бақ соның басына қонып тұр екен, соны байқайды.

Байлық пен барлықтың мысынан пысып, үйге үркесоқтай енедi. Төрде үлде мен бүлдеге оранып, бәйбiше болып отырған қызы құдай идiргенде әкесiн бiрден тани қояды. «Әке» деп орынынан атып тұрып, тұра жүгiредi. Құшақтасып көрiсiп болған соң, төрге әкелiп төрт қабат көрпенiң үстiне жайғастырады. Үйде күйеу баласы жоқ, бiр шаруалармен қырға кеткен екен.

– Ауыл-аймақ аман ба? Шешемнiң халi қалай? Бауырларымның денi-қары сау ма?

– Аман-сау. – Әкесi самарқау жауап қайырады. Бiрақ көкейiнде «барып, аман-саулығын өз көзiңмен көрiп қайтуға құдiретiң жетедi екен… «Өзi болған қыз, төркiнiн танымас» деген осы-ау» деген ойы қылаңытты.

Салқын қымызды сiмiрiп, шөлiн баса салысымен:

– Мен қайтамын, – дейдi әкесi.

– Қайтқаныңыз не? Бiр малдың басын жеп, бiр-екi күн демалып аттанбайсыз ба?

– Жоқ, үйде шаруа көп. Тек анау қарала иттi маған жетектетiп жiберсең болды. – Үйездеп бiр отар қой жатқан қотанды нұсқайды. Ит сол жаққа барыпты.

– Итiңiз не айтып отырған? Көршi-қолаңнан ұят емес пе? Әкесiне ит жетектетiптi деген әңгiмеге қалармыз. Мал сойдырайын, содан кейiнгiсiн тағы көре жатармыз.

Сол екi ортада иттiң басындағы бақ, бiр қара қойдың жотасына қоныпты. Осыны аңғарысымен:

– Жарайды, иттi бұйымшылағаным ұят болса, анау шеткерiдегi қара саулықты сойдыр, соған ризамын, – дептi.

Дереу қызы қызметшiлерге пәрмен берiп, әкесi нұсқаған малды ұстатып әкелiп, бата жасатып бауыздатыпты. Содан «жолдан шаршап келдiм, кiшкене көзiмнiң шырымын ала қояйын» деп, қисая кетедi.

Қызы тамақ әзiр болғанда бiр-ақ оятады. Көп-көрiм тыңайып, шал өзiн сергек сезiндi. Қолын шайып, молдасоқынып төрде отырды. Түрулi тұрған есiктен сыртқа назар аударып, зер сала бажайлады. Анандай жерде қазаннан бiр қызметшi әйел еттi астауға салып алып келе жатыр едi, сусып тоқ iшектiң жерге лып ете қалғаны. Осыны аңдып тұрғандай ала төбет әлгiнi ернiне қыстырып, ала жөнелдi. Бақ дәл сол iшекте тұр екен, қайтадан иттiң басына қонды. Қаперсiз қалпы киiз үйдiң iргесiне кеп бауырын жерге төсеп жатты да, несiбесiн ақырындап қылғытты. Сол уақытта бақ, үзiк арқылы туырылыққа шығып, туырылықтан түңiлiкке, түңiлiктен шаңыраққа барып қонды.

Қызылсыраса да майы шынтағынан сорғалаған еттi құлықсыз жедi. Аллауәкпар айтты да асығыс аттанды. Кетерiнде жиендерiнiң маңдайынан иiскедi.

 

***

Ернiнiң астындағы насыбайды шырт түкiрiп, шалқасынан жатқан жiгiтке назар аударып едi, танауы пысылдап ұйықтап кетiптi. «Мен де ақымақ, жол соғып әбден дiңкелеген жолаушыны одан сайын қажытып, бос сөзбен басын қатырғаным не? Тұрлаусыз кептiрме көкiмем кiмге қажет едi? Жаздың қысқа таңы да қылаң берiптi. Қой, одан да жирен атты суғарып, ерттеп, ары-берi аяңдап жүргiзе тұрайын. Қиын тастасын. Тұра кеп шапқанында тығылып, қиналмасын. Жануарды соры қалыңдау жолға даярлап қояйын».

Бүгжең қағып, орнынан домалаңдай тұрды. Басы қалтаңдай әппақ сүттей түннiң қойынына сiңе бердi. Тәттi ұйқының құшағындағы әлемде жалғыз ғана, беймезгiл, сөлкектей тiршiлiктi бастаған шерлi Адайбек шал едi. Кәрi саулықтың жасындай ғұмыры қалғанда кiм үшiн тырбанатынын өзi де бiлмейдi.

Оқыстан жирен аттың оқыранғаны естiлдi…

 

***

…Уағдаласқан күндiзгi 11.30-дың мөлшерiнде атының терiн сүмектетiп, келiсiмдi жерге келiп тiрелдi. Көп күттiрмей қойды бастағыш сұрқай ешкiдей шоқалақтап, ескiлеу алтыншы маркалы жигули өзiне салды. Бұған қарай болғанда, жай қара жолдың сiлемi солай. Қазiр жанына таянып тоқтайды, одан өзiне таныс адам түседi. Күлiп мұнымен амандасады.

Бұл тоқтаған жер Қарағанды қаласының бiр шетi. Жоғарғы жақтағы келiсiм осыны ұйғарған. Елеусiздеу адамдар күдiксiз көлiкпен барады да, бұдан тауарды алады. Қолма-қол ақшасын қолына ұстатады. Ол жерде санасып, есептесiп жатпайды. Әркiм өз босағасына барып есеп-қисабын жүргiзедi. Ары-берi аз-кем ауысып жатса, онда үндемейдi. Iрi сүбелi мөлшерде еселерi кетсе, жоғары жақ өздерi ол мәселенi шешедi. Мұның негiзгi мiндетi – аманат затты табыстап, ақшаны алады. Қаржы қолына тиiсiмен бөгелмейдi атына мiне салып, тұра шабады. Ешқайда бұрылмайды, басқа бiр қалтарыстарда оны өз адамдары күтiп тұр, сонда тартады. Әлгi жерге келiп, олармен жолығысып, өз үлесiн алады да ақшаны тұтастай соларға тастайды. Осымен миссиясы аяқталады. Ендiгi шаруа, қайтадан Шуға жету. Ойына алған iсi орындалғаннан кейiн мың шақырымға жуық қашықтық онша қиынға соқпайды, онша жеңiлге де түспейдi. Керi сапарында жол бойы ат ауыстырған үйге аттың терi үшiн жүз доллардан  ұстатып отырады. Осынысына бола ми даладағы «лау» берушiлер «жаушыны» асыға күтедi. Әрине, теңгенi түсiнде көретiндер, жан баласы жоқ құдайдың мидай жазық даласында, әлдебiр көлденең көк аттының қолына доллар ұстатқан кезiнде оны қыдыр тұтып, перiште санар.

Бәрiнен, мойнына артылған жүктен құтылатынына қуанып тұр. Мiне, қасына жигули келiп тоқтады. Сол өзiне таныс бейне күлiмсiрей шықты.

– Келуiңмен!

– Рахмет.

– Түр-әлпетiң бұзылып кетiптi ғой. Жол шаршатты ғой шамасы.

– Иә.

– Қаншау мынау? – Мойынын созып, жирен аттың үстiне артылған жүкке қарады. – Төрт қап екен ғой. – Өз сауалына жауапты өзi қайырды. Сосын соңындағыларға иек қағып, – машинаға салыңдар! – дедi. Керi бұрылды да орындықтың астынан шағын май-май дорбаны суырып алды.

– Сауда оң болсын! Мә!

– Айтсын!

– Сау болып тұр!

– Жақсы!

Лездiң арасында бәрi жан-жаққа тарасып, көзден жасырынды. Тек әлгi орында, жиреннiң тастаған тезегiнде шыбын-шiркейлер ғана қайшалысып ұшып жүрдi…

 

Соңы.

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*