Боз бетеге, сұр соқпақ…

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

Мұнай, балық және терi-доқаба, мiне Жаңа дүние немесе Жаңа құрлық деп аталатын Американы жаулаған алғашқы еуропалық  келгіндердiң байлығы осы «үш  китке» негiзделген едi. Дәлiрек айтқанда үшiншi байлық  көзiн «iрi аңдардың терiсiн саудалау» деп атаған дұрыс.

Жасанды дәуiрге қамалған, бiз, жабайы аңдардың терiсi мен етi – бүкiл сүмесi бiздiң арғы бабаларымыздың тұрмысында қандай орын алғанын ұмытып та қалған болуымыз керек. Ескi тарихта, алғашқы  кемелердiң желкенi терiден болыпты, тiптi десеңiз арнайы өңделген терiмен қайықтарды  қаптайды екен.  Қысқасы, байырғы тұрмыста, от үрлейтiн көрiктен бастап кiтаптың қымбат  сақтиян мұқабасына дейiнгi аралықта терiнiң қолданылмаған жерi жоқ. Бiрақ терi мен доқабаның ең көп қолданылған жерi, әлбетте соғыс болып табылады. Ертоқым, ат әбзелiн былай қойғанда, ертедегi ұрыс-соғыстар кезiнде жауынгерлер үстiне темiр қамар жапсырылған ауыр былғары сауыт киетiн болған, қолдарына терiмен қапталған қалқан ұстаған. Кейiннен терi өңдеу жетiлiп, садақтың оғы, найзаның сүңгiсi өтпейтiн, қылыш шаппайтын «құяқ» деп аталатын өте жеңiл сауыт жасалған. (Алтын Орда күйреп, орнына бiр-бiрiмен бақас хандықтар пайда болып, үздiксiз жеңiлiс пен шегiнiс заманы басталғанда, әр соғыстан кейiн орыстың жауынгерлерi олжаға түскен құяққа таласқанда бiр-бiрiн өлтiруге дейiн барады екен).
Американы ашқанға дейiн Батыс  Европада әскери қажетке арналған былғарыны «бафф» деп атаған. Бұл сарғыш түстi, жұмсақ болғанымен аса мықты, төзiмдi бығары болған.  «Бафф» гректiң сөзi, мағынасы «жабайы бұқа» (Американың автомобиль өндiрiсiнiң ошағы – Детройттың жанындағы серкiтес қала Буффалоның аты да осы «жабайы бұқа» сөзiнен шыққан).
«Бафф», зубр деп аталатын жабайы бұқаның терiсiнен ұқсатылады. Алайда орта ғасырларда Европадағы зубрларды осы терiсi үшiн қырып бiтiрген. Сол себептi былғарыны ендi сапасы нашарлау үй жануарларының терiсiнен  илей бастаған.

Бiрақ бiздiң әңгiмемiз,  португалиялықтар Атлант мұхитының батыс жағалауынан тапқан жабайы бұқаның тағы бiр нәсiлi – бизон жайында, оның  төрт ғасырлық қанды қырғын тарихы мен  соңғы күнi жайында.

Бұл алып жануар едi. Iрi бизонның салмағы 1 тоннадан асқан, тұрқы үш жарым метр, шоқтығы екi метр. Бұл көркем жануар Американың Солтүстiк суық белдеуiнен бастап Мексика шығанағына дейiнгi аралықты еркiн жайлаған. Бизонның төрт тұқымы бар едi. Олар: жазық даланың бизоны, орман бизоны,  орегон бизоны, шығыс бизоны.

Бизондар жаны сiрi, өсiмтал жануар болатын.  Семсертiстi жолбарыс пен әлмисақтың алып қасқыры сияқты қорқынышты жыртқыштардың теперiшiн бастан кешiрiп аман шыққан олар Солтүстiк Американың байырғы тұрғындары үндiстермен экологиялық  жарасым тауып тағы қырық мың жылдай өмiр сүрдi. 1500-шi жылы бизон табынының саны шамамен 70 миллион бас болыпты. Бiздiң планетамызды жайлаған сүт қоректi жануарлардың iшiндегi саны ең көбi бизондар екенiне ешқандай күмән жоқ.

Бизондардың тарихы, олардың қалай қырғынға  ұшырағаны әлi егжей-тегжейлi жазылған жоқ. Тарихшылар да, биологтар да, бизон табынының алғашқы санын көзiне елестете алмайды, еуропалықтардың басқыншылығына дейiн бұл Атлант  жағалауындағы ең iрi және саны ең көп даланың тағысы екенiн бiлмейдi. Мүйiзiнiң арасын ерттеп мiнуге болатындай алып бизонды садақ пен найза сияқты байырғы қарумен алу мүмкiн емес едi. Оның терiсiн тек қана еуропалықтардың от қаруы тесе алатын Испандықтар мұхиттың арғы жағынан алып келгенге дейiн Америкада жылқы болмаған.  Сол себептi жаяу жүрген, садақ, найзамен ғана қаруланған үндiстер үшiн бизон, әрине, өте қиын олжа едi. Әйтседе Солтүстiк-шығыс үндiс тайпалары тәуекелге баратын, басын бәйгеге тiгiп бизондарды аулайтын. Себебi, жүнi қалың жылы доқаба қыс киiмiн тiгу үшiн қажет болатын. Кiм бiледi, португалиялықтар үндiстерден кейде сатып, кейде  ұрлап алып Еуропаға жеткiзген осы терiлер, ақырсоңында бизондардың тағдырын шешкен шығар.

ХVI ғасыр басталғанға дейiн португалиялықтар америкалық былғарының монополиясын сақтап келдi.

Содан  соң бұл iске француздар килiктi. Әулие Лаврентий бұғазынан басталған сауда Испанияға дейiн жеттi. Бiр жергiлiктi үлкен шенеунiк өзiнiң әмiршiсi король Филип II-ге ашулана хат жазған. «1565 жылы үндiстер бизон терiсiн Потомак өзенiмен төмен түсiп Әулие Лаврентий бұғазында отырған француздарға жеткiзетiн. Екi жылдың iшiнде француздар осылайша алты мың терi сатып алған».

Көп ұзамай француздардың қолынан шыққан «бафф» Европаға кеңiнен тарай  бастады. Сол заманның iскер адамдары «дүниеде бұдан артық терi жоқ, адамның бойына қонымды, мықты, оның үстiне  күдерi сияқты жұмсақ келедi» деп жазды. Томас Джеймс атты белгiлi саудагердiң айтуы бойынша, бұл терi төзiмдiлiгi жағынан су сиырдың (морж) терiсiне пара-пар екен. Аталмыш доқаба Франциядан Англияға көптеп сатылыпты, ағылшынның тұтас әскери бөлiмшiлерi соны киiнiптi.  Мысалы, бiр полк, әскерлердiң киген былғары киiмiне орай «Баффс» атаныпты.

Бiрақ ағылшындар алғашында бұл мол байлықтан шет қалған көрiнедi. Әлбетте,  олар аталған жануарды жақсы бiлген, үш бизонның салмағы бiр пiлдiң салмағына  пара-пар екенiн, оның тұрқы мен дене бiтiмiн әбден анықтап алған. Алайда қолы жетпеген.

Энтони Паркхэрст деген адам 1574–78 жылдар аралығында Ньюфаундлендте балық аулап жүрiп португалиық матростармен достасады. Олар оған Канаданың  шекарасындағы Әулие Лаврентий өзенiне ертiп апарып сол жақтың жерлерiн көрсетiмiз деп уәде берiп, артынан алдап кетедi. Бiрақ ол естiген әңгiмелерiн, көршi елде бизон деген жануардың өте көп екенiн айтып келедi.

Шамамен сол кезде Джон Уокер деген басқа ағылшын теңiзшiсi ендi ғана француздардың ықпалына түсе бастаған Мэн  бұғазында орналасқан Норамбега деген елдi мекенге шабуыл жасайды. Сол жерде ол бiр үндiстiң үйiнен кептiрiлген 300 терi табады. Бұқаның терiсiнен үлкен бұл доқабаны Уокер ұрлап алып кетiп Францияға апарып қымбатқа сатады.

Ендi бiр ағылшын матросы Дэвид Ингрэм, белгiсiз бiр себеппен 1568 жылы Мексикан бұғазында жалғыз  қалдырылады. Атлант мұхитын жағалап Солтүстiкке  жаяу тартқан матросқа үндiстер көмектесiптi. Ақырында бiр француз саудагерiне жолыққан ол Европаға аман-есен жетiптi. Саяхатшы елге келгеннен кейiн Америкада,    әдепкі бұқадан екi есе үлкен, құлағы ұзын, мүйiзi қойдыкiндей имек, жүнi қалың бiр жануардың бар екенiн айтады.

Бүкiл ХVI ғасыр бойы үндiстер бизонның терiсiн сатып француздардан мылтық, түрлi темiр бұйым мен iшiмдiк алды. Бұрын терiсiнен садақтың оғы өтпейтiн қажырлы жануар ендi  мушкеттiң оғынан қынадай қырылды.

ХVII ғасырдың басында шығыс бизондарының табыны теңiз жағалауынан  аулақ жүргендiктен ғана аман болды.

1612 жылы сэр Сэмюэл Арголл қазiргi оңтүстiк Пенсильвания штатының жерiмен жүрiп өткенде «Даламен жүрiп келе жатып үлкен сиырға ұқсас бiр жануарды көрдiм. Олар өте көп. Жанымдағы үндiстер екеуiн атып алды. Аюанның етi өте дәмдi болып шықты. Сүйегi ауыр, баяу жылжитын бұл жануарды атып алған өте оңай екен», – деп жазды.
Иә. Оңай. От қарумен атып алған өте оңай едi. Ал 1650 жылы Пьер Буше «Бизон деп аталатын жануарды ендi  кездестiру қиын. Олар Квебектен төрт жүз-без жүз миль жерде ғана жүредi» деп жазды.

Аппалач тауларының батыс жағында олар әлi  бар едi. Бiрақ ХVII ғасырдың соңында асудан лек-лек болып төгiлiп еуропалықтар келгенше ғана.
Тарихта бұларды Американың ұлы жазық даласын игерген «ержүрек пионерлер» деп атайды. Ал шындығында еуропалықтар қымбат аң терiсi мен алтын iздеген, жолындағы кездескен тiрi жәндiктi аяусыз қырған жыртқыштар едi. 1720 жылға қарай шығыс бизондары толықтай қырылды. Азғантай бiр топ қана Аллеган тауларының жықпылдарына тығылып аман қалды. Нью-Йорктың Зоологиялық қоғамының мәлiмдемесi бойынша 1790 жылдары Аллеган тауларында жасырынған үйiрдегi бизондардың саны небары 400 екен.

Осы үйiрден тiрi қалған елу бизон 1799–1800 жылдың қысында  аңшылардың қоршауына түседi. Қалың қарға батып қозғала алмай тұрған бизондарды «ержүрек пионерлер» аямай қырып салады. Келесi жылдың көктемiнде сол жерде бизонның бұқасы мен ұрғашысы және кiшкентай бұзауы қоршауға алынады. Ұрғашысы мен бұзау өлтiрiледi, бұқа қашып кетедi. Бiрақ көп ұзамай ол бұқаны да  аңдып жүрiп атып түсiредi.

Содан соң 1815 жылы Батыс Вирджиния штатындағы Чарлстон қаласының маңынан жалғыз бизон байқалып қалып дереу өлтiрiліптi. Арада он жыл өткенде 1825 жылы аңшылар Аллеган тауының бiр түкпiрiнде бизонның ұрғашысы мен бұзауын атып өлтiрiптi. Соңғы шығыс бизондары осылай жер бетiнен көшкен едi.

Миссисипи өзенiнiң шығысындағы алып табынның жойылғанын ешкiм «байқамай» да қалды. Кейiннен, Жабайы Батысты игерiп бағындыруға келген басқыншылар жаңа қырғын бастап, бизондардың тарихының соңғы нүктесiн қойды. Канадалық натуралист – жазушы Э.Сетон-Томпсонның айтысынша, шамамен 1800 жылға қарай Солтүстiк Америкада қырғыннан аман қалған бизонның саны 40 миллион екен. Бiлтелi мылтықпен қаруланған  еуропалықтар үш ғасырдың iшiнде алғашқы ондаған миллион бизондарды қырса, ендi дайын оқпен оқталып үздiксiз атылатын шүрiппелi мылтық қолдарына тигеннен кейiн, қалған жер қайысқан бизонды бiр ғасырға жеткiзбей жусатып салды. Кенеусiз аюандығы мен мағынасыз қатыгездiгi жағынан алғанда, бұл, адамзаттың табиғатқа қарсы жасаған қылмыстарының iшiндегi ең ауыры.
Орегон штатының жазық далалары.  Бұл жерде орман бизондарын бiр-бiрiмен сабақтас үш себеппен жүйелi түрде қырған. Бiрiншi, себеп – геноцид. Аңшылықпен ғана күн көретiн үндiстердiң негiзгi қорегi – бизонның етi. Яғни, жер иесi үндiстердi  қорегiнен  айыру, аштан қыру. Екiншi себеп – бизонның терiсiнен түсетiн пайда. Үшiншi себеп – жалпы  адам бойындағы, әсiресе, Американы жайлай бастаған басқыншылардың табиғатындағы  тiрi  жанды өлтiрiп қан төгуге деген құмарлығы.   «Тұрақты армия 30 жылдың iшiнде шеше алмаған үндiстердiң мәселесiн бизон аулайтын аңшылар екi-ақ жылда шешiп бердi, – деп жазды генерал  Ф.Шеридан, – Олар үндiстердiң материалдық негiзiн, азық-түлiгiн жойып бердi. Оларға оқ дәрi мен қорғасынды көбiрек жiберiңiз, бизондарды қанша керек болса, сонша өлтiруге, терi сатуға рұхсат берсеңiздер болды».

Генерал Шеридан кейiннен конгрестiң бiр мәжiлiсi кезiнде бизон аулайтын аңшыларға арнап, бiр бетiнде өлi бизон, бiр бетiнде өлi үндiс бейнеленген медаль яки ордендi тағайындауды ұсынған.
19 ғасырдың соңына қарай Солтүстiк Американың бизон менен маралдан бастап терiсiнен пайда түсетiн барлық аңдары толайымен жойылып, немесе жойылудың алдында ғана тұрған. Бұл кездегi терi –доқабаға деген сұраныс ұланғайыр болатын. Әсiресе, қара жүнi салақтаған бизон терiсiнен тiгiлген сеңсең iшiк сол уақыттың сәнi едi. ХVII ғасырдың 40-шы жылдарында Канада мен Құрама Штаттардың шығысында жылына бизон терiсiнен тiгiлiп сатылған бұйымның  саны 90 мыңнан асады екен. Алайда бұл хикаяның бергi жағы ғана. Тағы да Э.Сетон-Томпсонның куәландыруынша өлтiрiлген әрбiр үш бизонның  бiреуiнiң ғана етiн бұзып әжетке жаратады екен. Ол аз десеңiз айтайық, iрелген терiнiң көбi сол жерде мая-мая шөптi жауыннан қорғайтын брезент есебiнде пайдаланылыпты.

 

Жүз мыңдаған жануарлар шарбысы үшiн өлтiрiлiптi. Ерiтiп алған маймен дөңгелек майлапты. Бизонның тiлi деликатес болғандықтан, ас пiсiретiн аспаздар қолдарына мылтық алыпты. Алайда қырғынның басты себебi, бизонның етi, бүкiл континенттiң шырмап келе жатқан темiр жолды салушылардың негiзгi қорегi болғандығында.

ХIХ ғасырдың орта шенiнде жылына 2,5 миллион бизон өлтiрiлетiн. 1858 жылы Джеймс Маккей деген саудагер 20 күн бойы жүрiп бiр табынды әзер жарып өткен «Прерия, сонау көз көретiн жерге дейiн тұтасқан бизон табындары. Бизондардың көптiгiнен бүкiл дала қап-қара болып көрiнедi» деп жазған едi ол өзiнiң күнделiк дәптерiнде. Ал, 5 жылдан кейiн ол жерде бiрде-бiр бизон қалмаған.

1867 жылы «Юнион Пасифик рейлроуд» темiр жолы Шейенн қаласына жетiп бизондардың соңғы мекенiнiң қолқа-жүрегiне ендi. Темiр тұлпармен мыңдаған ақ нәсiлдi аңшылар келдi. Темiр жол тiрi қалған бизондарды екi табынға бөлiп тастады. Аңшылармен бiрге келген «спортсмендер» де бизондарды аулауға кiрiскен. Қанды қырғынның нәтижесiнде 3 млн. 158 мың жануар өлтiрiлдi. Сондай «спортсмендердiң» бiрi Карвер есiмдi адам, атпен шауып отырып 20 минуттың iшiнде 40 бизон, ал жаз бойы 5 мың бизон өлтiргенiн айтып мақтаныпты. Бұл оңтүстiк табынның соңы едi. Бiрнеше шағын үйiр қашып құтылғанымен «ержүрек мергендер» қуып жүрiп оларды да жойған. Төрт бастан тұратын соңғы бизон әулетi 1889 жылы мустанг аулайтын аңшылардың көзiне түсiп қалады. Бизондар қатердi сезiп қашқанымен құтыла алмапты. Аңшылар бiрнеше шақырым қуып, Аллен деген бiреуi ұрғашысын 4 рет атады. Бизон тағы 3 шақырым жүгiрiп, бiр көлге түседi де терең жерге барып, аңшылар қуып жетiп атып құлатқанша шарасыз тұра бередi. Қалған 3 бизон да сол жерде өлтiрiледi.

Ал солтүстiк табын қыстың суығының және аңшыларға қас үндiстердiң арқасында аман қалады. 1876 жылға дейiн осылай болған. Бiрақ көп ұзамай «Нозерн Пасифик рейлроуд» темiр жолы орталыққа сұғына кiрдi. Көп ұзамай жер шарындағы бизондардың соңғы үйiрi тып-типыл жойылды.

1887 жылы прерияны аралап өткен ағылшын натуралисi Уильям Греб былай деп жазған едi: «Бизондар жүрген соқпақтар сайрап жатыр, бiрақ, бизондардың өздерi жоқ. Жер бетiндегi ең көркем деген жануардың бас сүйегi мен қабырға, омыртқалары әр жерде шашылып жатыр. Кей жерде, сүйектi, қант шығаратын зауыттар мен тыңайтқыш өңдейтiн фабрикаларға жөнелтуге дайындап тау-тау қылып үйiп қойған».

Американдық алыпсатарлардың қолынан 75 миллион терi-доқаба өтiптi. Бұның көбi темiр жол арқылы шығысқа жөнелтілген. Кезiнде «Канзас пасифик рейлуэйз» темiр жолының әкiмшiлiгi Уильям Фредерик Коуди деген адамды аңшы ретiнде жалдапты. Бұл адам 18 айдың iшiнде 4280 бизон өлтiрiптi.

Темiр жол компаниялары, сондай-ақ, тiрi нысананы жолаушылардың ермегiне де айналдырған. Табынға мылтықтың оғы жететiндей жерге келгенде пойыз жүрiсiн баяулатады немесе тоқтайды да, терезелер ашылып, жолаушыларға спортпен айналысуға ұсыныс жасалады. Қару менен оқ-дәрi ақысыз-пұлсыз, темiр жол компаниясы есебiнен үлестiрiледi. Еркектермен қатар әйелдер де аң атып көңiл көтерiптi. Жануарлардың етi өлексе есебiнде жатқан жерiнде қалады екен. Тек анда-санда пойыздың қызметкерлерiнiң бiрi түсiп бiрнеше тiлдi кесiп алып келiп, дәмдеп пiсiрiп, ханымдар мен мырзалардың алдына тартатын болған.

Бизондардың жойылғанын жақтайтындар, бұл табиғи финал, осылай болмай қоймас едi дегендi айтады. Фермерлерге жер керек, сондықтан, бизондардың жойылуы заңды дейдi. Жаппай қырғынды осылай ақтағысы келедi. Ал мамандардың айтысына қарағанда, ұланғайыр далаға фермердiң малы да, бизондар да сияды екен.

Қалай болғанда да, бизондар, фермерлерге жер босатып беру үшiн жойылған жоқ. Ол кезде ондай ой ешкiмнiң басына келмеген. Ұлы далада фермер шаруашылықтары кейiн пайда болған. Ал болған iстiң ақиқаты қарапайым. Солтүстiк Америка континентiн кем дегенде 100 мың жыл жайлаған, неше жұртты етiмен, сүтiмен асыраған, неше өркениеттiң тiрегi болған көркем жануар еуропа жаулаушыларының, олардың жаза көрмеген қамқұмарлығының құрбаны болды.
Ал үндiстер ше? Олардың тағдыры не болды? Әрине, қарап қалмаған, өзiнiң ақтылы малы есептi бизондардың қырғыны басталғанда, Текумзе, Оцеола, Қара Сұңқар сияқты көсемдер қол жинап ақ нәсiлдi аңшыларға қарсы қозғалысты басқарған.

Алайда Американың тұрақты әскерiне қарсы, ала-құла қаруланған азғантай үндiс не iстей алады? Көтерiлiстiң барлығы аяусыз жаншылып, қанға батырылды. Ар жағы қасiрет, құлдық кеп. Тiрi қалған үндiстердi мал құсатып айдап резервацияға қамаған. Апач, команчи, чероки сияқты бiрдi-екiлi бағынбаған жауынгер тайпалар ғана атысып-шабысып, қырылып жүрiп Мексикаға өткен.

Өзiнiң басты қорегiнен, табыс көзiнен, экономикалық негiзiнен айрылған үндiс қоғамы құлдырап керi кеттi. Ашаршылық, қайыршылық, ел кезiп тiленшi болу… Тентiреп жүрген үндiстер жаулаушылардың ермегiне айналған. Оларды аң құсатып аулаған (бұл сұмдықтың бiр парасын қазақтың белгiлi жазушысы Төлен Әбдiков өзiнiң «Тозақ оттары жымыңдайды» атты повесiнде баян еткен).

Белгiлi армян психологы Альберт Налчаджян мынадай бiр мысал келтiредi. Маклеод деген американдық автор өзiнiң отандасы, ақ нәсiлдi американдықтың бiр әңгiмесiн жеткiзген. Қаңғырып келе жатқан үндiс әулетiн бiр ферманың жанында ұстап алған нәсiлшiлдер, бәрiн қырғынға ұшыратады. Ересек адамдарды өлтiргеннен кейiн осы әңгiменi айтып берген адам, ортада, бiр-бiрiне үрейлене тығылып, көздерi мөлтiлдеп тұрған үндiс балаларға тақап келiптi. Балалардың көзiне тесiлiп қараған жендет оларды «сүйкiмдi» деп табады. Сол сәтте, мен, бұл балаларды 58-шi калибрлы мылтықпен атып өлтiре алмасымды бiлдiм, себебi, үлкен оқ балалардың тәнiн бөлшектеп адам қарай алмайтындай етiп кетер едi, сондықтан мен оларды 38 ммревольвермен атам деп шешiм қабылдадым» дептi жендет (Қараңыз, А.Налчаджян «Агрессивность человека». – СПб., 2007. 436-бет).

Құрметтi оқырман, танып тұрған шығарсыз? 1932 жылды. Тәркiлеу. Қазақ халқының жарымынан астамын жалмаған кәмпескенi. Иә, осылай болған. Осы күнi 32 жылдың қырғынын Голощекин өз бетiнше ұйымдастырып едi деген «пiкiрлер» айтылады. Кiшi революцияны Голощекин жоғарғы жақпен ақылдаспай өзi бастапты. Сталин бұл жақта не болып жатқанынан толықтай бейхабар болыпты-мыс. Бәрi де.. шылғи өтiрiк. Кремльдiң келiсiмiнсiз ешкiм де саусағының ұшын қимылдатпас едi.

Қысқаша айтсақ, тарих былай болған. ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ресейдiң саяси сахнасында Столыпин деген «кемеңгер» пайда болған. Ресейде революциялық қозғалыс күшейiп, үлкен қызметтегi шенеунiктердi былай қойғанда, патша әулетiнiң өзiне қарсы қастандықтар ұйымдастырыла бастаған кез. Столыпин терроршылардың, негiзiнен, кедейленген бұқара халықтан екенiн жақсы бiлген, сол себептi Ресейдiң қара шаруаларын иен жатқан» қазақ даласына, Сiбiрге көшiру керек деп шешедi. Осылайша революция мен террордың ошақтарынан алыстаған, жаңа жерде мал бітiп байыған шаруалар ендi революция мен террорға емес, керiсiнше бейбiт өмiрге, тыныштыққа бейiм болады, себебi, революция оны жиған дәулетiнен айырады. Осылайша, орта тап (средний класс) қалыптасады. Ал саны көп әлуеттi орта тап бар жерде революцияға ешқандай негiз жоқ, себебi, орта тап реформаның негiзiнде қалыпты дамуға мүдделi. Тамаша. Бiрақ, шаруа өзiнiң тамыр тартқан жерiнде отырып, игiлiктi сол жерден жаратпаушы ма едi? Жоқ, жарата алмайды. Себебi, помещиктер, дворяндар ешқашан да шаруаларға өз жерiн бермейдi. Мемлекеттiк Думадағы помещиктердiң партиясы үнемi Столыпинге қарсы болған. Помещиктердiң, дворяндардың бұл «принципшiлдiгi» ақырсоңында революциядан кейiнгi Азамат соғысы жылдарында Ақ гвардияның жеңiлуiне, мыңжылдық Ресей империясының күйреуiне себеп болған. Қолына қару алып Бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа аттанған орыстың мұжығы, помещиктер мен дворяндар, соғыстан кейiн жердi үлестiрiп беремiз деп өтiрiк болса да уәде берсе, сол помещик пен дворянның жолында өлер едi. Ресей империясының тарихы, оның сыртында адамзат тарихы мүлдем басқа арнамен дамыр едi. Бiрақ, орыс ақсүйектерi тiресiп тұрып алған, ештеңе де өзгертiлмейдi деп кесiп айтқан. Олардың бұл ақымақтығын Ленин тамаша пайдаланған. Помещиктердiң жерiн өз жерiндей «үлестiрген». Революциядан кейiн мұжықтарға жердi де, суды да, орман-тоғайды  да мәңгi иелiкке  берем деген. Нәтижесiнде, орыс солдаттары майданды тастап жер бөлiсуге деревняларына қайтып келген. Ленин осылайша жеңiске жеттi. Ал Азамат соғысы аяқталғаннан кейiн, өзiне тиесiлi жерде өз игiлiгiн тудыра бастаған кулактарды қалай қырып, қалай аластағаны кешегi тарихтан белгiлi. Бірақ, бұл кейiн болған тарих. Ал бiз Столыпинның реформасына қайтып келемiз. Бүлiкке бейiм шаруаларды шынында да Сiбiр мен Қазақстанның жерiне көшiрiп алып келген. Бұларды қазақтар переселен немесе қарашекпен деп атаған. Кейiннен Қазақстан жерiн жаулау iсi аяқсыз қалды. Арада 50-60 жылдай уақыт өткенде барып тың игеру деген атпен бұрынғы саясат өз жалғасын тапты. Бұл 1955 жылы басталған iс. Бастаушы ы– Хрущев. Алайда, бұл да кейiнгi тарих. Бiз ендi 1932 жылдың нәубетiне қайтып келемiз. Қазақтың бастан кешкеннiң барлығын айтып жату шарт емес. Бұл әлденеше рет егжей-тегжейлi әңгiме етiлген тақырып. Бiз бұл жерде Американың байырғы жұрты үндiстер мен сахараның байырғы жұрты қазақтардың ортақ тағдырын ғана атап кетпекпiз.

Үндiстердiң тарихы жазылды, құқық қорғаушылар, пацифистер олардың басына келген нәубеттi тәптiштеп жазды, айтатын жерiнде айтты. Ал бiзде мүлдем басқаша болған. Бiз өзiмiздiң түбiмiзге жете жаздаған саясатты мадақтадық. Осылайша нұрлы болашаққа бара жатырмыз дедiк.

Мен  1996-1998 жылдар аралығында «Заман-Қазақстан» қазақ-түрiк газетiнде орыс бетiнiң редакторы қызметiн атқардым. Бiрде бас редактор Жұмабай Шаштайұлы менi және жазушы Дидар Амантайды шақырып алды да, «екеуiң мемлекеттiк архивке барып, 32 жылғы аштық кезiндегi «Социалды Қазақстан» газетiнiң тiгiндiлерiн қарап мақала жазып келiңдер» деп тапсырма бердi. Дидар екеумiз шiруге айналған газеттердi оқып отырып түршiктiк. Газетте аштық жайлы бiр ауыз сөз жоқ! Керiсiнше, социалистiк шаруашылықтардың, колхоз-совхоздардың еңбек майданында жеткен жетiстіктерi жайында шаттыққа толы мақалалар мен репортаждардан аяқ алып жүргiсiз.

Жерiңдi жаулап, елiңдi қырғынға ұшыратқан басқыншыны мадақтату, жырлату – «социалистiк» системаның ғана қолынан келетiн «мұғжиза» шығар. Осы Столыпин бастап, Ленин мен Сталин жалғастырған. Хрущев тағы бiр белге шығарған iстiң қыр-сырын «ұлы жазушы» Солженицын ашып бердi. Өзiнiң Кремль көсемдерiне арнап жазған «Как нам обустроить Россию» атты  мақаласында ол Қазақстанның ең шұрайлы, сулы, нулы жерлерiн тiзiп шығады да, осының бәрi орыстың жерi деп қорытады. Ал Бетпақдада сияқты шөл мен шөлейт жерлердi алып, бөлiнем десе, онда қазақтарды алдынан жарылқасын деп «бата» бередi.

Бұл Нобель сыйлығы лауреатының аузынан шыққан сөз болсын, мейлi, әйтеуiр Ресейдiң неше ғасырлық империялық саясатының күрмеуi болып табылады.

Кей-кейде ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы болып өткен, адам атты пенденi мүлдем жаңа қырынан ашқан, тарихты бұрын беймәлiм жаңа арнаған бұрған оқиғалар тiзбегiн көз алдыңа қайыра елестетесiң, ойға батасың. Осының бәрiнiң себебi не, себепкерi кiм? Саяси және аграрлық реформаларға қашанда қарсы болған, сол себептi революция мен террорға кең жол ашып берген орыс аристократиясы ма? Бұратана халықтарды жойып, босаған жердi орыстың крестьяндарына алып бермек болған, осылайша Ресейге төнiп келе жатқан революция тасқынын тоқтатпақ болған Столыпин бе? Әкеден қалған таққа заңсыз отырған, заңсыз билiк құрған узурпатор, ал империяның басына бұлт үйiрiлгенде бұлғаққа, анархияға жол берiп қойып жайбарақат қарап отырған, ақырсоңында өзiнiң басын жұтқан Николай II-шi ме? Адамзаттың сорына жаратылған Ленин мен Сталин, Троцкийлер ме? Карл Маркстың ешқашан iске аспайтын қияли теориясы ма?

Себеп көп. Нәтижесi бiреу – адамзат қанға батты. Алайда 1917 жылы басталып 1991 жылы аяқталған әлеуметтiк эксперимент барысында әр халық өзiнiң жазмышына орай түрлi несiбе татыпты. Ал империяның жетегiнен шыға алмаған, ең ауыр несiбе бұйырған халық – әлбетте, қазақ.

Революция мен Азамат соғысы жылдарында Қазақстанның жерi майданға айналды. Ары-берi жосылған қызылдар да, ақтар да қазақты қырды. Қазақ бұдан да өттi.

1932 жыл көрден тiрiлiп келген «Ақтабан шұбырынды» едi. Қазақ бұдан да өттi.

1937 жыл. Жаламенен бас кеткен кез. Бүкiл Алаштың қаймағы жойылды. Қазақ бұдан да өттi.

1939 жылы финдермен кескiлесiп басталып, 1946 жылы жапонменен жандасып барып әзер аяқталған, жетi емес – жетпiс жылға созылған Екiншi дүниежүзiлiк соғыс – бүкiл адамзаттың белiн қайыстырған ұлы майдан едi. Қазақ мелдегiнен қан кешiп бұдан да өттi.

1953 жылы Сталин өлдi. Ол өлiмнiң сұрқылтайы  да кiшiгiрiм соғыс едi. Қазақ одан да өттi.

1955 жыл. Тың басталып, солтүстiк аймақтар «бейбiт түрде» жауланып, Ресейдiң құрамына кiрдi десе де болғандай едi. Қазақ одан да өттi. Ер халқымыз осы зобалаңның барлығын мойымай кештi, қандай ауыртпалық болса да қабақ шытпай көтерiп алады.

Кейде, қазақтың қилы заман, тағдырдың қандай талқысынан болсын жүгi ауса да аман шығатынын пайымдап отырғанда, «осы, Құдайдың өзi бiз жағында емес пе екен» деген пендешiлiк ой көкiректен жылт ете қалады. Кiм бiлiптi. Болмыстың бiз түсiнбейтiн сырлары көп қой…

«Алматы ақшамы», 2011

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*